Үстірт үстінде

/uploads/thumbnail/20170708203359275_small.jpg

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев Маңғыстау ауданына жасаған жұмыс сапары барысында бірнеше әлеуметтік нысандар ашты, сонымен қатар, Үстіртте орналасқан ірі қара фермасы мен шаруа қожалықтарының қысқа дайындығымен танысты.

Шетпе ауылында мемориалдық мұражай ашылды. Елді мекен­нің орталығындағы жаңа мә­дени нысанды салуға жер­гілікті бюджеттен 120 млн.теңге бө­лін­ді. Жаңа мұражайда қазақ мифологиясын зерттеуші этнограф Серікбол Қондыбайдың мұралары сақталуда. Ол өмірінің соңына дейін төсекке таңылған болса да, ғылым үшін қызмет атқарып, қай­сар­лығымен үлгі тұтарлық жан болды. Ғалым тоғыз жыл ішінде мифология, лингвистика, тарих, ежелгі география салаларында не­дәуір жұмыстар жасады. Ол өзінің зерттеулерін тарихқа, руханиятқа, халқына қызмет ету мүмкіндігі деп қарастырды. Серікбол Қондыбай артына 16 жұмыс қалдырды, оның бесеуі өмірден өтер алдында екі жарым жыл бұрын жазылған.

Облыс әкімі Маңғыстау ауда­нының ішкі істер бөлімінің жаң­ғыртылған ғимаратымен де таныс­ты. Нысанды күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюд­жеттен 53 млн.теңге бөлінді. По­лицейлер үшін жергілікті бюджеттен 4 арнайы машина сатылып алынды. Осы күні Шетпе ауылында 50 орынды автобекет жұмыс істей бастады.

Маңғыстау облысының аума­ғын­да мал шаруашылығымен 1128 субъект, ал егін шаруашы­лығы­мен 116 шаруа қожалығы айналы­суда. Облыста малды отарлап өсіру тәсілі отыз жыл бұрын қолда­нылған, алайда, неліктен екені белгісіз, соңғы кездері бұл әдіс ұмыт қалған. Осы жылы бұл дәс­түрді «Каспий» ЖШС АШК мал шаруашылығы компаниясы арқылы жандандыруға ұйғарым жасалды.

– Әкімшілікпен келісімшарт бар, олар бізге жалға жер береді. Мамырдан бастап Үстіртке 2 мың бас қой жібереміз де, оларды баптап күзде жайлауға жіберіп көреміз. Егер бұл бағдарлама сәтті шықса, біз оны одан әрі кеңейтуге дайынбыз. Менің ойымша, Маң­ғыс­тау облысында жайлауға жібе­ріп қана мал шаруашы­лығын да­мытуға болады, одан басқа тиімді жол жоқ. Мал жайлауда жүргенде оларға қыстық жай мен жем дайындап қоямыз, –деп осы жылдың басында, бри­фингтердің бірінде МК «АШК Каспий» АҚ басқарушы мүшесі Ибрагим Тагашев айтқан еді.

Үстірт шоқысындағы құдық­тар мен құнарлы жерлерді пайдалану есебінен, негізгі жердегі малдардың қысқы шөбін сақтап қалу бағдарламасы шынымен де сәтті болды. Әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорация оны іске асыруға 17 миллион теңге бөлді. Бұл қаржыға Үстірт жайлауында материалдық-техникалық база жабдықталды және киіз үйлер, автокөліктер, сусорғылар мен күн көзі бата­рейлері сатып алынды.

Маңғыстау ауданының әкімдігі аумағы 20 мың гектарлық жер те­лімін бөліп берді.

Үстірт шоқысындағы шаруа қожалығында орналасқан малшылар жұмыс жасау жағдайы жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келеді деп атап өтті. Қырда арнайы медициналық топ пен тұрақты ветеринарлық қызмет жұмыс жасайды.

Қазан айының соңында, суық түскенде мал қыстауға қай­та әке­­лі­неді. Келесі жылы «Қа­ра­ған­­тү­бек» ЖШС қосымша қар­жы­лан­дыру нәтижесінде «Үстірт шо­қы­сында малдарды отарлап бағу» бағдарламасы бойынша 3 мың қара­көл және еділбай тұқымды қой мен 3 мың адай тұқымдас жылқы алу жос­парлануда. Сонымен қатар, шөпті даярлау да Үстіртте жүзеге асырылады.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар