Бар игіліктің бастауы

/uploads/thumbnail/20170708203627746_small.jpg

Елбасы бес институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ұстаздар қауымы алдына толағай міндеттер жүктеп, функционалды сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңартудың, білікті кадрлар әзірлеудің, олардың бәсекелестік қабілетін арттырудың, білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтерудің табыстылығын атап көрсетті. Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу бағдарламаларын халықаралық талаптарға сәйкестендіру, озық инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу бойынша қалыптасқан тәжірибелер жайлы білім басқармасының басшысы Шолпан КАРИНОВАМЕН әңгімелескен едік.

– Шолпан Таңатқызы, Мем­лекет басшысы белгілеп берген талаптарды орындауға бі­лім мекемелері қалай жұмыл­дырылып келеді?

– Біз күнделікті іс-жоспар­ларымызда Президенттің тапсырмаларын үнемі басшылыққа алып отырамыз. Өйткені, дамы­ған елдердің сапалы білім беру үдерісіне жету үшін ұлттық бі­лім берудің барлық буынының сапасын жақсартудың, зама­науи бағдарламалар, оқыту әдістемелерін ұсынудың маңызы ерекше. Дәстүрлі тамыз кеңесі «Жаңа білім бағдарламалары, инновациялық және құзыреттілік тәсіл-табысты мектепке қадам» та­қырыбында өтті. Онда отан­дық білім сапасын арттыру, 12 жылдық білім беруге көшу, даяр­ланатын мамандардың кәсі­би шеберлігін жетілдіру, оқу­шының ізденімпаздық тұлғасын қалыптастыру секілді өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, бірқатар ұсыныстар айтылды. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов назарды білім саласына қатысты бағдарламалардың басым бағыт­тарына, сапалы білім, саналы тәрбие беруді ұштастыра жүр­гізудің тиімділігіне аударды. Мек­тепке дейінгі, орта және кә­сіптік-техникалық білім беру салаларының проблемаларын талқылауға арналған мәжіліске қатысушылар соны ой-пікірлерімен ерекшелене білді. Біздер, ұстаздар, өскелең ұрпақтың әлеуетін жан-жақты ашатын мүмкіндіктерді қалт жібермеуге тиіспіз. Себебі, дамыған елде белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар таптырмас капитал, басты байлық болып саналады. Бұл орайда, басты жауапкершілік ұстаздар қауымына жүктелетіні айтпаса да түсінікті. Өңірде жұмыс істейтін 539 мектепте 70 мыңға жуық бала оқиды. Оларға сабақ беретін 15 мың 846 мұғалімнің 89 пайызы жоғары білімді , 49,7 пайызының біліктілігі жоғары және бірінші са­натты. 2 мың 136 ұстаз курс­тар­да шеберліктерін шыңдады. Кадрларды жергілікті жерлерде әзірлеу тәжірибесі кеңінен ен­гізілген. Биыл М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мем­лекеттік университетін – 647, колледждерді 2 мың 567 түлек бітіріп шықты. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шең­бе­рінде 353 жас маман елді мекендерге орналасты. Олардың 229-ы 29,7 миллион теңгенің біржолғы жәр­демақысын, 113-і 263 миллион 850 мың теңгенің жеңілдікті несие қаражатын алды.

– Білім мекемелерінің ма­те­риалдық-техникалық жа­ғы­нан қамтылуы қалай?

– Биыл білім беруді дамытуға 39 миллиард теңге жұмсалды. 30 нысанға 468 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп, озық құрал-жабдықтар, жаңа кабинеттер орнатылды. Күз­де нанотехнология, биотехнология, роботтехника кабинеттері бар химия-биология бағытындағы 720 орынды Назарбаев Зияткерлік мектебі бой көтерді. Мамлют, Ғ.Мү­сірепов аудандарында 300 және 90 орындық мектеп үйлері пайдалануға беріліп, апатты жағ­дайдағы нысандар толық жойылды. Келесі жылы Новоишимка, Тайынша кенттерінде 400 және 300 орындық мектеп-интернат іске қосылып, үш ауысымды оқыту жайы түбегейлі шешілетін болады. Бәйтерек ауылында шеттен келген ағайындарымыздың тұратындығы, туу көрсеткішінің жоғарылығы ескеріліп, жобалық құны 897 мил­­лион теңге болатын білім үйін салу жоспарланған. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы ая­­сында жыл соңына дейін 320 орын­дық және 800 бүлдіршінге арналған 3 жекеменшік балабақша пайдалануға беріледі.

– Балабақшалардың жетіс­пеу­шілігі жайлы аз айтылып жүрген жоқ…

– Білім негізі балабақшадан қаланатыны ешбір дәлелдеуді қажет етпейді. Үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретіндегі мектепке дейінгі білім беру саласына Елбасының тікелей қол­дауымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасы зор серпін бергенін айта кеткен жөн. Талай жыл қордаланып қалған проблема терең зерттеліп, 2020 жылға таман балабақшалармен толық қамту міндеті қойылып отыр. Қазір 568 мектепке дейінгі мекемеге 22 мыңға жуық бүлдіршін барады. Жыл өткен сайын нысандар саны да, қаржылық қолдау да артып келеді. 2010-2014 жылдар аралығында бұл мақсат үшін 2 миллиард 72 миллион теңге қарастырылып, екі жылда орын саны 2144 -ке ұлғайды. Десек те, бұл мәселе облыс орталығында әлі өткір тұр. 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің кезегі 4 мың­нан асады. 800 орындық 3 ж­екеменшік, Ұлттық қордан бө­лінген қаражат есебінен 320 орынды балабақшаның құрылысы жүргізілуде. 370 орынды ғимарат салу үшін концессиялық жоба­ларды қарастыру жұмысы бас­талды. Соңғы жылдары жеке­меншік әріптестіктің атсалысу көрсеткішінің өскені қуан­тады. Оларға мемлекеттік тапсырыстардың он пайызы орналастырылып жүр. Тұтастай алғанда, соңғы үш жылда мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 5,8 пайызға ұлғайып, 95,1 пайызды құрады. Бұл салада 2 мың 394 педагог жұмыс істейді. Олардың 387-сі жас мамандар. Сондықтан бірінші кезекте аталмыш буын мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру талабы қойылды. Мағ­жан Жұмабаев атындағы гу­манитарлық колледжде 200 педагог қайта даярланды. Ересек топтардағы балғындардың мектепке бейімделуінің және үздіксіз білім алуының маңыздылығы еске­ріліп, бастауыш мектептер­мен ынтымақтастыққа барынша мән берілді. Бастауыш білім берудің мемлекеттік жаңа стан­дартын сынақтан өткізу тә­жірибесіне бірнеше мектеп қо­сылып, шәкірттердің дайындық дең­гейлерінің, білім мазмұнының, оқу жүктемесінің шарт-талаптары айқындалды.

– Облыс шағын жинақты мек­тептер үлесінің көптігімен ерекшеленеді. Мұның өзі оқу сапасына кері әсерін тигізіп отыр­ған жоқ па?

– Проблеманың бары рас. 444 мектеп осы санатқа кіреді немесе 81,2 пайызды құрайды. Бұларда 27 мың 910 бала оқиды. 165 мектеп үйі нормативтік талаптарға сай емес. Соның салдарынан 841 сыныпты қосып оқытуға мәжбүрміз. Біз ресурстық орталықтар жүйесін кеңейту арқылы тығырықтан шы­ғу жолын қарастырып отырмыз. Шағын жинақтықты мек­тептерді оқу-әдістемелік жағынан қолдай отырып, 31 мектеп осы жүйеге тартылды. Оларға ті­рек мектептерінің, тәжірибелі педагогтардың жан-жақты кө­мектері ұйымдастырылады. 600-ге тарта оқушы 31 интернатта жатып оқытылады. Арнайы көліктер бөлініп, тасып жеткізу ісі қолға алынды. Орта білім беру сапасымен қоса оқушылардың бәсекеге қабілетті функционалды сауаттылығын анықтайтын бірден-бір көрсеткіш Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары десек, бұл жағынан алдыңғы қатардамыз. Биылғы сынақ нәтижесінде Петропавл қаласындағы мектеп­терде орташа көрсеткіш 6,3 балл­ға жоғарылады. Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейі 104,4, Мағжан Жұмабаев атын­дағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицей 100,3 балл жина­ды. Ауылдықтар арасында Бостандық орта мектебі бірнеше жылдан бері көш бастап келеді. Олимпиада қорытындысында облыс командасы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 3-ші орынды жеңіп алды. 7 алтын, 16 күміс, 27 қола медаль және ІТ-университетінің грантын иеленді. TIMSS, PISA, PIRLS сияқты әртүрлі байқауларға жүйелі қатысады. Халықаралық мониторингтік зерт­теудің көрсеткіштері де мектеп табыстылығының бір өлшемі болмақ. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген табыс­ты мектептерді ынталандыру жүйесі әр білім ошағының алдына айқын мақсат қойды. Бұл жерде әр мектептің, оқушылардың оқу бағдарламасын нақты меңгеру әлеуеттері барынша ескерілетін болады. Ол үшін жеке тұлғаны терең зерттеу тетіктерін игерумен қатар ғылым негіздерін оқытуға ата-аналар мен педагогтар ынтымақтаса кіріссе ғана нәтижелі болмақ . Назарбаев Зият­керлік мектептерінің тәжі­рибесі орта білім беруді жаң­ғыртуда басты бағдар болып табылады. Петропавл қаласында аталмыш мектептің ашылуы облыс педагогтарына жұмыс әдістемесі мен бағдарламасын үйренуге, ұжыммен ынтымақтаса қызмет атқаруға, білім сапасын көте­руге игі септігін тигізері анық. Бұрыннан қалыптасқан тәжі­рибелерді байы­та отырып, жас маманға жан-жақты тәлімгерлік көрсетудің пайдасы ұшан-теңіз. Ол үшін арнайы инновациялық тәрбиелеу моделі, мақсатты дәлел­деу кестесі әзірленіп, құрамына білікті мамандар тартылды. Білім беру мекемелерінің әр басшысына педагогикалық ұжымның жұмыс сапасын арттыру, өздерінің білім деңгейін үнемі көтеру, басшылықтың жаңашыл әдістерін енгізу, жас мамандарға жан-жақты қамқорлық жасау талаптары қойылды.

– Шолпан Таңатқызы, «Қа­зақ­­стан жолы-2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» Жол­дауында «Қазақстан ке­дер­гісіз аймаққа айналуы тиіс – бұл өзіміздің және қоғам ал­дындағы парызымыз» деген сөздер бар. Мүмкіндігі шектеулі оқушыларға, сондай-ақ, ата-ана­ның қамқорлығынсыз қал­ған ба­лаларға қандай әлеуметтік кө­мектер көрсетіледі?

– 4 мың 600 мүмкіндігі шектеулі баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу, қоғамның толыққанды мүшелері ретінде сезінулеріне жағдай жасау бағытында нақты шаралар атқарылып келеді. Облыста 7 түзету мектеп-интер­нат, 3 педагогика-медицина-пси­хологиялық комиссия, 11 пе­дагогика-психологиялық түзету кабинеті, 62 логопед қосыны, балабақшаларда 7 арнайы және 13 санаториялық топ қызмет көр­сетеді. Петропавл қаласындағы №13 орта мектепте он бес жылдан бері инклюзивтік білім беріледі. Онда тірек-қимыл аппараттары зақымданған балғындар сау балалармен бірге оқытылады. №44 орта мектеп базасында көздері нашар көретін балалар үшін арнайы сынып ашылып, 11,6 миллион теңгенің құрал-жабдықтары алынды. Мұнда жаңа оқу жылында тоғыз бала екінші сыныпқа көшсе, он бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданды. Инклюзивтік оқыту бағытындағы жұмыс тәжірибеміз еліміз бойынша үлгі ретінде таратылды. Жетім және ата-ана қам­қорлығынсыз қалған балаларға арналған он екі мекемеде 503 балдырған тәрбиеленеді. Соңғы кезде балаларды отбасы тәрбиесіне алу үрдісі кең өріс алып келеді. 2011 жылы 30 бала отбасына тәрбиеленуге берілсе, биыл бұл көрсеткіш 150-ге жетті. Балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында жалпы білім беретін мектептерде оқыту тәжірибесін жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған облыстық мектеп-интернат пен Айыртау ауданындағы осы санаттағы мекеме енгізді. Былтыр аймақ басшысы Ерік Хамзаұлының қолдауымен отбасылық үлгідегі балалар ауылында жеке инвестиция есебінен екі үй тұрғызылды.

– Кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерін бітіруші тү­лектердің жұмысқа орналасу деңгейі қалай? Сұраныс бар ма?

– 27 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында 13,4 мың оқушы, оның ішінде, 63,3 пайызы мемлекеттік тапсырыспен оқып жүр. Бұл – үлкен күш, әлеуеті зор резерв. Студенттер экономика саласының 75 басым мамандығы бойынша оқытылады. Жыл өткен сайын техникалық мамандарды даярлауға сұраныс артып келеді. 2015-2016 оқу жылында 2 мың 635 үміткер мемлекеттік оқыту тапсырысымен қабылданды, олардың жартысынан астамы техникалық мамандықтарды қалады. Нарық талабына орай өнеркәсіптегі элек­трмеханикалық жабдықтау, дә­некерлеуші, ішкі санитарлық-техникалық құрылымдарды монтаждаушы және ұйымдастырушы мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс аясы кеңіді. Туризм, кондитер, наубайханашы секілді мамандықтарға ұмтылушылар қатары қалың. Ж.Қизатов атын­дағы ауыл шаруашылығы кол­леджінде ет және ет өнімдерін өндіру, сүт өнімдерін өндіру ма­мандықтары ашылды. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында облыстың екі колледжі оңтүстік өңірлердің 73 студентін 3 мамандық бойынша дайындайды. Биыл олардың санын 175-ке жеткізіп, төрт колледжде жеті мамандыққа баулу бойынша ор­наластырылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 5 колледжде сексенге жуық студент 7 мамандықты меңгерді. Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде әлеуметтік жұмыс мамандығы бойынша 21 адам қайта даярлықтан өтті. Биыл колледждерді 4096 түлек, оның ішінде 58,7 пайызы мемлекеттік тапсырыс бойынша аяқтап, 90,6 пайызы жұмысқа орналастырылды. Бірқатары білімдерін одан әрі жалғастырғанын, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанғанын ескерсек, көрсеткіш жаман емес. Кол­ледждерде мемлекеттік-же­ке­меншік әріптестік қарым-қа­тынас бойынша тұрақты жұмыс жүргізілетінін баса айтқым ке­леді. Кәсіпорындар мен колледж­дер арасында 1200 келісім жасалған. Жеті мыңнан астам студент өн­діріс орындарында кәсіби ше­берліктерін шыңдады. Оның 33 пайызы ақылы жұмыстарға тартылды. Кәсіпкерлер палатасы, кәсіпорындар және колледждер арасында оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктіліктерін арттыру бойынша 25 келісімге қол қойылды. 9 колледжде 17 мамандық бойынша дуалдық оқыту жүзеге асырылады. Келешекте кәсіптік білім беру ұйымдарының өңіріміздің экономикасына білікті мамандар әзірлеудегі мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланатын боламыз.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар