Алматы қаласындағы «Әдебиетшілер үйінде» Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен ұлттық көркем әдебиетті қолдау мақсатында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйге жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі болып өтті.
Гран при проза 01
Корганбек 0«Әдебиетшілер үйінде» өткен салтанатты шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөзбен ашып, бәйге жеңімпаздарына жылы лебізін арнады. Осы жерде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің құттықтау хатын оқып берді. «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихымызға қатысты көптеген өзекті мәселелерді тарқатып айтты. Қазақстан – Ұлы Дала елі. Тәуелсіздік – маңдайға біткен бағымыз, мәңгі аялап өтер аманатымыз. Сіздердің шығармаларыңыз арқылы әрбір адам бойында ұлтты сүю мен ұлттық рух қалыптасады. Таланты мен күш-жігерін халқымыздың игілігіне арнаған барша қаламгерлерімізге шығармашылық табыс тілеймін» делінген Үкімет басшысының хатында. Сондай-ақ, қазақ қаламгерлерінің ұлт тарихына үлес қосқан бәйгелі шығармалары марапатталған жиында Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Арман Қырықбаев қала әкімінің арнайы құттықтау хатын оқып берді.
Ел игілігі үшін ұйымдастырылған шараны қаржылай қолдаған ERG ресми өкілі Болат Оразов осы топтың басқарма төрағасы Алдияр Қазтаевтың жолдаған құттықтау жеделхаты мен қазақ қаламгерлеріне деген ыстық ықыласын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын, сенатор Нұрлан Оразалин да жеңімпаз қаламгерлерді құттықтап, осынау игі шараның өткізілуіне ризашылық білдірген ел азаматтарының жолдаған жедел хаттарын халыққа жеткізіп, ұлт әдебиеті мен руханиятына қолдау көрсеткен тұлғаларға алғыс сезімін білдірді.
Еуразиялық топтың (ERG) қаржылай демеушілігімен жүзеге асқан жабық бәйге қоржынына проза, поэзия және драматургия саласы бойынша 200-ге тарта туынды түсіп, үздік деп танылған шығармалар «Алаш тарихының ақиқаты» атты қос томдыққа енгізілген. «Ан-Арыс» баспасынан жарық көрген аталмыш кітаптың тұсауын қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров пен Қазақ КСР-інің халық әртісі Сәбит Оразбаев кесіп, ұлтымыздың рухани қазынасына қосылған қос томдықтың көтерген жүгі мен арқалаған аманатының маңыздылығы жөнінде тебірене сөйледі.
Аталмыш бәйгеде оза шауып, жүлделі орынға ие болған туындылар мен қаламгерлерді атап айтсақ, проза жанры бойынша бас жүлдені Тынымбай Нұрмағанбетов, 1-орынды Момбек Әбдәкімұлы, 2-орынды Тұрысбек Сәукетай, Бақытжан Қанапиянов, Қуаныш Жиенбай, 3-орынды Әділбек Ыбырайымұлы, Төкен Әлжантегі, Асқар Алтай, Серік Сағынтай иеленді. Поэзия жанры бойынша бас жүлдені Серік Тұрғынбекұлы, 1-орынды Сайлау Байбосын, 2-орынды Серік Ақсұңқарұлы, Әбубәкір Қайран, Жарас Сәрсек, 3-орынды Қорғанбек Аманжол, Бақытбек Бәмішұлы, Ғалым Әріп, Ескен Елубай, Мыңбай Рәш, Наурызбек Саршаев алды. Ал драматургия жанры бойынша бас бәйге Иранбек Оразбаев, 1-орын Рахымжан Отарбаев, 2-орын Сұлтанәлі Балғабаев, Думан Рамазан, Жолтай Әлмештегі, 3-орын Нұрғали Ораз, Кенжебай Ахмет, Жәркен Бөдеш пен Мағира Қожахметоваға бұйырды.
Қазақ руханияты мен әдебиетін дәріптеген салтанатты шара ұлт аспаптар оркестрі мен халық әнін орындаушы өнер қайраткерлерінің концерттік бағдарламасымен өрнектелді.
Дереккөз: егемен Қазақстан