Оразақ ауылында 40 отбасына тұрғын үй кілті тапсырылды

/uploads/thumbnail/20170708203347400_small.jpg

Ақмола облысының әкімі Сер­­гей Кулагин көктемгі су тас­қынынан зардап шеккен 40 отбасына жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды. Қуаныш иелерін құттықтау барысында өңір басшы­сы мұндай табиғи апаттың бұрын ешқашан болмағанын, сон­дық­тан алғашқы кезекте мектеп ғи­маратында, туысқандарының үйінде тұрып жатқан отбасыларына берілетіндігін атап өтті. Бұдан кейін балалы отбасыларға осындай кілттер тапсырылады. Ал қалған тұрғындар салынып жатқан үйлердің пайдалануға берілуіне қарай қоныстанатын болады.

Үйді жөндеу мен мүлдем жаңа үй салудың арасы жер мен көктей, деді облыс әкімі. Бүгін мұнда бүкіл ауыл салынып жатыр және бір ай-бір жарым ай шамасында барлық үйлер пайдалануға беріледі деген үміттеміз. Тасқын зардабы өте ауыр болды. Табиғи апат бұл ауданда ғана емес, өзге өңірлерде де орын алды. Оразақтағы ауқымды құрылыс басталмас бұрын 5 аудандағы 84 үйді қалпына келтірдік. Алғашында біз бұл мәселені аудандық әкімдік деңгейінде шеше алдық. Соңғы сәтте Оразақтағы тоған жойқын суға шыдас бермеді. Оның салдары баршаңызға мәлім.

Оразақта екі пәтерлі 100 үй салынады. Бұл 200 пәтер деген сөз. Бұған қосымша Қосшы және Ақмол ауыл­дарында тағы да 90 пәтерлі екі үйдің құрылысы жедел қарқынмен жүріп жатыр. Жұмыс көлемі өте ауқымды. Жергілікті тұрғындардың кейбірі сонда көшуге тілек білдірді. Оған қарсы емеспіз.

Әкім өз сөзін жалпы құрылыс жұмыстары­на 2 мил­­лиард 200 миллион теңге қаржы жұмсалатындығымен қорытындылады. Оның ішінде Оразақ ауылындағы жаңа үйлерге 1 миллиард 615 миллион теңге жа­ратылмақ. Ал 45 пәтерлі екі көп­қабатты үйдің құны 320 миллион теңгеге тең. Оразақтағы үйлер қазан айының соңында, әрі барса 10 қарашада барлық қолай­лылықтарымен пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал төтенше жағдайлар жүйесімен салынып жатқан 45 пәтерлі үйлер 20-25 қарашада өз тұрғындарын қабылдайды. Сондай-ақ, әкімнің тұрғындармен әңгімесі барысында апаттың алдын алу мақсатында ауыл жағалай жаңа бөгеттер салынып, оның биіктігі бұрынғы 3 метрдің орнына 5 метрге ұзартылғаны белгілі болды. Жалпы, облыс аумағындағы су тасқыны зардабын толық жою үшін әлі де 320 пәтер салу қажет көрінеді.

Үкімет қаулысы негізінде тұр­­ғын үй құрылысына Үкімет резервінен 3 миллиард теңгеден астам мақсатты қаржы бөлінді. Атқарылып жатқан жұмыстар барысы жоғарыда аталды. Яғни, жуық арада 290 целиноградтық жаңа үйлерге қоныстанатынына сенім мол.

Бұған қосымша, «Ақмол ауылын жылумен қамту жүйесін қайта құру» жобасымен жаңа қазандық салу жұмыстары аяқталды. Қуаттылығы сағатына 53,8 гкал. болатын қазандық 12,94 шақырымдық жылу желісін қамтамасыз етеді.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар