Жандану

/uploads/thumbnail/20170708203323915_small.jpg

Өткен жұма күні Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Тіл жанашыры» құрмет белгісін табыстау рәсімі өтті. Газет сол атаққа ие болған әр саланың мамандарын осыған дейін жүргізіп келген «Тіл тілекшісі» айдарымен оқырмандарға таныстыруды жалғастырады.
Жақсылығы бір қауым елді қуантып қана қоймай, елдің игі­лігі үшін жасалған әр істің сау­абы да боларын естен шығар­маған жандар жайлы жиі айтып та, жазып та жүруге тырысамыз. Сондай халқының алдында перзенттік парызын өтеуге серт берген жан­­дар­дың бірі – Қазақстан Рес­публикасы Бас Прокурорының орынбасары Жақып Асанов. Ол өз ісінің білгірі, білікті маман, қаламы қарымды заңгер ретінде бағалауға тұрарлық қасиеттері жетерлік. Сонымен қатар, табиғатынан белсенді, ынталы және патриот азамат ретінде мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Қандай лауазымдарда қызмет етіп жүрсе де мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруге, оны дәріптеу мен насихаттауға зор үлес қосуда. Жақып Қажы­ман­ұлы­ның «ең маңыздысы жеке адамның жауапкершілігі» деген сөзді жиі қайталайтынын байқадым.
Ол үнемі: «Мемлекеттік тіл­дің даму мәселесі еліміз үш­ін әр­дайым басты назарда. Тәуел­сіз­дігіміздің мақсаты да сол – ті­лімізді, дінімізді, салт-дәс­түрі­мізді сақтап қалу емес пе? Құ­дайға шүкір, қазақ тілінің жағдайы бірте-бірте жақсарып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Мемлекеттік органдар біртіндеп ресми түрде қазақ тіліне көшуде. Қазір қазақша білмесең, жұмысқа орналасу қи­ын. Келешекте мұндай талап күшейе бермек. Мемлекеттік тіл­ді әрбір Қазақстан азаматы білуге, меңгеруге міндетті. Себебі, бәріміз Қазақ елінде тұрамыз. Ал өмірде жетістікке жетемін, білімімді кеңейтемін деген адамдар, әсіресе, жастар үшін, ең алдымен ағылшын тілі, тым болмағанда, орыс тілі өте қажет. Себебі, әлемдегі 7,5 млрд. ха­лықтың тең жартысы ағылшын тілінде, ал 250 млн.-ға жуық адам орыс тілінде сөйлейді. Бұл тілдердің Біріккен Ұлттар Ұйы­мының жұмыс тілдері болуы бекерден-бекер емес. Қытайдың ұлы ойшылы айтқан екен: «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың», деп. Пре­зиденттің «үштұғырлы тіл» идея­сын қолдаймын. Сондықтан, менің пікірім: мемлекеттік тілді білу – әрбір қазақстандықтың мін­деті, ал шет тілін білу – жетістіктің, табыстың кілті.
Жақып Асанов Парламент қабырғасында жүргенде осы тіл мәселесіне байланысты екі депутаттық сауал жолдаған.
Біріншісі – қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесі жайлы. Бұл мәселе туралы Жақып Асанов: «Көптеген дамы­ған елдерде тіл білу деңгейін анық­­тай­тын бағалау жүйелері енгізілген. Мысалы, шет тілін үйреніп жүрген жастардың «IELTS жүйесі бойынша менің деңгейім 5» немесе «TOEFL жүйесі бойынша ағылшын тілін 6-ға білемін» деп бір-бірімен жарысып, мақтанып айтып жүреді. Ол балл неғұрлым жоғары болса, оның сол елдегі мүмкіндіктері де кеңейеді. Сондықтан, осы тілдерді үйреніп жатқан азамат бүгін бес балл алса, келесі жолы – алты, бірер жылда барын салып жеті балл алуға тырысады. Сондықтан, біз де осындай нақты критерийлерді қолданысқа енгізсек» деген ұсыныс енгізген.
Тіл мәселесіне қатысты екінші сауалы: мемлекеттік басқару жүйесіндегі азаматтардың тіл білу деңгейін арттыруға байланыс­ты. «Бәрімізге белгілі, көптеген мемлекеттік қызметшілеріміз тілдерін әлі қазақшаға «сындыра» қойған жоқ. Ал мемлекеттік тілдің абыройын арттыру, оның мәртебесін көтеру, ең алдымен, соларға жүктелген» деген сауалдың бірқатар депутаттар арасында қарсылық туғызғанын да көзіқарақты оқырмандары­мыз байқағаны анық. Сондық­тан, қазақ тілін игеремін деген қыз­­мет­керлерді қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған Қызылорда облысына жіберу тәжірибесін енгізсек деген ұсынысын жүзеге асыруға кіріскен Жақып Асанов оны кейін жүзеге де асыра білді. 2010 жылғы маусымда Үкімет басшысына жолдаған сауалында мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін тез әрі сапалы үйре­нуінің жолы ретінде «тілдік ор­таға терең бойлау» («метод глубоко погружения в языковую среду») әдісін ұсынды. Бүгінгі күні Бас Прокурордың орынбасары қызметінде Жақып Қажыманұлы аталған әдісті прокуратура қыз­меткерлеріне қатысты қол­данып, осы арқылы нәтижеге де қол жеткізді. 2014-2015 жылдарда 26 прокурордың қазақ тілін жетік меңгеруіне ықпал етті.Атап айтқанда, мемлекеттік тілді білу деңгейі төмен 6 прокуратура қызметкері республикамызда тіл мәселесі толығымен шешілген Қызылорда облысына 3 айға іссапармен жіберіліп, осы уақыт ішінде қазақ тілін жақсы игеріп кетуіне жағдай жасалды. Сонымен қатар, Қызылорда облысына жібермей-ақ, өздері жұмыс жасайтын өңірдегі қазақ тілі кеңінен дамыған аудандарға іссапарға жіберу арқылы 20 прокурордың мемлекеттік тілді меңгеруіне мүмкіндік ашылды.
2011 жылғы сәуірде Жақып Асанов депутат әріптестерінің қазақ тілін тезірек меңгеруіне қо­лайлы жағдай жасау мақ­сатында «100 слов и выраже­ний на казахском языке» атты Парламент депутатының сөз­дігін құрастырды. Парламент құрамы көпұлтты болғандықтан, аталған 100 термин қазақ тілі­нің дыбыстық ерекшеліктері ескеріліп, латын транслитера­циясымен бірге жазылды. Мұн­дай қадамдар қоғамдық ортаға өз ықпалын тигізгендігі анық. Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асановтың жетекшілігімен 2014 жылғы мамыр айында прокуратура органдарының қазақ тілін жетік меңгерген қызметкерлерінің арасында «Мемлекеттік қызметте – мемлекеттік тілмен» атты республикалық байқау өткізілді. Сондай-ақ, оның тікелей араласуымен Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Тіл туралы» Заңның қа­былданғанына 25 жыл толуына арналған «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық ве­домс­твоаралық байқау өт­кізілді. Бекітілген шартқа сәй­кес құрамында 2 өзге ұлт өкі­лі бар 8 орталық мем­ле­кет­­­­­тік органның командалары қа­тысқан байқау жоғары дең­гейде ұйымдастырылып, қаты­сушылар мен залға лық тол­ған жанкүйерлердің көңілінен шықты.
Жақып Қажыманұлы сынды адал әрі жауапкершілік жүгін арқалай отырып еңбектену – әрбір отандасымыздың арманына тезірек қол жеткізудің басты жолы. Осындай үлкен арман иелері көбейіп, ел игілігі үшін қызмет атқарып жатқан жандар қатары арта берсін деп тілейік.

Деереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар