Бүгінде елімізде «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде он ірі автомобиль жолы құрылысы жобасы жүзеге асырылуда. Соның екеуі Орал өңірі аумағына тиесілі. Бұл Орал – Тасқала – Ресей Федерациясы және Чапай – Жалпақтал – Қазталов – Ресей Федерациясы республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолы құрылыстары. Аталған жобалардың басты ерекшелігі бірінші кезекте қауіпсіздік деңгейін сақтауға ұмтылу болып табылады.
Бүгінде қалааралық және халықаралық жол дәліздеріндегі апаттар негізінен қарама-қарсы келе жатқан көліктердің бір-біріне соқтығысуы салдарынан орын алуда. Өйткені, ені тар жолдар олардың озып кету кезіндегі оңтайлылығын шектейді. Ал жоғарыда аталған жол құрылыстары аяқталғаннан кейін мұндай апаттардың болу мүмкіндігі мүлдем азаяды деп күтілуде. Қайта жаңғырту жұмыстары кезінде жолақтың жеті метрден тоғыз метрге дейін, ал жол төсенішінің он екі метрден он бес метрге дейін ұзаруы назарда ұсталуы осы сөзіміздің дәлелі. Тек осындай жағдайда ғана жолда үшінші санаттан екінші санатқа ауыса алады. Сонымен бірге жолдардың ауыр салмақтағы көліктерге төзімділігі 6 тоннадан 13 тоннаға дейін жетеді.
Осы арада облыста жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының тағы бір ерекшелігін айта кеткен жөн. Бұл Ресеймен шекарадағы бекеттердің өткізгіш қабілеттерінің арта түсуі болып отыр. Осы үрдісті одан әрі жалғастыру бағытында алдағы жылдардан бастап аталған бекеттерде он жолақ болуы белгіленген. Халықаралық нормативтер мен стандарттарға сәйкестік дегеніміз де дәл осы болып шығады. Екіншіден, автожолдардың қайта жаңғыртылуы ел ішіндегі автокөліктердің ағынын көбейтеді. Сонымен бірге, қазақстандық тауар өндірушерінің экспорттық әлеуетін кеңейтеді. Ең бастысы, жол бойында әлеуметтік инфрақұрылымдар пайда болып, бұл арада халықты жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктері ашылады.
Материалымыздың тақырыбына шығарып отырғанымыздай, бүгінгі әңгімеміздің басты өзегі – жол құрылысы сапасы. Төсемдер технологиясы мен геометриялық параметрлерде белгіленген нормативтерге сәйкестігі. Бұл бағытта Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті «Батысжолзертханасы» республикалық мемлекеттік мекемесі тиісті бақылау жұмыстарын атқарып келеді. Әдетте, жол құрылысы үшін ең алдымен жол құрылысы материалдары әзірленеді. Өйткені, материал сапасыз болса, қалғанынан не үміт, не қайыр? Ең соңында бұл құрылыс әзір нысан қатарына енгізіледі. Аталған мемлекеттік мекеме мамандары осы үдерістердің бәріне қадағалау жүргізеді.
– Әрине, аталған нысандардың сапалы жүргізілуін бақылау барысында технологиялық және өндірістік ақаулар кездеспей тұрмайды. Сондай-ақ, жұмыс жобалары мен нормативтік құжаттарда да көптеген ауытқушылықтар кездесіп тұрады. Тіпті, бұлай болуының өзі өндірістің жазылмаған заңы деп те түсінуге болады. Соған сәйкес біз бақылау және сұрыптау актілерін жасаймыз. Зертханалық сараптамалар мен сынақтар жүргіземіз. Оның нәтижелеріне сәйкес әзірленген ұсыныстарды тапсырыс беруші мен инженерлік қызметке жібереміз. Осы талаптарға байланысты мердігерлер көрсетілген ақауларды кідіртпей жоюға тырысады, – деді газет тілшісіне «Батысжолзертханасы» РММ-нің басшысы Жасқайрат Ғаббасов.
Біз жоғарыда жол құрылысы материалы болашақ жол құрылысының басты сапалық өлшемін анықтай алатын өндірістік баға жетпес құндылық екенін айтқан едік. Осы орайда «Батысжолзертханасы» РММ жергілікті шикізат қорлары ресурстарын тиімді пайдалана білудің ғылыми тұжырымдамасын жасағанын да айта кеткен жөн. Бұл өндірістік жаңалық құрылыс материалдары саласындағы жаңа технологияларға арқа сүйейді. Әрі бұл технология құрғақ ғылыми тұжырымдама түрінде қалып қоймай, өндіріс пен жол құрылысына енгізілетінімен құнды деп білеміз.
Бұл карбонатты шламнан алынған минералды және композиттік материал болып отыр. Осылайша Оралдағы мемлекеттік мекеме республикалық және жергілікті автомобиль жолдары құрылысы мен оны жөндеу жұмыстарына қажетті жергілікті материалды өндіріске әзірлей алды. Бүгінгі күні карбонаттық бұрғылау шламының мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес екендігі анықталып, оны асфальт-бетон қоспасы құрамына қосу ісі қарастырылған. Осылайша, оның қажетті құрамы әзірленген. Аталмыш асфальт-бетон қоспасы үлгілеріне зертханалық сынақтар жүргізіліп, оң нәтижелер көрсеткен.
Бұдан үш жыл бұрын облыс аумағындағы Достық ауылына кіреберіс автомобиль жолы учаскесіне 146 метр эксперименттік асфальт-бетон жамылғысы төселді. Оның биіктігі бес сантиметр, ені алты метрді құрайды. Кейінгі жүргізілген зерттеулер мен тексерулер эксперименттік жабынның телімінде шұңқырлар мен қабыршақтану секілді ақаулар орын алмағанын көрсетеді. Тек азын-аулақ көлденең жарықтар ғана байқалған. Мұның өзін өңірдегі барлық автомобиль жолдарына тән көрініс пен ақау екенін ескерсек, аталған материалды автомобиль жолы құрылысына жаппай енгізуге болатындығы талас туғызбайды.
Сонымен, биылғы жылы Ақсай – Приуралье автомобиль жолының 4-5 шақырымында да термохимиялық өңдеуден кейінгі карбонатты бұрғылау шламы қолданылған. Бақылаулар барысы материалдың нығыздалу қасиеті жақсара түскенін айғақтайды. Әрі шикізатқа пайдаланылған қиыршық тастың шығыны да едәуір азайған. Міне, «Батысжолзертханасы» РММ-нің жол жабынының тиімді құрылымын қалыптастырудағы қол жеткен табыстары осындай. Бұл еліміздегі жол құрылысы жобаларының өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізетіні анық.
Дереккөз: егемен Қазақстан