Ақмешіт биоэкотуризм орталығына айнала ма?

/uploads/thumbnail/20170708203320290_small.jpg

Киелі үңгір – жоғары күш-қуатты, таза энергетикалық ауа ағымдары шоғырланған толқынды жер
Ақмешіт үңгіріне Мырзатай аға арнайы келді. Академик Мырзатай Жолдасбеков. Қазақстан бодандық қамытын мойнынан сыпырып еркін, азат ел болғанда Елбасының қасында болып, мемлекетіміздің түтіні түзу ұшуына, аяғы­­нан қаз-қаз тұрып же­­­ті­луіне ұйытқы болған бірегей азаматтарымыздың cанатынан.
Редакциядан шұғыл тапсырма түсіп, Ақмешітке бірге бара алмай қалғанбыз. Ұялы телефон арқылы хабарластық. Аға толқулы.
Әлемнің жеті кереметінің бірі деген жоқ, бірақ соған жетеғабыл ой айтты.
Жер астындағы Ақмешіт үң­гірі туралы талай рет жазып, жан­айқайымызды ешкімге жеткізе алмап едік. Қайраткер ағаның ар­найы іздеп келгендігі жүрек жылытқан.
Қазақта қасиетті, киелі жерлер көп. Соның бірі – Бәйдібек ауданының аума­ғында орналасқан Ақмешіт үңгірі. Оның қасиеттілігі неде деген сауалға жауап бермес бұрын мына бір ақиқатты еске салғымыз келеді.
Дүниежүзінің жұрты сәті түссе Ти­бет тауына шығып, көкірек кере дем алып, шамбалалар қасиетін жүрегінен өткізуге құмбыл.
Қолы жеткендер бойындағы кеселдерден арылдым, жан-дүнием тазарды деп келеді.
Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, ас­панмен амандасқан сол Тибет тауларының қасиеті осы біздің Ақмешіт үңгірінде бар. Мүмкін артық, мүмкін кемдеу…
Геомагниттік толқындарды зерттеп жүрген Мұсатілла Тоқа­новтай ғалымның басқа шаруасын жиып қойып Ақмешіт деп шырылдауынан осыны ұққайсыз. Тоқанов жоқты-барды термелейтін, қазір көп сөз болып жатқандай ғылыми еңбегін біреуден көшіріп алатын жолдан қо­сылған жолбике ғалым емес, нағыз ғалым, ұлтқа жаны ашитын мемлекетшіл ғалым. Сол айтады.
Геомагнитті толқын – солтүстік­тен оңтүстікке, шығыстан батысқа бағытталған геомагнитті жолақтар. Жұмыс орныңыз немесе жатын төсек орныңыз осы жолақ бойында орналасатын болса, адам ағзасы қан-тамыр, буын ауруларына және қатерлі ісік ауруларына бейім болады. Сол сияқты жаман энергия: тіл, көз, қарғыс сөз адам ағзасына кір энергия түрінде жиналады.
Киелі Ақмешіт үңгірі жоғарғы күш-қуатты, таза энергетикалық ауа ағымдары шоғырланған толқынды аймақта орналасқан. Ақмешіт үңгі­рінің күмбез шаңырақты құры­лымы адам ағзасына оң әсер етіп, кір энергия­дан тазартып, иммундық күш-қуатын оятып, келеңсіз ауру-сырқаудан арылтады.
Жақында Мұсекең «Манкент» шипа­жайында демалған. Шипа­жайға дертті адамдар көп келеді.
Қауышқан сәттерінде ем-дом­ның ескі сырқатты қозғағанын, жаны қиналғанын айтады.
Астаналық Қасымбаева Тал­сынның қан қысымы 180 болған.
Алматылық Нұрбаева Гүлбахи­раның ескі астмасы қозып, бір күнде үш рет жедел жәрдем шақыр­ған. Қарға адым жер басуы қиын.
Мұсатілла Тоқанов Ақмешіт үңгірі туралы айтқанда Алтайдан, Атыраудан келгендер бармаққа қиылып өтініпті.
Жолда бәрі бір шипасы тиер деп Домалақ ана кесенесінің жа­нындағы бұлаққа барып, үс­теріне шелектеп су құйған.
Алдында Тоқанов арнаулы құрыл­ғы­сымен бәрін тек­сергенде үшеуінің ғана биоөрісі таза болған екен. Бұлақтан кейін ештеңе өзгермеген.
Керемет Ақмешіт үңгірінен соң басталыпты. Қан қысымы тым жоғары қарға адым жер жү­­руді ауырсынатын астматик Гүлбахираңыз да, Талсын да құр аттай желіп жүр дейді. Тал­сынның қан қысымы 120, ал Гүлбахирада ен­тікпе ауруынан дым жоқ. Кешке би жарысынан жүлде алыпты.
Бұл айтылғандар әлгі ауруларды Ақ­мешіт үңгірі құлан-таза айық­тырды дегенді біл­дірмейді.
Бірақ еміне шипа бола­тындығын көрсетті. Қан­дай, қалай екендігін жо­­­­­­­ға­рыда айттық.
Ақ­­­­мешіт – Ал­ланың мейі­­рі­мі­­мен ерекше жаратылған жер. Одан қолдан әулие жасап, жұртты шатастырудан, ақша жасаудан абайлау керек.
Қазақ атамыздан «жақсы жерге жатсаң жақсы түс көресің» деген сөз қалған. Оны әркім әрқалай түсінеді. Біреу басыңда қос жастық, астыңда үш көрпе, жамылғаның құс көрпе болса, қонған үйінде ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда, көңілің шат болса жақсы жер, жақсы қоныс дегеніңіз осы шығар деп түсінеді.
Расында, солай ма?!
Бір жақсы танысымыз Шым­кент шаһа­рының қақ төрінен жер үй алатын болды. Банктен. Қарызын төлемей кеткен азаматтың берешегін жабатын үй. Екі қабатты, ауласы да кең. Бассейні бар. Біраз қаражат шығарсаң Шымкенттегі үйлердің алды болмаса да соңы болмайды. Көңілге күдік тудырғаны үй құнының арзандығы. Шамамен бұл ауданда жердің өзі 50-60 мың доллар шамасында болса, екі қабат үйіңіздің құны осы шамалас. Тағы бір таңғаларлығы талай адам жалға алып, көп тұрақтамаған. Үй ішіне кірсең еңсеңді албасты басқандай бір көңілсіздік иектейді. Неге?
Көңілге күдік кірген. Үй алмақ досқа геомагниттік толқындарды зерттеп жүрген ғалым Мұсатілла Тоқанов жайын айттық.
Банктің өкілі де келді. Қолында бір бума кілт. Мұсатілла Тоқанов қақпа алдында геомагниттік толқындарды бақылайтын аспабын шығарды. Қақ­падан бірер қадам аттағаннан кейін-ақ қолындағы қос сым темір бір-біріне желімдеп тастағандай жазылмайды. Ауланы айналды. Екінші қабатқа көтерілді. Көрші үйдің ауласын шалды. Қос сымның арасы жазылмайды. Жоғары көтерілдік. Үйден ұзадық.Айқасып тұрған қос сымның арасы ажырап, екі жаққа аунап түсті.
– Мына үйлер сайда орналасқан. Гео­магниттік толқынның ошағында жатыр. Алмағандарыңыз мақұл. Ауру боласыздар, жолдарыңыз байланады.
Қазақстан бойынша гео­маг­ниттік тол­қын­дарды зерттеп жүр­ген бірден-бір ғалым осылай деді.
Үй алынбайтын болды. Үнсіз тұн­жырап жүрген банк қызметкері езу тартты.
– Ризамын сіздерге, – деді. Менің міндетім борышкердің үйін сатып, банк қаржысын қайтару. Талай клиент әкелдік. Қызығып келеді, алам дейді. Үйге кірген соң «еңсені басады екен» деп кете беретін еді. Себебін енді ұқтым, – деді.
Ал, елді үрейлендіретін гео­маг­ниттік тол­қын деген не, оны қалай білуге болады. Одан құт­қара­тын қан­дай күш бар?! Біз ғалым Мұсатілла Тоқановтың тұжырымдарын тарқатып көрейік.
Ертеде адамдар жер қырты­сының жарылыстары ойпаң, сай жерлерге және өзеннің бұрынғы арналарына өздері тұратын үй­лерін салмаған. Үйлерін тек биік, тегіс, таза жерлерге салған. Біз­дің ата-бабаларымыз көш­пенді қалыпта өмір сүргендіктен, жаздық жайылымдарға шыққанда қой малы қай жерге үйіріліп жатса, сол жерге үйлерін тіккен. Себебі, қой малы, тегіс қыратты жерлерді қалайды, сайға үйірілмеген.
Халық киелі таза жерлерді біліп ондай жерлерді киелі емдік қасиетті жерлер деп атаған. Ресейде емдік қасиеті бар «Репино» деген жерге халық ағылып келіп жатады. Бұл жерде адам ағзасына ем­дік қасиетпен әсер ететін күшті қуатты толқынды ауа ағымдары шоғырланған. Украинаның астанасы Киевтің басты көшесі Кре­щатиктің аяғында Днепр өзенінің жанында 18 метр жер астында христиан шіркеуі бар. Қысы-жазы онда +18°С қоңыр салқын температура сақталып тұрады.
Адамзат күмбез шаңырақты ғи­­ма­­раттар адам ағзасына жайлы әсер ететіндігін бұры­нан біліп-сезген. Американың ға­­рышты зерт­теу орталығының («НАСА») мәлімет­тері бойынша күмбез шаңы­рақты ғимараттарда шоғырланған космостық энергия ауаның құра­мындағы ионды бөл­шектерді өз­гертіп, ауадағы келеңсіз бактерияларды жойып, тазартатындығы зерттелген. Күмбез шаңырақты ғимаратта болған адамға оң әсер етіп, адамның денесі жеңілдеп, биологиялық ағзасы (аурасы) тазарады. Содан ой-сана сезімі өзгеріп, қатыгездік сияқты жаман ойлардан арылып, мейрімділікке бой ұрады. Денсаулығында кінәраттар болатын болса, кір энергия­дан арылып, ағзадағы клеткалардың жұмыстары жақсарып, иммундық күш-қуаты оянып денесі кейбір келеңсіз аурулардан тазарады.
Ғасырлар бойы жинақталған тә­жі­­рибе­лер­­дің арқасында АҚШ-тың Ақ үйі, Қазақ­станның Ақ Ор­дасы, Жеті кереметтің бірі­не жататын Үндістандағы Тадж Махал, Түркістандағы Ахмет Ясауи ке­се­несі, тағы сол сияқты күмбез ша­ңырақты пирамида іспеттес әлем дүниесіндегі тарихи ғимараттар көптеп кездеседі. Бабаларымыз жүздеген жылдар бойы күмбез шаңырақты киіз үйлерде тұрып, түрлері бізге ұқсас теріскейде тұратын хақас ұлты екі қабат бұ­ғының терісі жабылған чумаларда 50 градустық қақаған аязда бала-шағасын өсіріп келген. Ертедегі Египет абыздары, мыңдаған жыл бұрын салынған шаңырақ күмбез іспеттес пирамиданың қасиетін адамдарды рухани қайта түлету үшін пайдалана білген.
Осындай киелі жерлердің бірі Оңтүс­тік Қазақстан облысының Бәй­­дібек ау­данындағы Көктерек ауы­лының жанын­дағы Қаратау сілемінің бөктеріндегі киелі Ақ­мешіт деген үңгір.
Қасиетті, киелі Ақмешіт 250 метр биіктікте таудың сілемінде орна­ласқан. Үңгірдің кіре берісінде ені шамамен 10-15 метр көлемінде, арнайы орнатылған темір сатымен 35 метр төмен түскенде бірден жаздың аптап ыстығы +35, +40 градустан үңгірдің іші қоңыр салқын, +18-20°С салқын лебі ұрып тұрады. Үңгірдің бір кереметі: ені 60-80 метр, ұзындығы 120 метр, биіктігі шамамен 35 метр күмбез іспеттес.
Үңгірдің ішінде көптеген жыл­­дар бойы құстардың тыр­нақ­­тарымен келген өсімдік тұқым­дарының арқасында өсіп-өнген неше түрлі ағаштар мен өсімдіктер бар. Мұнда әртүрлі құстар мекен етеді. Үңгірдің ортасында 10-15 метр үйінді көптеген жыл­­дан бері жиылған. Қазақта кие­лі құс деп аталатын үкінің саңырығының үйіндісі жатыр. Шырақшы Асқар деген ақсақалдың жасы 75-те, оның айтуы бойынша бұл құстың саңырығы жүздеген жылда жиылған дейді. Ас­қар­дың атасы, әкесі және өзі осы жерде шырақшы болып Алланың қалауы бойынша қызмет атқарып келеді екен. Кейінгі жылдары, үкі құсы үңгір ішінде неше түрлі жұмыстар жүргізіле бастағандықтан ұшып кеткен екен.
Киелі Ақмешіт күмбезінің әр жері­нен су тамшылап тұр. Күмбез ша­ңырақтың қасиетінің арқасында қысы-жазы тамшы­лғанымен ауа да ешқандай келеңсіз пато­генді ауру бактерияларының болмау себебінен ешқандай көгеру, шіру тіршіліктері байқалмайды.
Арнайы «биолакациялық» құ­рал­мен асықпай Ақмешіттің әр метрін тексеріп шыққанда, үңгір ішінде адам денсаулығына кері әсер ететін геомагнитті толқынды әсерлерді тап­падық.
Қазақи көзқарас дәстүрімен ай­та­тын болсақ, Ақмешіттің ке­ре­­­­меттілігі сол, адам ағзасын бай­­­лай­тын жаман энергия: тіл, көз, дуа және жаман жердің гео­­­­маг­нитті әсер­лерін сылып тас­тай­тын­дығында!
Біздің Қазақстан өңірінде теңдесі жоқ өлкелері мен зәулім тарихи кесенелер көптеп кездеседі. Ақмешіт табиғаттың өзі тудырған – киелі жер. Мұнда жарты сағат болған адам киелі жердің қасиетін өз ағзасымен толық сезіне білу мүмкін емес. Кем дегенде күніне екі рет Ақмешіт­тің ішінде намаз оқып, Аллаһ тағалаға құл­шы­лық жа­сап, медитация жасаса емдік қасиеті зор болады.
Киелі Ақмешіт үңгірі жоғары күш-қуатты, таза энергетикалық ауа ағымдары шоғырланған толқынды жер.
Тылсым дүниені зерттейтін ем­ші, ғалым күнделікті 5-10 адам­ның кір энергиясын тазарта алатын болса, киелі Ақмешіт күнделікті мыңдаған адамға жәрдем бере алатын денсаулық орталығы болар еді.
Ақмешіт үңгірі туралы ай­та­ры­мыз осы. Өкінішке қарай, қазақтың әулие, әмбие десе құлап түсетінін білетіндер осындай ки­елі жерлерді ақша табу көзіне ай­­­налдыруды көздейді. Мынау пайғамбардың табанының ізі, мынау құран оқыған жері, мынау дәрет алған жері деген сияқты өті­ріктерді ойлап тауып, жайнамаз жайып қойып, құран оқып, қо­лың­дағы ақшаға жалмаңдап қа­рап отыратындар Ақмешітте де бар.
Көп берсең көңілі көтеріледі, аз берсең сөгеді. Ахиреттен де қорық­пайды.
Ақмешіт ешқандай пайғамбар­дың, әулиенің мекені емес, жарат­қан­ның тылсым бір дүниесі, емдік қасиеті бар үңгір екен­дігін тіліміз жеткенше айттық. Енді мұны ел игілігіне қалай айналдыруға болады?!
Ақмешіт – био және экотуризм. Наси­хаты жақсы болса туристерді магниттей тартатын киелі мекен.
Біздің ұсынысымыз, дәл осы жердің ау­мағына сауықтыру орта­­лығы салынуы керек.
Себебі, қант диабеті, сусамыр­дың бірден-бір емі – түйе сүті. Одан дайындалатын шұбат, оңтүстікше айтқанда қымыран. Түйе жантақ сияқты ащы шөптерді жейді. Оны­ңыз – ағзаңыздағы дерттерді жұлып алатын таза дә­ру­мен.
Тоқановтың түйе сүтінен сусамыр сияқты ауруларды емдеуге болатын қон­дырғы ойлап тапқанын ғаламтордан оқып, Токионың атақ­ты телеканалынан журналистер кел­ген.
Қондырғысын Қытай, Моңғолия кәсіпкерлері, ғалымдар сұрап жүр. Қоң­торғай тұратын ғалым «өз ұлтыма керек» деп сатқысы келмейді. Бірақ, «ауыл­дағының ауызы сасық» дегендей, ғалымның жаңалығын пайдалана алмай жатырмыз.
Егер Мұсатілла Тоқановты жаңа орталық ашып, Ақмешітке әке­­­­ле алсақ, түйе, жылқы шаруа­шылықтарын құ­рып, емделушілерді Ақмешіт кере­метінен бөлек түйе сүті, бие саумалымен емдеуге жол ашылады. Ғалымның зерттеулерін ел игілігіне пайдалана аламыз.
Туризм керек пе, ем керек пе, Ақ­мешіттен табасыз. Мұнда әлем жұр­тының көзқұрты Тибеттің қасиеті бар.
Мұның бәрі Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Бейбіт Атам­құлов­тың ат­қаратын шаруасы. Ой­­дағыдай жүзеге асыра алсақ, тек Оңтүстікке ғана емес, байтақ Қазақ­станға пайдасы тиер, абырой берер игілікті іс болар еді.
«Ақмешіттің» құдіретін өз ба­сынан өткерген Мырзатай Жол­дасбеков аға Астанаға аттанар ал­­­дында облыс әкіміне арнайы кір­ген.
Алланың қалауымен табиғаттың өзі жаратқан ғажап туындының адамдар ден­саулығына мол пайдасы барын айта келіп, «Шырағым Бейбіт, Ақмешітті емдеу орнына ай­нал­дыру сауапты іс, осы істі ая­ғына жеткіз» деп аманат айтып еді.
Ел ағасы Мырзатай Жолдас­бе­ков әлем­нің бар кереметін көрген аза­мат. Оңтүстікте біреу біліп, бі­реу білмейтін Ақмешітке әлемдік құ­былыс, жаратқанның сыйы деп баға беруі бәрімізді ойландырса керек-ті. Қалай дегенде де Ақмешіт үң­гірі емдеу-сауықтыру шипажайына сұранып тұр.
«Ақмешіт» өзін-өзі ақтайтын жоба. Мұнда қазақ қана емес түрлі ұлт өкілдері де көптеп келеді. Био­­­экотуризмге сұранып тұрған қасиетті жерді Алла халқымыздың маңдайына жазыпты. Ұқсата ал­масақ, кімге өкпе­легендейміз?!

Дереккөз; егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар