Азаттық алғалы бері жұртымыз әлемге өзін де танытты, өзгені де таныды. Әсіресе, бабалар салтымен көршімен тату қарым-қатынаста болуды басты қағидасына айналдырып келеді. Бұл әдемі қадам – ширек ғасыр ішінде аясын кеңейтіп, әлемдік деңгейге көтерілді. Мемлекеттер арасында жалғасын тапты. Ел тұтқасын ұстаған тұлғалар бастаған достық керуені – ұлт руханияты өкілдерінің арасында да арқауын ширатып, өркен жаюда. Сондай бір жарасымды бастамаға жақында куә болдық. Оның ұйытқысы да, ұйымдастырушысы да Астана қаласындағы «Мұрат жолы» қоғамдық бірлестігі еді. Бес жылдан бері Қазақ елі мен Қытай мемлекеті арасындағы мәдениет пен өнер салалары бойынша жемісті жұмыс жасап, достық мәйегін қаузаған қоғамдық бірлестік бастамасы қуантады. Елдер арасындағы барыс-келісті демеп жүрген Отанымыздағы Қытай Халық Республикасының Елшілігінің қолдауымен, көрші мемлекеттің төрткүл дүниеге мәшһүр қалаларына мәдениет пен өнер қауымын сапарлатып қайтты.
Бейжің. Таң қылаң бергенде қала аспанынан әуежайға төмендеп келе жаттық. Қала көшелері сан түрлі жарықпен көмкерілген. Көктен жерге қарағанда әлгі самсаған сан түрлі шамдар мұхит түбінен сүзіп алған жауһарды жібек жіпке тізгендей көрініс берді. Ағылып жатқан көліктің жарығы да әдемі. Әр елдің бетке ұстар бедерлі құндылығы болады десек, көршіміздің арғы-бергі тарихындағы айтулыларының бірегейі: ұлы Қытай қорғаны екені сөзсіз. Алғашқы қадамымыз да осы қорғанмен танысудан басталды. Қорғаныс үшін салған қорғанның кей тұсы ат түгіл, ешкі әрең жүретін қырларға тұрғызылыпты. Әуежайға түскенде «алдымыздан шыққан» қорған суреттері қалай көз тартса, ат жалындай тау қыры мен ойын жалғаған ұлы қорғанның әр баспалдағын басқанда, сол дәуірде тегеурінді техникасы жоқ адамзаттың құдірет қарымына қайран қаласың. Мыңдаған жылдан астам тарихы бар, сәулет өнерінің керемет көрінісі деуге тұратын қорған – ел мен жерін қорғау жолында пенде бел шешіп бекінсе, өзін ғана емес, келер ұрпағын ойласа, қандай қиындықты да жеңіп шығатынына иландырады. Минь дәуірінде қорғанға қажет кірпішті жеті ай дайындап, үш ай күйдірген көрінеді. Қорғанның биіктігі 7-8 метр болса, табанының ені 6,5 метр. Ал үстіңгі жағының ені 5,8 метрді құрайды. Әр 100 метрден кейін 2-3 қабаттан тұратын қарауыл мұнараларын салған. Қауіпті жағдай болғанда сол дабыл мұнараларынан күндіз түтін тұтатып, түнде алау жағып, елін қорғаушылар біріне-бірі белгі берген. Қорғанды көруге келген адамдар ағыл да тегіл. Қалтылдаған кәрі, еңбектеген бала – қарауыл мұнараға жетіп, төңірекке көз салсам деп, еңкейсең тұмсығың тиетін биікке қарай ұмтылады. Мұнара биігінде болып, парызын өтегендер «уһ-уһ» деп ептеп басып, кері қайтып жатыр. Жол бастаушы жігіт: «Бейжіңге таяу тұрған ұлы қорғанға жәй күндері 50 мың адам атбасын бұрса, мереке тұсында келушілер саны 100 мыңнан асып кетеді. Оның үстіне кезінде ұлы көсеміміз Мао Цзедун: «Бейжіңге келіп, ұлы қорғанға шықпаған азамат азамат емес», деген сөзі дәйім жұрт жанында жаңғырып тұрады. Ол сөз рухани күш берумен қатар, туризмге де жол ашып отыр» дейді. Саяхатшылардың ілтипатына бөленіп отырған Бадалин қорғаны Мао Цзедун заманында күрделі жөндеуден өткенін айта кетсек дейміз. Жалпы, бұл елде өмірден озған тұлғалы басшысына тіл тигізу мәселесі жоқ. Айыбын емес, атқарған ісін тілге тиек етеді екен.
Бейжіңнің 16 ауданында 22 миллион халық тұрады. Ұлы қорғаннан өзге де тарихи орындар алып қалада аз емес. Қайсысына барсаң да қабырғалы елдің тарихын танып-білесің, өткен қилы кезеңдерін көз алдыңнан өткізесің. Бір атап өтерлігі, сол құндылықтардың қадір-қасиетін жұрт жақсы білетіндей. Өйткені, келіп-кетіп жатқандар аударылған теңіз толқынындай мол. Императорлар ордасына, хан сарайларына, мінәжат орнына бас сұқсаңыз, сол жерден тағылым алып қана қоймай, ұлттың ұлы қасиеттері туралы әңгіме-дүкен құрып, әндерін айтып, билерін билеп жатқандарды көресің. Қол қусырып бос отыру – оларға жат секілді. Тізе бүксе, айдалаға қарамай бір іспен айналысады. Ер адамдар шахмат ойнаса, әйелдер жағы тоқыма тоқып, іс тігеді. Әйтеуір, қай-қайсысы да қимыл-қарекетсіз емес. Мұндай жерде ұмтылмасқа, бір іске ден қойып пысымасқа әбдің жоқтай. Бұл талпыныс жасқа да, қартқа да тән. Өйткені, құмырсқа қимыл шіренуге мұрсат берер емес. Біз тәубеге көп жүгінсек, олар барына тойған қозыдай болмай, еңкеңдеп еңбек етуге талпынады. Содан өзіне ләззат алады. Осыдан да шығар, Қытай жұртының ине, жіптен басталатын тау-теңіз өнімі төрткүл дүниені «жаулап» алып жатқаны. Іскерлік пен ісмерлік түймедейді түйедей етемін, тарыдан тау тұрғызамын деген ниетіне, мұратына ұласатынын қай жерге барсаң да алдыңнан шығатын тынымсыз тіршілік дәлелдеп тұрғаны анық. Дамудың жаңа жолына түскен 30 жылдан аса уақыт ішіндегі «Қытай ғажаптарының» ауызды аштырып, көзді жұмдыратын құпиясының түпкі тамыры – елге деген адалдық пен ерінбейтін мені кем еңбекте жатыр-ау деген байламға бекіндірді.
Біздің бір байқағанымыз, елге қонаққа келген азаматты мансабына қарай емес, ұлт руханиятының өкілдері, еңбек адамы деп сыйлауды алдыңғы орынға шығаратынынан аңғарылды. Оған бір дәлел, Бүкілқытайлық Халық Өкілдері жиналысының (парламентінің) Мұхажирлар комитетінің басшысы Джан мырзаның еңселі жиналыс ғимаратында қабылдау жасағаны дер едік. Комитет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстар туралы айтып, өз Отанының өрлеу жолдарына тоқталды. Аз ұлттарға жасалып жатқан жағдай туралы да нақты дәлелдер келтірді. Әсіресе, Қытай елінде өмірге келіп, білім алып, одан кейін атажұртына оралып, өз үлестерін қосып жатқан мұхажирлар туралы ерекше атап өтті. Ендігі жерде ондай азаматтар мемлекеттер арасына алтын көпір болса деген тілегін де жеткізді. Өз кезегінде белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Францияның суретшілер академиясының лауреаты, профессор Кәміл Муллашев мәртебелі мекемеде жарқын жүзді қабылдауға ризашылығын білдірді. Қабылдау бөлмесінің төріне мәуелі бәйтеректің тармақталған тамырын қазып алып, діңінің орнына «Ұлт тамыры» деген сөзді жазып іліп қойған екен. Жуан-жіңішке бес қолдың саласындай, тарам-тарам тамырлар да ойға қалдырады. Керегеге одан өзге ешнәрсе ілінбеген. Мұхажирлар бірлестігі төрағасының орынбасары – Чяу мырза: «Жүздеген тамыры нәр беріп, биік шынар өссе, біздің Қытай мемлекетінің гүлденуі ұлттар бірлігінің жемісі деп білеміз. Соның табиғи түрдегі көрінісін мына «Ұлт тамыры» айқын көрсетіп тұр емес пе?» – деп ағынан жарылады. Дидарласу үстінде киелі домбырасын қолға алып, жас өнерпаз Қайнар Айтмұратұлы Құрманғазының «Адайын», «Төремұратын», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисасын» орындағанда отырғандар тік тұрып, құрмет көрсетті. Сол секілді, қазақ қамы деген арыс ұл Дәлелхан Сүгірбаевтың ұрпағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жезтаңдай әнші Гүлзира Бөкейхан «Гауһартасты», «Бұлбұлды» әуелеткенде ғимарат ішін әсерлі әуез кернеп кетті. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Риза Қайырбай қазақ, қытай, қырғыз тілінде алма-кезек ән орындауы да көңілден шықты. Дидарласу кезінде Назарбаев Университеттің профессоры Тұрсынжан Тоқайұлының адам миын зерттеу жолындағы тың қадамдарынан, Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары атамекеніне келіп, қытай-қазақ тағамдарын ұштастыра отырып «Ернар» деген дәмхана ашып, қазір жұрттың ерекше ықыласына бөленген Әнуар Науашұлының тірліктерінен хабардар болғанда, спорттан бағы жанып, Қытай елінде де, Қазақ жерінде жүлделі болған таңдаулы спортшы жігіт Нуридин Марасуловтың жетістіктерін естігенде, сурет өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, анимациялық фильмдер жасауда топ жарып жүрген, «Astana Film» жастар киностудиясының директоры Жәнібек Нұрбекұлының талантына көз жеткізгенде лауазым иелерінің жүздері жайнап шыға келді. «Біздің елімізден шығып, атажұртында бұлай танылып жатқандарыңыз мерейімізді өсіреді. Осы азаматтар өз салалары бойынша қытай еліндегі әріптестерімен қарым-қатынасты күшейте берсе, нұр үстіне нұр болмақ», деген пікірлерін де іркіп қалмады. Шынында, біраз мемлекеттер шетелдердегі қандастарына қамқорлық танытып, атажұртына оралуға шақырып жатса, Қытай мемлекетінің Бүкілқытайлық Халық Өкілдері жиналысының Мұхажирлар комитеті өз елдерінен бабаларының кіндік қаны тамған жерге аттанғандарды ұмытпай, байланысты күшейтуге талпынуы үйренетін үрдіс десек, артық айтқандық бола қоймас.
Талайды тамсандырып, әлемдік спорттың туын көтерген «Бейжің-2008» олимпиадасы өткен келісті кешендер мен алаңға бүгінде ағылған халықтың қарасы мол. Дүниежүзінің қай түпкірінен келсе де төбесінде бес жұлдызды қызыл ту желбіреген құстың ұясындай спорт сарайының табалдырығын аттамайтындар кемде кем. Қазақ елі де сондай бір емес, бірнеше қысқы, жазғы олимпиадаларды келешекте өткізеді деген үмітімізді үкілеп қайттық. Біз техника адамның жұмысын жеңілдетіп «ұшпаққа» шығарады деп жүрсек, ертеңін ойлаған Қытай елінің зиялылары ұлт руханиятын, тілін, ділін, жазу үлгісін сол техника ғажаптары бүлдіре бастағанын, әсіресе, жастарды сауатсыздықтан сақтап қалуды қозғай бастапты. Оған бір дәйек келтірер болсақ, техникаға «құл» болғандар Қытай жазуын, яғни иероглифті елей бермейтін болған. Ол жастарды жазу кезінде сауатсыздыққа ұрындырып бара жатқанын ескеріп, оны «өлі» түрде емес, нақты жұмыспен бетін бері қаратуға ден қойған. Иероглифті жан-жақты оқытуды ірі қалалардағы мектеп бағдарламасына қосқан. Осының нәтижесі қалай дегенімізде, ұлт құндылығын ардақтау жағынан оқушылар ата-аналарынан көш ілгері кеткенін, бұл Отан болашағы саналатын ұрпақтың өзін-өзі танып-білуіне ашылған жол дегенді айтты.
20 миллионнан аса халық тұратын Бейжіңде бір тамшыдай болып 100 қазақ отбасы өмір сүріп жатыр екен. Олармен де жүздесудің сәті түсті. Сен тұра тұр, мен атайын дейтін, шетінен іс тетігін білетін, ұлтының ұрпағы екенін түсінетін азаматтармен әңгімелескенде жан сарайымыз ашылды. Өйткені, халықтық қалыпты, тілді, дінді, жөн-жоралғыны жетік білетін жандардың кеудесі күмбірлеп-ақ тұр. Ақпейіл, дархан көңіл, би өнерінің білікті маманы, сазгер Әнуар Нүсіпұлы, баспагер Амантай Сағатұлы, «Доң-Фаң» театрының топ жарған бишісі Фархат Бимашұлы, музыка саласының доценті Мәжит Мұхаметұлы, Орталық халық радиосы қазақ редакциясы орынбасарының меңгерушісі Ершат Сейтқамалұлы – қай-қайсысы да алыста жүрсе де, ұлт жоқшысы екенін сездіріп отырды. Атажұртымен берік байланыста екендерін де жеткізіп жатты. Жылқыдай шұрылдасып табысқан бауырлармен қоштасар сәтте жүрек қылы тербелгенін несін жасырайық.
Шанхай. Шалқып тұр десе де болғандай. Қаланы қақ жарып ағып жатқан өзен, онда жүзіп жүрген кемелер, жағасындағы өткен ғасырлардан қалған көне ғимараттар, жаңа дәуірдің көкпен таласқан, ұшар басына кез келген құс жете қоймайтын зәулім үйлер, бірнеше қабат жолдар – бәрі де жарасымды. Бейжіңде көбінде саясат жайлы сөз болса, мұнда экономика, қаржы, ақша бағамы – әңгіме арқауы. Халық саны да баршылық. Айталық 2014 жылы 24 миллионнан асса, 2015 жылы 25 миллион 600 мыңды құрапты. Шанхайда тіл диалектісі көп екен. Жол бастаушымыз: «Мен сіздерге мемлекеттік тілде сөйлеп жүрмін…», дейді. Бұл тұрғыдан келгенде, тәубе дейік, қазақтың байтағын мекендеген ұлт тілінде диалект жоқ деуге болады. Аз-кем сөздер жалпы тілге нұқсан келтірмейді. Тек бабалардан қалған осы ұлы қазынаны мәңгі елдің, мәңгі тіліне шып-шырғасын шығармай айналдырсақ, қане!
Ал Шанхайдан 90 шақырым жердегі, 6 миллионнан аса халық тұрып жатқан Сужу қаласымен де таныстық. Жұрт Сужуды сұлулар шыққан қала дейді екен. Бір аңызда іріктелген 4 сұлудың ішінде біреуінің дидары қазақ қағидасына салсақ, күн десе көзі, ай десе аузы болған секілді. Әлгі сұлу жібекті суға жууға барғанда балық біткеннің қарауға батылы жетпесе, аспандағы ай ұясына кіріп кетіп, гүл қауызын аша алмай қалады екен. Сол қаладағы анау замандарда ханға адал қызмет етіп, бүгінгі тілмен айтқанда, зейнетке шыққанда тұратын бақша сарайды суреттеп шығуға тіл керек. Басқасын былай қойғанда, көлдегі ерсілі-қарсылы жүзіп жүрген сап сары «алтын» балықтар айтары жоқ әдемі әсерге бөлейді. Ол заманда көз қарықтырар бұл көрініс болды ма, болмады ма, қайдам. Бірақ аз да болса сақталған жұқанасын жұтындырып, уақыт талабына қарай жаңғыртып, туризм үшін түлеткен тірліктің сүйсіндіргені сөзсіз.
Сиань. 8 миллионнан аса халық тұратын бұл қаланы тарихи жауһарлардың мекені десе де болғандай. Табиғаты жақсы, жер байлығы да жетіп артылатын шаһарға өткен жылдың өзінде ғана 7 миллион турист келіпті. Қаланың бір жағында еліміздегі Шарын шатқалы (Алматы облысындағы) сияқты аңғар кезінде қашқындардың мекені болса, қазір туризмнің қайнаған ортасына айналған. Жартастардағы үңгірлерден бүгінгі заман талабына сай қонақүйлер салып, көруге келгендер жата-жастанып танысуына барлық жағдай жасалған. «Ел байлығының бір көзі туризм, ел қазынасына осы туризмнен қыруар қаржы құйылып жатыр. Бір ғана «Терракот әскерлері» бірегей көрмесіне кіру үшін әр адам 150 юань төлейді. Осының өзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады емес пе?», дейді жол бастаушымыз. Сиань қаласындағы Шань-Си өлкелік тарихи мұражайындағы құндылықтар ЮНЕСКО-ның қорғауына алыныпты. Бар сырын бойына бүккен жұмбақ таңбалар, сызықтар, жолақтар – зымыран заманның күрмеусіз көрінісі тәрізді. Бізге жат емес қасиетті қошқар мүйіз ою-өрнектер, ыдыс-аяқтар, ежелгі ғұн дәуірін еске салады. Алпамыс бітімді қыш мүсіндер, кейінгі және қазіргі заман дүниелері де баршылық. Есте жоқ бабалар шежіресімен шектесіп жатқан ежелгі этностар, олардың жалпы киім үлгілері, мінген аты, ат әбзелдері, Л.Н.Гумилев жиі айтатын «әрқайсысына төрт қазанат жегілген әскери арбалар» – қай-қайсына да зер салсаң Есік қаласынан табылған Алтын адамның бас киіміндегі заттарға өте жақындығын байқайсың. Ерлердің сап алтыннан өрнектеліп жасалған әшекейлі бас киімі, қолға ұстап тұрған саз сырнай, өзге де ежелгі музыкалық аспаптар – бәрі-бәрі де ата қазақты елестетеді. Бұл адамзат өркениетінің бір-бірімен сабақтасып жатқанын, халықтардың бұрын да қарым-қатынаста өмір сүргенін көрсетсе керек.
Өнер ордаларынан көрген цирк әлемі, безендірілуі табиғатпен әспеттелген ән мен би мың құбылғанда тағы бір ғажабыңыз осы болар дейсің.
Көре жүріп, бағалай алсаң байлық көп екен. Қаласы мен даласындағы айырмашылықты жоюды басты бағытқа қойған көршінің рухани жәдігерлерді де қырандай түлетуі ірілік. Бағын ашып бағаласаң құндылық көрменің көркі ғана емес, қаржының да көзі екенін аңғардық. Құндылығына құнтты алып елдің бүгінгі қарқыны осыны да сездіретін тәрізді. Бір сөзбен айтқанда, тынымсыз тірлікті, адал істі, ел деген ұлы ұғымды биік мәртебе тұтқан халықтың қажыр-қайраты – мемлекеттің төрткүл дүниедегі мерейін асырып отырғаны сөзсіз.
Дереккөз: Егемен Қазақстан