Жақында Орал қаласында БАҚ өкілдерінің арасында қазақ спорт журналистикасының көшбасшысы, жазушы, қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұловты еске түсіруге арналған ІІ республикалық спартакиада өтті.
Оған Астана, Алматы қалалары мен еліміздің жеті облысы және республикалық телеарналардан 12 команда қатысты. Командалар спорттың бірнеше түрінен, атап айтқанда, шағын футбол, волейбол, жеңіл атлетика, жүзу, қол күресі, үстел теннисі, баскетбол, шахмат, гір көтеруден күш сынасты.
Спартакиада 31 қазан мен 2 қараша күндері өтті. Жарыс басталар алдында Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің бұқаралық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту басқармасының басшысы Бекболат Байжанов баспасөз мәслихатын өткізіп, Спартакиаданың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы мен денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын БАҚ қызметкерлері арасында насихаттау мақсатында өткізілетінін айтты. Осы күні мандаттық комиссияның отырысы өтіп, жеребе тасталды. Сол жерде командалар қарсыластарын анықтап алды.
Келесі күні жарыстар Оралдың бірнеше спорт залында өтті. Мысалы, Астанадан Спартакиадаға жалғыз барған «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі үстел теннисінен өткен турнирге қатысты. Осы кезде шахмат, суға жүзу, қол күресі, гір көтеру, жеңіл атлетикадан жарыстар өтіп жатты. Бұл жарыстардың барлығы күні бойы өтсе, командалық спорт түрлерінен сындар Спартакиаданың жабылу салтанатына дейін жалғасты. Сөйтіп, Спартакиаданың қорытындысында жалпыкомандалық есепте «Хабар» телеарнасы жеңімпаз атанса, екінші орынды «Қазақстан» телеарнасы, үшінші орынды Ақтөбе облысының командасы иеленді.
Жалпы айтқанда, Спартакиада жақсы өтті. Журналистер үш күн бойы өздері жарысқа қатысып қоймай, Батыс Қазақстан облысында спортты дамытуға барлық жағдайдың жасалғанын көріп қайтты. Бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 2011 жылы Шымкент қаласында журналистердің алғашқы Спартакиадасын өткізген болатын. Министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Бақытбек Хамиттің айтуынша, енді келесі Спартакиаданың қай жерде өтетіні 2018 жылы белгілі болады. «Ал шағын футболдан БАҚ өкілдерінің арасында Сейдахмет Бердіқұловты еске түсіруге арналған турнир жыл сайын өтіп тұратын болады. Бұл турнир он жылдан астам уақыттан бері өткізіліп келеді. Қазір министрлік тарапынан оның аясын кеңейту мақсатында шаралар қолға алынып жатыр», деді ол.
Спартакиаданың соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Дереккөз:егемен Қазақстан