Мойынқұм – Жамбыл облысының жартысына жуығын алып жатқан жер көлемі үлкен аудан. Кезінде мал шаруашылығымен аты шыққан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтай адам еңбек еткен аудан кейінгі жылдары өндірістік аймаққа айналып барады. Ауданда алтын, барит, гранит, көмір тағы басқа бірнеше жерасты байлықтары болса, жер үстіндегі «сұңғыла» өсімдігінің пайдасы туралы жергілікті тұрғындар көп біле бермейтін.
Алайда, кейінгі оншақты жылда бұл өсімдікке қытайлықтар қызығушылық танытып, жыл сайын ерте көктемде жергілікті халыққа арзан бағаға дайындатып, алып кетіп жататын. Кейіннен сұңғыланың тамырын Қытай елі медицинада жиі қолданатынын естіп білдік. Бұл бүйрек, жыныс жолдары аурулары, бедеулік, несеп жолдарының ауруларын емдеуде жақсы әсер етеді екен. Қан айналымын реттейді, терінің ісінуін, ауруды басады. Ал Қытай медицинасында мұны бедеулік, арқа және тізе сынуы, Ян бүйректерінің жетіспеуінен сіңір және сүйектің әлсіреуі, қанның азаюы, іштің қатуы секілді ауруларға қарсы пайдаланатыны белгілі болып отыр.
Емдік қасиеттерімен ерекшеленетін бұл өсімдікті қайта өңдеуге мойынқұмдық кәсіпкер, фармацевт маман Серғазы Қылышбаев осыдан 2-3 жыл бұрын кіріскен болатын. Оның басты мақсаты сұңғыладан түрлі биологиялық белсенді қоспалар дайындап, сатылымға шығару.
Аудан орталығы Мойынқұм ауылында С.Қылышбаевтың қолға алған ісінің ашылуына байланысты жиын өтті. Онда алдымен аудан әкімі Бақытжан Нүркенов өз ауылымызда осындай сұңғыладан емдік препараттар әзірлеп отырған тұңғыш өндіріс орнының ашылуымен жиналған көпшілікті құттықтап, Серғазының алдағы жұмысына табыс тіледі.
Бұдан кейін ауыл тұрғыны, зейнеткер Мұханбетқұл Сабыров осы цехта шығарылған өнімді пайдаланып отырғаны, нәтижесінде өзінің мазасын алып жүрген біраз дертінен айығып келе жатқанын сөз етті.
Екі қабатты әсем ғимараттың лентасын аудан әкімі Бақытжан Нүркенов, аудандық мәслихаттың хатшысы Шахикерім Исабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаевтар қиғаннан соң жиналған көпшілік цех ішін аралап, жұмыс үдерісімен танысты. Аудан әкімі тетікті басып, құрылғыны іске қосқан бетте қатар тұрған екі құрылғыдан екі түрлі ораммен өнімдер шыға бастады.
Серғазы Қылышбаев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге грантты ұтып алған. Аталған грант қаржысына өнімді ұсақтайтын және қораптарға, полиэтилен пакеттерге орайтын арнайы құрылғылар, зертхана жабдықтарын сатып алып, енді, міне, іске қосты. Кейіннен тағы 3 млн. теңге несие алып, өз ғимараттын соғып, бітірді.
Фитоөнім қорабының сырты қазақы ою-өрнекпен безендіріліп, қазақтың киіз үйінің суретінің салынуы оның ұлтжанды азамат екенін білдірсе керек. Серғазы Беденұлы өзі шығарып отырған фитошай, қоспа, ұнтақтардың құрамын өзі ойлап тапқандықтан үш өніміне де инновациялық патент алған.
– Мен әзірге 3 адамды жұмысқа тартып отырмын. Көп нәрсе шикізатқа келіп тіреледі. Қазір менің қолымда бар болғаны 500-600 кило ғана шикізат бар. Сұңғыла қабылдайтын, кептіретін, жинап, сақтайтын орындарым дайын. Егер шикізат болса күніне бір тоннаға дейін өнім шығаруға болады. Емдік қасиеті бар өніміміздің бағасы да қолжетімді. Біздегі ендігі проблема қайтарымсыз квота алу керек. Ал алдағы уақытта өз цехымды кеңейтіп, «Цистанхе» атты ұнтақ, «Мәңгілік», «Астана» сауда белгісімен емдік тониктер, қара шаймен, жалбызбен және көк шаймен араластырылған фитошай, түрлі өсімдік сығындыларын, цистанхемен қатар бал, балауыз, марал мүйізі, жалбыз қосылған емдік тұнбалар өндіріп сатылымға шығарсам деген ойым бар. Ал бұл антиоксидант, өт айдаушы, іш жүргізетін, ми жұмысын ретке келтіріп, есте сақтау қабілетін жақсартатын, простатит пен пилонефрит секілді ауруларды емдеуде өте пайдалы болады. Сондықтан, біздің өнімімізге қазірден бастап-ақ сұраныс артып отыр, – деді кәсіпкер Серғазы Қылышбаев.
Сұңғыланың пайдалы қасиеттерін білгеннен соң қытайлықтардың біздің шөп-шаламға бекер құмартып отырмағанын түсінгендей болдық. Ал осынау бағалы өсімдіктің қадірін білмей біз қаншама жылдан бері болмашы қаржыға шетел асырып келдік. Енді міне, өз ауданымыздың іскер азаматы Серғазы Беденұлының тіршілігіне шетелдіктердің өзі қызығушылық танытып отыр. Ал мұндай өнімге әзірге еліміз бойынша ешқандай балама жоқ екендігін де айта кеткен жөн.
Елбасымыз Н.Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамның» 54-қадамында кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау туралы айтқаны белгілі. Ендеше, облыс орталығынан шалғайда жатқан ауданда жергілікті шикізаттан адам денсаулығына аса қажетті өнім шығарып отырған белгілі кәсіпкер С.Қылышбаевқа тиісті орындардан тек қолдау көрсетілсе, фармацевтикаға ерекше жаңалық әкелетін міне, осындай инновациялық жобалардың жолы ашылатын болар еді.
Дереккөз: егемен Қазақстан