Ауыл шаруашылығы – ұлттық экономиканың тірегі

/uploads/thumbnail/20170708203318259_small.jpg

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аграрлық өнеркәсіпті жаңғырту жайында арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қатысты.
Министр алдымен ауыл шаруашылығына қатысты биылғы жылдың қорытындысы туралы ақпараттармен бөлісті. Мәсе­лен, министрліктің мәлі­метіне сүйенсек, 2015 жыл­дың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығы өнімі­нің жалпы шығарылымы 1866,4 млрд. теңгені құраған, бұл өткен жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда 3,1 пайыз­ға артық. Өсімнің артуына негізінен, өсімдік шаруа­шы­лығындағы өнім өндірісінің көлемі 3,1 пайызға, еттің барлық түрінің – 2,5 пайызға, сиыр сү­ті­нің – 2,4 пайызға, тауық жұ­мыртқасының 11,8 пайызға өсуі себепші болған.
Шаруашылықтарда мал басының саны да арта түскені байқалады. Мәселен, жылқы саны 2132,5 мыңға жетті, бұл көр­сеткіш өткен жылмен салыс­тырғанда 8,1 пайызға жоғары. Ал ірі қара мал – 6 649,8 мың бас, қой және ешкі 20556,3 мың бас, құс 38479,8 мың басты құ­рап, өткен жылғыға қарағанда көбейген.
Сондай-ақ, ауыл шаруа­шы­лығын мемлекеттік қолдау бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылуда, дейді министр. Бағдарлама шеңберінде фермер­лік шаруашылықтарды субсидиялау арқылы 2015 жылы 52,7 млрд. теңге бөлінген, бұл өткен жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда 30 пай­ызға артық. Сондай-ақ, «Қаз­Агро ҰБХ» АҚ-тың «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқ­ты бағ­дарламаларға белсене қа­тысқан фермерлік шаруа­шы­лықтар да саланың дамуына өз үлестерін қосуда. Айталық, жыл бойы асыл тұқымды мал басы есебінен 75 мың ірі қара, 25,2 мың бас жылқы, 72 мың бас қой сатып алыныпты. Асыл тұқымды ірі қара мал басының саны 722 мыңға жетті, ал бұл көрсеткіш жалпы ірі қара мал басының 22 пайызын құрайды. Ал ет экспорты 2015 жылдың 9 айы бойынша 9,6 мың тоннаға жетті.
Министрлік басшысы биыл­ғы жылдың егісі жайында да деректермен бөлісті. Мәселен, 2015 жылы республика бойын­ша көктемгі егіс алқабы 18,5 млн. гектарды құраған. 2015 жыл­дың 5 қарашасындағы жағ­дай бойынша 15,3 млн. гектар алқаптан дәнді дақылдар жи­на­лып, 19959,4 мың тонна бас­тырылған. Дәнді дақылдар алқаптарының қысқаруы және тыңайған жерлерді игеру есебінен азықтық дақылдар, сон­дай-ақ, күріш, жүгері, сұлы, қант қызылшасы, бұршақты дән­ді дақылдар алқаптары арта түскен.
Ал енді аграрлық өнеркәсіп кешені секторларының барлық көрсеткіштерін талдай келе, құзырлы орган жалпы өнім шығарылымының төмен өсімін көрсеткенін байқапты. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруа­шы­лығын субсидиялау көлемі соңғы 5 жыл ішінде – 2,6 есеге, мал шаруашылығы 2,1 есеге ұлғайған болса, ауыл ша­руа­шылығының жалпы өнім көлемінің өсімі тек 1,75 есеге артқанын мысалға келтірілді. Ауыл шаруашылығымен субси­дияланатын 16 бағыттың ішінде өндіріс тиімділігіне қара­мастан өндірілген өнім мен егіс алқаптарына берілетін өсім­дік шаруашылығындағы гек­тарға бөлінетін және мал ша­руашылығындағы өнімділікті жоғарылатуға бағытталған суб­сидиялар тиімсіз екендігі анық­талды, деді министр. Мәселен, шаруашылықтардың ұсақтығы өз кезегінде жалпы саланың тиімді өндірісіне кедергі тигі­зіп отырғандығы айтылды. Сондай-ақ, тіркелген 3856 фер­мерлік кооперация еліміздің жалпы ауылшаруашылық құры­лым­дарының тек 2 пайызын ғана құрайтындығы, шаруа­шы­лықтардың көбіне ұсақ тауар­лылығынан технология және инвестиция сияқты маңызды факторлар қолжетімсіз күйі қа­лып отырғандығы тілге тиек етілді. Осыған орай, кооперация арқылы шаруашылықтарды ірілендіруді ынталандыру үшін «Ауыл шаруашылығы коопера­циясы туралы» заң жобасы әзірленіп, сондай-ақ, осы жылдың 29 қазанында Мем­лекет басшысы қол қойған қолданыстағы фермер­лер­дің кооперациясы туралы заң­на­малық актілеріне өзгер­ту­лер мен қосымшалар енгізілген.
Осы ретте аталған тосқау­ыл­дарды жою және саланың тиімділігін арттыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау жүйесін өзгерту туралы шешім қабылдағанын тағы бір еске салды. Яғни, өсімдік шаруашылығында ЖЖМ және тауарлық-материалдық құн­ды­лықтардың бағасын төмен­детуге бағытталған субси­дия­лар толықтай жойылып, мал шаруашылығында өнім сапасын арттыру және өнім­ділікті жоғарылату субсидия­ларының саны және ғылым­ды қаржыландыру көлемі азаяды. Оның орнына инвес­тициялық субсидия, сыйақы пайы­зын субсидиялау, өсім­дік шаруашылығындағы сақ­тан­дыру, қосымша құн салы­ғын субсидиялау, ғылыми ұйымдардың қызметіне кеткен бизнес қауымдастықтарының шығындарын субсидиялау, фитосанитарлық қызметтерді нығайту тәрізді субсидиялар енгізіледі.
Баспасөз мәслихаты барысында министрге журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Соның бірі қазіргі күні әлеуметтік желілерде жылдам тарап үлгерген «жиналмаған астық қар астында қалып жатыр» деген ақпараттарға байланысты министрдің пікірін білмекші болған еді. Бұған орай, А.Мамытбеков фейсбуктен аталмыш бейнероликті көргенін және соған байланысты Сол­түстік Қазақстан облысы және Тайынша ауданы әкімімен тіл­дескенін айтты. Алайда олар бұл шаруа қожалығында егін­нің толықтай жиналғанын хабар­лаған. Министр тілшілердің осы оқиғаға шынайы бағасын беру үшін аталмыш шаруа қо­жалығына арнайы пресс-тур ұйымдастыруға да дайын екендігін мәлім етті. А.Ма­мытбеков атап көрсеткендей, жиын-терім әр шаруаның өз жұмысы, мемлекет тек оған қолдау жасай алады. Сондай-ақ, мәселені жеке шаруалардың жұмысын жекелей қараумен көтермей, жалпы жүйедегі кедергілерді жоюмен айналысу керектігін алға тартты. Бұл жерде субсидиялардың тиімділігін арттыру қажеттігін айтқан жөн. Бұл бағытта министрлік жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
«Біреулер астықтың 20 пайызы қар астында қалды деп айтып жатыр, ол – мүмкін емес нәрсе. Иә, кейбір жекелеген шаруа қожалықтарында қар астында қалған бидай бар болуы әбден мүмкін. Ондай-ондай әр кезде де болған. Егер оған қарайтын болсақ, ондай жағдайлар тех­ника жетіспеушілігінен орын алып жатады. Биыл қар ерте түсті, көктемде егін егу жұ­мыстары да кеш басталғанын білесіздер. Соның кесірінен егін жиналмай қалғаны бар. Ол негі­зінен климаттық себептерге байланысты», деп атап өтті министр. Сондай-ақ, мұндай жағдайлардың кейбіріне «қолдан жасалған», яғни кейбір қожалықтардың мемлекеттің тарапынан жасалып отырған қолдауларды тиімді пайдаланбай, немесе уақытында тиісті жұмыстарды атқармаған салғырттық себептері де болуы мүмкін дейді министр.
А.Мамытбековтің айтуынша, аграрлық өнеркәсіп кешенін субсидиялауға енгізіліп жатқан өзгерістер саладағы біраз ке­леңсіздіктердің алдын алмақ. Яғни, жүйенің тиімділігін арт­­тырмақ. Ол үшін бірқатар кешенді шаралар қолға алынады.
«Бұрын-соңды субсидия­лау саласына өзгерістер енгі­зіл­мегендігін айтып, көптеген талқылаулар жүргізуге болады. 5 жыл бұрын мемлекеттік субсидия құны 40 млрд. теңгені құраса, бүгінде оның саны 177 млрд. теңгені құрады. Бірін­шіден, бір саланы ұлғайтпас бұрын, бөлінетін субсидияны да көбейту шарт. Екіншіден, кейбір мамандар мұны мойындамауда. Бұл өте ауырға түсуде, біз аталмыш шаралар дұрыс екендігін түсіндіруіміз қажет. Қазір қоғам мен бизнес жетілді, аталмыш субсидиялау жүйесі тиімді емес, оны өзгерту қажет. Бұл жаңа серпін береді», деді министр.
2014 жылдың 1 қазанынан бастап 2015 жылдың 1 қаза­ны­на дейін мемлекеттік бюд­жет субсидияға 11,5 млрд. теңге жұмсаған. Еске салсақ, Қазақ­станда 2016 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап әлеумет­тік нанды субсидиялау тоқта­тылады. Осының салдарынан елімізде қалыпты нанның ба­ғасы бір кило ұнның бағасына дейін, яғни бір бөлке 80-90 теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Ауыл шаруашылығы ми­нистрі әлеуметтік нанның баға­сына бақылауды алып тастау осы саладағы тауар өндірушілер арасындағы бәсекелестіктің артуына әсерін тигізетініне маң­ыз беріп отыр. Яғни, уақыт өте келе, бағалар мемлекет тара­пынан реттелмеген кезде бәсекелестік өркендеп, көпте­ген елдердегідей нан және нан-тоқаш өнімдерінің өндірісі бә­секеге қабілетті бизнеске айналатынын атап өтті.
«Оған қоса, бағалар боса­тылған жағдайда жағдайы төмен санаттағылар үшін атау­лы әлеу­меттік көмек артты­рылатынын айта кеткен жөн. Елімізде ондай санат­тағы­лардың саны 36,5 мың адам, олардың саны миллион адам болады десек те, жылына шамамен 2 млрд. теңге жұм­салады. Бұл айтарлықтай аз жә­не әлеуметтік тұрғыда әді­лет­ті», деді А.Мамытбеков.
«Меніңше, бұл саясатты одан әрі қолданған жөн. Суб­сидия нормативінің көлемі тонна астық үшін 5 мың теңге­ні құрап отыр. Биылғы жыл­дың 1 қазанынан бастап ол 2,5 мың теңгеге төмендеді, ал 2016 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап нөлге теңеседі. Бұл шара жергілікті бюджеттен өндірі­летін болады және толық нарық­тық бағаға келесі жылы енгізіледі», – деп нақтылады АШМ басшысы.
Сонымен қатар, спикер қазіргідей әкімшілік шаралармен азық-түліктің бағасын ұзақ уақыт ұстап тұруға болмайтынын, экономикалық жағдайдың ахуалына орай бағалар жібе­ріл­генде, ол кенет қатты көтерілуі мүм­кіндігін алға тартты. Осы ретте, бұл жағдай 2007 жылы орын алғанын, ол кезде әлеу­мет­тік нанның бағасы 25 теңге­ден 35-40 теңгеге дейін күрт өскенін мысалға келтірді.
Сондай-ақ, мемлекет әлеу­меттік нанның бағасын реттеуді тоқтатқан жағдайда, бағалар қатты өспеуі тиістігіне де баса назар аударды.
«Нан нарығы моно­по­лия­ланған өңірлер бар, бірақ бағалардың негізсіз өсуі орын алмайды. Монополияға қарас­ты органдар бұл бағыттағы жұ­мысты күшейтіп, қатаң бақы­лау жүргізетін болады», деді А.Мамытбеков.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар