Жайылым жайы қалай?

/uploads/thumbnail/20170708203330212_small.jpg

Қазақта «Отынды шап­қанға жақтыр, малды тапқанға бақтыр» деген мақал бар. Осы жағынан келгенде, Бақберген Қарақов — мал бағудың, пайда табудың жолын меңгерген, облы­сы­мыз­дың Байғанин ауданында ұзақ жыл шаруашылық басқарған, көпшілік есі­мін жақсы білетін белгілі маман. Сондықтан, зейнет­керлікке әлдеқашан шықса да, еңбектен қалмай, шет жүріп, алыс қоныстанып, шаруа қожалығын басқарып келе жатқан ауыл шаруашылығы саласы шеберінің жайылым туралы мақаласы көпшілікке ой салар деп ойлаймыз. Еліміздегі бос жатқан егістік, жайылымдық жерлерді игерудің өзекті проблемаларын таяуда Қостанай өңіріне сапары кезінде Елбасымыз да айтқан еді.
Әр айдың өз оты бар
Қазақстанның барлық жерінің 80-85 пайызы немесе 187 млн. гектар жері жайылымдық. Осы жерлерге шығатын бірнеше жүз­деген табиғи өсімдіктер бар. Бірақ, олардың көпшілігі малға қолдан берер шөп ретінде шауып алуға келмейді, өнімсіздеу, сирек және аласа, тек мал жаюға ғана келеді. Жерің сондай жайылым-жайлау болғаннан кейін, шаруаң да мал бағу болары хақ. Мал ба­ғу болғанда, мақсат – осы кең жай­лау­ды игере бағу. Әйтсе де, тап қазіргі шақта сол жайылымды толық игеріп мал баға алмай отыр­мыз.
Қолдағы барды, өз құнды­лы­ғымызды бағаламай, өзгеге көзсіз еліктеу бұрын да, қазір де басым. Менің ойымша, бұл – адасу. Еу­ропа болғымыз келеді, дұрыс, бо­­­лайық. Бірақ, нағыз Еуропа бол­ғың келсе, сол жайылыс­қа Еуро­падағыдай шөп шығар. Бірақ, олай біздегі бүкіл жайылыс әлеміне шөп шығара алмайсың. Табиғатты түбегейлі өзгерту әзір адамның қолынан келіп тұрған жоқ… Бірақ, нағыз ниеттеніп еңбектенсе, ата-баба ұңғыл-шұңғылына дейін то­лық меңгерген жайлауды игеру бү­гінгі ұрпақтың қолынан келер еді.
Ата-бабамыздың жайылымды игеруі әлемдік ғылым. Ал қазіргі тірлік «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегеннің кебі. Болмаса біз­дің жерден анағұрлым нашар, тіс шұқырға қылтанағы жоқ жерді мекен еткен өзге халықтар өз жерінен жеріп, ауып көшіп жатқан жоқ қой. Толық меңгерсе қай істің де қоры, жаманы жоқ. Қазақ балаларына «Бәріне бірдей той жоқ, бірің тойшы болсаң, бірің қойшы бол» деген. Малшы болғаннан кейін малдың өрісін, жайылысын тауып жая білу керек, сонда шаруаң оңала береді. «Түгін тартсаң майы шығады» деген мақал осыдан шыққан.
Жайлау туралы айтсақ, жеріміз­дің көп жері жайылым болғаннан кейін, ол байлық нағыз өз рет-жөнімен, қажетті тәртібін бұзбай, толық, ұқыпты игерілуі керек. Бірақ, біз мал бағуды қор санайтын жағдайға жеттік. Бұл қалай? Мы­салы, жылқы бағу қорлық бол­ғаны ма? Жылқы баққан адам қай заманда қор болып еді? Еліміздегі осы кең жайылымды толық игерсе, қазақ елі дағдарыс дегенді біл­мес еді.
Менің ойымша, болашақта еуропаша мал бағудан көпшілік ел­дер бас тартатын болады. Себебі, жайлауда өндірілген ет, еуропаша өндірілген еттен 60-70 пайыз­ға арзанға түседі. Және ол – көк­жасық, жасанды ет емес, дәрі. Ке­шегі қазақтар осыны білген жә­не жақ­сы игерген еді. Демек, қа­зақ­тың бүгінгі ұрпағы да сол ата-баба қолданған әдісті толық меңгеруі керек.
«Кемшіліктен қорықпа, талапсыздан қорық» дейді халқымыз. Бұл жерде талап қажет. Қазақ жа­йы­лысты өлі шөп, ақ от, қара от деп кенеуіне, өсімдіктердің өсу мерзіміне, маусымға қарай бөлген. Мұның өзі ұлан-ғайыр жерлерді алып жатыр. Осы кең жайылым, ұлы жайлауды жылқы малымен ғана толық игеруге болады. Өйт­кені, аяқты малмен межелеген жеріне жете аласың. Жылқы – та­би­ғатында азығын таппай жатпайтын, ық-пана іздемейтін мал, өсімтал түлік.
Жайылым – қазақтың өмір тіршілігі, өте арзан, сапалы, ет, сүт, жүн өндіретін өндірісі десек қа­­те­­леспейміз. Менің ойымша, тек біздің өңірде 120-ға жуық малдың азығы болатын өсімдіктер өседі. Осы өсімдіктердің әрқайсысының қадір-қасиеті жөнінде, өмірлік өз тәжірибеме сүйеніп кітап та жаздым. Оның бәрін бұл жерде айтып жату артық болар.
Жайылымды жылқы түлігімен ғана игереміз деген соң, оның не­гізгі жейтін шөптерін ғана қыс­қа­ша айта кетейін. Жазғытұрым қар ерігенде шөптің бәрі жер бетіне шығады. Мал таңдағанын жейді, қалауын өзі біледі. Бұны өлі шөп дәуірі дейді.
Өріс таңдау жаз ортасынан бас­талады, бұл кезде 2-3 айға төтеп берер тұрақты жайылым таң­да­лады. Жылқыға ебелекті жайылым тәуір. Ебелек – аса жұғымды, сапалы азық. Жазғы екі-үш ай бойы жылқының айнымас азығы осы шөп. Біле білгенге әр айдың, мез­гілдің бөлек оты бар. Бізде қара отты жерлер көп.
Ғылымда оларды аса қажетті мал азығы деп санамайды. Мал азы­ғы деп алдын ала шауып, мал­­­дың алдына әкелінген шөпті айтады. Меніңше, ол да толық азық емес, себебі, малдың таңдау мүм­кіндігі жоқ.
Сулы жер – нулы жер
Ата-баба дәстүрі мен мал өсіру­ден алшақтамайын деп, кешегі кезде Байғанин ауданының қиыр шетінен жер үлесімді алған болатынмын. Кейін балам сол жерден шаруашылық құрды. Жерді ал­дық, шаруашылық құрылды, енді өндірісті жүргізу керек. Өндіріс болғанда, бұл жердегі кәсіп тек мал өсіру болуға тиіс. Өзге ша­руа істеуге мүмкіншілік жоқ. Мал ішерге де, адам ішерге де су жоқ. Су өте тереңде, 600-650 метр­ден шығуы мүмкін бұрғы­лап қаз­са. Қол­дағы малымыз 18 бие, екі айғыр, бір ат, оларға күніге 220 литр су керек. Мен 220 литр су үшін миллиондаған теңге қар­жы­ны қайдан табамын? Қалай есептесем де, құйылып, ағылып тұр­ған шығын. Электр қуаты тағы жоқ, оны 35-40 шақырым жерден өз күшіммен қалай тартып жет­кіземін?
Жанымыздан «Қазақтүрік­мұ­най» ЖШС мекемесі мұнай өндірді, оларда су да, скважина да бар. Сұрасақ, су түгілі, есігінен қаратпайды. Олай-былай айтып көріп едік, бізді тыңдар ешкім болмады. Оның жөні былай ғой дейтін жан тағы табылмады. Сотқа беріп едім, менікі заңды болғанымен, солардың сөзін сөйлеп, жығып бер­ді. Сөйтіп жүргенде, 17 жыл өтті. Шаруамыз күйзелуге айнал­ды. Мынадай жағдайда қалай өркендейміз деп, ренжіп жүрдік. Солай жүргенімізде, құдай айдап өткен жылы «Қазақтүрікмұнай» ЖШС мекемесіне басшы болып Құдайберді Орақ деген азамат келді. Барып өтінішімді айттым. Бір сөзге келген жоқ, құжатыма қол қойды да берді. Іс бітті. Су да, жарық та болды. Теледидар ке­­­­­ліп, телефон орнап, бір күнде «ком­мунизм» орнады да қал­ды. 17 жыл бойы болмайды деп жүр­­­­­ген шаруа бітіп, малшы­ның шалғайдағы тұмшаланған өмірі жайнады да кетті. Осыған осы кезге дейін кедергі болған не, заман ба еді? Жоқ, адам еді. Осындай көз­қараспен еліміздегі ен жатқан жайылымды қалай игереміз? Кә­сіп­керлік жолдағы мен сияқты талай адамның осындай жағдайда жүргеніне менің еш күмәнім жоқ. Егер осы кедергілер жойылса, жоғарыда айтылған жайылымды игеруге, соның нәтижесінде мол ет, сүт өндіруге жол ашылады. Тек еңбек ете біл!
Алайда, еңбегің жану үшін халқына болсын деп қол ұшын беретін Құдайберді Орақ сынды басшы керек. «Мың қосшыдан бір басшы» деп қазақ бекер айтпаған.
Енді кең-байтақ жайылымдық жерлерді халық игіліне қалай пайдалануымыз керек, сол жөнінде бірер сөз.
Біз – бүгінгі заманның аталары мен әкелері ер балаларымызды жасампаздық іске тәрбиелей алмадық. Бұл – біздің үлкен кем­шілігіміз. Ер-азамат түзде еңбек етуге жаралғанын ұмыттық. Өкі­­­нішке қарай, бүгінгі еркек үйкүшік, бойкүйез болып алды. Олардың отбасы, ошақ қасынан ұзамауы осындай ұсақталуға әкел­ді. Ер-азамат неге жер сыпырып неме­се қоғамдық көліктерде кондуктор болып жүреді? Болмаса, садақа-тойда қазан басында тамақ асып, базарда арба итеріп жүру ер жігітт­ің істейтін ісі ме?
Елбасымыз Ұлы Дала елі атап отырған елдегі ұшан-теңіз жайы­лымды кім игереді? Әлде бұл байлығымызды баяғы тың игерген замандағыдай сырттан біреу келіп игеріп бере ме? Мен бұл жер­де ер-азаматтарға ренжимін. Қазақта «Әйел ерге қарайды, ер жерге қарайды» деген мақал бар. Бүгінгі азаматтарымыз неге жерге қарайды, сол далада мұз жастанып, қар жамылып еңбек етпей ме?
Жайылым қуып, жылқы бақ
Кең-байтақ жайылымды игеру­дің бізде алғышарттары бар. Қазір олардың көпшілігінің үстін басып, тәуелсіздік жылдары салынған теміржолдар өтіп жатыр. Тіпті, «Бей­неу – Жезқазған» сынды жаңа теміржол бойларында үлкен стансалар мен бекеттер орнап қалған жерлер бар. Солардың ма­ңындағы көп өңірлерде ата-бабаларымыз жасап кеткен шегенді құдықтар әлі жатыр. Алғашқы кезде осы құдықтарды пайдаланып, ұсақ жылқы табындарын дамытуға болар еді. Бұл үшін жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетіп, осы жұмыстарды жүргізуге несие қаржы бөлу керек. Олар құдықтарды қалпына келтірудің қамын жасасын. Жайы­лым бастарынан шағын қостар сал­сын. Осы көп қаржы тілейтін қиын жұмыс па? Іс оңға басса, мұ­ны жылқы табынының пайдасы бірер жылда артығымен өтер еді. Мен жайылы­мын пайда­­лануға болатын жерлердің көпшілігін біле­мін. Бірақ, олардың барлығын мойыныма алып сөйлегенім ың­ғайсыз болар, мұның бірсы­пы­ра­сын әр ауданның, әр облыс­тың көзіқарақты азаматтарына қалдырайын. Мен тек қана Ақ­төбе облысы Байғанин ауданы же­рі­нің үстімен өтетін теміржол бойындағы жайылымдық жерлер туралы – сөз қозғамақпын. Ме­­нің ойымша, Тассай стансасы, Сағыз, Сеңкібай бекет­­тері, Көр­сай стансасы, Тоқсан­бай, Жарқұм бекеттері маңындағы байыр­ғы құдықтарды пайдаланып, жылқы өсіруге әбден болады. Ақтықы – Беркін әулие шыңырауы Тассай стансасына 30 шақырым, Шиқұдық шыңырауына 21 шақы­рым, Ащыбұлақ – Сұлтан үббі шыңырауы мен Ақсай –Жұмағали ахун құдығына 32 шақырым жерде тұр. Жетіқұдық, Беласар құдығы, Көлтабан, Қайнар, Тасастау, Көк­сай, Алтықұдық, Ордабай, Қызылой, Күлтай, Шағыр, Изенді, Сәңкібай, Сарыой, Он құдық, Отыз құдық, Тұщы Көлтабан, Қос құдық, Мүлкаман, Үйек, Алты­құдық, Қырғын, Көксай, Шиоба, тағы басқа құдықтар осы теміржол бо­йынан қашық емес.
Бұлар – осы жерлерді қоныс еткен бір кездегі қазақ байларының құ­дықтары. Сондықтан да, бірен-саран байлардың аттары осы кезге дейін жер атауымен қоса айтылып, жазылады. Бұл жерлердегі су көздері арада қанша уақыт өтсе де, сол күйінде бұзылмай тұр. Тек аршып тазалау керек. Көп­ші­лігі әктастан шыққан. Мысалы, Беркін шаңырауының тереңдігі – 44 метр, түгел әктас. Біз атаған құ­­дық­­тардың әрқайсысы кезінде мың, мың жарым жылқы су ішкен құдықтар.
Мен жылқы шаруашылығы шығыны аз, аса тиімді, жұмсалған қаржыны келер жылы-ақ еселеп өтейтін сала деп есептеймін. Мә­селен, бір биеге күніге 10 литр су керек, қалған азығын қысы-жа­­­зы өрістен өзі тауып жейді. Жыл ішінде әлгі биеден сүтін айт­пағанда, 100-120 мың теңге тұратын құлын алынады. Бүгінде бұндай өнім беретін ешбір өндіріс орны жоқ.
Жылқы етінің сапасы таңдай қақтырады, себебі, бірнеше жүз­деген дәрі шөпті өрістен таңдап жүріп жейтін мал. Бұл шаруаның тез өркен жаюы үшін әуелгі кез­де иен далада мал бағатын малшы­ларға азды-көпті мемлекеттен қол­дау керек.
Көп шығынға ұрынбай, те­мір­­­­жол стансалары, бекет­тері ма­­­ңындағы әр құдыққа 25-30 бие­ден бір отбасына бақтырса, қаншама адам нәпақа табады? Бұл арзан жылқы етін өндіруге жол ашады. Мен айтып отырғандай құдықтар әр өңірде бар. Кешегі ке­ңес кезінде алыс жайылымдарда қазылған қаншама шахталы құдықтар пайдаланылмай текке тұр. Осылардың бәрін есепке алып, кәдеге жаратудың жолын қарастырған дұрыс.
Жазғы ебелектен кейінгі жылқы жайылысы қара от, бұйырғын мен жусандар. Бұлар келесі жазғы­тұрымға дейінгі жылқының өз­гермес жайылымы болып есеп­теледі. Әрине, жайылымның, тебін­­нің тозуына байланысты орын алмастырып отыру керек бо­лады. Жылқы түлігі үшін қыста қауіпті жағдай – шөптің басына мұз түсуі. Мұздақ көп уақыт тұ­рып қалса, биелер іш тастайды. Сон­­дықтан күз, қыс кездерінде ауа райындағы жылымықтарды мей­лінше ескеріп жүрген дұрыс. Мұздақтан құтылудың жолы жыл­қыны сортаң жерге жаю. Со­сын ащылы, жусанды жайылыс­тарда мұздақ болмайтынын тәжі­ри­белі жылқышы білуге тиіс.
Менің маман ретіндегі болжамым бойынша, тек осы теміржол бойында миллион бас жылқы өсіруге болады. Осы істі бүкіл қа­зақ болып қолға алып жүзеге асырсақ, Елбасымыздың «Нұрлы Жол» бағдарламасына қосылған сүбелі үлес болар еді.

"Қамшы"сілтейді

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар