Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жуырда «ЭКСПО–2017: университет жас ғалымдарының үлесі» атты дөңгелек үстел өткізіп, болашақтың айтулы оқиғасына белсене араласатындықтарын білдірді.
Көрмеге айрықша үлес қосуды мақсат тұтып отырған университет магистранттары мен жас ғалымдары осы жиында өздерінің «жасыл» экономика, баламалы энергия көздерін дамыту мен робототехника, ғарыш салаларындағы инновациялық шешімдерге арналған ғылыми зерттеулерін ұсына алды.
Жиында ЭКСПО-2017 жұмысына дайындық кезінде іске асырылатын жобалар туралы айтылып, сол жобалардың бірі «Online EXPO-2017» халықаралық байқауына ұсынылды. Іріктеу қорытындысы бойынша 2015, 2016, 2017 жылдары «Болашақ энергиясы» форумы шеңберінде шағын көрме өткізілетін болады. Екінші жоба – жоспарланған және ұсынылған іс-шараларда жоба тақырыптары кеңінен талқыланатын «G-Global–EXPO» онлайн форумы.
– Бұл көрме бізге ертең болатын үлкен сын, үлкен абырой. Біз ұжымның білікті мамандарымен болашақ энергиясын жасадық. Университетімізде ғылыми-техникалық бағдарламалар жүзеге асырылуда, осы бағдарламалардың іске асуына үлес қосыңыздар, жас ғалымдар. ЭКСПО көрмесіне лайықты жобаларды ұсынуымыз қажет. Халықаралық тәжірибе бойынша ЭКСПО көрмесі сияқты ауқымды іс-шараларды өткізу туризм саласын ғана емес, сонымен бірге, экономиканың басқа да салаларын дамытуға ықпалын тигізеді. Статистикаға сүйенсек, 1 турист өзі келген ел аумағында 1,5 мың долларға жуық қаржыны жұмсап, шамамен 6-12 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Осылайша, көрмені өткізуден алынатын нәтиже орасан зор, – деді жиынды ашқан ҚазҰТЗУ-дың уәкілетті тұлғасы, академик Әбдікәрім Зейнуллин.
Академиктің айтуынша, жас ғалымдар айрықша жаңалықтар ашуға ұмтылып отыр. Мәселен, қазір осы университетте аккумуляторлы батареяларды зарядкалау стансасы жасалып, сынақтан өтуде.
Сондай-ақ, дөңгелек үстелде ҚазҰТЗУ-дың Жастар ұйымдары комитетінің төрағасы Мәдина Еркінованың «Болашақ энергиясы ҚазҰТЗУ жас ғалымдарының қолында», «Физика-техникалық институты» зертханасының меңгерушісі Нұрлан Тоқмолдиннің «Күн элементтері мен модульдерінің тік интеграцияланған өндірісі», Қолданбалы экология кафедрасының оқытушысы Әсел Өсербаеваның «Баламалы энергия көздері», БЖМжМӨТ кафедрасының докторанты Дархан Ыбырайымқұлдың «Полимер және органикалық заттардың негізінде иілгіш күн батареяларының үлгілері» атты баяндамалары ұсынылды.
Оған қоса «Роботты техника және автоматиканың ақпаратты құралдары» кафедрасының аға оқытушысы Руслан Үтебаев «Алматы қаласындағы электромобильдерге арналған зарядтау стансаларын басқару жүйелерін өңдеу және зерттеу» жобасын ұсынды. Баяндамалар барысында басқа да ғылыми зерттеулер тыңдалды.
Дереккөз: егемен Қазақстан