Құлпынай өсірген кәсіпкер

/uploads/thumbnail/20170708203315743_small.jpg

Ойыл ауданы – бірыңғай мал шаруашылықты өңір. Егіншілікті былай қойғанда, аулаларында көкөніс өсіргені болмаса, мұнда бағбандықпен айналысатындар да сирек. Ойылдың орыстары бау-бақша дақылдарын азды-көпті өсіретінін білетінбіз. Бірақ, тап осындай көлемде өнім алғаны жадымызда жоқ. Екпетал ауылының тұрғыны Расул Ерсейітовтің өзіне қажетті көкөніс, қауын-қарбыз дайындап, құлпынай өсіріп, сатып, несібесін айырып отырғанын естігенде бойымызды бағбандықты ауыл баласының қалай игергенін көруге деген қызығушылық билегені рас.
Екпетал шағын ғана ауыл, әрі кеткенде қырық шақты үй бар. Аудандағы басқа ауылдарға қа­рағанда суға жақындау бол­ған­дықтан ба, көшелері де жасыл же­лектілеу. Аудан әкімі Мавр Абдуллин де бағбан жігітпен бай­ланысқа шығып, біздің бараты­нымызды хабарлап қойған екен. Әдейі іздеп келе жатқан Ра­сул ініміз қақпаның алдынан қар­сы алды. Шағын ғана шиферлі үй­дің ауласы да онша кең емес, он шақты сотық шамасында болар деп шамаладық. Сол аулада бақша өнімдерінің түр-түрін отырғызғаны көрініп тұр. Біз келгенде бау-бақша өнім­дерінің жиын-терімі аяқтала кел­ген екен. Әр жерде сорайып сабақтары ғана қалыпты. Тек қазан айына дейін өнім беретін құлпынай көшеттерінің өнімдері жапырақ астынан әр жерден қызарып көрінеді.
– Бұрын Ақтөбе қаласында тұрдым. Еурожөндеумен айналыс­тым. Денсаулығыма байланысты құрылыстан қол үзуге тура келді. Жолдасым Жазира оқу бітірген соң жас маман ретінде ауылға көшіп келдік, қазір мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Бастапқыда пәтер жалдап тұрдық. Кейін осы шағындау үйді сатып алдық. 2009 жылдан бері ауламызда бау-бақша өнімдерінің 16 түрін егеміз. «Оқу ойдан артық емес» дейді бабаларымыз. Мен бағбандық туралы көп кітаптарды оқыдым, интернеттегі ақпараттарды қарастырдым. Бала кезімізде көргендерім де кәдеге асты. Соңғы кездері елімізде тамшылатып суару әдісі енгізілуде. Мен де үйімнің ауласындағы аядай жерге еккен бау-бақшамды осы әдіспен суаруды ойластырдым. Ол үшін суару құралдарын қолдан жасауға тура келді. Соңғы үш жылдан бері тәжірибе түрінде жеке үйімнің ауласындағы 3 сотық жерге құлпынай өсіріп жүрмін. Нәтижесі жаман емес 2014 жылы аулама еккен құлпынайдан 550 килоға жуық өнім алдым. Биыл ауа райы бір ысып, бір суып, құбылмалы болды, соның өзінде 250 килодай өнім алдық, – дейді ол.
Бағбан жігіт құлпынай өсі­румен үш жылдан бері айналыса­ды екен. Расулдың айтуынша, құл­пынайға аса бір ерекше күтім­нің қажеті жоқ. Тек тұқым­ды жақсы таңдай білу, түбін жиі-жиі қопсыту қажет. Бұл – ыл­ғалды сүйетін өсімдік болған­дық­тан уақы­тында суарып, арам­шөп­терден қорғау қажет. Тамшылатып сурау әдісімен құлпынай өсіру тиімді, аққан су далаға кетпей, әрбір қоршалған құлпынай көшетінің бойына ғана тамады.
Ол өз кәсібін кеңейту үшін «Ақтөбе стартап» бизнес-жобалар байқауына екі рет қатысыпты. Алғашында оның ауылға жылы­жай салып, жергілікті өнім өнді­ру жайындағы жобасына қызы­ғушылық болғанымен, бірақ, грантқа қол жеткізе алмапты. 2014 жылы сол құлпынай өсіретін аумақты кеңейтіп, одан алынатын өнім мөлшері туралы толыққанды жоба әзірлеп, байқауға ұсынған екен, облыстық кәсіпкерлер пала­тасының қолдауымен «Ақ­тө­бе стартап» байқауында үздік танылып, нәтижесінде 2,5 миллион теңгенің сертификатына ие болған. «Ақтөбе стартап» байқауының жеңімпазы Расул Ерсейітовке қаржылай қолдаумен қатар, жергілікті жерде құлпынай плантациясын кеңейту үшін ауыл маңынан жер телімі бөлінген. «Ақтөбе стартап» байқауы арқылы жеңіп алған 2,5 миллион теңгенің белгілі бір бөлігі қолға тиісімен өзіне берілген алқапты қоршап тастапты. Жер қатқанша құлпынай өскіндерін жаңа алқапқа отырғызуды қолға алмақ.
– Аулама егілген құлпынайдың жас көшеттерінің өзі жылына бір­неше рет өнім беріп жүр. Жақсы кү­тіммен қаралған құлпынай сортына байланысты қазан айында да өнім беруі тиіс, «Ойыл құлпынайы» деген атаумен бір кило құлпынайды 1000 теңгеге бағалап, аудан, ауыл базарларына шығардық, –дейді бағбан жігіт.
Расул тек құлпынай өсіруді ғана місе тұтпайды. Қазір оның же­ке үйінің ауласында шамамен 30 түп алма ағашы өсіп тұр. Ол осы­­дан бес жыл бұрын облысқа Поль­шадан әкелінетін алма ағаш­тарының жас көшеттерін сатып алып, оларды жергілікті алма аға­шы­мен будандастырғанын айтады.
– Кезінде Ойылда алма өсіру­дің тәуір тәжірибесі де болған. Кейін күтімсіздіктен алма бағының бағы тайды. Осы істі жандандырсам деген ниет бар. Интернет материалдарынан аңғарғанымдай, өсімдік өсіруде, оның ішінде алма ағашын күтіп-баптауда Польшаның ауа райы біздің өңірмен сәйкес келеді. Алма ағашын будандас­тыру жұмысымен 2010 жылдан бері айналысамын. Қазір будандастырған ағаштар 3 метрге жетті. Тамыр тартып, толысып өскенде алма ағаштардың биіктігі 5-6 метрге бой түзейді. Ойылда алманың жерсіндірілген «белый налив», «ранетка», қысқа сақтауға арналған «антоновка» түрлері өсірілгенін білеміз. Сондықтан бұл іспен ден қойып айналысу керек, – дейді Расул.
Соңғы жылдары Расул отба­сымен бірге ауыл маңындағы ор­ман­дағы қайың, үйеңкі ағаш­тарынан табиғи шырын дайындап жүр екен. 2014 жылы ол 2 тонна 600 литр табиғи шырын жинапты. Қолға алған шаруаны ширатып жіберетін кәсіпкерге табиғи шырын дайындауға анайы рұқсат алу керектігі қолбайлау болып түрған көрінеді. Расул болашақта табиғи шырын жинау, оны сауда орындарына өткізу жайында бизнес-жоба әзірлеуді ойластыруда.
«Табиғи шырынды зертханадан өткізіп, арнайы сертификат алу керек. Патент алу мәселесі де бірден шешіле қоятын іс емес. Ең бастысы, табиғи шырынды көпшілікке ұсыну үшін тағамтану институтының арнайы рұқсаты керек. Бұл шырындарды өздері пайдаланған. Сұраныс та бар. Қайың мен үйеңкі ағаштарының шырыны денсаулыққа пайдалы екені де белгілі, – дейді ол.
Былтырғы шырынның қоры әлі де таусылмапты. Бағбандықтан ба­ғын сынап жүрген жігіттің өзі дай­ындаған қайың, үйеңкі шы­рын­дарынан дәм таттық. Өнеркә­сіптік негізде дайындалған шырындардан айырмашылығы жоқ.
Расул Ерсейітов жылыжай салып, халықты көкөніспен қам­та­масыз етуді де қарастыруда, алайда, оған қол қысқа, қаржы керек. Ша­руа оңға басса бұл шаруаны да қолға алуға бейіл. Еңбекқор жігіттің таудай талабы кәсібінің игілігін көруге сендіре түседі.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар