«Астана Опера» театры екінші «Жібек жолы» халықаралық фестивалі аясында әлемдік деңгейдегі тұлғаларды қарсы алу дәстүрін жалғастыруда. Бұл жолы бекзат өнердің жанкүйерлеріне Джулио Боскетти (Италия) мен Нәжмиддин Мәуленовтің (Өзбекстан) өнерін тамашалауға мүмкіндік туғызылып отыр. Дж. Пуччинидің «Тоска» операсында олар негізгі партияларды орындамақ. Ал басты рөлді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маргарита Дворецкая сомдайды.
Ең айтулы өнер ошақтары репертуарынан берік орын алған «Тоска» операсының қоюшы режиссері – Лука Ронкони десек, дирижерлік тізгінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.
Пуччини сюжет үшін өте күрделі әрі әнші Флория Тоска мен суретші Марио Каварадосси (Нәжмиддин Мәуленов) арасындағы қайғылы жағдайда аяқталатын махаббат туралы аса мәнерлі шығарма жазды. Операдағы көрініс пен басты оқиға 1800 жылдар тұсындағы зұлматты дәуірде Наполеон әскері Италияны басып алып, республика құрған кезде өрбиді… Қос ғашық озбырлық, азап, абақты мен өлім құрбанына айналады… Саяси күрестен алыс болған жандар, еріксіз оның тырнағына ілігеді. Сол кезеңдер картинасы әсерлі декорациялар арқылы ерекше жеткізіледі.
Өзбекстандық Нәжмиддин Мәуленовтің өнеріне келсек, ол – бұл салада өте биік шыңдарды бағындырып үлгерген, табынушыларын опера өнерінің иіріміне үйіре алған, ерте жасынан жоғары атаққа ие болған танымал әнші. Каварадоссидің партиясын алғаш рет 2013 жылы Антверпен, Гент және Мәскеу қалаларында бір мезгілде қатар шырқауы оның шығармашылығына үлкен жетістік алып келді.
– Кейіпкерімді өте жақсы сеземін, біз, тіпті, бір-бірімізбен іштей түйсік арқылы түсінісеміз, ұқсас жағымыз көп. Мен кезінде альфрейндік жұмыспен – қабырғаға гүл мен оюдан сурет салумен айналысқанмын. Міне, оны жаныма жақын тұтатын себебім. Соған орай бірінші алған білімім – ганчті (гипсті) кесуші. Ендеше, суретші мамандығы маған ешқандай да жат емес, – деді өз сұхбатында.
Оның сахнадағы әріптесі италиялық Джулио Боскетти туралы айтатын болсақ, ол бүгінгі таңда Еуропаның ең беделді театрлары мен концерттік залдарында өнер көрсетеді. Шетелдік баритон «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының төрінде алғаш рет өнер көрсетпек, осы орайда әнші Қазақстанға сапары арқылы шығармашылық жағынан көп тәжірибе жинақтап қайтудан аса үмітті. Оның айтуынша, бұл сабақтастық, сондай-ақ, қос тарап үшін де өте тиімді мәдени байланыс болмақ.
– Астаналық тыңдарманды естен кетпес әсерлерге бөлегім келеді. Сол үшін «Тоскамен» жұмыс барысында мұндағы әріптестеріммен бірге ортақ мүдде үшін барынша күш салуға тырысамын. Залдың көрерменге лықа толарына алдын-ала сенімдімін. Неге десеңіз «Тоска» – бұл эмоцияға толы, керемет сезім сыйлайтын қойылым десек, ал оны тамашалау адамды шексіз шаттыққа кенелтеді. Жұртты бір күнгі шаруасын жиып қойып, тек осымен әсерленуге шақырамын, – деді маэстро. Сонымен қатар, әнші әңгіме барысында Риголеттодан кейінгі ең сүйікті рөлі Скарпия екенін атап өтті.
– Бұл – өте-мөте күрделі кейіпкер, – деді. – Алайда, жалпы операдағы ең қызықты бейне барлық жерде осы болып қала береріне сенемін. Кезінде Пуччинидің өзі бұл туындыны қалай атауын білмеген, тіпті, оның «Тоска» атауына біразға дейін сенімсіз болған көрінеді, себебі, аталған бейненің – зұлым кемеңгердің маңызы айрықша еді. Сондықтан мұндай рөлдерді орындаған кезде, әрине, кейіпкердің мінезін сомдап жеткізу өте маңызды деп есептеймін. Жазушы Генри Миллер айтқандай: «Өнер өмірдің мәнін түсінуден басқа ешнәрсеге үйретпейді», мен-дағы тек осы айтылған керемет сөзге шексіз иланған күйімнен өзгермеймін.
Дереккөз:егемен Қазақстан