Ел арасында әлеуметтік желіні қолдану деңгейінің артуына байланысты небір жаңа құбылыстар пайда болуда. Адамдардың өзін-өзі суретке түсіріп, желіге салатын «селфи» дәстүріне қатысты халық арасында неше алуан пікір бар. Біреулер «Бұда тұрған ештеңе жоқ» деп қолдау танытса, енді бір кісілер «Өзін-өзі шексіз жақсы көрудің, нарциссизм белгісі» деп айыптауда.
Селфидің төңірегінде біржақты пікірге келе алмай жүргенде, әлеуметтік желі қолданушылары арасында «белфи» деген тағы бір қылық шығып, қызу талқыға түсуде. Жоғарыда айтылған селфиге қатысты екі жақты пікір болса, бұл белфиді айыптаушылар көп. Алайда, осы құбылысты әлеуметтік желідегі өзінше бір дәстүрге айналдырып жатқандар да жетіп артылады.
Сонымен, «Белфи» деген не? «Белфи» ағылшын тіліндегі butt (бөксе) және selfie (аударманы қажет етпейтін сөз) деген екі сөздің қосылуынан туған ұғым. Яғни, өз бөксесін суретке түсіру. Белфиге жүгінетіндердің көбі бұлтыңдаған бөксесін жарнамалауға құмар жандар. Өз атымен айтқанда – қыздар.
Сондай-ақ, ғаламторда жұмсақ дене мүшесінің барлық суреттерін де осы атаумен атап жүргендер бар.
Яғни, онсыз да күн санап жұтаң тартып бара жатқан ар, абырой, иба мен ұят деген адами құндылықтар осы «белфидің» кесірінен келмеске кететін түрі бар. Инстаграмм желісінде селфи дәстүрін насихаттауға отандық өнер жұлдыздары мен басқа да танымал тұлғалар айтарлықтай үлес қосты. Үлкен-үлкен концерттерден бастап, той-томалақ, әр алуан бас қосулардағы суреттерін жариялау қазақстандық жұлдыздар үшін үйреншікті жағдайға айналды. Ендігі кезек белфиге келіп жүрмесін деп тілейік.