«Сарыарқа» газ құбыры – Астанаға
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританиядағы ресми сапары кезінде өткен Қазақстан-Британ Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының отырысы аясында «ҚазТрансГаз» АҚ пен Independent Power Corporation PLC арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Кеше «ҚазТрансГаз» АҚ-тың Астана қаласындағы ғимаратында осы елеулі шараға байланысты баспасөз мәслихаты болып өтті.
Оған «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының газ маркетингі және тасымалы жөніндегі орынбасары Қайрат Шәріпбаев, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басқарма төрағасы, «Интергаз Орталық Азия» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ибулла Сердиев, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының маркетинг және коммерция жөніндегі орынбасары Рустам Сүлейманов, «Астана Газ КМГ» АҚ бас директоры, «Интергаз Орталық Азия» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Валентин Хван қатысты.
– «ҚазТрансГаз» – елге газ жеткізетін халықтық компания екенін білесіздер. Елбасының Ұлыбританияға ресми сапары барысында біз Біріккен Корольдіктің электр стансаларын салуда және пайдалануда жетекші оператор болып табылатын Independent Power Corporation PLC компаниясымен өте тиімді меморандумға қол қойдық. Бұл меморандум елордамыз Астананы, сондай-ақ, еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін газдандыру үшін құрылысын салу арнайы жоспарланып отырған, «Сарыарқа» магистральды газ құбырының бойында төрт газтрубиналық электр стансасын салуды көздейді. Бұл газтрубиналық электр стансаларының қуаты 1600 МВт-ны құрайды. Ал газ құбырының жалпы құны 1 миллиард 600 миллион долларды құрайды, – деді «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев баспасөз мәслихатына жиналған журналистер алдында сөйлеген сөзінде.
«Бәріңізге белгілі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей бастамасының арқасында елімізде ең ірі Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының құрылысы салынды. Біз үстіміздегі жылғы қарашада газ құбырының «Бейнеу – Бозой» желілік бөлігін аяқтаймыз. Міне, осы газ құбырын салу нәтижесінде еліміздің батыс бөлігінде шоғырланған газ қорын Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігіне тасымалдау мүмкіндігіне ие болдық», деп жалғастырды сөзін Қайрат Шәріпбаев.
«ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының айтуынша, алғашқыда Астана қаласына Қостанайдан газ құбырын тарту жоспарланған екен. Ал Қостанай өңірінде қазақстандық газ жоқ. Сондықтан Қараөзек компрессорлық стансасы арқылы еліміздің солтүстік және орталық аймақтарына газ жеткізу мүмкіндігі қолға алынған. Қазақстандық газдың мол қоры еліміздің батыс өңірінде шоғырланған. Отандық газдың шамамен 35 пайызы Қашаған кен орнында, 23,2 пайызы Қарашығанақ кен орнында, 17 пайызы Теңіз кен орнында шоғырланған. Сонымен бірге, Ақтөбе өңірінде де газ шикізатының мол қоры бар. Сондықтан, «Сарыарқа» газ құбырын салу нәтижесінде біз импорттық газға тәуелділіктен толық құтылатын боламыз.
Магистральды газ құбырының бірінші кезеңі Астана қаласына табиғи газ жеткізіп, елордамызды толықтай газдандырумен шектеледі. Екінші кезеңінде Астанадан Көкшетауға, Петропавлға және Қостанайға газ құбырлары тартылмақ. Бұл өте тиімді және қолайлы магистральды газ құбыры болмақ. Астанаға дейінгі «Сарыарқа» газ құбырының жалпы өткізу қуаты 10 миллиард текше метр болады деп жоспарлануда. Ал ағылшын инвесторлары салатын 4 газтрубиналық станса 2 миллиард 100 миллион текше метр газ тұтынады. Ал газдың қалған бөлігі басқа тұтынушыларға, яғни зауыт-фабрикаларға, тұрғындарға босатылады. Жалпы, тұтынушы неғұрлым көп болса көгілдір отын тарифі соғұрлым арзан болады.
Тұтынушыларға түсетін тарифтік салмақ пен газ бағасының төмен болуы үшін «ҚазТрансГаз» АҚ жаңа тәсіл қолдануды көздейді. Яғни жұмысы тоқтап, консервацияда тұрған газ құбырларын қайтадан пайдалану. Өйткені, еліміз аумағы арқылы Ресей мен Еуропаға Өзбекстан мен Түркіменстаннның газын тасымалдап келген ірі транзиттік газ құбырлары жартылай қуатына ғана жұмыс істеп тұр. 2-3 мың шақырымдық үлкен қысымды газ құбырлары тоқтап тұр. Бұл газ құбырларын қайтадан пайдалану нәтижесінде салынғалы отырған жаңа газ құбырының өзіндік құны төмендейді және көгілдір отын тасымалының тарифі де айтарлықтай арзандайды. Алдын ала жүргізілген есеп бойынша үнемделетін қаржы 500 миллион АҚШ долларын құрайды екен.
Сөйтіп, «ҚазТрансГаз» АҚ Independent Power Corporation PLC компаниясынан тартылатын инвестициялық қаражаттың есебінен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырынан Астанаға дейін «Сарыарқа» магистральды газ құбырын салады және газтурбиналық электр стансалары үшін газ тасымалдау мен жеткізуді қамтамасыз етеді. Жобаланған инвестициялардың сомасы – 3 миллиард 100 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл ретте, жобаны іске асыру кезіндегі барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарын тек қазақстандық компаниялар орындайтын болады. «ҚазТрансГаз» бен Independent Power Corporation PLC. арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тығыз коммерциялық байланыстарды дамыту және екіжақты инвестициялар мен инновациялық технологиялар трансфертінің көлемін ұлғайту үшін негіз болады.
Баспасөз мәслихатының қорытындысында «ҚазТрансГаз» АҚ басшылары журналистер тарапынан қойылған сан қырлы сұрақтарға жауап берді. Мысалы, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басқарма төрағасы, «Интергаз Орталық Азия» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ибулла Сердиев Астанаға көгілдір отын жеткізетін магистральды газ құбырының құрылысы басталған сәттен-ақ Жезқазған, Сәтбаев, Шахтинск, Қарағанды, Теміртау және Астана қалаларында қалаішілік газ тарату желілерінің құрылысын бастап кету мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. «Оған тәжірибеміз де, біліктілігіміз де жетеді», – дейді Ибулла Жұмағұлұлы.
Айта кетерлігі, «ҚазТрансГаз» – АҚ еліміздің және дүниежүзінің газ нарығында мемлекеттің мүддесін білдіретін, Қазақстан Республикасының газбен жабдықтау саласындағы ірі компания.
Компания еліміздегі 7 млн.-нан астам тұтынушыны, 20 мыңнан астам отандық өндіріс орындары мен коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарды газбен қамтамасыз етіп отыр. Биылғы жылы компания Қызылорда облысының 5 бірдей аудан орталығына – Жаңақорған, Шиелі және Әйтеке би кенттері мен Арал қаласына газ беріп халықты бір сүйсінтті. Нағыз халықтық компания екенін осындай игі істерімен дәлелдеп келеді.
Дереккөз: егемене Қазақстан