Өскеменнің өркенді өрісі

/uploads/thumbnail/20170708203343650_small.jpg

Еліміздегі әлеуетті өндіріс орталықтарының біріне саналатын Өскемен қаласы күн санап көркейіп, абаттанып келеді. Қысқа мерзімде қолайлы инфрақұрылым қалыптасты. Өскемен қала­сының әкімі Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ бас ба­сы­лымға берген сұхбатында өскелең шаһардың өркенді өрісі туралы ой тарқатты.
– Темірбек Жұмақұлұлы, Мем­лекет басшысы бес институттық реформа аясында жер­гілікті атқарушы орган­дарға маңызды тапсырмалар мен межелер жүктегені бел­гілі. Өскемен қаласының әлеу­меттік-экономикалық әлеуе­тінде қандай оңды өзгерістер бар, қаланың даму ырғағы сақ­талып отыр ма?
akim oskemen
– Әрине, қаланың дамуындағы басты бағыттар Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жол­дауына сәйкес жүзеге асырылуда. Айталық, қаланың инфра­құ­рылымдық дамуының 2015-2017 жылдарға арналған 57 млрд. теңге қаржылық қажеттіліктегі «Нұрлы Жол» кешенді жоспары жасалды. Ұлттық қордан 2015 жылға тұрғын үйлер мен инфрақұрылым жүйелерін салуға 3,8 млрд. теңге көлемінде трансферт пен несие бөлінді. Биыл жартыжылдық есеп бойынша өндіріс өнімінің көлемі 291 млрд. теңгені құрап, өсім қарқыны 90,2 пайызға жетті. Жыл соңына дейін 686 млрд. теңге көлемінде өнім алуды жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 1,3 млрд. теңгені, ал өсім 4,9 па­йызды құрады. Болжам бойынша жыл соңында 9 млрд. теңге көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімін алу көзделген. Жаңа Экономикалық Саясаттағы ұзақ мерзімді жобалардың бірі – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы. Индустрияландыру картасына 286,5 млрд. теңге көлемінде 18 инвестициялық жоба енді. Соның үшеуі жоспарланған өндірістік қуатына ие болып, тоғызы іске асырылды. Қалған бес жоба жүзеге асырылу сатысында. Осы бағыттағы маңызды мәселе индустриялық аймақтарды дамыту болып отыр. Бизнесті дамыту аймағына арматура зауыты ауданындағы жер телімдері мен «Өркен КШТ» аймақтары енгізілді. Қазіргі кезде арматура зауыты ауданында 5 жоба жос­парланып отыр. Оның ішінде «Ба­зальтты жылытқыштар өнді­рісі», «Энергия алу мақсатында ағаш қалдықтарды өңдеу», «Ма­кулатура және қағаз бұйымдарын өңдеу цехы», «ДСК құрылысы», «Құрылыс материалдары зауыты» жобалары бар. Индустрияландыру картасы аясында «Мелисса» ЖШС OSB өндірісінің жаңа жобасын қолға алды. Тау-кен машинасы, технологиялық жабдық және өнеркәсіптік арматура зауыттары іске қосылды. Бұл – қаланың құрылыс саласын өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Ағымдағы жылы өнеркәсіптің негізгі саласында өсім байқалады. Яғни, металлургия – 4,4, сүт өнім­дері – 13,1, киім – 37,7, жиһаз 4,4 пайызға артса, тау-кен өнеркәсібі – 11, электрлі жабдықтар 64,7 пайызға артып отыр.
Қалада құрылыс қарқынды жүруде. Қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 25,5 млрд. теңгені құрады. Осы кезеңде 74,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Орташа еңбекақы төлемі бір айға 111 мың теңгені құрайды. Жыл басынан бері экономиканың барлық секторында 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Шағын кәсіпкерлік нысандары 25 пайызға өсті. Өскемен – елімізде автокөлік шығару саласындағы көшбасшы қалаға айналып келеді. Ресейлік «АВТОВАЗ» бен қазақстандық «БИПЭК АВТО» компаниялары стратегиялық ынтымақтастық және біріккен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойғанын білесіздер. Келісім аясында жылына 120 мың дана көлік шығаратын автозауыт пен автобөлшектер өндірісі зауыты салынуда. Бүгінде жобаны жүзеге асырудың инвестициялық кезеңі аяқталды. 523 гектар ау­мақта вер­тикалды жобалау жұ­мыс­тары жүргізіліп, қосалқы құры­лыс ма­териалдарының өнді­рісі пайдалануға берілді және инже­нерлік коммуникация желі­лері­нің құрылысы басталды. Онда құ­рылыс барысында 2 мың адам жұмыспен қамтылса, зауыт іске қосылғаннан кейін 4 мың жұмыс орны құрылады. Ал зауыт толық жобалық қуатына көшкенде 12 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар. Биыл Ресейдің Сібір және Урал аумағында 15 авто­орталық ашылды. Онда өскемендік автокөлік өндірісі бой­ынша сату және қызмет көр­сету жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, қазақстандық үлестің ауқымы кеңейіп келеді.
– Соңғы уақытта орын ал­ған валюталық өзгерістер өңір орталығының өміріне қан­ша­лықты әсер етті? Оған қарсы облыс экономикасының жетек­ші кәсіпорындары мен орта және шағын кәсіпкерлік нысандары шоғырланған қала ретінде қандай шаралар қолға алынды?
– Ұлттық валюта бағамының өзгерісін кәсіпорындарымыздың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру үшін мемлекет тарапынан жүргізілген шаралардың бірі деп айтуға болады. Яғни, қаржылық дағдарыстан шығу және одан кейінгі экономиканың жылдам дамуы үшін қажетті шарт болып табылады. Әзірге, орта және шағын кәсіпкерлік нысандарында жұмыссыздық, жалақының төмендеуі байқалған жоқ. Мемлекет тарапынан отан­дық тауар өндірушілерге тұрақ­ты қолдау көрсетіліп отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жаңа бизнес ашу, қосымша қаржыландыру үшін кәсіпкерлерге төмен па­йызбен несиелер, субсидиялар беріледі. Ұлттық валюта еркін айналымға жіберілгеннен кейін Өскемен қаласындағы шағын және орта бизнес нысандары өнімдерінің шетелдік тауарлармен салыстырғанда бағасының бұрынғы деңгейде сақталып қа­луы біздің өнімдеріміздің бә­се­келестікке қабілеттілігін арт­тыруда.
Сонымен қатар, Өскемен қала­сында бағаның негізсіз өсуін анықтау, ағымдағы жағдайды қадағалау және тұрақты саралау мақсатында ағымдағы жылы тамыз айында жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінде жедел топтар мен қалалық штаб құрылды. Жедел штаб мүшелері бағаның тұрақтануы аясында сауда орындарын аралап, жекелеген және көтерме кәсіпорындардың басшыларымен кездесулер ұйым­дастырады. Бұл орайда еліміз­дің жаңадан қабылданған эконо­микалық саясаты бойынша жүйелі түсіндірмелік жұ­мыс­тар жүргізілуде. Кәсіпорынды жалға алушылар арасында жүр­гізілген жұмыстар нәтижесінде кәсіпорын басшыларына нақ­ты ұсынымдар берілді. Ірі кәсіп­­орындар қала әкімдігінің құры­лымдық бөлімшелеріне бекітілді. Мемлекеттік органдармен күнде­лікті азық-түлік тауарлары баға­сының мониторингі жүргі­зіледі. Әр апта сайын ауыл ша­руа­­шылығы жәрмеңкесі ұйымдас­тырылады.
– Өңір басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша биыл қаланы абаттандыруда бірқатар жұмыстар атқарылды. Ақ Ертістің қос жағалауындағы Өскеменнің шырайы күннен-күнге артып келе жатқанын байқап жүрміз. Абаттандыру бойынша алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сынды мерейтойларға толы жылда абаттандыру, көріктендіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Ең алдымен, шығыстың бас­ты шаһарында халық игілігіне облыстық драма театрының жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Ертістің сол жағалауындағы жаңа шағын ауданда орын тепкен саф өнердің орталығы қазіргі заманғы барлық талаптарға сай. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтсақ, жуықта қала күніне орай тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ақ Ертіс» классикалық өнер фестивалінде алыс және жақын шетелден келген өнер майталмандары театр сахнасында өз өнерлерін көрсетіп, жоғары бағаларын берді. Қаланың орталық алаңында заманауи музыкалық субұрқақтарының кешені ашылып, аталған аумаққа толығымен граниттік тақталар төселді. Сондай-ақ, тұрғындардың кешкі серуеніне арналған клас­сикалық стильдегі көше шамдары орнатылды. Гагарин атын­дағы бульварда ғарыштық стиль­де жасалынған жаңа аллея тұр­ғын­дардың игілігіне берілді. Аллеяда балаларға арналған арнайы алаң салынып, онда ғарышты сипаттайтын ойын жабдықтары орнатылды және сейілдеуге арналған гүлзар аумағы қолданысқа берілді.
Е.Славский атындағы жағалау қайта жөндеуден өткізіліп, велоспорт әуесқойларына арналған арнайы жолақтар салынды. Бұл өз кезегінде қаладағы осы спорт түрінің дамуына ұйытқы болары сөзсіз. Сондай-ақ, осы жолақтарды қыс уақытында шаңғы тебуге де қолдануға болады. Ертіс өзенінің қайта жөндеуден өткен жағалауында жаяу жүргінші жолы кеңейтіліп, балалар мен спорт алаңдары жасалды әрі суару жүйесі орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Биыл қала бойынша 60 мың шаршы метр аумаққа гүл отырғызылып, 62 аула жөндеуден өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 143 үйге жөндеу жұмысы жүргізілді. Осы бағыттағы жұ­мыс­ты күшейту мақсатында тұр­ғын үй инспекциясы бөлімін ашып отырмыз.
Басқа да бірқатар жұмыстар жасалды.
– Қаржылық қиыншы­лық­тарға қарамастан, қалада құрылыс қарқыны қызу екенін көруге болады. Тұрғындарға шаһардағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй кешендерінің қолжетімділігі қаншалықты болмақ?
– Елбасы атап өткендей, қазіргі уақыттағы қаржылық мәселелерге қарамастан мемлекеттің басты мақсаты – халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындау. Осы орайда, әлеуметтік инфра­құрылымды дамыту – бүгінгі басым бағыттардың бірі. Бұл ретте «Балапан» бағдарламасы ая­сында балаларды мектепке дейін­гі тәрбиемен және біліммен қамта­масыз ету 100 пайызды құра­ды. Былтыр жыл соңында 110 орындық 2 балабақша ашылып, «Азамат» балабақшасында қосымша 4 топ құрылды. Ағым­дағы жылы 420 орындық бала­бақша пайдалануға берілді. Мектеп оқушыларының 70 пайы­зы қосымша білім беру жүйесі­мен қамтылды. Қазір қаланың жаңадан бой көтеріп келе жатқан №19 шағын ауданында 1000 орындық мектеп құрылысы аяқ­талуға жақын қалды. Қалада апат­тық жағдайдағы мектеп жоқ, барлық оқушылар мен әлеумет­тік жағынан аз қамтылған отба­сы­лардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. 2015 жылы 1-4 сыныпта оқи­тын 11 мың оқушының тамақ­тануы мен оған қосымша бал және сүт тағамдарын беру үшін жергілікті бюджеттен 107,5 млн. теңге бөлінді. Бұл – төменгі сынып оқушыларының денсаулығын нығайтып, білім алу қабілеттіліктерін арттыру үшін жасалған шара.
Жоспарға сәйкес, алда­ғы уақыт­та мемлекеттік бағ­дар­ла­малар мен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы салынатын тұрғын үй бағасы өзгермейді. Әр пәтердің бір шаршы метрі 3-санатты құрылыс құны бойынша – 115 мың, 4-санат бойынша – 110 мың, жалға берілетін үйлер 88 мың теңгені құрайтын болады. Биыл жалпы ауданы 42 863,97 шаршы метрді құрайтын 560 пәтерлік 7 тұрғын үйді қолданысқа беру жос­парланып отыр.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар