Қазақтың қайсар қызы

/uploads/thumbnail/20170708203350728_small.jpg

Профессор Аманкүл Ақбасованың ғылыми әлемі
Пайғамбар жасынан асқан адамның кей сәттерде пендешілік атаулыдан іргесін аулақтатып өткен өмірдің ғажайыптарын соншалықты іңкәр да, қимас сезіммен ой елегінен өткізетін кездері болады. Тонның ішкі бауындай болып, талай-талай қимас күндер мен түндерде сыр шертіскен Әскер Исақов аға­мен Алматы облыстық «Жетісу» газетінде он бір жылдай қызметтес болдық. Бір қарағанда томаға-тұйықтау көрінетін Әсекең көңілі асып-тасып, шарықтаған кездері жан сырын жайып салатын. Ол кісіні «Әсаға» дейтінмін. Кейіннен редакциядағылар «Әсағалап» кетті. Бүгін сонау бір жылы Әсаға айтқан сырды есіме түсіріп отырмын…
Жетпіс жетінші жылдың көктемі болса керек. Редакцияда бірге қыз­мет ететін жерлесі Мамытбек үйіне қонаққа шақырады. Үлкен қонағы Бауыржан Момышұлы екенін ес­кертеді. Бұл Алматыда Баукең жайлы аңыз-әңгімелер, қаңқу сөздер желдей есіп тұрған кезі еді: «Не дейсің, ұнамаған адамын үйінен қуып шығады екен», «Әйел атаулыға жұлдызы қас көрінеді», «Баукеңнің көңілінен шығу қиынның қиыны дейді ғой», «Сөзің ұнамаса ұрып жіберуден де тайынбайды дейді»…
Олжасты жетектеген Әсаға мен Аманкүл қонаққа кешігіп келеді. Он­шақ­та адамға арналған шағын дас­тарқанның төрінде Бауыржан Мо­мышұлы отырады. Қонақтардың на­зары кешігіп келген екеуге ауады.
– Достарым – Әскер журналист, Аманкүл ғалым, – деп таныстырады Мамытбек (М.Қалдыбаев таны­мал ғалым, жазушы. Бауыржан Момыш­ұлы жайлы жазылған әлденеше кітаптың авторы, бауыржантанушы ілімінің негізін қалаушы).
– Әй, ғалым қыз, немісше білесің бе? – деп сынай қараған Баукең төте­сінен сауал қояды. Қонақтар неміс­тер жөнінде әңгімелеп отырса керек.
– Немістің тілін неғылайын ағай, – деп жауап береді Аманкүл мүдір­местен қасқайып тұрып. – Алдымен ана тілінің, қазақ тілінің көсегесін көгертіп, сақтап қалуды ойлайық та… Мұндай жауап күтпесе керек, отырғандар дем­дерін іштен алып, жым-жырт болады. Бау­кеңнен шатақ шығып кетпеуін тілесе керек. Бір сәт сілтідей тыныштық орнады.
– Әй, ғалым қыз, кел, сенің орның мына жер, – деген Баукең оң жағында отырған кісіні орнынан тұрғызып жіберді. Бұл бір тамаша кеш еді. Баукең жадырап, Аманкүлмен ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Қайсар қызға өз қолымен дәм ұсынып, әлде­неше рет биге де шықты. Отырғандар көбіне-көп екеуінің әңгімесіне құлақ түрумен болды. Екі дос – Мамытбек пен Әскер қонақтарға қызмет етті. Кеш соңында Баукең Олжасты алдына алып отырды. Осы қолайлы сәтте Аманкүл ұлына бата сұрады.Анаң­дай қайсар ғалым, әкеңдей абыройлы азамат бол, құлыншақ! – деген батыр ата сәбидің аузына тү­кіріп, маңдайынан иіскеді…
Өз басым Аманкүл Жақанқызын қырық жылға жуық уақыттан бері біледі екенмін. Кей-кейде Әсаға үйіне ертіп баратын. Ағаның жарын «жеңеше» дейтін қазақпыз ғой. Ағамыздың ақжайлау үйінде жеңе­шеміздің сырбаз сыбағасынан талай-талай дәм де таттық. Оның бойынан ғалымдық қарапайымдылық лебі есіп тұратын. Уақыт өте келе Аманкүл Жақанқызының бұралаң-бұлтарысты өмір соқпақтарына, таңғажайып сан-салалы ғалымдық қырларына тәнті болып, ризалық се­зіміне бөленгенімізді жасырудың қажеті бола қоймас. Кім не десе, о десін, баршамыз шүбәсіз мойындауға тиісті бір ғана ақиқат бар: профессор, өз саласының академигі Аманкүл Ақбасова бүкіл ғұмырын ғылымға арнап келе жатқан қазақтың қайтпас та қайсар қыздарының ал­дыңғы легінде жүр. Мұны ол ғылым жолындағы мәңгілік ұстанымымен, шыққан биік­терімен, алған асуларымен, ашқан ғылыми жаңалықтарымен, талантты тамаша шәкірттерімен, ұлағатты ұстаздығымен айқын дәлелдеп келеді.
Ғылым мұхитында желкенін керген Аманкүл Жақанқызының өмір жолы өзіндік өрнегімен ерек­ше­ленеді. Орта мектепті 1964 жылы алтын медальмен бітірген. Аманкүл Алматыдағы Қазақ мемле­кеттік университетінің химия факуль­тетіне емтихансыз-ақ оқуға қабылданды. Студент оқуды үлкен ізденіспен жақсы оқыды. Үшін­ші курстан бастал­ған өндірістік прак­тикасын Өске­меннің қорғасын-мырыш комбинатында, одан кейінгі жылғы практикасын Жезқазғанның мыс комбинатында өткізді. Курс, диплом жұмыстарын да осы салаға арнады. Соның жарқын көріністерінің бірі – Қазан қаласында өткізілген жас химик­тердің Бүкілодақтық ғылыми конференциясына қатысып, сонда жа­саған баяндамасы өте жо­ғары бағаланды, конференцияның алтын медалімен және ақшалай сыйлығымен марапатталды. Содан да болар, универ­ситетті үздік бітір­ген Аманкүл аспиран­тураға қалды­рылды. Онда ол түсті метал­лургия са­ласындағы зерттеу жұмыс­тарын одан әрі жалғастырып, үш жыл ішін­де кан­дидаттық диссертациясын жа­­зып шық­ты да оны ойдағыдай қор­ғады.
Әдетте, қоғамдық ғылымдар саласында үш жылда кандидаттық диссертацияларын қорғайтын аспиранттар жиі кездеседі, жаратылыс­тану ғылымдары саласында мұндай жағдай өте сирек. Жас ғалым Аман­күл Ақбасованың ізгі арманы – түсті металлургиядағы зерт­теу жұмыстары еді. Уақыт өте келе оның да сәті түсті. Ол ҚазМУ-дің ана­­литикалық химия кафедрасына жетекші маман болып оралды. 1979-1980 жылдар аралығында Ленсовет атындағы Ленинград технологиялық инс­титутында беткейлік-белсенді заттектер физика-химиясы бойынша қайта дайындау факультетінде біліктілігін көтерді.
Зерттеу жұмыстарының нәтиже­лері мен ашқан жаңалықтары Аман­күл Ақбасованың «Түсті метал­лур­гиядағы мышьяк қосындылары бар технологиялық ерітінділерді өңдеп, пайдаланудың шикізат қорын үнемдеуге және экология­ны жақсартуға тигізер тиімді әсері» деген тақырыпта техника ғы­лым­дарының докторы дәрежесін алу жөнінде диссертация қорғауына негіз болды. Диссертация Мәскеудің Д.И.Менделеев атындағы химия-технология институтында 1991 жылы қорғалды. 1995 жылы Жоғарғы аттес­тациялық комиссияның шеші­мімен оған профессор ғылы­ми атағы берілді. Осы жылы Аман­күл Жақанқызына республика Жара­­тылыстану ғылымдары ака­де­­миясының академигі құрметті атағы, сондай-ақ, Экология ха­лық­тық академиясының акаде­мигі атағы берілді. Сондай-ақ, Аман­күл Ақбасова әлемдік ғы­лым­ға қосқан үлесі үшін 2012 жы­лы Ресей Жаратылыстану акаде­миясының корреспондент-мүше­лігіне қабылданып, Honorus causa of Academy of National History Халықаралық академиясының құр­метті ғылым докторы дәрежесіне ие болды. Көрнекті эколог-ғалым 1995 жылдан бері М.Х.Дулати атын­дағы Тараз мемлекеттік уни­вер­ситетінің диссертациялық ке­ңе­сінің тұрақты мүшесі болып келеді, ал 1999-2003 жылдары Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­­­тық техникалық университеті жа­­нындағы «Геоэкология» және «Экология» мамандықтары бойын­ша докторлық диссертациялық ке­ңестің мүшесі болды. Танымал ғалым Аманкүл Жақанқызының жетекшілігімен 2 докторлық, 2 РһD докторлық, 11 кандидаттық және 15-тен астам ма­гистрлік диссертациялар қорғалды. Ғалым-академиктің 350-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрген, оның ішінде 3 монография (1-уі Германияда шыққан), 5 оқулық, 15-тен астам оқу құралы, 4 терминологиялық сөздік, 1 эколо­гиялық энциклопедия бар. Сондай-ақ, ол 20-дан астам авторлық куәлік пен өнертабыс патенттерінің авторы.
Профессор Аманкүл Ақбасова 1993 жылдан бері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қызмет етіп келеді. 2008 жылдан бері Экология ғылыми-зерттеу институтының директоры. Аманкүл Жақанқызының институт директоры ретінде атқа­рып отырған қызметі ерекше назар аударады. Ол ең алдымен инс­титуттың СТРК МЭК 17025-2007 стандартына сәйкес «Экологиялық бақылау және химиялық талдау» зертханасын аккредиттеуден жоғары деңгейде сәтті өткізді. Қазіргі кезде А.Ақбасова басшылық ететін инс­титут 53-тен астам шаруашылық келісімшарттармен республиканың түрлі өндіріс орындарында мониторинг, экологиялық төлқұжаттар, жобалар жасау сияқты ғылыми-прак­тикалық жұмыстар атқаруда.
Ғылым әлемінде өзіндік айшықты орны бар ұлағатты ұстаз Аманкүл Ақбасова қандай құрмет-қошеметке де әбден лайық. Ашқан жаңалықтары мен жеткен жетістіктері елімізде ға­на емес бірқатар шетелдерде де мойын­далған. Профессор Аманкүл Ақба­сова басқаратын ғылыми-зерт­теу институтының қызметкерлері тү­бегейлі зерттеулермен айналысуда. Ол Білім және ғылым министрлігінің Ғы­лым комитеті жариялаған ғылыми жобалар байқауларында бірнеше мем­лекеттік гранттардың жеңімпазы ата­нып, ғы­лыми жетекшілік жасау­да. Мұндай табысқа қол жеткізу оңай емес. Елімізде өзін-өзі айқын дә­лел­деген, болашағы кемел ғылыми жо­баларға баса назар аударылып, қар­жыландырылады. Аманкүл Ақ­ба­сованың ғылымдағы тамаша табыс­тары мерейін өсіріп, зор құр­мет­ке бөлеуде. Соңғы жылдары рес­пуб­лика «Жоғары оқу орнының үздік оқы­ту­шысы-2012» атағына ие болды, 2012 жы­лы өнертабысты дамытуға қосқан үлесі үшін А.Нобель медалімен (Ресей Жа­ратылыстану академиясы), 2013 жы­лы «Еңбекпен және біліммен» Халық­аралық орденімен (Халықаралық Кон­­сор­циум, Мюнхен, Германия), 2013 жылы Ресей Жаратылыстану ака­де­мия­сының «Ғылым мен білім­ге еңбек сі­ңір­ген қайраткер» меда­лімен, 2015 жы­лы париждік кітап сало­нының Ал­тын медалімен (Париж, Франция) марапатталды.
Оның өне­гелі өмір жолының қыр­лары адам жанын шуаққа бөлейді. Жас­тары ұлғайып, зейнеткерлікке шыққан әкесі Жақан мен анасы Ақ­күләш ұлдары, облыстық ішкі істер басқармасының подполковнигі Аман­жол мен облыстық орман-то­ғай шаруашылығының бас директоры Бақытжанның қолында тұруға ке­лісімдерін бермеді, тұла бойы тұң­ғыштары Аманкүлге өз тағ­дыр­ларын сеніп тапсырды. Оған да талай-талай жылдар өтті. Аяулы анасы мен ғылыммен алаңсыз айналысуына барлық жағдай жасауға тырысқан, қиын сәттерде қасынан табылып, жанына жалау болған адал азаматы, журналистік абыройын асқақ ұстаған асыл қосағы Әскерді қасиетті Түркістан топырағына ару­лап қойды. (Журналист Әскер Исақов – Әсаға өмірінің соңғы оншақты жылында университетте ұстаздық етіп, дәріс оқыды, болашақ журналист кадрларын даярлауда өзіндік ізін қалдырды). Қазір жасы тоқсанның төртеуінен асқан сүйікті әкесі Жақан ақсақал қайсар қызының рухани демеушісі һәм тілекшісі.
Кезінде батыр ата Бауыр­жан Момышұлы бата­сын берген, қазір қырықтың қыр­қа­сына шық­қан Олжас Әскерұлы М.В.Ло­моносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетін кибернетика саласы бойынша үздік бітірді. Бұл күндері ол Мәскеу қа­ла­сының тұр­ғыны, Ресей-Корей ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, техника ғылымдарының кандидаты. Таяу уақытта докторлық диссерта­циясын қорғауға дайындалып жүр­ген жайы бар. Ал, бастапқыда Алматы медицина институтын үз­дік бітіріп, ҚазМУ-дің биология фа­культетін де үздік тәмамдаған Гауһар Әскерқызы анасының ізімен ғылым әлеміне құлаш ұрды. Қазір еліміздегі танымал ғалымдар санатында, техника ғылымдарының докторы. Таяу күндері жетпіс жылдық мерейтойын атап өткелі отырған техника ғылымы саласындағы санаулы қазақ қыздарының бірі де бірегейі, өзінің қайтпас та қайсар қасиетімен ғылым әлемінде шырқау биікке көте­рілген академик-профессор Аман­­­күл Жақанқызы Ақбасованың соқ­­­тықпалы-соқпақты қия жолдарда жемісті еңбегі жалғасын тауып келеді.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар