Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялауды дамыту бойынша нақты тапсырмалар бергені белгілі. Осыған орай кеше Мәжілісте палата Төрағасының орынбасары Абай Тасболатовтың жетекшілігімен «Агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесінің тиімділігін арттыру» деген тақырыпта Үкімет сағаты болып, онда осы саладағы түйткілді мәселелер талқыланды.
Қазақстан экономикасының дамуында агроөнеркәсіп кешен негізгі жетекші рөл атқарады. Осыған орай соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға мемлекеттен бөлінген бюджет қаражатының көлемі 2,6 есеге ұлғайып, 2014 жылы 146 миллиард 633 миллион теңгені құрады. Қаржы нарығында доллардың бағасы өсуіне байланысты барлық несиелер, лизингтер теңге бағамында агроөнеркәсіп кешені саласында озық ғылыми-зерттеу жұмыстарына төмендетілген несиемен берілетін болды, деді Абай Бөлекбайұлы. Вице-спикердің айтуынша, соңғы көрсеткіші бойынша пайда әкелетін жобаларға субсидия түрлерінің нормативтері көтеріліп, пайда әкелмейтін жобалардың субсидияларына қаржы бөлінбейді. Мемлекеттік қолдау көлемін ұлғайту мақсатында 2008 жылы 41,4 млрд. теңге қаржы бөлінсе, 2015 жылы 177,4 млрд., теңге бөлінді, ал 2016 жылға – 266 млрд. және 2017 жылға 286 млрд. теңге қаржы қарастыру жоспарланып отыр.
Бұдан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков сөйледі. Министр мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдары енгізілуде екендігіне тоқталды. Және де тиімді субсидия түрлерінің нормативтері жоғарылап, тиімсіздерінің нормативтері төмендеуде екенін айтты. Келтірілген мәліметке қарағанда, бірқатар облыстарда бидайға арналған субсидиялар нормативтері айтарлықтай қысқарып, тиісінше майлы, азықтық, дәнді-бұршақты, жеміс-көкөніс дақылдары мен картоп сияқты басымды дақылдарға ұлғайтылған. Жалпы, 2010-2014 жылдар аралығында азықтық дақылдар бойынша субсидия нормативтері гектарына 450-ден 6 630 теңгеге дейін, картоп бойынша – 2 420-дан 21 800 теңгеге дейін, ал көкөніс-бақша дақылдары бойынша 9 000-нан 34 607 теңгеге дейін өскені белгілі болды.
А.Мамытбеков бұл орайда мал шаруашылығының өнімділігі мен өсімдік шаруашылығындағы түсімділіктің негізгі көрсеткіштері әлемдік көрсеткіштерден артта қалуда екендігін де жасырмады. Елімізде бір ірі қараның тірілей орташа салмағы 300 килограмды құраса, АҚШ, Канада және Германия сияқты елдерде бұл көрсеткіш 500 килограмнан асады екен. Сондай-ақ, Қазақстанда бір сиырға шаққандағы орташа сүт сауылымы жылына 2,2 мың килограмды құраса, АҚШ-та ол 8,6 мың килограмм, Канадада 7,8 мың килограмм, ал Германияда 6,7 мың килограмм және Ресейде 3,5 мың килограмм көрінеді. Ал бидайдың түсімділігі елімізде 10,8 ц/га болса, АҚШ-та – 31,7; Канадада – 35,9 және Ресейде 22,3 ц/га болып келеді. Қазақстанда жүгерінің түсімділігі 52,8 ц/га (АҚШ-та – 99,7; Канадада – 95,9; Ресейде – 60,1) екен.
Министрдің пайымынша, әлсіз өсімнің негізгі себептерінің бірі субсидияның 30%-ы немесе 70 млрд. теңге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді өз тиімділігін арттыруға ынталандырмайды. «Өйткені, өзіндік құндағы субсидияның жоғары үлесі жоғалтқан пайданы өтейді. Мал шаруашылығында субсидияның өзіндік құндағы үлесі 12%-дан 50%-ға дейін ауытқиды. Субсидияның тиімсіз түрлерін (гектарға және мал шаруашылығы өнімділігіне) қаржыландыру тәжірибесін жалғастыру нәтижесінде мемлекеттік қолдаудың тиімдірек құралдары жете қаржыландырылмай қалады, бұл негізгі құралдарды жаңарту проблемасын одан әрі ушықтырады», деді Асылжан Сарыбайұлы. Оның айтуынша, гектарға және шығарылған өнім көлеміне арналған субсидиялау жоғары шығындар мен әкімшілендіру кезіндегі қиындықтармен байланысты және мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар бұзушылықтарға алып келеді.
Министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің орындалған жұмыс көлемін жоғарылатып көрсетуі орын алып отырғандығына назар аудартты. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, Ақтөбе облысында «Адил-ханит» шаруа қожалығына «Талап ОСД» ЖШС-нің мал сою пунктіне салмағы 15,4 тонна жылқы етін өткізгені үшін 1,4 млн. теңге көлемінде субсидия берілген, алайда, «Талап ОСД» ЖШС бұл деректі растамапты. Ал Павлодар облысында «Болат» шаруа қожалығына «Манақбай» базарында сиыр етін өткізгені үшін 3,4 млн. теңге субсидия төленсе, тексеріс барысында аталған шаруа қожалығы ұсынған бухгалтерлік құжаттар жасандылығы анықталыпты. Қызылорда облысының Сырдария ауданында ағымдағы жылы «Қамқор» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 178 гектар алаңға жоңышқа еккені үшін 8 млн. теңге көлемінде субсидия төленгенімен, прокуратураның егіс алаңын шолып тексеруі барысында алаңның көпшілік бөлігінде аталған дақылды өсіру белгілері де анықталмапты.
«Ресей валютасының девальвациясы және Ресей өнімдерінің біздің нарыққа экспансиясы, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру, Ресей мен Еуропа елдері арасындағы санкциялық қарсылықтар, осының барлығы бізден агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға, атап айтқанда, оның тиімділігін арттыруда прагматикалық тәсілдерді қолдануды талап етеді», деді министр сөзін сабақтай түсіп. Бұл орайда «Бәсекелестік туралы» Заңның азық-түлік тауарларын өндірушілерді заң қолданысы аясынан шығару бөлігіндегі нормаларын қайта қарау; сауда жүйелері белгілейтін саудалық үстеме бағаға бақылауды күшейту; ең төменгі және шекті бағаны есептеу әдісін өзгерту; нан бағасын реттеу тетігін өзгерту (атаулы әлеуметтік көмекті ұлғайту жолымен халықтың тұрмысы төмен тобына нан бағасының өсімін өтеу); қолданыстағы тұрақтандыру қорларының орнына бағаның ерекше өсуге бейім кезеңіне (қысқы-көктемгі кезең) дейін азық-түлік өнімдерін сақтауға кететін шығындарды субсидиялау жайы ерекше аталды.
Сонымен қатар, министр ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және қолданыстағы кедергілерді жою мақсатында «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң қабылданғанын да қаперге сала кетті.
А.Мамытбеков бірқатар оңды өзгерістер бар екеніне де назар аударта кетті. Атап айтқанда, жалпы пайданы бөлу мүмкіндігі; жыл сайын ішкі аудит жүргізу үшін кооперативтердің ревизиялық одақтарға кіру мүмкіндігі; бір мүше – бір дауыс қағидаты; тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өз мүшелеріне өзіндік құны бойынша өткізу қағидатын енгізу; су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативі, ауылдық серіктестік, ауылдық тұтыну кооперативтері туралы заңдарды бірыңғай заңға біріктіру; ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арнайы салықтық режім қолдану және кооперативтердің ішкі аудит құнын 50%-ға дейін субсидиялау. Жерді тиімді пайдалануды ынталандыру.
Бұдан кейін баяндама жасаған палатаның Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ромин Мәдинов шаруалардың нашар жұмыс істегенінен нашар өнім болып жүрген жоқтығын, қанша жерден жұмыс істесе де, қанша механизацияны жетілдірсе де олардың жақсы өнім алуы ауа райы мен табиғат жағдайының қолайлылығына байланысты екенін ерекше атады. «Осы фактор 50-60 пайыз өнім алуға әсер етеді. Әр жылы шаруаның тірлігі 20-30 пайыз құрдымға кетпес үшін әлемдегі барлық мемлекет осы субсидия жасауға барады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығынын көтеруге тура келеді. Еске алыңыздаршы, 2009 жылғы елімізде болған дағдарыста экономика саласында тек қана ауыл шаруашылығы өсім көрсеткен болатын. Биыл да, 2016-2017 жылдары осындай мүмкіндік болады деп ойлаймын», деді Ромин Ризаұлы.
Бұдан кейін депутаттар министрге бірқатар сұрақтарын қойып, біраз мәселе бойынша ойларын ортаға салса, отырысты А.Тасболатов қорытты. Ал Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Үкіметке отырыс барысында айтылғандарды қаперге алу жайына екпін берілді. Әсіресе, қолданыстағы мемлекеттік дотацияларды қысқарту және оларды одан әрі қайта бөлу мәселелеріне ерекше ден қою жайы өткір көтерілді. Жалпы, талқылау бойынша Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы әзірленіп, депутаттар көтерген өзекті мәселелер сол ұсыныстар жобасында толық ескерілді.
Дереккөз: егемен Қазақстан