Аудан әкімінің «Ашық есік күнінде» ұққан ұлағаттар хақында бір үзік әңгіме
Ағынды менің Ақсуым, Ақырып әлі ағасың.
Ілияс ЖАНСҮГІРОВ
«Ақсуға барып қайтайық» деп сол өңірдің тумасы, белгілі тележурналист, жұртқа танымал ақжолтай азамат Нұртілеу Иманғалиұлы ұсыныс жасағанда, көп ойланып жатпадық. Құлагер ақын Ілияс жырымен бала жасымыздан қиялымызды тербеген Ақсу ғой. Үш жүзді әнмен тамсандырған Біржан салмен айтысып, Алашқа атағы шыққан айналайын ақын Сараның елі ғой. Тағы да «Қобызшы Молықбай шал Матайдағы, Матайда Кенже Тұңғат Сақайдағы…». Иә, қобыз күйінің жампозы Молықбай атаның отаны. «Қазақта қобызшының қалғаны сол, Жорға еді маймаңдаған бақайшағы», дейді жыр пырағы Жансүгірдің Ілиясы. Айта берсе, қазақтың тұңғыш романына бәйге жариялаған алғашқы меценат Маман қажы әулетінің, қазақтың тұңғыш операсын жазған саңлақ сазгер Мұқан Төлебаевтың, Біләл Сүлеевтей арыстың, Ғали Ормановтай ғажайып ақынның туған топырағы бұл Ақсу. Ақсуға жол түсіп, қадам басқанымызға біз де қуанышты едік.
Бұдан бес жыл бұрын су бөгені жарылып, алапат тасқын апаты қаншама адам өмірін жалмаған Қызылағаштағы қайғылы оқиға кезінде бір атізін салған болатынбыз. Сонда сол тұстағы Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің басшылығымен айналымға келмес аз ғана уақыттың ішінде едел-жедел елушақты тұрғын үй салынып, күзге салым баспанасыз қалғандардың дені қонысты болған еді. Көңіл әлде де жабырқаулы болғанмен, үміт сәулесі қайта себездеп, Қызылағаштағы қоңторғай тіршілік қайта жалғасын тапқан-ды. Бұл да болса жұбаныш. Тірі адам тірлігін істейді. Қайсарлардың ішіндегі қайсары халық қой. Халық қиналса да, қыңбады. Өмір өшпеді. Азғантай болса да қуаныш. Ел болған соң елдігін танытпай тұрмайды. Азамат болған соң көпшіл атпалдығын жасамай тұра алмайды. Ақсу азаматтарының бойынан сонда осындай елшілдік, көпшілдік қасиеттерді көріп сүйсінгенбіз. Сол жұбанышты оқиғаға ел газеті «Егемен Қазақстанның» Алматы қосынының бір топ қызметкері аз-мұз шашуымызды шашып, тілегімізді қосып қайтқанымыз да жәдігер естеліктей жадымызда сақтаулы.
Ақсудың бай дәстүрлі байырқалы аудан екендігін оның 85 жылдық толайым тарихы аңғартқандай. Қазақ елі бастан кешкен тарих пен тағдыр жолын ақсулықтар да жүріп өтті. Әлбетте, қиындықтары да аз болмады, мерейлі қуаныштарды сүйіншілеген кездерден де кенде емес. Соның бір парасын көзге елестетсек, атақты Түрксіб теміржолының талай ондаған шақырымдары қасиетті Ақсу жерінің батыс аймағындағы құм даланы басып өткен. Теміржол бекеттері салынып, Матай, Молалы ауылдары бой көтерген. Мысалы, өткен жылы ғана Матай стансасының 80 жылдығы атап өтілді. Ал ел басына күн туған, ер етікпен су кешкен кешегі сұрапыл соғыс жылдарында да ақсулық азаматтар Отан қорғау жорығының алдыңғы шебінен табыла білді. Соның айғағындай, басқасын айтпағанда, екі бірдей өрен – Есмұрат Сиқымов пен Нұрсұлтан Есеболатов Кеңес Одағының Батыры атанды.
Ақсулықтардың еңбек майданында да абыройсыз қалған жері жоқ. Кеңес заманында бір ауданнан жеті бірдей Алтын Жұлдызды Еңбек Ері шығуы да оңайлықпен қонбайтын бақ құсы екенін көзкөргендер біледі. Майдан ерлерімен бірге ұрпаққа өнеге, жерлестерге мақтаныш болған сол еңбек батырларының есімдерін атай кетсек, олар – Наужан Нұрсейітов, Отызбек Сүйеубаев, Нұрлан Оңалдинов, Тыныбай Балтабаев, Адлер Отто, Кәрібжан Жұбаев, Құрманбай Жанбаев. Бұл құрметті адамдардың ескерткіш мүсіндері бүгінде аудан орталығы – Жансүгіров кентіндегі Батырлар кешенін көркейтіп тұр.
Иә, Алматыдан желдей есіп келіп қалған бір топ журналист ағайынға аудан әкімі Әділбек Далбағаев алғашқы кездесуден бастап-ақ жыр қылып айтқанындай, төскейде төрт түлік малды мыңғыртқан Ақсудың кеңес уақытында одақтық және республикалық Ауыспалы қызыл туды жеңіп алып, алқап-алқап қызылша өсіріп, осындағы қант зауытын қарыштатып, өнер-мәдениетті өрістете дүрілдеген кездері де жетерлік. Бірақ, ол заман тарихтың судыраған парағына айналды. Тәуелсіздік те оңайға түспейтін, ердің ері, қайсардың қайсарының ғана қармағына ілігер алтын балық екен. Нарық қыспағы да алқымнан алды. Жансүгіров кентіндегі қант зауыты осыдан 9 жыл бұрын жабылып тынды. Береке көзі бітелген соң көңілге қаяулық, тұрмысқа жадаулық кіре бастаған. Жұрт, әсіресе, жастар жағы сыртқа кетіңкіреп, бұрынғы саңғыраған үйлер қаңырап бос қалған. Ал ауыл шаруашылығын қайтадан дамыту үшін ирригация, суландыру жүйелері, суарудың жаңа, заманауи технологиялары керек. Бұрынғы пайдаланыстағы жер ескірген. Суармалы егістік, әсіресе, Қызылағаш бөгені апатынан соң мүлдем азайып қалған.
Жалпы, көз жауын аларлық сұлу табиғат қойнаулары біршама болғанымен, Ақсу өңірі жерінің дені құмдақ, құнарсыз болып келеді. Бәлкім, 49 елді мекен, 17 ауылдық округтен құралған, атағынан ат үркетін ауданда небәрі 42 мың ғана халық тұратыны да нақ осы себептен болар. Ал енді бұл халықтың да дені, 99 пайызы туған жерге туын тіккен, басқа жақтағы сұлтандықты қаламай, өз елінде ұлтан болу қағидатын ұстанған қайран қазақ, көнбіс те қайсар қазақ екенін өзіңіздің де ішіңіз сезіп отырған болар. «Туған жерге туыңды тік» демекші, қиындыққа мойымай, нарық сындарында шынығып шыңдала түскен Ақсу елінде бүгінгі көп игіліктер қазақтың осынау аталы сөзінен бастау алып отырғандығы қуантады. Қоңылтақсыған ел еңсесін көтеру мақсатында Елбасы тапсырмасы бойынша аудан басшылығы сырттан инвестиция тартуды ойластырыпты. Осынау игі мақсатқа Нұрсұлтан Әбішұлының «Әрбір дәулетті азаматтың туған жерге көмектесуі перзенттік парыз» деп үндеу тастауы да құба-құп орайласа кетіпті. Сөйтіп, 2014 жылы аудан аумағында «Туған жерге туыңды тік» акциясы кеңінен қанат жаяды. Әуелі, сырттағы және ел ішіндегі танымал, іскер азаматтарды аудан әкімі құрметтеп шақырып, салиқалы әңгімеге тартады, елдің қиналғанын айтады, соған орай бизнестерінің бір парасын туған жерге бұруларын өтінеді.
«Туған жер, ешнәрсе жоқ сенен ыстық. Себебі, сенде туып, сенен ұштық», деп халық даналығында айтылғандай, айкөл азаматтар ақжолтай бастаманы ақжарма тілекпен қабыл алды. Акцияның ізгілікті ісіне ықыласпен кірісті. Айталық, Матай ауылының тумасы, кәсіпкер Қолғанат Сәмбетов қараусыз қалған нан зауытының ғимаратын жаңғырта жөндеп, оны спорт және ойын-сауық кешеніне айналдырды. Мұнда тренажерлік жаттығу залы, квадрацикл, футбол, баскетбол алаңдары, үстел теннисі мен шахмат ойнау бөлмелері жабдықталды. Келешекте лимонад және жүн тазалайтын, т.б. өндірістік цехтар ашу көзделіп отыр екен. Ал түбі ойтоғандық Жанат Жолдағұтова тұрғындарды көп жылдардан бері қинап келген түйткілді шешіп, ауданның қос қиырында жатқан Суықсай және Ойтоған ауылдарынан бастап, жолдағы елді мекендер арқылы Талдықорған, Алматы қалаларына қатынайтын екі автобус маршрутын ашып беріпті.
Жеке кәсіпкер Арай Әкенайұлы акция аясында аудан аумағында баламалы энергия қондырғылары – шағын қуатты жел генераторлары мен күн панельдерін орнату жұмыстарын қолға алды. Бүгінгі таңда үнемді де өтелімді, қызмет ету мерзімі 25-30 жылға дейін жететін, экологиялық тұрғыдан таза осындай оңтайлы қондырғылар осы Ақсудың және көршілес басқа да аудандардың көптеген ауылдары мен мал қыстақтарында жарық-шуақ төгіп, энергия қуатын беріп, көңілдерді нұрландыруда. Ал аудан орталығында осынау қондырғыларды құрастыру цехы ашылып, алты адам жұмыспен қамтылып, нәпақасын табуда.
Туған жерге тағзым арнаған тамаша акцияның шарапаты әуелі тұрмысы төмен отбасыларға, мейірім аңсаған мүгедек жандарға, баспана тауқыметін көргендерге тигенін айту ләзім. «Қоларбаға таңылған екі балалы мүгедек әйел, көз жанарынан айырылған аяулы қарындас алдыма келіп жағдай айтқанда жаным күйзелді, – дейді Әділбек Егеубекұлы. – Оларға кезектен тыс үй беруге хақымыз да жоқ. Ақыры, осы орайда қайырымды азаматтарға жүгінуді жөн деп таптым». Сөйтіп, осы жылдың шілде-қыркүйек айларында аудандағы аса мұқтаж мүгедек, тұрмысы нашар отбасылар мен жалғызбасты азаматтарға нақты тұрғын үй көмегін көрсету мақсатындағы демеушілік-қайырымдылық акциясы ту көтереді. Өмірден ертерек озған ақсулық ақын Жамау Бұқарбаев «Жүрегі бар жандар бар, үміт үзбе» деп жырлағандай, кең жүректі дархан азаматтар бітер істің қасынан табылған. Осылайша бұқаралық, халықтық сипат алған ізгілікті акцияға аудан мекемелерінің ұжымдары, ауылдардың тұрғындары, қалталы іскер азаматтар қалыс қалмай түгел қатысып, нәтижесінде 10 млн. теңге қаржы жиналыпты. Міне, осы қайырымдылық қаржысына Жансүгіров кентіндегі Пушкин және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында көптен бері иесіз қаңырап тұрған 8 пәтерлі 2 қабатты үйге жөндеу жүргізіліп, әп-әдемі етіп пайдалануға берілген, пәтер кілтін алған адамдардың көңіл қаяуы сейіліп, көздерінде қуаныш оты ұшқындап, жүздеріне күлкі үйірілген салтанатты сәттерге өзіміз де куә болдық.
Бұл ғана емес, осы акция аясында жеке кәсіпкер Сабыр Қадырұлы Жансүгіров кентінде қаңқасы ғана қалған 20 және 30 пәтерлі екі үйді өз қаражатына жөндетіп, олар мұқтаж тұрғындарға жеңілдетілген жолдармен беріле бастады. Мұнда жастар үшін аула клубы ашылмақшы екен. Бұған жұмсалған қаржы 380 млн. теңгені құраған. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша 10 коммуналдық үйдің де құрылысы аяқталып тұр. Бұлардан басқа, 2012 жылы 39 пәтерді, биыл 50 пәтерді тұрғындар заңды кезегімен алған. Мысалы, соның ішінде екі баласы, өзі де мүгедек Бижамал Байысова төрт бөлмелі пәтерді иеленген. Сөйтіп, баспанаға мұқтаж ақсулықтар қатары азая түскен.
Иә, осыған орай Жансүгіров кентінің көрік-келбеті де жақсарғаны байқалады. 90 млн. теңге қаржыға орталықтағы Желтоқсан, Мұратбаев көшелері жөнделіп, асфальтталып, аллея тартылып жатыр. Біз жаяу жүргіншілерге арналған жергілікті «Арбатпен» жүріп өттік. Арқалы отырғыштар қойылған. Әсіресе, қарттардың сейіл-сұхбат мекеніне айналатын сыңайлы. Осы бетпен Молықбай атындағы Мәдениет үйіне бас сұқсақ, онда жергілікті Ақсу халық театры Әміре Әріннің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінің дайындығын өткізіп жатыр екен. Арда Елубаева мен Бағлан Жүнісов жетекшілік ететін өнерпаздар өнерін бірер уақыт қызыға тамашаламасқа лажымыз қалмады. Мәдениет үйі жасанып, жайнап тұр. Директор Болатхан Боранбаевтың айтуынша, мәдениет ордасы түрлі үйірмелер арқылы да талай тағылымды істерге ұйытқы болуда.
Е.Сиқымов атындағы стадион да спорт ісін жолға қоюға лайықты жөнделіпті. Оған 40 млн. теңге жұмсалыпты. 1200 адам сыйып отырады. Сонымен бірге, стандартқа сай спорт жабдықтарымен де молынан қамтылған. Директор Түмен Құрманов мұндағы спорттық дәстүрлер мен жетістіктердің де біршама екендігін тілге тиек етті. Спорт стадионы жастардың сүйікті мекеніне айналған. Екі хауызы, бірнеше үйірмелері бар спорт орталығы талай намыскер саңлақтарды түлетіп ұшырған, ұшыра да бермек. Басқасын айтпағанда, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Асхат Житкеев осы мектептің мақтаныш етер түлегі.
«Гидротехник жоба» ЖШС директоры Егінбай Жақаев туған ауылы Егінсуда аяқталмаған пошта үйін өз қаржысына бітіріп салып, толық жабдықтап пайдалануға беріпті. Жерлесі Қажымұқан Мәсімов өз қаражатымен Ақсу ауылына мешіт салғызып, имандылық туын тіккен. Алдағы уақытта Жансүгіровте шағын ГЭС құрылысы басталып, ағаш өңдейтін және пластикалық есік-терезелер шығаратын цех ашылып, мал бордақылайтын және құс өсіретін ферма құрылмақ көрінеді. Осындай жақсылықтар журналист жүрегін де қуанышқа бөледі.
Ақсудың табиғаты, жерінің қойнауы да бай дегенбіз. Сонау кеңестік уақытта Ақсу граниті Мәскеу метросын әрлеуге де пайдаланылған көрінеді. Қазір жергілікті кәсіпкерлер гранит өндіру ісін жаңғыртуды қолға алыпты. Олар осы жоба бойынша Астанада өтетін ЭКСПО-2017-ге өз үлестерін қосатынын айтуда. Гранит қоры 100 жылға жетерліктей мол екен. Осы байлықты ақсулық азаматтар енді ел игілігіне жарату жолында еңбек етуде. Іске сәт!
Дереккөз: Егемен Қазақстан