Облыс орталығынан 500 шақырым шалғайда жатқан Зайсан ауданының тұрғындары көгілдір отынды осыдан екі жыл бұрын тұтына бастаған еді. Бүгінге дейін аудан орталығында жүздеген тұрғын үйге газ келді, ал кейбір елді мекендерге газ құбырлары тартыла басталды. Сол елді мекеннің бірі Кеңсай ауылында болғанымызда жағымды жаңалықтың куәсі болдық.
Кеңсай ауылдық округінің әкімі Талғатбек Бықаев кіреберісте қарсы алды. Шынында да, ауылға кіреберісте бірнеше жігіт «Беларусь» маркалы тракторының көмегімен терең шұңқыр қаза бастапты. Бұлар – «Құрылысшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мұратбек Манапов, Өмірбек Губашев, Дәукен Тілешов, Айдар Смағұлов деген азаматтар екен. Әрлі-берлі өтіп жатқан жергілікті тұрғындар қызығушылық танытып, көгілдір отынның игілігін көретін болдық деп ризашылық танытуда.
– Кеңсайда 215 үйге газ тартылады. Аманшылық болса, жыл аяғына дейін құбыр төселетін шұңқырларды әзірлеп қоймақшы. Елдің қуанышында шек жоқ. Кеңсай ауылдық округіне бес елді мекен қарайды. Саржыра, Сарши, Бақасу, Жарсу және Кеңсайда қазіргі күнде 2370 адам тұрып жатыр. Екі орта мектеп, екі орталау білім ордасы бар. Биыл шаруалар егін науқанын уақтылы аяқтады, түсім жаман емес. Он мыңға тарта ірі қара, 12 мыңдай қой-ешкі, 1398 жылқы бар. Ауылдағы 165 қожалықтың ішінде Оралбек Жиенбаев, Раул Мәжитов, Яков Ли, тағы басқалар жөнінде ерекше атап кеткен орынды. Оралбек жылқы, ірі қара ұстайды, ал Раул 10 гектарға қауын-қарбыз, қызанақ, сәбіз егіп, көкөністің көбін сатып, қалғанын қыста сату үшін қоймаға сақтап қойды. Ал Яков Лиді облыс тұрғындары жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Ол өзінің балаларымен және немерелерімен бірге көкөніс егеді, өнімдерін облысқа жөнелтеді. Биыл 500 гектарға бақша дақылдарын екті, – деп ауыл әкімі Талғатбек Файзрахманов атқарып жатқан істерінен хабардар етті.
Кеңсай ауылын аралағанымызда жаңадан салынып жатқан бірнеше құрылыс ғимараттарын көріп, ауыл әкімінің іскерлігіне сүйсіндік. Талғатбектің ауылды басқарғанына екі жылдан енді асса да, біршама істерді тындырып тастапты. Қасымызда жүрген Зайсан қаласының әкімі Долдан Тожыбаев Т.Бықаевтың іскер, аз сөйлеп, көп іс тындыратын азамат екенін айтқан. Шынында да, бірер күнде іске қосылатын еркектер мен әйелдерге арналған монша, жеміс қоймасы, ағаш тілетін цех, машина жөндеу шеберханасы ауылдың ажарын аша түспек. Ал бұл құрылыс алаңдарын салып жатқан Сайын Ламбуков деген іскер азамат екен. Сайын Ұлан ауданының азаматы. Бұдар бұрындары да Зайсанға келіп, соя өсірген. Енді «100 нақты қадам» бағдарламасының жүзеге асуына үлес қосып жатыр.
– Жеміс қоймасы ауылға қажет. Кеңсай ауылдық округінде жеміс өсірумен бірнеше қожалық айналысады. Ал оны сақтайтын орын жоқ. Демек, ауыл тұрғындарының қысы-жазы жеміс-жидекті пайдалануы ағзаға пайдалы емес пе, – дейді Сайын.
Көркейген Кеңсайдағы атқарылып жатқан игі істер осындай.
Дереккөз: егемен Қазақстан