Ақтөбеде күрес түрлерінен Қазақстан Кубогы сайысы басталды

/uploads/thumbnail/20170708203342634_small.jpg

АҚТӨБЕ. 6 қараша. Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайында даңқты палуан, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің Мәскеу Олимпиадасында чемпион болғанына 35 жыл толуына арналған грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Кубогы жолындағы жарыс өтуде. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Байрақты бәсекеге еліміздің он төрт облысынан және Алматы мен Астана қалаларынан 300-ден астам палуан жиналды. Олар алдын ала іріктеу белдесулерін бастап та кетті. Жарыс қорытындысы бойынша Әлем Кубогына, Азия және әлем біріншіліктеріне дайындалып, қатысу үшін Қазақстан құрама командасы жасақталатын болғандықтан ілгері күнге үміт артқан әр палуан белдесулерін жеңіске деген жігермен өткізуде. Палуандар «мыңнан тұлпар» шығу үшін бар шеберліктерін салуда.
Сондықтан да болар спорт сарайында өткен жарыстың салтанатты ашылуына жанкүйерлер де көп жиналды. Жанкүйерлер талай мәрте боз кілемнің ажарын ашып, бәйге төрінен көрінген саңлақ балуандарды жарыстың құрметті қонақтары қатарында көрді. Олардың арасында Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы, Әлем Кубогының иегері, Еуропа чемпионатың күміс жүлдегері, КСРО-ның екі дүркін чемпионы, КСРО біріншілігінің күміс, қола жүлдегері, КСРО халықтары спартакидасының чемпионы, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада ойындарының, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Юрий Мельниченко, Бахтияр Байсейітов, Нұрбақыт Теңізбаев және басқалары бар. Сондай-ақ, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, әлемнің алты дүркін чемпионы, Еуропа және КСРО біріншіліктерінің бірнеше дүркін чемпионы Сергей Белоглазов та келген.
Палуандар жарысының салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұлтты, мемлекетті өзге елдерге танытатын спорт екенін айта келіп, халқымыздың алып күш иелері, жауырыны жерге тимеген палуан перзенттері Балуан Шолақ, Қажымұқанның ізбасарларының тәуелсіз Қазақстанды әлемге мойындатудағы ерен еңбектерін алға тарта сөйледі.
«Мәскеу Олимпиадасында даңқты палуан Жақсылық Үшкемпіров чемпион болып, қазақ елін төрткүл дүниеге танытты. Бұл ұлт үшін үлкен мақтаныш еді. Тәуелсіздік жылдары Юрий Мельниченко тұңғыш Олимпиада чемпионы болды. Әлемдік додаларда әлденеше рет олжа салған, Олимпиада ойындарында жүлдегер болған Дәулет Тұрлыхановтың жеткен жетістігі өз алдына бір төбе. Мұндай іс-шара жастарымызға ұлағатты тәрбие, осындай болмақ керек деген үлгі-өнеге болып табылады. Қазір боз кілемдегі палуандардың шеберліктерін көріп отырған жастардың арасынан да әлемдік жарыстарда көк байрағымызды желбірететін бұла күшті, шеберлігі шыңдалған палуандар шығарына сенім мол», – деді өңір басшысы.
Бердібек Сапарбаев осы жарысқа демеушілік жасаған «Ақпан» ЖШС-не ризашылығын білдіре келіп, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке шетелдік темір тұлпардың кілтін тапсырды.
Содан кейін Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитеті төрағасының орынбасары Әділ Дөңбай жарысқа қатысушыларды құттықтады. Ол елімізде 136 мың спортшының күрес түрлерімен айналысатынын, оларға 2400 жаттықтырушы палуандықтың қыр-сырын үйрететінін жеткізді. Жарысты өткізудегі мақсат салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту екенін де атап өтті. Ол Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Юрий Мельниченкоға «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерекелік медалін тапсырды.
Өз кезегінде Жақсылық Үшкемпіров спорттағы жеткен жетістігі және ерен еңбегі үшін осындай ұлым бар деп алақандарына салып, аялап келе жатқан халқына және Елбасына алғыс сезімін арнады.
Атақты палуанның әлемдік додадан алтын олжалап оралған ақтөбелік жас палуан Мейрамбек Айнағұловқа өзі киген спорттық киімі мен өмірбаяны жазылған кітапты сыйға тартуы да жарасымды болды. Ол жақында Оңтүстік Кореяда өткен ҮІ әлемдік әскери ойындардың жеңімпазы болды, 2013 жылғы ересектер арасындағы Қазақстан Кубогының иегері, ересектер арасында Қазақстанның өткен жылғы чемпионы, ересектер арасында Қазақстанның ІҮ жазғы спартакиадасының жеңімпазы.
Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице президенті Ерлан Қожасбай құттықтау тілегін жеткізді. «Қазмұнайгаз» АҚ өкілі Бақыт Иманғалиев Жақсылық Үшкемпіровтің иығына шапан жауып, алғыс хат тапсырды.
Жарыстың салтанатты ашылуы грек-рим күресінен бірінші және төртінші орындар үшін белдесулерге ұласты. Жарыс қорытындысында Оңтүстік Қазақстан облысының құрама командасы бірінші, ақтөбеліктер екінші, ал Қарағанды облысының құрама кұмандасы үшінші орынды иеленді. Еркін және әйелдер күресінен белдесулер жалғасуда.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар