Атырау облысы: Көпшілікке қызмет ету – мәдени мекемелердің мерейлі міндеті

/uploads/thumbnail/20170708203954452_small.jpg

Технократты өркениет кең өріс ала бастаған ХХІ ғасырдың өзінде шынайы рухани азық іздеген жан негізінен, оны мәдени орындардан табары анық.
Осы орайда, әсіресе, көпшіліктің қажетін қанағаттандыруда жергілікті жерлердегі мәдени ошақтар өз жұмысын қалай ұйымдастырып отыр деген оймен Атырау облыстық мәдени мекемелерінің жұмысымен танысқан едік. 
 
Гүлжанай ҚАЛИЕВА, облыстық кітапхана басшысы:
   Оқырман сұранысы қалтқысыз орындалады
 
– Ғабдолла Сланов атындағы Атырау облыстық ғы­лыми әмбебап кітапханасы – әр оқырман-пайдаланушыға рес­публикалық және әлемдік ақпараттық ресурстарға еркін шығуға мүмкіндік беретін қабілетке ие заманауи ақпараттық және облыстағы 155 көпшілік кітапхананың жұ­мысын үйлестіруші әдістемелік орталық. Кітапханада 6 бөлім жұмыс жасайды: 

Жергілікті ақын-жазушылар кітапханамен тығыз бай­ланыста. Олардың қатарына кітапханамыздың 40 жыл­дан аса уақыт оқырманы болып келе жатқан ақын, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік универ­ситетінің профессоры Қадыр Жүсіп, жазушы-өлкетану­шы­лар Аманғали Әміржанұлы, Төлеген Жаңабайұлы, Өтеп­берген Әлімгерейұлы, Мұрат Бектенов, ақындар Қа­зақстан Жазушылар одағының Атырау облыстық фи­лиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, Жеңіс Аро­нов, Өмірзақ Қажымғалиев, Гүлзада Ниетқалиева, Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаш және тағы басқаларды жатқыза аламыз. Олар кітапханада өтетін шараларға үнемі қатысып, жарыққа шыққан кітаптарының тұсаукесерлерін кі­тапханада өткізіп, кітап қорына сыйлауды дәстүрге ай­нал­дырған. 
«Өнегелі өмір» сериясымен шығатын белгілі қоғам қай­­раткерлері туралы, қазақ, орыс ақын-жазушыларының көп­томдық таңдамалы шығармалары және тағы да басқа әде­биеттер үлкен сұраныста. 
 Оқырман сұраныстары бойынша біздің кітап қорында жоқ кітаптарға еліміздің Ұлттық кітапхана қорына сұраныс беріліп, «Құжаттарды электронды жеткізу» қызметі арқы­лы қанағаттандырылады. Сұраныстарды сканерлеп, оқыр­ман­ның электронды поштасына жіберу, флешкаға көшіріп беру, көшірмеге түсіру сияқты қызмет түрлері көрсеті­ле­ді.

Кітапханамызда атын иеленіп отырған жазушы Ғаб­долла Сланов шығармалары мен қордағы сирек кітап­тар­дың электронды кітапханасын жасақтау үстіндеміз.
Кітапхана – жалпыұлттық идеямыз Мәңгілік елді бас­ты бағдар етіп, «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қа­лып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» және «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол», Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауларын, еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниет­терге оң көзқарастар қалыптастыратын отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың 2012 – 2016 жылдарға арналған жоспарын бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы №1124 қаулысы, ҚР азаматтарының құ­қықтық мәдениет деңгейін арттырудың 2012 – 2014 жыл­дарға арналған кешенді жоспары, Қазақстан Рес­пуб­ликасында материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама туралы ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 29 сәуірдегі №408 қаулысы және «Мәдени мұра» ұлттық жобасын одан әрі іске асыру аясында, өңірдің ұлт­тық тарихын зерделеу, «Сыбайлас жемқорлыққа, наша­қорлыққа қарсы күрес» бағдарламалары мен іс-шаралар жобаларын басшылыққа алып, түрлі көпшілік шаралар өт­кізіп, сан алуан тақырыптарда виртуалды библиог­ра­фиялық шолулар және кітаптарды ашық қарау көрмелерін ұйымдастырып келеді.
 
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік». Ғабит Мүсірепов.
 
 
Кітапхана қаладағы барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарымен, мекеме, кәсіпорындармен екіжақты келісімшарт негізінде тұрақты байланыста жұмыс жүргізіп отыр. Жергілікті зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен сту­денттер өткізілетін көпшілік шараларға үнемі қатысады. Мекеме, кәсіпорындардың сұранысы бойынша көшпелі кітап көрмелері, шаралар өткізіліп тұрады. 
Былтырғы жылы дәстүрлі республикалық «Бір ел – бір кі­тап» акциясы аясында Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», «Басында Үшқараның...» шығармалары кітапхана оқырмандарының арасында қызу талқыланды. 
Өткен жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының 10 жылдығын мерекелеу шеңберінде ұйымдастырған «Қазақстанның үздік жыл кітапханашысы», «Кітапхана – кемел дос», «Оқырман – біздің досымыз», «Кітапхана туралы үздік эссе» виртуалды байқауы және Ж.Бектұров атын­дағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы Қарағанды қаласының 80 жылдығына орай жариялаған «Мен тұратын қала» атты жастардың халықаралық виртуалды фотобайқауларына кітапхананың жасөспірім оқырмандары белсене атсалысты. 
Ал биылғы жыл таңдауы – Қазақ хандығының 550 жыл толуына орай, халқымыздың рухани дәу­летіне эстетикалық жаңа байлық, мол қазына қосып, елінің махаббатына бөленген, дарабоз жазушы Ілияс Есен­бер­линнің «Көш­пенділер» шығар­ма­сы болып танылды. Бұл туралы кі­тап­ханашы С.Байзақова Д.Нұр­пейі­сова атындағы академиялық қазақ халық оркестрінің Атырау қаласы тұрғын­да­рының Жайық жағалауындағы кешкілік демалыс кезінде ұйымдастырған кон­церт­тік шараларының алдында жұрт­шы­лықты, әсіресе, жастарды кі­тап оқуға шақырған «Ымырт­та­ғы оқу» шарасы кезінде ақпарат бер­се, кітапханашылар Ж.Байым­бетова І.Есенберлиннің «Көш­пенділер» трилогиясына тоқ­талып, 
Г.Қа­рабалиева, А.Ку­лова, Б.Дау­ле­това­лар жазушының «Көшпенділер» трило­гиясының «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қа­һар романы» бөлімдері туралы әң­гі­мелеп берді.
Шара соңын барлығы бір дауыспен: «Баршаңызды «Бір ел – бір кітап» акция­сы аясында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» шығар­масын оқуға шақырамыз» деп көтеріңкі дауыспен жарнама жасады, өзге кітапханашылар серуендеп жүрген жастарға кітапханаға, кітап оқуға шақырған жарнамалық бетшелер таратты.
Кітапханада Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қа­зақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығымен қатар тойланған жеңістің 70 жылдығына орай көптеген шаралар жоспарланып, ұйымдастырылды. Мереке қарсаңында басталып кеткен шаралар әлі де жалғасын табуда. 
Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай жыл басында облыс кітапханалары оқырмандарының арасында Жеңіс тақырыбына арналған шығармалар жазудан байқау жарияланған болатын. Кітапхана қоржынына қалалық, аудандық, ауылдық кітапханалардан 50 шығарма келіп түсті. Солардың арасынан бесеуі үздік, сондай ақ 10 оқырманның шығармасы ынталандыру сыйлығына лайық деп танылды. Бұл оқырмандардың барлығына да кітапхана атынан арнайы алғысхаттар мен сыйлықтар табыс етілді. 
Жастар мен жасөспірім оқырмандарды кітап оқуға тартуда кітапханада өткізіліп жатқан шаралар жетерлік. 
Жыл аяғына дейін ақын-жазушы, мәдениет қайраткері Жеңіс Ароновтың 70 жасқа толуына орай «Ақ желең дәу­рен, жайсаң жыр» атты шығармашылық кеші, бард ақын, композитор Табылды Досымовтың туғанына 50 жыл толуы­на арналған кітапханалық блогтардың облыстық байқауы және ақын, Әнұран авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 80 жыл толуына орай, «Тереңіне біз жетпеген Жұмекен» атты көркемсөз сайысы өтеді деп жоспарлап отырмыз. 
 
Бишілері мың бұралған – «Інжу-Маржан»
 
Атарыу облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның би ансамблі – «Інжу-Маржанның» өнерін тамашалағандардың сүйсінбейтіні кемде-кем. Мың бұралған сүйкімді қыздар сахнаға шыққаннан көпшіліктің ықыласпен қол шапалақтап, қошеметтеуі тектен-текке емес. Ол – шынайы өнерге деген құрметтен туындаған көрерменнің ыстық ықыласының бір белгісі.

«Ұжымға 2013 жылы облыстық филармонияның директоры Ғаділ Дүйсенғалиевтің шақыруымен келдім. Содан бері биші қыздармен тығыз жұмыс жасаудамын» дейді ансамбльдің жетекшісі Гүлвира Қалыбайқызы. «Осы жылдың мамыр айында Ресейдің Астрахань қаласында өткен қазақ қоғамының 20 жылдығына орай мәдени шараларға қатысып, өнер көрсеттік. Маусым айында Шымкент қаласында өткен Атырау облысының мәдени күндеріне, сонымен бірге шілде айында Астана күні мерекесіне қатыстық. Жақында ғана облыстық филармонияның «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің есеп беру концертінде өнер көрсетсек, қазан айында өткен Абай күндерін «Еркелер» биімен аштық. Бізде бос уақыт деген мүлдем жоқ. Мәдени шаралардың арасында қызу дайындықтар. Дайындықты босаңсытуға еш болмайды. Өнер салғырттықты көтермейді, әсіресе, би өнері. Салқын қарасаң болды, сыны қашады» дейді жетекші. 
«Інжу-Маржан» ансамблі – еліміздегі айтулы шараларды атап өту барысында өткізілетін барлық мәдени шаралардың белсенді қатысушыларының бірі. Олар Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көрші Ресей елiне де арнайы гастрольдік сапармен барып келді. Челябі облысындағы Магнитогорск қаласының көрермендеріне қазақ халқының салт-дәстүрлерін би тілімен жеткізген бишілердің өнеріне тәнті болмағандар кемде-кем. Әсіресе, сонда тұратын қандастарымыз ерекше алғыс жаудырыпты. 

«Ансамбльдің репертуары да бай. 30-дан аса елдің ұлттық билерін нақышына сала орындайтын үлбіреген 12 қыз қай халықтың болса да биін қас-қағым сәтте қағып алады. Бәрі шетінен талантты. Қазіргі таңда Ержан Қитаров ағамыз жетекшілік ететін «Мұрагер» фольклорлық би ансамблімен тығыз байланыстамыз. Жаңа қойылымдарға бірлесе отырып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа қойылымдарға жаңа костюмдер тігіліп жатыр. Бәрін ұйымдастырып, бағыт-бағдар беріп, қажетті заттарымызды дер кезiнде тауып беруге әрдайым қамқорлық танытып, қолғабыс жасайтын филармония директоры Ғаділ Дүйсенғалиевтің еңбегі ерен екенін ерекше атап өткім келеді» дейді Гүлвира Тұрақбаева.
«Інжу-Маржан» – елімізден тыс жерлерге гастрольдік сапарлармен шығып, қазақ өнерін паш етуде де айтарлықтай үлес қосып жүрген топтардың бірі. Өткен жылдың қазан айында Уфада өткен достық пен ынтымақтастық фестивалінде хореография жанрында өнер көрсетсе, желтоқсан айында Қазақстан елшілігінің шақыруымен еліміздің тәуелсіздігіне орай Катарда өткізілген мәдени шараларға қатысып қайтыпты.
«Қайда өнер көрсетсек те сан қырлы қазақтың би өнерін, қазақ мәдениетін көпшілікке таныстыру – басты мақсатымыз. Сол жолда тынбай еңбектене беретін боламыз. Көрерменге қызмет етуден жалықпаймыз. Ол – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш» дейді бишілер ансамблінің жетекшісі Гүлвира Тұрақбаева.
 
Күміс көмей әнші – Гүлмайдан
 
Гүлмайдан Сүндетова – елімізге танымал әнші. Кезінде «Керекудiң Майрасы» атанған күміс көмей әнші ақын Сара рөлін сомдап, көрерменді талантымен тәнті еткен нағыз дарын иесі. Ол – бұл күндері Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның белді әншісі.
«Атырау – туған жерім, өскен елім. Әнші ретінде жер жаннаты Жетісуда танылып, көпшіліктің ықыласына бөленген руханияттың ордасы Алматы – кімге болса да қанат бітіретін, шеберлігінің шыңдалуына дем беретін құтты мекен. Жалпы, нағыз өнер адамы үшін ең бастысы – көрермен ықыласы. Ол – өнер иесіне ерекше күш-қуат сыйлайтын, тілмен айтып жеткізе алмайтын бір құдірет. Бұл ретте атыраулықтар шынайы өнерді шын жүректен бағалайтын талғампаздығымен кімді де болса таңғалдырмақ» дейді Гүлмайдан. 

Облыстық филармонияның құрамында облыстың түкпір-түкпірін түгел аралап шықты десе де болғандай. Гүлмайдан қандайда бір әкімдік тарапынан өткізілетін мерекелік шаралардың бел ортасынан табылады әрдайым. Ол үшін сылтау айтып, сырт қалу деген мүлдем жоқ. 
– Концерттерге қатысқаннан өнер адамы қосымша күш алады ғой. Игі жақсыларды, өнер десе ішкен асын жерге қояр көпшілікті көріп, көңілің марқаяды. Оның бәрі адамға жаңаша бір рухани серпін береді. Тамаша әсерден арыла алмай, сол әсердің жалғаса беруін қалаған сайын, келесі бір сапарға құлшына дайындыққа кірісесің. 
Биыл Астанада өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына қатыстым. Ғажап! Қазақ хандығының 550 жылдығы тамырын тым тереңнен тартатын ел тарихының бір бұтағы ғой. Батыр бабаларымыздың қайтпас қаһармандығы мен ұлтын ұйыстыра білген хандардың кемеңгер қасиеті қандай дәуірде өмір сүрсек те, ұрпақ үшін өшпес өнеге. Қазақ хандығының 550 жылдығы «бірлік бар да, тірлік бардың» нақты көрінісі. Бүгінгі ұрпақтың басты парызы – өзінің адал ісімен, әр салада қолынан келгенше бабалар салған даңғыл жолды лайықты жалғастыруға үлес қосу деп білемін. Сондықтан да өнер арқылы халқымның ұлылығын паш етуге, ел мен елді жақындастыра түсуге барынша атсалысуға тырысамын. Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты облыс көлемінде өткен іс-шаралардың да бел ортасынан көріндім. Исатай ауданының Құрметті азаматы атандым. 
Елімізде Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан ұлан-ғайыр игілікті істердің бәрі де ұлт болашағы, Тәуелсіздік туы биіктен желбірей беруі жолындағы қолға алынған игі шаралар ғой. Республикамыздың өркениет көшінде айшықты орын иеленуі жолында бәріміз бір кісідей жұмыла кіріссек, алынбайтын асу, кедергі болар қорған қалмасы анық. Соған ұлы даланың бір перзенті, өнер иесі ретінде өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын» дейді әнші әрі сазгер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова.

"Қамшы"сілтейді

Дереккөз: "Айқын-ақпарат"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар