Кенді Алтайдағы ілкімді жобалар
Ел экономикасының әлеуетті менеджерлерінің бірі, Елбасы сеніміне ие болған саясаткер Даниал Ахметовтің Шығыс Қазақстан облысының екі тізгін, бір шылбырын қолына алғанына – бір жыл. Даниал Кенжетайұлы 2014 жылдың 11 қарашасында Президент Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Бір жыл – былай қарасаңыз, қас-қағым сәт. Алайда, әлем жұрты әлем-тапырық күй кешіп, дүниенің түкпір-түкпірінде отты ошақтар көбейіп, қаржылық қыспақ қос өкпеден қыса бастаған дағдарысты уақытта әр күннің репетін танып, барлық саланы бағдарлай білу білікті басшыға тән. Мемлекет басшысының сынынан өткен, ел Үкіметіне жетекшілік жасап, теріскей өңірлерді басқарған, алып құрлықтағы жаңа құрылым – Еуразиялық экономикалық одақтың ісін ілгерілеткен мәттақам маманның Алтай мен Алакөл арасын алып жатқан алып өңірдің өндірісі мен өнерін өрістетуде, берекесі мен бірлігін бекемдеудегі қызметіне қысқаша шолу жасауды жөн санадық. Қыркүйек айының басында Елбасы қабылдауында болған өңір басшысы өндірісті облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын баяндап, даму көрсеткіштері алдыңғы кезеңдегіден жоғары екендігін, валюта нарығындағы жағдайға қарамастан оң өзгерістер барлығын, «Қазцинк», «Азия АВТО» сынды ірі кәсіпорындардың өз өнімдерін өткізуде орын алған іркілістің қысқарғанын, облыс өнімдеріне сұраныс өсіп келе жатқанын жеткізген болатын. Әлбетте, бұл өңір экономикасының жалпы картинасы. Белгілі бір сандарға бағынатын өсім көрсеткіштері айтуға оңай болғанымен, сала-сала бойынша қиын кезеңде ілкімді іс жүргізу қажыр-қайратты талап ететіні сөзсіз. Облыс әкімі Д.Ахметов шикізаттың бағасы төмендеуіне байланысты халықаралық қаржы институттарымен, жекелеген инвесторлармен келісімдер жүргізу арқылы өңірге өріс болатын жаңа қаржы көздерін табуда табандылық танытып келеді. Мәселен, Шығыс өңіріне концессия мен жеке инвесторлардың қатысуымен әлеуметтік маңызды жобаларға 70 миллиард теңге тартылмақ. Оның ішінде бірінші кезектегі нысандар ретінде мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде облыс орталығында 11 балабақша, Семейде 5 балабақша және қос қалаға қос аурухана салынатынын айтсақ болады. Еуропалық Қайта құру және даму банкі жылумен, сумен және электрмен қамтуға байланысты 5 жобаны қолдады. Осы арқылы Өскемен мен Семейдің инфрақұрылымы біршама жақсармақ. Ал қалған қалалар мен аудандар бойынша 147 миллиард теңгенің инвестициялық жобалары әзірленді.
Өндіріс өсімі
Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы зор. 2015-2019 жылдары аталған бағдарлама аясында 535,8 миллиард теңге инвестиция есебінен 30 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 10,5 мың жұмыс орны құрылады. Оның ішінде екі жоба республикалық маңызға ие. Атап айтқанда, Өскемен қаласындағы «Азия АВТО Қазақстан» АҚ-тың толық циклді автозауыт және автокомпоненттер өндірісі бойынша технопаркі мен «KazMineralsPLC» ЖШС Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылыстары жүргізілуде. «БИПЭК АВТО – Азия АВТО» қазақстандық холдингі мен ресейлік автоөндіруші «АВТОВАЗ» ААҚ-тың біріккен кәсіпорнын 2017 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы арқылы Өскеменде жылына 12 мың автокөлік шығарылмақ. Сонымен бірге, облыста автокластерді дамытудың халықаралық талаптарға сай жоспары жасалуда. Оны әзірлеуге «Price waterhouse Coopers» атты халықаралық ірі консалтинг компаниясы шақырылды. Ағымдағы жылы 13,6 миллиард теңгеге 13 жобаны іске қосу арқылы 700 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланды. 2020 жылға қарай өңірлік ішкі өнім көлемін биылғы жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға арттыру көзделіп отыр.
Кенді Алтайдың металлургия өнеркәсібі ел экономикасының жетекші салаларының бірі. Сондықтан, бұл саланың өңірдегі үлесі 45 пайызға тең. Негізінен экспортқа шығарылатын өнімді өндіру өте маңызды. Осы жылы ел Үкіметі өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау жөніндегі іс-шаралар жоспарын жасады. Аталған дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде облыста бірқатар мәселелер шешімін тапты. «Қазцинк» ЖШС үшін Шаймерден кенішіндегі тотықты мырыш кенін тасу барысында теміржол желісі қызметінің коэффициенттерін уақытша төмендету, қорғасын концентратын тасымалдауға импорттық баж салығын алмау мерзімі ұзартылды. «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ пен «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС арасында сату-сатып алу келісімдері бекітілді. Өңір кәсіпорындарының ағымдағы мәселелерін шешу мақсатында Үкіметке ұсыныс жасау үшін облыстық дағдарысқа қарсы іс-шаралар жөніндегі жедел штаб құрылды. Штаб ай сайын ірі және орта өнеркәсіп орындарының шығарған өнімдеріне сараптама жүргізіп отырады. Әрине, дағдарыс салқыны металлургия кәсіпорындарына да тиді. Мәселен, қаңтар-қыркүйек айларында тау-кен өнеркәсібінің өндіріс көлемі 70,5 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғы уақытпен салыстырғанда 10 пайызға төмен. Оның негізгі себептері кеннің азаюы, кеніштерді пайдаланудың экономикалық жүйелілігінің жоқтығы, кен жынысының өте тереңде жатуы және қайта өңдеудің тиімді технологиясының аздығы болып отыр. Осыған байланысты минералды шикізат көзінің орнын толтыру өте маңызды. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 2015-2019 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бағдарламасы қабылданған болатын. Биыл геологиялық зерттеу, жер қойнауы мен оны пайдалануға мониторинг жасау үшін республика бюджетінен 1847,9 миллион теңге бөлінді. Кейбір кәсіпорындар жеке қаражаты есебінен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде.
Тауарлы сүт фермалары
Облысқа келген күннен бастап Даниал Кенжетайұлы экономикалық өсімді қамтамасыз етумен бірге халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді жобаларға назар аударды. Саралаудан өткен сүбелі істің бірі – тауарлы сүт фермаларын құру. Шығыс өңірі – елімізде сүт өндіруден алғашқы орынды иеленеді. Өңірде ірі сүт өңдеу кәсіпорындарының шоғырланғандығына қарамастан, сүт шикізатының 70 пайызы қарапайым тұрғындардың еншісінде. Сондықтан, облыс әкімі алғашқы жұмысты сүт қабылдау пункттерін құрудан бастады. Бүгінде облыстың барлық аудандарында дерлік сүт қабылдау орындары жұмыс істеп тұр. Елбасы тапсырмасы бойынша, сырттан келетін сүт тауарларымен бәсекелес болу, өз өнімімізді өзгеге сата білуіміз керек. Бұл үшін ауылдарда кооперативті өндіріс дамуы тиіс. Бірнеше бағытты қамтитын кешенді бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында, қолданыстағы тауарлы сүт фермаларын жаңғырту және жаңа ферма құрылыстарын салу жоспарланды. Алғашқы кезекте, 2015-2016 жылдары 9 тауарлы сүт фермасын құрып, 28 ферманы қайта жөндеуден өткізу көзделді. Барлығы – 37 нысан. Халықтан сүт сатып алуды ұйымдастыру үшін жыл соңына дейін 33 пункт ашылмақ. Қазіргі кезде 26 пункт жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, сүт өңдеу кәсіпорындарының қуатын еселеу қарастырылуда. Яғни, олар өңдейтін сүт көлемі кем дегенде 70 пайызға жетуі тиіс. Осы арқылы жылына халықтан 25 мың тонна сүт сатып алынбақ. Өңір жоспары бойынша алдағы екі жылда жылына 100 мың тонна сүт өңделеді.
Қарқынды құрылыс
Негізгі мамандығы құрылыс инженері болып табылатын Д.Ахметов аталған салаға айрықша назар аударып келеді. Құрылысы ұзаққа созылған нысандар жіті бақылауға алынды. Бір жыл бұрын мұндай нысандар саны 118 болса, қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Уақытынан кешіктірілген құрылыстың 80 пайызы жыл соңына дейін аяқталады. Өңір басшысы көбіне-көп мектептер мен балабақшаларды үлгілік жоба бойынша шақтап салу қажеттігін ескертуде. Бұл қаржыға да үнем. Оның үстіне, ауылдағы бала санын сараламай сарайдай мектеп салудың кімге қажеті бар? – дейді облыс әкімі.
Биыл жалпы ауданы 449,1 мың шаршы метр болатын 5854 пәтерлік 65 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 9 айы ішінде 13 көпқабатты үй мен 1250 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 12 көпқабатты үй тапсырылады. Бұл ретте құрылыс қарқынын сақтау үшін түрлі қаржы институттарын тартуға үлкен көңіл бөлінді. Бүгінде «Ертіс» ӘКК ҰК» АҚ несие бағдарламасымен 7 тұрғын үйдің құрылысын жүргізсе, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-пен бірге 13 үй салынуда. Сондай-ақ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ қаржысына 5 жалға берілетін үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазақстан ипотекалық компаниясына ағымдағы жылы 25 миллиард теңгеге тұрғын үй алаңының құрылысына арналған 30 жер учаскесі бөлінді. Компанияға үлгілік жобалар ұсыну мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету Өскемен мен Семей қалаларының әкімдеріне тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы
Шығыс өңірінің ауыл шаруашылығының әлеуеті зор. Алайда, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың қиындықтары ретінде өндіріс инфрақұрылымының дамымауы, жемшөп дайындау ұйымдары желісі мен өндірушілердің тауарының аздығы, негізгі және айналым қаражатының жетіспеушілігі, озық технологияны енгізудің сылбыр жүріп жатқандығы, білікті мамандардың жоқтығы сияқты көптеген кедергілерді айтуға болады. Әрине, соңғы бес жылда мал басы мен құс өнімдері, түрлендіру мен асылдандыру жұмыстары бойынша көп ілгерілеушілік болды. Облыс әкімі осы орайда кешенді жұмыстың керектігін үнемі айтып келеді. Жалпы, жұмыс сапарларында байқағанымыз, өңір басшысы кез келген сала адамдарымен сөйлескенде, сол саланың тамырын дөп басатын жоғары энтузиазмге ие. Бүгінде жемшөп дайындау үшін суармалы жер көлемін арттыру, суды үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары қолға алынды. Ет өндірудің экспорттық әлеуетін арттыру үшін Аягөз ауданында жылына 17 мың тонна ет өндіруге қабілетті ет комбинатының құрылысы басталды. Инвестициялық жоба аясында 50 мың бас қойға арналған комбинаттың өз бордақылау алаңы болады. Келешекте шығысқазақстандық ет өнімі Ресей мен Қытай елдеріне экспортталмақ. Ал Үржар ауданында жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін бройлер құс фабрикасы құрылуда. Бұл сырттан тасымалданатын құс еті импортын азайтуға бағытталған шаруа. Сондай-ақ, құс фабрикасына Алматы облысы мен Шығыс өңірінің ортасында орналасқан Үржар өңірінің таңдалуы логистикалық жеңілдіктер туғызады.
Жол жөндеу
Еліміздегі республикалық жолдардың ең ұзақ бөлігі Шығыс өңірінде орналасқан. Сондықтан, климаты қатаңдау облыста жол күтімінің өзі оңайға соқпайды. Кейбір жолдар тіпті қараусыз қалған деуге болады. Сондай ойдым-ойдым жолдың біріне саналатын Аягөз бен Ақсуат арасындағы жол жөнделмек. Өңір басшысы жолдың жағдайымен танысқаннан кейін республикалық бюджеттен 78 шақырымды жөндеуге өтінім жолданды. Ақсуатқа Қалбатау арқылы 216 шақырымға созылатын жолды айналып бару тиімді ме, әлде Аягөз арқылы тіке тартатын екі есеге қысқа жол тиімді ме?! Жөндеуден кейін аталған жолмен жүретін көлік легі 200-ден 1500 көлікке дейін артады деп күтілуде. Сондай-ақ, Өскемен мен Семей арасындағы 69 шақырым, Осиновский асуынан Жаңа Бұқтырма кентіне дейінгі және демалыс үйлеріне апарар жол бөліктері, Шемонайха қаласына кіретін жол жөнделеді.
Өңір басшысы жолды орташа жөндеуден өткізуге көңіл бөлді. Нарықтық жағдайда бұл тиімді. Күрделі жөндеуге кететін қаржы орташа жөндеуге бағытталды. Сол арқылы биыл 303 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Оның ішінде Омбы – Майқапшағай, Өскемен – Риддер – Ресей Федерациясының шекарасы, Семей – Қарауыл және басқа да бағыттар бар. Ал бірқатар шекаралық бекеттер мен Үлкен Нарын – Күршім, Казнаковка өткелі, Алакөл және Рахман қайнарына апаратын ұзындығы 31 шақырымдық жол күрделі жөндеуден өтеді.
Өнер өрісі
Құрылысы күндіз-түні жіті бақыланған облыстық драма театры пайдалануға берілді. Салтанаты келіскен өнер ордасының ашылуына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, шығармашылық ұжым мен көрермен қауымды құттықтады. Сол жағалаудың көркін кіргізген жаңа ғимараттың мүмкіндігі үлкен. Облыс басшысының тікелей тапсырмасымен жаңа театрда қазақ және орыс труппаларымен бірге жастар театры құрылды. Жастар театрында Астанадағы «Шабыт» өнер университеті мен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірген жас түлектер келіп еңбек етуде. Жас шығармашылық иелерінің баспана мәселесінің оң шешілуі де өнерге деген қамқорлықтың бір белгісі іспеттес. Биыл жаңа театр ғимаратында республикалық театрлар фестивалі өткізіліп, оған алыс-жақыннан келген 8 театр ұжымы қатысты. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған мерейтойлық қойылымдар да көрермен көңілінен орын алды. Шығыс Қазақстанда алғаш рет «Ақ Ертіс» І халықаралық музыка фестивалі ұйымдастырылып, оған әлемдік деңгейдегі опера және классикалық музыка шеберлері қатысты.
Абаттанған аймақ
Өңірдің ірі қалалары мен аудан орталықтарының абаттандырылуына зор көңіл бөлінді. Көшелердің ретті, жарық һәм жасыл болуы назарға алынып, әсіресе, Өскемен мен Семей қалаларының заманауи келбетін қалыптастыру бойынша жұмыстар басталды. Халықаралық балалар күніне базарлық ретінде еліміздегі ерекше субұрқақ іске қосылды. Театр ғимаратының эстетикалық келбетіне көрік берген бұл нысанның ерекшелігі музыка ырғағымен бірге сан түрлі қимылмен билейтіндігінде. Қызылды-жасылды сан реңге бөленген субұрқақта Шәмші әндері мен Құрманғазы, Тәттімбет күйлері, шетелдік әйгілі композиторлардың романстары шырқалып, сейілдеген адамдарға тамаша көңіл-күй сыйлайды. Театр алдындағы дәл осындай екі субұрқаққа ұқсас кешен қаланың Республика алаңында да пайдалануға берілді. Онда үш бірдей субұрқақ іске қосылып, кешен маңайы толығымен жарықтандырылып, абаттандырылды. Осы стильдегі субұрқақ Семей қаласының орталық алаңында да ашылады. Сондай-ақ, өңірдің екі қаласы Өскемен мен Семейді қақ жарып өтетін Ертіс өзенінің жағалауы жаңғыртылды. Таяуда Өскемен қаласының күнінде Е.Славский атындағы жаңарған жағалау қала тұрғындарының игілігіне берілді. Онда жазда велосипед, қыста шаңғы тебуге арналған арнайы жолақтар, көше тренажері бар. Жағалаудағы самаладай жарқыраған шамдардың сәулесі іңір қараңғысынан бастап Ертістің ерке ағысымен сан құбылады. Облыс орталығында «Гагарин бульвары» да толығымен қайта жөндеуден өтіп, балаларға арналған «Ғарыш» ойын алаңы салынып, тұрғындарға жайлы демалыс орнына айналды. Комендантка мен Үлбі өзендерінің жағалаулары да күрделі жөндеуден өтетін болады.
P.S:
Шығыс өңірі балық ресурстарына бай. Ертіс бассейнінің үлесіне еліміздегі балық аулау көрсеткішінің 21 пайызы тиесілі. Сол себепті облыста балық шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары жасалуда. Мәселен, Ұлан ауданында бекіре балығын өсіріп, оның еті мен уылдырығын өндіру жобасы басталды. 1,6 миллиард теңгеге жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша келесі жылы жылына 45 тонна бекіре еті, ал 2018 жылдан бастап 4 тонна уылдырық өндірілмек. Зайсан ауданында да бағалы балық өсіруге бағытталған бірқатар жобалар қолға алынды. Орман ресурстарын игеру, ағаш өңдеуге байланысты тың жобалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ, стихиялы сауда орындарын жою, еліміздегі бірегей этноауылды халықтың тегін тамашалауына жол ашу, әлеуметтік және спорттық нысандардың айналасына тұрғын үйлер салу жобасын қолға алу, Өскемен қаласының негізгі күрежолдарының бірі саналатын Сәтбаев даңғылын кеңейту сынды жұмыстар да өңір басшысының қысқа мерзімде атқарған һәм атқармақ істерінің бір парасы. Сонымен бірге, биыл өскемендік әйгілі «Торпедо» хоккей клубына көп көңіл бөлінуде. Клубты дамыту мақсатында оның тарихи атауы қайтарылып, қаржылық-материалдық жағдайы оң шешімін тапты және басқарушы құрамына білікті менеджерлер шақырылды. Айта кеткен ләзім, Шығыс өңірі келешекте хоккейдің отанымен бірге футболдың да дүлдүлдерін тәрбиелемек. Қазіргі кезде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша футбол академиясын құру жұмыстары жүргізілуде. Оған білікті испандық футбол мамандары тартылды.
Дереккөз: егемен Қазақстан