Әріптестік әлеуеті зор

/uploads/thumbnail/20170708203323275_small.jpg

Жақында Астанада Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен 8-ші отырысы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусиновтің және Пәкістан Ислам Рес­публикасының Мұнай және минералды ресурстар мем­лекеттік министрі Джам Камал Ханның төрағалығымен өтті.
Отырыс барысында Қазақстан-Пәкістан өзара ықпалдастығының сауда-экономикалық, отын-энер­гетикалық, көлік және байланыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым және т.б. салаларына қатысты көптеген мәселелер талқыланды.
Қазақстан тарапы инфра­құ­рылымдық дамудың «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары секілді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына назар аударды. Сондай-ақ, Пәкістан жағы ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіне қатысу үшін Астана қаласына шақырылды.
Келіссөздер барысында үсті­міздегі жылғы тамыз айында Пәкістан Премьер-министрі Наваз Шарифтің Қазақстанға ресми сапары барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін берік негіз қалағаны атап көрсетілді.
Үкіметаралық комиссия көлік-логистикалық бағдарламаның құрамдас бөлігі болып табылатын Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол магистралі мен Исламабад – Тегеран – Ыстамбұл теміржол магистралінің түйісуі, сондай-ақ, Қазақстанның Пәкістан аумағындағы басқа да көліктік жобаларға қатысуы мәселесіне назар аударды.
Джам Камал Хан өз кезегінде Исламабадтың Астанамен қа­рым-қатынасына үлкен мән беретінін атап өтті және Қазақ­стан мен Пәкістанның сауда-эконо­микалық байланысын одан әрі арттыру үшін шаралар қабылдауға және осы орайда, Үкіметаралық ко­мис­­сияның механизмін толық­қанды пайдалануға ниет білдірді.
Сонымен қатар, тараптар екі ел іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылдардың перспективалық бағыттарын белгілеп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі терең­дету жөніндегі жұмысты жалғас­тыруға келісті.
Үкіметаралық комиссия оты­ры­сының қорытындысы бойынша басым бағыттарды айқындайтын бірлескен хаттамаға қол қойылды.
Сондай-ақ, оның келесі отырысын 2017 жылы Пәкістан Ислам Республикасында өткізу туралы шешім қабылданды.
Қазақстанға сапары барысында Джам Камал Хан Қазақстан Энергетика министрінің бірін­ші орынбасары Ұзақбай Қара­ба­линмен де кездесті.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар