Азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру бойынша жүргізілетін іс-шаралар нәтижелі болуы қажет. Осы ретте жергілікті атқарушы органдар жұмысты күшейтуі тиіс.
Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру және жұмыспен қамту бойынша ҚР ДСӘДМ-де атқарылып жатқан жұмыстар» тақырыбы талқы болған БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті. Оның айтуына қарағанда, елімізде биыл республика бойынша Еңбек күніне арналған 160-тан астам мерекелік іс-шаралар өткізілді. Және де Елбасының тапсырмасы бойынша бес реформаны жүзеге асыруға бағытталған Ұлт жоспары — «100 нақты қадам» аясында қолға алынып отырған бірқатар міндеттер аталып өтілді. Осы орайда 88-қадамдағы ақпараттық, тәжірибелік-ұйымдастырушылық шаралар кешенінен тұратын «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын алға жылжытудың кешенді жоспары бекітілгені белгілі болды.
Сондай-ақ, жастар арасында кәсіптік-техникалық және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру мен оларды насихаттау мақсатында семинарлар, дөңгелек үстел және әртүрлі акциялар өткізілді. Мереке қарсаңында 500-ден астам адам қатысқан ірі кәсіпорындар мен ұйымдарда «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай!» ұранымен флеш-мобтар ұйымдастырылса, жекелеген аймақтарда көптеген байқаулар қолға алынды.
Бұл ретте жұмыспен қамту шараларына қатысты жыл басынан бері аймақтық әкімдер, жұмыс берушілер, кәсіподақтар ұйымы арасында жұмыс орындарын сақтау бойынша 72 мыңнан астам меморандумға қол қойды. Және де аймақтық жұмыспен қамту кешенді жоспарының шеңберінде 311,6 мың адам жұмысқа орналастырылса, бұл жоспарланған көрсеткіштің 102%-ын құрап отыр. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 118,3 мың адам, оның ішінде 97,4 мыңы тұрақты жұмыс орнымен қамтылды.
Жиын барысында осындай ақпараттармен бөліскен вице-министрдің сөзін Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов жалғастыра келе, аталмыш бағдарламаны еңбек адамының конституциясы ретінде тануға болатынын айтты. Сондықтан, біз – кәсіподақтар 2 миллионнан астам еңбеккерлердің мүддесін қорғайтын азаматтық қоғамның бір бөлігі ретінде, осы Ұлт жоспарын орындауға атсалысамыз, деді ол өз сөзінде.
Айтар болсақ, «Еңбек қатынастарын ырықтандыру. Жаңа Еңбек Кодексін әзірлеу» атты 83-ші қадамды жүзеге асыруда еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесе отырып, Еңбек кодексінің жаңа жобасы бойынша сындарлы жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде мүше ұйымдардан келіп түскен 200-ден аса ұсыныстың заң жобасына117-сі енгізілгендігін атап айтты. Бұл ретте жұмыстың оң нәтиже бергендігі аталып өтілді.
– Жаңа Еңбек кодексінде жұмыс беруші мен еңбеккерлердің арасындағы қатынастардың басым көпшілігі ұжымдық келісімшарттар арқылы құрылатын болады. Олар негізгі заңды құжат болып табылады, басқаша айтқанда, әрбір ұжымда бұл құжат оның «конституциясымен» тең болуы тиіс. Сондықтан, әлеуметтік қатынастардың барлық аспектілерін осы келісімшарттарда барынша бекіту керек. Осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы жаңа Еңбек кодексінің ережелерін түсіндіру мақсатындағы кәсіподақ активін оқыту және типтік ұжымдық келісімшарттар бойынша ұсыныстар әзірлеу жұмыстарын жүргізуде, – деп атап өтті Қ.Айтуғанов.
Дереккөз: егемен Қазақстан