Орталық Азияның үздік ғалымдары марапатталды

/uploads/thumbnail/20170708203314915_small.jpg

Алматыда «Әлемдік кеңістікте Орталық Азия елдері ғылымының ынтымақтасуы» атты халықаралық форумы болып өтті. Оған ғылыми еңбектері жоғары көрсеткішке ие болған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Моңғолияның ғалымдары қатысып, Орталық Азия аймағының әлемдік ғылыми ортамен байланысы туралы пікір алмасып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы және іс-тәжірибелерімен бөлісу жоспарларын жасады. 2011 жылы алғаш рет ұйымдастырылған ғалымдар форумында Елбасы қазақстандық ғалымдардың беделді халықаралық ғылыми мәліметтер қорына шығуы отандық ғылымды дамытудағы маңызды бағыттардың бірі болып саналатынын алға тартқан еді.
Қазіргі таңда еліміздегі 250-ге жуық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары Thomson Reuters және Springer компаниясының беделді ғылыми мәліметтер қорын еркін пайдалануда. Соңғы төрт жылда Thomson Reuters компаниясының Web of Science Core Collection мәліметтер қорын пайдалануда қазақстандық ізденушілердің саны 4 есеге өскенін байқаймыз.
Форум аясында «Ұлттық ғы­лыми-техникалық ақпарат орта­лығы» АҚ және Thomson Reu­ters компаниясы ғылыми еңбек­тері жоғары бағаланған үздік ға­лымдарға «Ғылым көш­бас­шысы» тәуелсіз марапатын тапсыр­ды. Физика саласы бойынша жо­ғары авторлық дәйексөз келтіру көр­сеткішіне ие болған алты жария­лынымның үшеуі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің профессоры Рәтбай Мырзақұловтың ен­шісіне тиіп отыр. Сонымен қатар, Фи­зи­ка-техника институ­тының ға­лымдары Эрнст Боос, Болат Жәутіков, Николай Пок­ровский, Әсет Барақбаев сынды ғалымдарымыз ғылыми авторлық мақалалар дайындап, жоғары дәйек сөз келтіру көрсеткішіне қол жеткізді.
«Назарбаев Университеттің» белгілі химиктері Жұмабай Бәкенов пен Әсия Ермұхамбетова канадалық әріптестерімен бірлесіп аккумуляторлы батареяға қажетті жаңа композитті катодтың түрін ойлап тапты. Ал Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің химик ғалымдары Ирина Іргебаева мен Динара Бірім­жа­нова, АҚШ пен Қытайдағы әріп­тес­терімен бірлесіп ғылыми-зерт­теу жұ­мыстарын жүргізіп, CO2 құра­мындағы газды қосындыларынан флуоресцентті хемосенсорды кең көлемде зерттеген.
Өмір туралы ғылым саласы бойынша еңбектенген медицина мамандары Дәурен Әділбай мен Диляра Қайдарова қатерлі ісік ауруына емдеуге қатысты тың ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын ұсын­ды. Қазақ егіншілік және өсім­­діктану ғылыми-зерттеу инс­титутының биологтары – Минура Есімбекова мен Айгүл Әбуғалиева және Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының ғылыми қызметкерлері Сәу­ле Әбуғалиева мен Ерлан Тұрыс­бе­ков бидайдың генетикасын зерттеу тұрғысындағы халық­аралық жобаға қатысып, мүмкін­діктерін паш етті.
Ұзақ жылдар бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген та­рихшы-археолог Виктор Зай­берт адамзат баласы ең ал­ғаш, яғни 6 мың жыл бұрын қазақ топырағында жылқы қолға үйретілгенін дәлелдеп берді. Оның ғылыми жұмысы 2009 жы­лы «Science» журналында жарияланып, жоғары авторлық дәйексөз келтіру көрсеткішіне ие болған.
Орталық Азия аймағынан «Әлем­дегі үздік зерттеулер» қатар­ына енген Моңғолия ұлттық универ­ситетінің ғалымы Энхбаяр Пурев­жав (Enkhbayar Purevjav) био­логия және молекулярлық физика бойынша жарияланған еңбек­тері үшін «Ғылым көшбасшысы» атағына ие болды.
Ал «Ғылым көшбасшысы» ма­ра­паты – танымал физик, Өзбек­стан Ғылым академиясына қа­рас­ты Ядролық физика инсти­туты­ның зертхана жетекшісі Бекзот Юлдашевқа да беріліп отыр.
Сонымен қатар, қырғыз медицина ғылымдарының докторы Талантбек Сооронбаев Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының демікпе ауруына қарсы күрес іс-шарасына белсене қаты­сып, тың ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп, көзге түскен.
Климаттық өзгерістерді жүйелі зерттеген тәжік ғалымы Әнуар Хамидов пен түрікмен физигі Аллаберген Әшірәлиевтің де ғылыми жариялымдары да жоғары авторлық дәйексөз келтіру көрсеткішіне ие болып, «Ғылым көшбасшысы» марапатының иегері атануларына жол ашты.

"Қамшы"сілтейді

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар