Комиссияның бірлескен мәлімдемесі

/uploads/thumbnail/20170708203356541_small.jpg

Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары Шығыс Украинаның шекаралас облыс­тарында жанжалды реттеудің және бейбітшілікті қалпына келтірудің бірден-бір жолы ретінде Минск үдерісін қолдайтындықтарын білдірді. Америка Құрама Штаттары Украинамен экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз етудегі Қазақстанның ұстанымын қуаттады.
Америка Құрама Штаттары Ауғанстанның қауіпсіздігі мен дамуына қолдау көрсетудегі және Орталық Азияның экономикалық интеграциясын ілгерілетудегі Қазақстанның көшбасшылығын қолдай отырып, екі тарап жаңадан іске қосылған С5+1 негізіндегі үнқатысу Орталық Азияның тұрақтылығы мен дамуына үлес қосатындығына сеніммен қарай­тындықтарын жеткізді. Екі тарап «ДАИШ» ұйымының, терро­ризмнің және зорлық экстре­мизмнің қауіп-қатеріне қарсы күресте ынтымақтастықты нығай­туға міндеттенді және Америка Құрама Штаттары Қазақстанға 2015 жылғы маусым айында Зорлық экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференция өткізгені үшін алғысын білдірді.
Тараптар бейбітшілікті қолдау саласындағы өздерінің берік ынтымақтастығына шолу жасап, қазақстандық бітімгерлердің қаты­суы мүмкін БҰҰ-ның ықти­мал миссияларын анықтау үшін бірлесіп жұмыс істеуге тілек білдірді. Екі тарап құқық қол­дану саласындағы өзара күш-жігерді кеңейту жөнінде ынты­мақ­тастықты құптай отырып, 2015 жылғы ақпанда қол қойыл­ған Өзара құқықтық көмек көр­сету жөніндегі келісімнің маңыз­ды­лығын атап өтті.
Қазақстан мен АҚШ жаппай қырып-жою қаруын таратпаудағы ортақ мүдделерін тағы да растады. Америка Құрама Штаттары Қа­зақ­станда МАГАТЭ-нің Тө­мен байытылған уран банкін құру туралы келісіміне тамызда қол қойылуына байланысты Қа­зақ­станды құттықтады. Сондай-ақ, 2016 жылдың басында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі өңірлік оқу орталығын құру бойынша Қазақстанның жоспарын қол­да­ды және таратпау тәртібі мен өңірлік тұрақтылықты нығайту бойынша Қазақстанның күш-жігеріне, оның ішінде Иран ядро­лық бағдарламасы бойынша Бір­лескен бәрін қамтитын іс-қимыл жоспарын табысты жасасуға мүмкіндік берген «Р5+1» тобы ке­ліс­сөздерінің екі раундын Қазақ­станда өткізгені үшін алғы­сын білдірді.
Америка Құрама Штаттары Қазақстанды Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше ретінде кіру үдерісінің аяқталумен құттықтап, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Елдік бағдарламасын қажетті рефор­маларды жүзеге асыруға пай­далануға бағытталған талпынысын қолдады. Екі тарап жеке сектордағы инновациялық қызметтің маңыздылығын мойындап, кәсіпкерлікті дамытуға арналған мүмкіндіктерді пайдаланатын болады және «Шетелдік шоттарға салық салу туралы» келісімге қол қоюға мүдделестік танытып отыр.
Қазақстан мен АҚШ алдағы уақытта Париж қаласында өте­тін тараптардың 21-ші конферен­циясында көмірқышқыл газ­дары­ның шығарындыларын азайта­тындықтарына сендіре отырып, климаттың өзгеруіне қарсы кү­реске ниеттенетіндіктерін біл­дірді. Екі ел энергия қауіпсіздігінің маңыздылығын баса айтты және Америка Құрама Штаттары жасыл энергетика тақырыбы бойынша өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін қуаттайтынын мәлімдеді. АҚШ, сонымен қатар, Халықаралық ғылыми-техникалық орталықты Қазақстанда орналастырғаны үшін алғыс білдірді.
Қазақстан мен АҚШ тәуел­сіз БАҚ және жергілікті басқа­ру сияқты институттарды нығай­ту жөніндегі күш-жігерді қоса алғанда, демократиялық даму­дың және адам құқықтары сақта­луының маңыздылығын қуаттады. Тараптар азаматтық қоғам­ның алуандылығы мен белсен­ділігінің маңызын мойындады. Америка Құрама Штаттары Қазақ­станның «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының кеуделі мақсат­тарын назарға ала келіп, реформалар азаматтық қоғамды күшейтіп, заң үстемдігіне және идеялармен еркін алмасу бойынша табысқа бастайтынын қуаттады.
Қазақстан мен АҚШ білім және кәсіби байланыстарды арттыруға өздерінің бейілді екендіктерін растады. Америка Құрама Штаттары қазақстандықтардың АҚШ-та оқу және қайта даярлаудан өту мүмкіндіктерін арттыру қажет деп санайды. Оның ішінде Қазақстан мен АҚШ университеттері арасында әріптестік құруға қолдау көрсетуді және Қазақстанның білім беру саласындағы реформа үшін ағылшын тілінде оқытуды кеңейтуді көздейді.
Екі тарап 2016 жылы Стра­те­гиялық әріптестік жөніндегі ко­миссияның ведомствоаралық отырысын өткізуге және өзге де алаңдарда жоғары деңгейде өзара әрекеттесуге уағдаласты.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар