Кеше Парижде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Франция еліндегі ресми сапары басталды. Елбасы бұл елге Франция Президенті Франсуа Олландтың шақыруымен келді.
Газетіміздің оқырмандары Ф.Олланд Қазақстанға 2014 жылғы желтоқсан айында келгенін жақсы біледі. 5-6 желтоқсанда өткен сол сапар барысында Франсуа Олланд Астана және Алматы қалаларында болып, Францияның Қазақстанмен арадағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға барынша ниетті екендігін ашық аңғартқан болатын.
«Қазақстанның географиялық орны да өте маңызды, ол – Еуропа мен Азия арасын байланыстыратын көпір. Қазақстанның осы географиялық орнын оңтайлы пайдаланған саясатынан Франция өзіне қажетті сабақ алса болады. Қазақстанға инвестициялау – Еуропа мен Азияға инвестициялау. Яғни, болашақ Еуразиялық экономикалық одақпен жақсы қарым-қатынаста болу деген сөз. Еуропаның бүгін болмаса да, бір күні құрлықтың осы бөлігімен тығыз байланысары анық», деген болатын сонда Ф.Олланд Алматыдағы Ғылым ордасындағы сөзінде.
Сол сапар барысында Ф.Олландтың Елбасының ұсынысы бойынша өз бағдарламасына шұғыл өзгеріс енгізіп, қайтар жолында біздің Елбасымыздың ұсынысы бойынша Мәскеуге соғып Ресей президенті Владимир Путинмен кездескені, кездесу барысында Украинадағы саяси дағдарысты ретке келтіру жөнінде Ресей басшылығымен келіссөздер жүргізгендігі белгілі.
Сондықтан бұл жолғы сапарды екі ел басшылығының сыйластық қарым-қатынасы өріс алған тұстағы жауапты сапар ретінде қарастыруға болады. Елімізді әлемдегі дамыған отыз ел қатарына қосу, одан бері алғанда «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бізге Батыстың дамыған елдерінің инвестициялары, олардың бізді қолдауы қажет. «Жақсымен жолдас болсаң жетілерсің» деп атамыз қазақ та тегін айтпаған. Сондықтан Елбасының Батыс әлемінің ай мүйізді мемлекеттеріне баланатын Ұлыбритания мен Францияға жасаған бұл сапарларын бір есептен алғанда Қазақстанның келешегі үшін сан түрлі мәселелердің басын қосқан мәнді де маңызды сапар деп айтуға әбден болады. Ұлыбритания жеріндегі әңгіме мен келісімдер 12 миллиард доллардың айналасында қозғалғандығын кешегі күні жаздық. Сол секілді Франция жеріндегі сапарының алғашқы күнін де Елбасымыздың осындағы бизнес шортандарымен кездесуден бастады.
06-11-02
05-11-05
Солардың алғашқыларының қатарында Қазақстан Президенті Peugeot Citroёn компаниясы басқармасының төрағасы Карлос Тавареспен кездесті.
Кездесуде компанияның Қазақстан автоөндірушілермен ынтымақтастығының перспективалары, еліміздегі қызметі және оның аясын кеңейту мәселелері талқыланды. К.Таварес Елбасына қазақстандық серіктестерімен екі жыл ішіндегі бірлескен жұмысы, дайын өнім шығару өндірісі және оны көрші елдердің нарығына экспорттау жоспарлары туралы айтып берді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Total» компаниясының бас атқарушы директоры Патрик Пуяннемен де кездесті.
Кездесу барысында көмірсутек шикізатын өндіру саласындағы өзара ықпалдастықтың негізгі бағыттары талқыланды.
Мемлекет басшысы компанияның Қазақстанда белсенді әрі ұзақ уақыт жұмыс істеп келе жатқанына, соның нәтижесінде сындарлы ынтымақтастық бойынша қомақты тәжірибе жинақталғанына назар аударды.
П.Пуянне өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қашаған кенішін игеру және еліміздегі өзге де инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы айтты.
Кездесу аяқталғаннан кейін қазақстандық бір топ журналист П.Пуянне мырзадан шағын сұхбат алған едік. Сол сұхбатында «Total» компаниясының басшысы Елбасының елімізде жасап жатқан жұмыстары туралы жақсы пікірін білдірді. Қазіргі күні Қазақстанда экономиканың әлеуетін ашу үшін шеттен инвестиция тарту мақсатында инвесторлар үшін бірқатар қолайлы ахуалдың жасалғандығын тілге тиек етті.
Елбасының «Aubert&Duval» компаниясының президенті Жорж Дювальмен және Өскемен титан-магний комбинатының президенті Әсем Мамытовамен кездесуінде металлургия саласындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы екі кәсіпорынның бірлескен жұмысы елді индустрияландыру бағдарламасының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Қазақстан Президенті сондай-ақ, компанияның машина және аспаптар жасауға арналған титан-магний өнімдері өндірісін кеңейту жөніндегі жұмыстарының есебін тыңдады.
Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың француз экономисі Жак Атталимен кездескенін де айта кету керек. Кездесу барысында жаһандық нарықтардағы ахуал, әлемдік экономикадағы дағдарыс үрдістерін еңсеру жолдары, сондай-ақ, қазіргі қалыптасқан жағдайдағы Қазақстанның іс-қимыл бағдарламасы – бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары талқыланды. Тараптар еліміздегі инфрақұрылымдық жаңғыртулар перспективасына да арнайы тоқталды.
Мұнан кейін Елбасының Францияның жетекші компанияларының басшыларымен жалпы кездесуі өтті.
Кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы олардың көпшілігінің елімізде жұмыс істеп жатқанын, Қазақстанның мүмкіндіктері мен ұзақ мерзімді басымдықтарын жақсы білетінін айтты.
«Мысалға, Францияның 24 компаниясы Қазақстанда қазірдің өзінде 2 миллиард доллардан асатын жобаларды жүзеге асырды, 14 жоба жүзеге асырылу кезеңінде тұр, тағы 10-ы – келешектің еншісінде. Бір ғана менің сапарым барысында жалпы құны 5 миллиард доллардан асатын келісімшарттарға қол қойылатын болады», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Францияның сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығына егжей-тегжейлі тоқталды.
«Франция Қазақстанның жетекші экономикалық серіктестерінің қатарына кіреді. Біздің өзара сауда айналымымыз соңғы жылдары сыртқы жағдайдың күрделілігіне қарамастан, 6 миллиард доллар көлемінде тұрақтап отыр. Француз бизнесінің соңғы 10 жылда біздің экономикамызға салған инвестициясы шамамен 12 миллиард доллар болды. Қазақстан нарығында 130 француз компаниясы түрлі салаларда жұмыс істейді», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бүгінде дайын өнім алатын бірлескен табысты жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. «Олардың қатарында «Альстом» электровоздары, «Еврокоптер» тікұшағы, «Пежо» және «Ситроен» автомобильдері, күн батареялары, цемент, «Данон» сүт өнімдерінің жаңа түрлері мен басқа да өндірістер бар. «Эйрбас Дефенс энд Спейс» компаниясымен бірлесіп Жерді қашықтан зондтайтын екі жерсерік ұшырдық және ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені ғимаратының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жүзеге асырылып жатқан бірлескен инвестициялық жобалар қатарында Airbus компаниясымен жұмысқа арнайы тоқталды.
«Еліміз титаннан жоғары технологиялы өнім жасайтын зауыт ашты, бұл өнім Airbus ұшақтарын құрастыру үшін пайдаланылады. Қазақстанның «Эйр Астана» компаниясы француз авиация өнеркәсібінің ұшақтарын пайдалану арқылы осы циклды аяқтайды», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Париж арасында тікелей әуе қатынасын ашу және инвесторлар үшін визасыз режім енгізу екі елдің инвестициялық ықпалдастығына оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар, екі елдің іскер топтары арасында қол қоюға әзірленіп жатқан келісімшарттар Францияға уран жеткізу, автомобиль өнеркәсібі, сумен қамтамасыз ету, қалдықтарды жою және басқа да маңызды бағыттарды қамтитыны атап өтілді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, Бес институттық реформаны және Ұлт жоспарын, «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары туралы да айтты.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев француз бизнесін Қазақстанды индустрияландыруға, жоспарланып отырған ірі кәсіпорындарды жекешелендіруге және құрылып жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсене қатысуға шақырды.
Француздың ірі компанияларының басшылары Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру саясатына жоғары баға беріп, біздің елдің өзін сенімді серіктес ретінде көрсеткенін атап өтті. Сонымен қатар, француз бизнесінің өкілдері Қазақстан бизнесімен бірлесіп жаңа жобаларды жүзеге асыру ісіне зор қызығушылық танытты.
Іс-шараға Airbus, Alstom Transport, Vicat, Soufflet, Rothschild Group, Veolia Asia, Areva және басқа да компаниялардың басшылары қатысты.
Жалпы, осы арада екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар жайына тоқтала кететін болсақ, оны екпінді түрде өріс алып келе жатыр деп айтуға болады. Соңғы жылдары Франция Қазақстанның сауда әріптестері тізімінде екі жақты сауда көлемі бойынша Ресей, Қытай, Нидерланд және Италиядан кейін бесінші орында келеді. Жыл сайынғы сауда айналымының 8 миллиард долларға дейін шарықтаған сәті де болды. Бұл – алыстағы Францияның Қазақстанға қаншалықты жақындай түсетіндігін білдіретін тамаша көрсеткіш. Соңғы кезеңдегі дағдарыс ауыртпалығы қаншалықты зардабын тигізді десек те, алыс елмен және ортасында ашық теңіз жолы жоқ елмен жүзеге асырылу үстіндегі алыс-беріс саудамыз көп құлдырай қойған жоқ. Мұның өзі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа берік негіз бола алатын факторлардың бірі болып табылады.
Қазақстан экспортының негізгі бөлігін мұнай, металл, химия өнімдері құрайды. Импортқа өндірістік жабдықтар, дәрі-дәрмек және косметика, көлік, азық-түлік, ұшатын және ғарыш аппараттары кіреді.
Қазақстанда франциялық капиталдың қатысуымен 128 компания жұмыс істеуде. Солардың қатарында «Тоталь», «Арева», «Данон», «Викат», «Пежо», «Альстом», тағы басқа компаниялар бар. Елбасының осы жолғы Парижде француздың бизнес капитандарымен кездесуіне міне, осындай Қазақстанмен жұмыс істеуге мүдделілік танытып отырған немесе біздің елімізге қызығушылық таныта бастаған көптеген іскерлер келді.
Екі ел арасындағы іскерлік байланыстардың жандануы үшін қос ел үкіметтері тарапынан бірқатар тиімді тетіктер ұйымдастырылған. Мәселен, 1992 жылдан бастап Үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия (ҮАК) жұмыс істеуде (комиссияның қазақ тарапынан тең төрағасы – Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, француз тарапынан Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы – М.Фекль).
Франциялық ірі компаниялар басшылары кіретін Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесін Қазақстан тарапынан «Визор Холдинг» АҚ директорлер кеңесінің төрағасы Айдын Кәрібжанов, ал француз тарапынан «Total» компаниясының бас директоры Ив-Луи Даррикаррер басқарады.
2015 жылдың 29 наурызынан бастап Астана-Париж бағытында «Эйр Астана» әуе компаниясының тікелей ұшу бағыты жүйелі жолға қойылды. Франция азаматтарының Қазақстанға қысқа мерзімді (15 күндік) сапарлары үшін визасыз режім 2015 жылдың 16 шілдесінен 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.
Франция ЭКСПО-2017-ге қатысуға ниет білдірген елдер арасында бірінші болып оған қатысу бюджетін белгіледі және көрмедегі болашақ француз павильонының бас комиссары етіп П.Лороны тағайындады.
Енді Францияның әлемдегі қазіргі жағдайына келсек, Франция – Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет, жерінің ауданы жағынан ол Ұлыбританиядан екі есе үлкен. Францияның құрамына Корсика аралы, Жерорта теңізі мен Бискай шығанағындағы ұсақ аралдар енеді. Француз одағы деп аталатын бірлестікке бес шалғай департамент (Кариб теңізі алабындағы Гваделупа, Мартиника, Оңтүстік Америкадағы Гвиана, Үнді мұхитындағы Реюньон, Атлант мұхитындағы Сен-Пьер мен Микелон) және т.б. жатады. Халық саны 64,6 млн. адам (1 шілде 2014). Француздар өз елін «гексагон» (алтыбұрыш) деп атайды.
Еуропаның батысында орналасқан елдің негізгі аумағының құрлықтағы шекаралары солтүстікте Бельгия мен Люксембург, шығыста Германия мен Швейцария, ал оңтүстік-шығыста Италия және Монакомен, оңтүстік-батыста Испания және Андоррамен шектеседі.
Еуропалық одаққа енетін дамыған мемлекеттердің аралығында орналасуы Францияның еуропалық біртұтас қарым-қатынастардың дамуына оң әсер етеді. Францияның теңіз шекаралары Жерорта теңізі, Бискай шығанағы және Ла-Манш бұғазын бөліп тұр. Жағалауларында кеме тоқтайтын қолайлы қойнаулардың болуы Францияның ежелден-ақ теңіз көлігінің дамуына және Еуропа ғана емес, басқа дүние бөліктерінде орналасқан елдермен де сыртқы сауда экономикалық қатынастар орнатуына алғышарт болды.
Міне, осындай елмен арадағы ынтымақтастықты нығайтудың Қазақстан үшін маңызы зор екендігі түсінікті. Еліміздің тәуелсіздігінің елең-алаң шағының өзінде-ақ Қазақстан мемлекетінің басшысы қазір арнасы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқан осы жолдың алғашқы сүрлеуін салды. Сөйтіп, қазақ-француз қатынастарының негізгі қағидаттары Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға 1992 жылы жасаған ресми сапары аясында «Достық, ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы» шартқа қол қою сәтінен бастау алды. Мұнан кейін Елбасы Францияға ресми және жұмыс сапарларымен тоғыз рет келіп қайтты. Әрбір келген сапарында қарым-қатынастың жаңа арналарының бастау алуына серпін беріп отырды.
Сол секілді Франция елінің басшылығы да екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстанға бірнеше рет келіп қайтқандығын айта кетсек артық болмас. Мәселен, елдің бұрынғы президенті Франсуа Миттеран Қазақстанға 1993 жылы сапармен келсе, Никола Саркозидің табаны Ұлы Дала еліне 2009 жылы тиді. Ал елімізге өткен жылы Франсуа Олландтың келуі жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты нығайта түсуге жақсы дем берді.
Сонымен, бұл жолы Елбасымыз француздар еліне он бірінші рет сапармен келіп отыр. Оның табысты болатындығы сапардың алғашқы сәтінен-ақ айқын аңғарылды. Өйткені, француз бизнесінің серкелері Қазақстанмен жұмыс істеуге ниетті екендіктерін танытты. Соның бір куәсі экономика саласындағы бірнеше құжатқа қол қойылуы болды. Міне, осы құжаттардың негізінде еліміздің экономикасына қаншама қаржы құйылмақ.
Осынау сәтті басталған сапардың үлкен нүктесі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландпен Елисей сарайындағы кездесуі кезінде қойылды. Жалпы, тарихы үш ғасырлық уақытты қамтитын бұл атақты сарай француздардың әлемдік шарықтау сәттерінің куәсіндей болып, елге рух беріп келеді.
Франция – тарихы тереңге кететін елдердің бірі. Көне тарихында қазіргі Францияның Галлия атанғаны белгілі. Бұл ел азаттық үшін күрескен ержүрек галлдардың отаны болған. Тарихты беріден алғанда Рим империясының құрылуы мен күйреуі бұл елдің қазіргі саяси бет келбетінің қалыптасуына үлкен әсер етті. Біздің заманымыздың 486-шы жылы франктер Галлиядағы соңғы Рим иелігін басып алды да Франк мемлекетін құрды. Мемлекеттің Франция аталуы міне, осы оқиғадан бастау алады.
XVI-XVII ғасырларда Франция Батыс Еуропадағы үстемдік үшін «Қасиетті Рим империясының» мұрагерлері Габсбургтер әулетімен және Испаниямен соғыстар жүргізді.
1789 жылы басталған Француз революциясы нәтижесінде монархия мен феодалдық тәртіптің жойылуы, бірінші және екінші республиканың жариялануы, Наполеон Бонапарттың билікке келуі, империя құруы француз тарихының айшықты сәттері болып табылады. Елисей сарайы міне, осы Наполеон Бонапарттың тұсында мемлекет басшысының ресми резиденциясына айналдырылған болатын. Тарихшылар сол кезден бері сарайдың түрі мен келбеті де өзгермегендігін айтады.
Сол секілді біздің қазақ халқының тарихы да тереңге кететіндігі белгілі. Біз өзімізді галлдан қаһармандығы кем емес сақ пен ғұнның ұрпақтарымыз деп есептейміз. Оның бер жағында таяуда ғана Қазақ хандығының құрылғандығының 550 жылдығын атап өттік. Көптеген адамдардың айтуынша, қазақ халқы мен француз халқы арасында ұқсастықтар да аз емес. Кезінде шетел саяхатшыларының бірі еркөңілділігі мен серілік өмір салтына қарап, «Қазақтар – Азияның француздары» деп жазғанын да осы орайда еске сала кеткіміз бар. Біздің бір айыбымыз – кенжелеп дамығандығымыз, отар елдер қатарында болғандығымыз. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру, Қазақстанды әлемдегі дамыған елдер қатарына қосу Елбасының басты мақсаттарының бірі болып келеді.
Қазақстан Республикасының Президентін Франция Президентінің қарсы алуы барынша салтанатты деңгейде өтті. Елбасын алдымен Парламентпен байланыс жөніндегі мемлекеттік хатшы Жан-Мари Ле Геном және Париждің әскери губернаторының өкілі қарсы алды. Ал Елисей сарайында құрметті қарауыл сапқа тұрды. Осы жерде Франция Президенті Франсуа Олланд Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты құрметті әскери қарауыл алдында қарсы алды. Бізге берілген түсініктемеге сәйкес, мұндай қабылдау барынша құрметті деп есептеледі және сирек жағдайда жүргізіледі екен.
Осы күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландпен кездесті.
Шағын және кеңейтілген құрамда өткен кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі екенін, елдеріміздің арасында бүгінде экономика және саясат мәселелері бойынша толық түсіністік орнағанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Франсуа Олланд Франция Президентінің Астанаға жасаған кейінгі сапары кезінде қол жеткен уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын да талқылады.
Қазақстан Президенті бүгінде Астана мен Париж арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ, аэроғарыш салаларындағы ықпалдастықтың зор әлеуеті бар екенін атап өтті.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Франция Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттар қабылданды:
– Қазақстан Республикасы Президенті мен Француз Республикасы Президентінің бірлескен декларациясы;
– Астана қаласында өтетін Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне Француз Республикасының қатысуы туралы шарт;
– Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті мен Француз Республикасының Ғарыштық зерттеулер ұлттық орталығы арасындағы Ғарыш бойынша ынтымақтастықты дамыту саласындағы ниеттестік туралы декларация;
– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Француз Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігінің бірлескен декларациясы.
Дереккөз: егемен Қазақстан