Құндылықтар қасиеттелсін

/uploads/thumbnail/20170708203341056_small.jpg

Жалпыұлттық Ар-намыс кодексін қабылдауды ойластырсақ қалай болар еді?
Құндылық деген ұғымның өзі ата-бабаларымыздың өмір сүрген дәуіріндегі, өздері таңдап алған адамдық, адалдық, әдептілік, әділеттілік, тектілік, мәдениеттілік деген жалпы жағымды қасиеттерге бағышталған, бізге мирас етіп қалдырған, дәстүр-салт, әдет-ғұрыптан тұратын өмір сүру жолындағы ережелері. Бұл құндылықтар қастерленбесе, онда қоғамның өркениетке бастаған жолына, оның дамуына нұқсан келетіндігі анық.
Менің замандастарым – академик Төрегелді Шарманов бастап, мемлекет, қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Мырзатай Жолдасбеков, Абай Тасболатов, ғалымдар Мырзагелді Кемел, Айхан Ақанов, Камал Ормантаев, Досмұхамед Кішібеков, Амангелді Керімтаев, тағы да басқа көзі қарақты, көкірегі ояу отандастарым қостап, ұлтымыздың баға жетпес құндылықтарының құлдырап, жұқарып, өмірдің барлық саласында түр-түрімен біздің қоғамымызда үлкен дертке айналып бара жатқандығын аңғарымпаздықпен байқап, құндылықтардың құлдырауларының бет-пердесін ашып, айшықтап, «Егемен Қазақстанның» беттерінде әр азаматтың санасына жететіндей етіп қоғамға ой салды.
Қазіргі кезде жарқын құнды­лықтарымыздың құлдырап бара жат­қандығына, бұл жағымсыз дерт кейбір азаматтардың санасына кері әсер етіп, қоғамда құндылықтарымызға қарама-қайшы көріністер орын алып отырғандығына халық көз жеткізіп отыр. Экономикалық формацияның өзгеруіне байланысты халқымыздың ой-санасын дүниетұтынушылық психологиясы дендеп, адами құндылықтарымызға кереғар іс-әрекеттерге әкеліп соқтыруда.
Құндылықтарымыз құлдырауының себептерін қарастырғанда оны біз бұрынғы қоғамдағы жоспарлы-тота­литарлық жүйеден бірден, күтпеген жерден нарықтық жүйеге ауысып кеткендігінен іздегеніміз дұрыс шығар деп ойлаймын. Жалпы, халықтың ой-санасы нарықтық экономикаға дайын еместігінен біршама дағдарысқа душар болды. Әрқайсымыз өз бетімізбен күн көру, оңай жолмен дүние табуды ойлауға көштік. Осы жолда адалдық жолды аттап, жемқорлық, алаяқтық, алдау-арбау, ұрлық-қарлық, қулық-сұмдық жолымен дүние табу, даңғазалық, атаққұмарлық, мақтаншақтық сияқты жағымсыз дерттер бірқатар азаматтардың санасына ұялады да, халықтық құндылықтарымызға кері әсерін тигізіп, қоғам дертіне айнала бастады. Ондайлар ұлы Абайдың «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз» деп айтып кеткен өсиетін ұмыт қалдырды.
Ал енді не істеу керек? Соларды көріп, оларға шыдап, бұқаралық ақпарат бетінде айқайлап айтып қана отыра береміз бе? Не болмаса оларға қарсы тұрып, белсенді түрде күреске шығамыз ба? Бұл жерде мен осы қоғамдағы жағымсыз дерттерді адам бойындағы аурумен салыстырмалы түрде былай айтқым келеді.
Адам ауыра қалса емделу үшін дәрігерге көрінеді. Дәрігер сол адамның ауруына диагноз қойып, емдеу жолына кіріседі. Керекті дәрі-дәрмекті атап, оларды қашан, қалай қолдану керектігін ұсынады. Сол емді қабылдағаннан кейін адам бойындағы дертінен айығады, қатарға қосылады. Мемлекет пен қоғам да әлемдік даму үдерісінде жанды организм сияқты. Олардың бойларында дерт пайда болса ол дертті жеке адамды емдегендей етіп емдеу керек. Сол дертке жалпымыз диагноз қойып, ел болып емдеу жолына кіріскеніміз жөн болар.
Әрбір жеке азамат ата дәстүрімізді сақтап, саламатты өмір сүру жолында аянбай еңбек етсе, ол істің нәтижелі болатынын Елбасы айтып та, іс жүзінде көрсетіп те келеді.
Елбасы ұсынған бес институттық реформа қазіргі саяси экономикалық жағдайда, еліміздің одан әрі өркендеп дамуына, заманның жаңа талаптарына жауап беретін, елдің әлеуметтік деңгейінің көтерілуіне мүмкіндік беретін, аса маңызды мемлекеттік құжат болып табылады. Солай болса бес институттық реформаны іске асыратындар, 100 нақты қадамды жүргізіп, оны келешек ұрпаққа үлгі ретінде қолданатындар кімдер? Олар қазіргі заманның саналы қоғам мүшелері, ел азаматтары. Біздің әрқайсымыз қоғамдағы жиіркенішті дерттен арылып, саналы өмір сүруге көшуіміз керек.
Қазіргі кезде өмірдің өзі талап тудырғандықтан мемлекет тарапынан әр сала қызметкерлері туралы Ар-намыс кодекстері (ережелері) қабылданып, олар іс жүзінде атқа­рылып та жатыр деп бір жақтама өзімізді өзіміз жалған сабырлылыққа шақырып жүргеніміз бар. Одан сол ережесі бар сала қызметкерлерінің арасында заң бұзушылық, құндылықтарға кері әсерін тигізетін, теріс пиғылдар әлі толастаған жоқ. Осыдан-ақ ондай тек кәсіби бір топ қызметкерлерге арналған ережелердің тиімсіз екені көрініп тұр. Сол ар-намыс туралы ережелер қабылданған барлық салалардың іс-қимылдарын, міндеттерін анықтайтын арнайы заңдар да қабылданған. Олар ар-намыс ережелерінсіз-ақ өздерінің іс-әрекеттерін тек өздерінің қызметі туралы қабылданған заң талаптарына сай адал да, сол заңдардың шеңберінде атқаруға міндетті. Бұл жерде оларға басшы қызметкерлердің тарапынан бақылауды, қадағалауды күшейту керек-ақ. Біздің кемшілігіміз – сол талаптың, қадағалаудың әлсіреп кеткендігі.
Елбасы атап көрсеткен жолдармен әлемдегі алдыңғы қатардағы дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін эко­номикалық, техникалық, ғылыми теңдестігімен қатар, біздің халқымыздың ой-өрісі, дүниетанымы, көзқарасы сол озық 30 елде өмір сүріп жатқан халықтардан кем болмауы керек. Ата-бабаларымыздың өмір сүрген кезеңіндегі бізге мирас етіп қал­дырған құндылықтар олардың құн­ды­лықтарынан бірде-бір кем емес. Ке­рі­сінше, олардікінен біршама озық.
Бірінші, Елбасы атап көрсеткен 100 нақты қадамның салаларға арналған 12-қадамындағы жаңа этикалық ере­желерді енгізу мәселесін тек аз ғана топқа, мемлекеттік қызметкерлерге арнап жеке-жеке көптеген салалық «Ар намыс» ережелерін қабылдаудың орнына «Жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» адамдарының Ар-намыс кодексін (ережесін)» дайындап, соны қоғам болып талқылап, қабылдап, өмірімізге нақтылай ендіру қажет.
Ар-намыс кодексінің мәтінін көрнекі құрал ретінде, бос сөзді әртүрлі жарнамалардың орнына, жаппай барлық қоғамдық жерлерде, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар, әкімшілік ғимараттарында, оқу орындарының аудиторияларында, балабақшаларда мемлекеттік рәміздердің қасына, кез келген адам оқи алатындай, оқымай өт­пейтіндей етіп, насихат ретінде іліп қою керек. Құзырлы органдардың қызметкерлерінен, мекеме басшыларынан оны тұрақты түрде ұжым болып талқылап, қалай іске асырып жатқандығын талап ету қажеттілігі туындайды.
Екінші, біздің қоғамымыздың өркендеп дамуына кері әсер етіп келе жатқан жайдың бірі – бізге жол бас­тап келе жатқан кейбір мемлекеттік қызметшілердің кемшіліктері. Олар­дың кәсіби деңгейінің, мәдениетінің, қоғамға, елге, жерге жанашырлық деңгейінің төмендігі.
Бізде мемлекеттік қызметкерлер арасында қалыптасып қалған, халықтың көзіне күнде түсіп жүрген жағымсыз көріністер бар. Қандай да бір жолмен, шама-шарқына қарамай мемлекеттік қызметке ілінсе болды, сол жайлы креслоға отырғаннан өзін биік ұстап, басқалардан ақылды санайды да, халық мүддесіне басқа сатыдан қарай бастайды. Өздерінің халықтың қызметшісі екендігін ұмытып, міндеті кабинетте отырып ақыл айту ғана деп түсінеді, халықтың ортасына шығып, олармен жүзбе-жүз кездесуді міндетім деп санамайды. Ондайлар Елбасының қызмет атқару жолынан үлгі алмайтыны өкінішті-ақ. Елбасы әрқашанда өзінің өмірінің халықтың өмірімен тығыз байланыста екендігін ұмытпай, қай жерде болса да халықпен кездесіп, әңгімелесуді ұмытқан емес.
Біздің шекпенділердің ішінде халықпен жүздесуді ұмыт қал­дыр­ғандар аз кездеспейді. Халықтан алшақтағаннан кейін өзінен өзі, асып-тасып, жолы көмескілене береді де, өзі заң бұзу­шылыққа барады. Оңы мен солын ажырата алмайтын осындайлар құндылықтардың құлдырауына себепкер. Маңдай терін төкпей, қулық-сұмдық жолмен оңай олжалы болғандар астамшылыққа, атаққұмарлыққа, даңғазалыққа, мақ­таншақтыққа барып, оңай жолмен келген байлықты алды-артына қарамай бәсекелесіп шашып, таяз ойлап, теріс мінез көрсетеді. Құндылықтардың құлдырауында қарапайым халықтың ешқандай кінәсі жоқ.
Сондықтан, мемлекеттік орындарда қызмет атқарып жүрген азаматтардың жұмысы халық тағдырымен байланысты болғандықтан, олар халықпен тығыз байланыста жүруі керек. Ол үшін әкімдерден бастап барлық ха­лыққа қызмет ететін лауазым иеле­рінің арнайы жұмыс кестесіне ай сайын, қашан, қай уақытта, қай жерде қандай ұжым мүшелерімен, қандай мәселемен кездесу өткізетіндігі туралы кесте жасау міндеттеліп, сол кестелердің орындалуы басшылар тарапынан қадағалауда болғаны жөн. Егер жыл сайынғы кәдуілгі бір рет есеп берудің орнына халықпен осындай кездесулер жүйелі жолға қойылса, кімнің кім екені, оның қызмет атқаруға қауқары бар ма, жоқ па халық алдында белгілі болатыны да дәлелді керек етпейді.
Елбасының бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның 99-қадамында «мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері мен мәртебесін заңмен бекіту, мемлекеттік шешімдерді қабылдау ашықтығын арттыру» деп қадап көрсетілген. Менің мақалада айтып отырған осы ұсыныстарым қоғамдық кеңестердің назарында болып, кеңес мүшелері өз пәрменділігін көрсетсе халық мүддесіне сай іс болар еді деген ойдамын.

Батырхан ӨМІРЗАҚОВ,

отставкадағы милиция полковнигі, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрметті ардагері.

ШЫМКЕНТ.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар