Еліміздегі ірі көлдердің бірі саналатын Құсмұрын көлі Әулиекөл өңірінің (Қостанай облысы) біраз жерін алып жатыр. Бұл өңірдің табиғаты ерекше. Құсмұрын дөңінің теріскей бетіндегі еңісінен үш бұлақ ағып шығып, көлге құяды. Манағы дөңестің аңғары иірілген сай-сала, жыралары терең, соны қуалай қайың, терек, қарағаш, тал өседі. Сиректеу болса да қарағайлар да кездеседі. Осы маңайдың кең жазиралы алқабы Құсмұрын көліне таман бұйратталып, аңғарға жақындаған сайын қырқалана түседі.
Қырқаның күнгейіндегі биік дөң, батыс жақ беті Ханжатқан деген ойпатқа жақындай жіңішкере беріп, темір ұстасының төсіндей сүйірленіп бітеді. Бұл төңіректің табиғат көрінісін Сәбең – Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында осылай сипаттайды. Сағымды күндері алыстан қараған адамға осы сүйір қонғалы келе жатқан алып құстың тұмсығындай көрінеді. Бұл пойызбен Құсмұрын стансасынан Астанаға қарай шыға берген сәтте сол жағыңа көз тастасаң айқын байқалады. Халық сол тұмсықты «құсмұрын» атаған, көл де солай аталып кеткен көрінеді. Қырқалы аймақты жұрт тауға балап, сол төңіректі тау Құсмұрын деп атап кеткен ғой.
Бұл өңірді арғынның тағышы руы жайлаған, керейлер де баршылық. Тағышылар негізінен Науырзымның Қайғы елінде қоныстанғаны белгілі. Қайғының тағышылары бұларды «тау тағышысы» деп атайды. Әңгімемізді Шоқан ауылының азаматтары деп атауымызда негіз бар. Қазақ халқының ұлы перзенті ғалым, тарихшы, этнограф, фольклоршы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлиханов осы өңірде дүниеге келген. Ол туралы кезінде баспасөз беттерінде талай жазылған. Осылай десек те екіұдай пікір – біреулер ол Сарыкөл ауданының Күнтимес деген жерінде туған деп жүр. Осыған орай мына бір жайтты айта кеткен жөн. Атақты жазушы, академик Сәбит Мұқанов Шоқан жайлы роман жазуды ойластырған кезде оның балалық шағы өткен өңірді аралап, көнекөз қарттармен кездесіп, біраз жайтқа қанық болады. Үшінші рет Сәбең тау Құсмұрынға 1963 жылдың жазында келіп, керей Нәшкеннің Сүлейменінің үйіне түседі. Осында атақты жазушымен дастарқандас болудың сәті түсті (ол кезде Ыбекең ауылында мектеп директоры едім). Ұлағатты сөздерін, тартымды әңгімелерін естідік.
Жасынан пысық Ыбырай ескіше оқып сауатын ашты, еңбекке ерте араласты. Заман ағымын дұрыс түсіне білген ол жаңалық атаулыны ықыласпен қабылдады. Содан да болар колхозға алғашқылардың бірі болып кірді. Ауылдастарына бірлескен еңбектің мәнін түсіндіріп, артельге жаппай кіруге үгіттеді. Ынтымақты еңбек өз жемісін бере бастады. Колхоз шаруашылығы алға басып, экономикасы нығая түсті, халықтың тұрмысы оңалды. «Еселі еңбек, бәрін жеңбек» деген нақылдың өміршеңдігіне көзі жетті жұрттың.
Кенет ел басына қара түнек орнады. Фашистік Германия елімізге тұтқиылдан шабуыл жасады. Еразаматтар майданға аттанып жатты. Елде бала-шаға, әйелдер мен кәрі-құртаң қалды, бар ауыртпалық солардың мойнына түсті. Алпыстан шыққан Ыбекең соларға бас-көз болды. Тылдағылар «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» ұранымен еңбек етіп, жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Ал Ыбекеңнің өзі қайнаған еңбектің ортасында жүрді: қырман меңгерушісі, тауарлы-сүт фермасының меңгерушісі, мал дәрігері болып істеді. Он жылдай колхоз басқармасының мүшесі және тексеру комиссиясының төрағасы қызметін қоса атқарды. Кейін 1963 жылы колхоз совхозға айналған тұста өзі қатарлы шалдардың басын біріктіріп, құрылыс бригадасын ұйымдастырып, мал қораларын жөндеумен айналысты. Бұл кезде Ыбекең 80-нен асқан, алайда әлі тың, қуаты қайтпаған кезі еді.
Осы жерде мына бір жайтты айтқан жөн болар. 1963 жылы ауа райы қолайсыз болды, егін нашар шықты, жем-шөп те тапшы. Қарашаның аяғына қарай жекенің малы қолға қарап қалды. «Малды қопаға әлі бағуға болар еді-ау», дейтін үлкендер жағы. Бірақ суырылып ешкім шыға қоймайды. Міне, осындай қысыл-таяң кезде ел қамын ойлаған Ыбырай ақсақал қайрат-жігер танытады. Биесін ерттеп мініп, ауыл малын Құсмұрын көлінің қалың қопасына апарып салады. 83 жастағы ақсақал елдің малын сақылдаған сары аязда бір ай бойы бағып берген еді. Ел болып алғыс айтып «Бойыңа дерт бермесін, бала-шағаңның қызығын көр, 100-ге жет», деп ақ баталарын берді жұрт.
Алланың берген қуаты арқасында Ыбекең балаларының ортасында шат-шадыман өмір сүрді. Бәйбішесі қасында, ағайын-тумалардың той-думаны бұл кісісіз өтпейді. Құдалықтың бел ортасында жүретін де осы кісі. Тау Құсмұрын үлкен ауыл, той-томалақ болып тұрады. Ыбекең отырған жерде дастарқан басында арақ-шарап деген болмайды, бұған ауылдың үлкен-кішісі үйренген. Осылай жүріп жатқан Ыбырай ақсақал кенеттен сырқаттанып қалсын. Бастапқыда балалары салқын тиген болар деп ойлаған. Жоқ, олай болмады. Күн өткен сайын қарияның жағдайы қиындай берді. Ауылдың үлкендері көңілін біліп тұрады. Әңгіме-дүкен құрып, естіп-білген жаңалықтарын Ыбекеңмен бөліседі.
Күндердің күнінде «Ыбырай шал күзетке ілігіпті» деген әңгіме шықты. Көрші тұратын шалдар түнде біраз отырып қайтады. Ертеңгісін осы кісілерден Ыбекең қалай екен, деп сұраймын ғой, несін сұрайсың Қанапия, уақытша жатқан кісі ғой, деп күдер үзгендей жауап қайтаратын. Көзіқарақты кісі ғой. «Бас» бұлақтың бір тұсынан балшық алдыртып, соны беліне, кеуде тұсына бастыртады. Әлгі саз балшық демде кеуіп, күйдірген балшық сияқты болады. Осылай күніне бірнеше дүркін бастырады. Алла сәтін салып, дертіне шипа болып Ыбекең айыға бастайды. Ақсақалдың жағдайын білейік деп Сейдахмет деген мұғалім екеуміз қарттың үйіне бардық. Төсектің үстінде басын көтеріп отыр екен. Сәлемімізді көңіл қошымен алды. Жағдайын сұрап жатырмыз. Мен бұрын-соңды ауырған жан емеспін, осы жолы қатты құладым. Бұлақтың саз-балшығы іштегі дертіме шипа болды-ау деймін. Қазір құдайға шүкір, жақсымын. Дәмге қарайтын болдым, деп жауап берді.
Әңгіменің басында тау Құсмұрынға жазушы Сәбит Мұқановтың келгенін айтып едім ғой. Осы ауылда көнекөз қарттар біраз-тын. Солардың ішінде тағышы Сыздық молда айрықша еді. Кезінде ол кісі Тройцкіде діни медреседе оқыған. Ыбекеңнен 5-6 жас үлкен бұл кісі осы өңірдің өткендегі тарихын жете білетіндердің бірі. Жасы ұлғайғандықтан ба екен, көп сөйлей қоймайды. Ал егер қыбын тауып сөзге тарта білсең, ақтарылып сала береді. Сәбең осы кісімен бір күн, бір түн бірге болып, біраз әңгіменің басын қайтарыпты. Аға сұлтан Шыңғыс пен Шоқан туралы біраз мағлұматқа қанығады. Ыбырай ақсақал да сөзге ұстамды, үлкендерден естіген әңгімелерді кейінгі жастарға жеткізе білетін кісі еді. Бұл кісі де Сәбеңе Шоқанның арғы аталары туралы естігенін тәптіштеп айтып береді. Жазушы кетерінде ағаларына ризашылығын білдіріп, сапарының сәтті болғанын, аса қымбат мағлұмат алғанын айтып қоштасыпты.
Осы тау Құсмұрын ауылына қазақтың тағы бір жайсаң азаматы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, кезінде Қазақ КСР денсаулық сақтау министрі болған Мұхамеджан Фаризов ат ізін салғанын айта кеткен артық болмас. Бұл кісі Тобыл бойын жайлаған қыпшақ тайпасының бір ұрпағы. Сонау 30-шы жылдары аштық кезінде көз жазып қалған немере қарындасы Ғайнешті көру болыпты арманы. Ұзақ уақыт іздестіріп, сұрау салу нәтижесінде Ғайнеш деген кісі Семиозер жақта тау Құсмұрын деген жерде тұрады деген хабар алады. Қызмет бабымен Семиозерға келген ол бірден осында тартады. Бұл кісінің қарындасымен қауышқан сәтін көрсеңіз ғой. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Үлкен кісінің жан-дүниесі босап, еңкілдеп жылап, өксігін баса алмай, күйзелген кейпін көргенде осы қайғыны өзің кешкендей күйге түсесің. Қарындасы тағышыларға келін екен. Күйеу баласы Хамиғали малын сойып әбігерге түсті. Кешке қонақасы берілді, жақсы бір мәжіліс болды. Мұхаң керемет әңгімешіл кісі екен. Жұрттың бәрі соның аузына қарап қалды…
Ертеңіне шәй үстінде қарындасы мен күйеуіне балаларыңды оқытып, адам етіп шығарамын. Мына, Қырымың биыл 7 жылдықты бітіріпті, әрі қарай Алматыда оқысын, ала кетемін деді. Сол Қырым астананың белгілі № 12 орта мектебін жақсы бітіріп, Алматының мемлекеттік медицина институтына түседі. Бүгінде Қырым Ахметов ғылым докторы, Астанада медициналық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. Міне, «жақсыдан – шарапат» деген осы. Немере түгілі бірге туғанына қараспай жатқандар қаншама бұл өмірде. Ыбекеңнің тағы бір ерекшелігі көріпкелдігінде. Жоғарыда айтқан керей Нәшкеннің Сүлеймені елге сыйлы, көпті көрген, кезінде колхоз басқармасы, ауылдық кеңес төрағасы болған. Міне, осы кісі бірде елге келіп, өлген-жіткендерге дұға оқып, өкшелес Ыбырай жездесіне барып сәлем береді. Біраз өткен-кеткеннен әңгіме қозғап, бір жасап қалады. Қоштасар сәтте «Сүлеймен, Ыбырай қайтыс болыпты десе сенбе. Иншалла деп айтайын, жүздің бес-алтауына дейін ғұмыр кешемін», депті. Жарықтықтың айтқаны тура келді. 106-ға қараған шағында дүниеден өтті, деп отырушы еді Сүлекең.
Ыбекең табиғатында қақ-соқпен жұмысы жоқ, жарқын жүзді, ақкөңіл, кісіге болсын дейтін адам еді. Осы заманғы жастардың арманы жоқ, дейді ақсақал. Олар бақытты, тұрмыс сәнді, өмір мәнді, не қажеттің бәрі бар, тек жақсы еңбек ет. Сонда абырой да, бедел де, құрмет те келеді. Өткен, бастан кешкен өмірімізге ойша көз жүгіртіп көрейікші. Халық ауыр тұрмыс тауқыметін бастап кешті. Күштілер мен озбырлардың зорлық-зомбылығына ұшырады. «Шықпа жаным, шықпа» деп күн кешті ғой халық деп күрсінетін ақсақал.
«Сулы жер – нулы жер» дегендей, бұлақ басында отырған бұл ауылдың халқы көкөніс өсіруге машықтанған, содан нәпақа тауып отыр. Жері құнарлы әрі су тегін. Әсіресе, тез өсіп, өнетін қияр өсіру тиімді әрі ол өтімді келеді.
Ақсақалдары қандай еді. Исабай, Бекбай, Әлібек, Төлебай, Кәкең, Қоңқабай, Қабдұлла сияқты кісілер сөз қадірін білетін, қол қайырымы мол, кісіге болсын дейтін, пейілдері кең қарттар еді. Ерсабыр, Қауез, Төкең, Мұхамедияр, Қасымхан, Есендер де жаны жайсаң азаматтар еді-ау.
Міне, осы аталған кісілердің бәрі Шоқан ауылының азаматтары болатын…
Дереккөз: егемен Қазақстан