Биылғы жыл ел үшін ауыр жыл болып отыр. Қазақ жерінің табиғи байлығын есепсіз сатып, саусағының ұшын қимылдатпай келген билік мұнай бағасының күрт төмендеуінен кәдімгідей есеңгіреп қалды. Бюджетке түсетін кіріс төмендеп, үйіп берген уәделердің орындалуы екіталай халге жетті. «Суға кеткен тал қармайдының» кебімен тығырықтан шығудың жолдары жедел қарастырыла бастады. Әлемдік нарықтағы шикізат бағасының ауытқулары күні-бұртын ескерілмей, қосалқы қам-қарекет жоспары алдын-ала жасалмағаннан кейін аяқ асты не ойлап таба қойсын?! Тағы да сол оңай жол, үйренген әдетіне басты. Сыртқа сатылатын өнімнен түсетін қаржыны ұлттық валютаның бағасын төмендету арқылы ұлғайту жолы таңдалды. Бірқатар сарапшылар елдің қазіргі қалыптасып отырған экономикалық жағдайында бұдан басқа амал да қалмағанын айтады. Сөйтіп, ағымдағы жылдың екінші жартысында елде үсті-үстіне екі бірдей девальвация болды.
Девальвация болғанда да бізде әр нәрсені өз атымен атау баяғыда ұмытылған ғой. Жұмыстағы қысқартуларды халықаралық терминологиядан «оптимизация» деген сөз тауып алып, «оңтайландыру» деп аударып жүрміз. «Айналымдағы ақшаның ресми бағамын төмендету» мағынасына ие «девальвацияны» ұялған тек тұрмастың қылығымен «ұлттық валютаны еркін айналымға жібердік» дегенді шығарды. Бұл да шатқаяқтап кеткен экономика үшін, нарық қыспағында қалған әрекетсіздік үшін халық алдында ақталудың бір сыйқы.
«Бояушы бояушы деген сайын сақалын бояйды» дегендей, биліктегілер қызды-қыздымен өз өтіріктеріне өздері сеніп, болбыраған құр былшылдан кәдімгідей экономикалық теория жасағылары келетін сияқты. Бүгінде «девальвациядан ұлттық экономикаға еш кесір келмейді» деген сау адамның сөзінен гөрі сандыраққа жақын уәж түрлі жолдармен қоғамға жол тартуда. «Сенікі дұрыс!» деп арқасын қағып қойсаң, аузы көпіріп мақтан әңгіме сапыратын ауыл алқаштары елестейді осындайда көз алдыңа. Төл валютаны құлдыратып, отандық өндірушілердің жағдайын жасаймыз деген қисынды Қытай айтса жарасады, сіріңкені солтүстік, тіс шұқығышты шығыстағы көршіден алып отырған бізге не жоқ?!
Бәріміз білетіндей елде ішкі тұтынымға қажет дүниелер шығаратын өндіріс орындары жоқтың қасы. Қарапайым тұрмыстық техникадан бастап киім-кешек, өндіріс жабдықтары, көлік, олардың құрал-саймандары бәрі сырттан әкелінеді. Яғни, бұрын бір доллардың дүниесін 185 теңгеге алсаңыз, қазір ол үшін 300 теңге бересіз. Осының қай жерінен пайда көріп тұрсыз?
«Доллар қымбаттады деп тауар бағасын өсіргендер қатаң жазаланады» деген әубастағы кеуде де басылып қалды. Қазір Үкімет деңгейінде қымбатшылықты ақтау науқаны басталып кетті. Күні кеше ғана ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков халыққа нанның қалай, қайда әзірленетінін, тіпті, кім қанша нан жейтінін, кім қанша теңгеге сатып алуы керектігіне дейін тәптіштеп түсіндіріп берді.
Сырттан келетін дүние өз алдына, бұлай кете берсе, тіпті отандық шағын бизнес өкілдері өндіретін ұсақ-түйек те өзімізге бұйырмай қалатын түрі бар. Неге десеңіз, ол былай. Былтыр Ресей рублін құнсыздандырғанда барлығымыз сол жаққа ағылып көлік тасыдық. Құнсызданған рубль шетел валютасымен барғандарға орыс тауарын су тегін етіп тастады. Бұл жағдай бізде қайталанбайды деп кім айта алады? Қазақстанда өндірілетін ет пен сүт, басқа да азық-түлікті құнсыз теңгені сапырған ресейлік алып-сатарлар сыпырып әкетсе қайтеміз? Жаз айларында оңтүстіктің көкөніс өнімдері орталық пен солтүстік Қазақстанға тоқтамай, керуен-керуен болып Ресей асып жүргенін жақсы білеміз ғой. Девальвация осылай азық-түлік қауіпсіздігі үшін де бірқатар тосын сый ұсынбақ.

Сонымен, ананы бір мынаны бір айтып тапырақтаған мемлекеттік менеджерлер экономиканы тұрақтандыруға, халықтың әл-ауқатын төмендетпеуге бағытталған қандай да бір тиімді шаралар қолданудан бұрын, өздерінің есепсіз жасалған сәтсіз қадамдарын қисынды-қисынсыз ақтаумен әуре болуда. Оны күнде көріп отырмыз. Алайда, өкіметтің девальвация атты «жарты фабрикатқа» өтірік қосып дайындаған бұл быламығы ашқұрсақ қоғамның жұмырына жұқ болмайтын сияқты. Бүгінгі айтқан сөзі ертеңге жарамай жатқан билік теңгеге деген халық сенімін қалыптастырамыз деп жүріп, өзіне деген сенімнен біржола айрылды осымен. Ең бастысы күнделікті нарықтық мәселелерге басы қатқан ел ағалары ұзақ жыл бетперде етіп келген «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген стратегиялық қағидаларының күл-талқаны шыққанын байқамай да қалды.
Ал, қайда сол экономика?
Дархан Мұқан