Жер сатылмайды, жалға беріледі

/uploads/thumbnail/20170708203321837_small.jpg

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп, осыған қатысты түзетулер енгізілген заң туралы айтты.
Еліміздің жер қорларын түгендеп, қанша бөлігі қандай мақсатқа пайдаланылатынын түгендеп шыққан ведомство басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығының қажетін өтеп келе жатқан жер қорларының жалпы жағдайына тоқталып өтті. Оның сөзін назарға алар болсақ, қазақстандықтардың көпшілігі Жер-анамен дұрыс жұмыс істемей отыр. Жердің жағдайын ойлап, жаңа технология енгізіп жатқандар мен пайдалы тыңайтқыштарды уақтылы пайдаланатындардың саны аз. Осының салдарынан құйқалы жерлердің сапасы соңғы 15-20 жылда кәдімгідей нашарлай бастаған. Мұны ойлап, ертеңгі ырыздығының күйіне бас қатырмаған шаруаларды тәртіпке шақыру мақсатында Үкімет тиісті заңды заманға сай жетілдіріп, бірқатар баптарына түзетулер енгізіпті. Қазіргі таңда бұл заңды Мәжіліс пен Сенат мақұлдап та қойыпты. Соған қарағанда, жаңарған заң жерді пайдаланатын барлық тарапқа да тиімді болғаны. Осыны жеткізген вице-министр бірнеше өзекті мәселенің бетін ашты.
Мәселен, Қазақстанда пайдала­ныл­маған ауылшаруашылық жерлер көлемі 7,3 млн. гектарды құрайды екен. «Қазақстанда егістік жерлердің көлемі 24 млн. 268 мың гектар, тыңайған жерлер 2,5 млн. гектар, шабындықтар 2 млн. гектар, жайылым жерлер 66,2 млн. гектар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2012-2014 жылдар аралығында инвентаризация өтті. Яғни ауыл шаруашылығына қарайтын жерлер түгенделіп шықты. Оның ішінде жердің сапасы қандай, қанша субъектілер пайдаланылмай босқа тұр. Осының барлығы тәптіштелді. Ең өкініштісі, 15-20 жылдың ішінде жердің сапасы төмендей бас­тады. Елбасының жерлерді қалпына келтіру, жақсарту туралы тапсырмасы бойынша Үкімет жұмыс істеп жатыр. Атап айтарлығы, 2007 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйелі жұмысының арқасында минералды тыңайтқыштар енгізілген ауылшаруашылық алқаптары жыл сайын арта бастады. Бірақ, әлі көңіл толатындай жағдайға жете қойған жоқпыз. Осы мәселелер Үкіметтің басты назарында тұр», деді Қ.Өскенбаев.
Баспасөз мәслихаты барысында вице-министр 2012-2014 жылдардағы түгендеу кезінде пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерінің көлемі анықталғанын да айтты. Сөйтіп, бұл жағдайда қай облыстың көш бастап тұрғанын да жасырмады. Сонымен, оның кел­тірген дерегі бойынша рес­пуб­ли­ка­мызда пайдаланылмай жатқан жердің көлемі 7,3 млн. гектарды құраған. Ең үлкен алқап Қарағанды облысында тіркелген, оның аумағы 1 млн. 800 мың гектарға тең. Сондай-ақ, Ақмола облысында 1 млн. 100 гектар, Шығыс Қазақстан облысында 985 мың гектар жер қажетке жарамай бос тұр. Бұл ретте жергілікті азаматтар дұрыс жұмыс істемей жатыр деп айтуға болмайды. Әр облыста ондай жерлер кездеседі», деді ол.
Бұған қоса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы мемлекеттік босалқы жерлер нарықтық айналымға тартылмаған күйде қалып отырған көрінеді. «Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 97,4 млн. гектары, яғни 98,8 пайыз ұзақ мерзімге жалға берілген. Ал жекеменшікке тиесілі жер үлесі 1,2 пайызды ғана құрайды», деген вице-министр журналистің қойған сұрағына орай, жаңа заң бойынша Қазақстанда шетелдіктерге жер сатылмайтынын кесіп айтты. Есесіне шетелдіктер жаңа, пайдалы технологиялар алып келсе жер 25 жылға ғана жалға берілетінін тәптіштеп жеткізді. Оның өзінде жалға берілген жерлердің әркез мұқият бақылауда болатынын нықтап өтті.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар