Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам ертең Астана уақытымен таңғы сағат сегізде жекпе-жекке шығады. Бұл туралы боксшы өзінің Фейсбук парақшасында жариялады.
Естеріңізге салсақ, Қанаттың жекпе-жекке шығатын қарсыласы осыдан екі күн бұрын ауысқан болатын. АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында мексикалық Алексис Камачомен жұдырықтасады деген Қанат ертең Доминикан Республикасының боксшысы, 31 жастағы Джонатан Батистамен рингке шығады. Ол осы уақытқа дейін 22 кездесудің 15-ін (оның ішінде 8 белдесуді мерзімінен бұрын) жеңіспен аяқтаған. Жеті жеңілістің тек екеуінде ғана нокаут алған.
Алайда, доминикандықтың белден төмен ұру әдеті үшін екі рет бокстан шеттетілгенін естеріңізге саламыз. Соңғы рет өз отандасы Оскар Родригезбен кездесіп, жеңген.

Қанатпен жұдырықтасуы тиіс болған мексикалық Алексис Камачо да сол күні америкалық Эриксон Лубинмен жұдырықтасады.
Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы жетекші компаниялардың бірімен келісім-шарт жасау үстінде және WBA Federalatin рейтингісінде өз категориясы бойынша көш бастап тұрғанын естеріңізге саламыз.