Сұлтан МАҚАШОВ, Қызылорда облысы Қармақшы ауданының әкімі: Аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы

/uploads/thumbnail/20170708203955264_small.jpg

– Сұлтан Ысқақұлы, Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында атап өткендей биылғы жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясы жылы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сынды елеулі оқиғалар өтіп жатыр. Қармақшы ау­данының осы мерекелерге қосқан үлесі қандай?  
– Елбасымыздың «Нұрлы жол – бола­шаққа бастар жол» атты Жолдауында алдымен мемлекетіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы сөз болды. Жолдауында айтылған мемлекеттегі бірлікті сақтау, ұлттар татулығы мен ынтымағы, іргеміздің беріктігі секілді мәселелер қашан да маңызын жоймайды деп ойлаймын. Өздеріңізге белгілі, Қармақшы ауданында облыстың қос бірдей бренді «Ғарыш айлағы» және Түркі халықтарының абызы, ойшыл данасы Қорқыт ата мекені орналасқан. Сондықтан да бізге үлкен жауапкершілік жүктеліп, ау­дан экономикасының дамыту мақсатында түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Әрине, барлық мәселелерді бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен, ең бастысы, оларды шешудің нақты жолы жасалуда.
– Мемлекет шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөліп отырғанын жақсы білесіз, аудандағы кәсіпкерліктің аясы кеңіді ме? 
– Әрине, бюджеттің кіріс көзін молайтудың бірден-бір жолы ол кәсіпкерлікті дамыту арқылы салық базасын кеңейту. Осы бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны бүгінде 2985-ке жетіп отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 132,0 пайызға артық деген сөз. Жаңа сауда мен қызмет көрсету нысандарын ашу нәтижесінде бөлшек сауда тауар айналым көлемі 2187,3 млн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға өсті. 
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша да айтарлықтай табыстар бар шығар? 
–  Бұл бағдарлама бойынша 120,4 млн теңгенің 7 жобасы жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында алынған несиелердің пайыздық үстемелері субсидияланды, жобалар ішінара кепілдендірілді. Осы уақытқа дейін 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, жыл аяғына дейін қосымша 32 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Сонымен бірге «Полиэтилен пакетін өндіру» жобасы бағдарлама негізінде грантқа ие болып, тағы да 2 жұмыс орнын ашуға қол жеткізілді. Ал «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы 57,8 млн теңгеге 8 жоба қаржыландырылды. Бұл жобалар бойынша 6 адам жұмыспен қамтылса, жылдың аяғына дейін қосымша 12 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Сол сияқты, «Ақниет» әлеуметтік әріптестік бағдарламасына аудан бойынша 515 үміткер қатысып, 33 азамат 12,0 млн теңгенің грант иегері атанды. 10 жеңімпаз аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелді. 
– Аудандағы ауылшаруашылық мәселесі көңіл көншіте ме? 
– Негізінде, біздің аудан эко­номи­­касының негізгі саласы ауыл­ ша­руашылығында. Сондықтан мемлекеттік көмектер нәтижесінде оңтайлы даму тенденциясы қалыптасуда. Мысалы, ауылшаруашылық құрылымдарына 603,5 млн теңге көлемінде субсидия берілді. Осындай қолдау нәтижелерінің арқасында шаруалардың жұмыс жүргізуіне жағдай жа­салып ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 5 млрд 425 млн теңгеге жетті. Биылғы жылы 21983 гектар егіс егіліп, оның ішінде күріш 15390 гектар жерге орналастырылды. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 596 гектарға немесе 102,8 пайызға, күріш көлемі 1069 гектарға немесе 107,5 пайызға артық егілді. Егілген күріштің әр гектарынан 53,1 центнерден өнім алынды. Жалпы, 81721 тонна «сыр маржаны» қам­баға құйылды.
Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға мемлекет тарапынан 41,0 млн теңге субсидия беріліп, түрлі бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп келеді. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтары 4 бас асыл тұқымды бұқа және 126 бас аналық сиыр сатып алды. Мұнан бөлек «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы мал шаруашылығын дамытуға қаржы алынуда. Атап айтқанда, «Құлан» бағдарламасы бойынша 2 жоба 15,5 млн теңгеге қаржыландырылып, 55 бас бие, 6 бас асыл тұқымды айғыр сатып алынды. 
«Алтын асық» бағдарламасы бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. 
Мал санының түрлері бойынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жылқы 13,4 пайызға, түйе 15,0 пайызға, қой басы 3,0 пайызға өсіп отыр.
Сәйкесінше есепті кезеңде 2442,7 тонна ет, 4318,5 тонна сүт, 496,0 мың дана жұмыртқа өнімдері өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ет өнімі 1,7 пайызға, сүт өнімі 2,3 пайызға өсті. 
– Аудан халқының әлеуметтік жағдайы туралы айтып беріңізші, жұмыссыздық мәселесін қалай шешіп жатырсыздар? 
– Қазіргі таңда есепте тұрған жұмыссыздар саны 728 адам, тіркелген жұмыссыздық үлесі 2,9 пайызды құрайды. Жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрады. 2015 жылдың ақпан- қазан айлары аралығында аудан бойынша 447 адам, оның ішінде Байқоңыр қаласы бойынша 384 адам жұмыстан қысқартылған. Жұмыстан қысқартылған азаматтар мамандықтарына сәйкес жаңадан ашылатын жұмыс орындарына жұмысқа жолданатын болады. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» аясында өз кәсібін бастауға 300 млн теңге несие және «Байқоңыр» ӘКК ҰК АҚ арқылы 25 млн теңге грант беру жоспарлануда. Сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етіледі. Сонымен бірге 2016 жылы Төретам кентінде туристік индустриялды аймақ ашу жөнінде мәселе зерттелуде. Жоспарымыз жүзеге асқан жағдайда аймақта өндіріс және қызмет көрсету жобаларын жүзеге асыру арқылы Ақай және Төретам кентінің тұрғындарын жұмыспен қамту көзделуде.
Биыл 415 жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. 1456 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, оның ішінде 25 мүгедек  жұмыспен қамтылды.
Ауданда 7 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде 105 азамат жұмыспен қамтылды. Аудан бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға мемлекет тарапынан 141,1 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем түрлері төленді. 
– Жоғарыда «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы туралы айтып қалдыңыз. Бағдарлама қалай іске асуда? 
– Бағдарламаның І бағыты бойынша 88,2 млн теңге қаржы бөлініп, 2 жоба іске асырылды. ІІ бағыты бойынша биыл 100 азамат 206,5 млн теңге шағын несие алып, өз кәсіптерін бастады. Осы уақытқа дейін тағы 372 адам шағын несие алуға ниет білдіруде. Ал бағдарламаның ІІІ бағыты аясында 10 айлық кәсіби даярлау курстарына 90 азамат жолданды. Оның ішінде 85 адам оқуды аяқтады. Қазіргі таңда оқуды бітірушілерді жұмыспен қамту жұмыстары жүргізілуде.  «Әлеуметтік жұмыс» орындарында  биыл  37 адам 17 мекемеде жұмыстарын жалғастыруда. 
«Жастар тәжірибесі» бойынша 31 адам 22 мекемеге жұмысқа жіберіліп, қазіргі таңда жұмыстарын жалғастыруда. 
– Қармақшы ауданының денсаулық, мәдениет және  спорт салалары қанат жайып келеді. Бұл тұрғыда әкімдіктің атқарған еңбегі зор деп білеміз. 
– Бүгінде бізде аудан бойынша аудандық емхана, аудандық орталық аурухана, 1 селолық емхана, 9 дәрігерлік амбулатория, 2 ФАП және 6 медициналық пункт жұмыс жасайды. Аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін медицина қызметкерлерінен дәрігерлер – 82, кіші аяжандар – 130. Ауданның әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлер қамтылуы 16,9 болса, орта буын медицина қызметкерлері – 76,5. Ауданда аурушаңдық көрсеткіші бойынша өсім жоқ.
Соңғы 3 жылда ана өлімі тіркелген жоқ. Бүгінгі күнге тұрғындар тегін дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген.
Ал аудандық мәдениет саласы бойынша 1 аудандық, 3 ауылдық мәдениет үйі, 11 ауылдық клуб үйі, 1 жыраулар үйі, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі, 18 кітапхана, барлығы 35 мекеме жұмыс жасайды. Көркемөнерпаздар үйірмелері биыл 1 халықаралық, 5 облыстық, 3 республикалық байқауға қатысты. Ауданда барлығы 16 байқау, 691 мәдени шара өткізілді. Аудан тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Биыл кешенді спорттық-бұқаралық  шаралардың күнтізбелік  жоспары бойынша барлығы 74 спорттық іс-шара жоспарланды. Осы іс-шаралар жастармен жұмыс жасау, оларды спортқа тарту, еңбекке баулу бағытында ұйымдастырылды. Қазіргі таңда аудан көлемінде 90 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, аталған шараларға 7234 спортшы  қатысты.
Ауданда екі спорт мектебі жұмыс жасайды. Қармақшы аудандық №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде  оқушылар спорттың 9 түрімен (дзюдо, самбо күресі, қазақ күресі, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, футбол, бокс, баскетбол, ауыр атлетика) шұғылданады. Жаттықтырушы саны – 21 адам. Спорт мектебінің бөлімшелері Жосалы кенті Қармақшы ауылында жұмыс жасайды.
Қармақшы аудандық №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде   оқушылар спорттың 5 түрімен (дзюдо, самбо күресі, қазақ күресі, бокс, таэквондо) шұғылданады. Жаттықтырушы саны  – 11 адам. Спорт мектебінің бөлімшелері Төретам кенті, Иіркөл, Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал, Ақтөбе, Ақжар, Алдашбай ахун ауылдарында жұмыс жасайды.
Аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 20 алтын, 10 күміс, 11 қола медальды жеңіп алса. Азия чемпионатында аудан спортшылары 2 алтын медаль, Әлем чемпионатында 1 күміс медаль жеңіп алды. 
– Соңғы сұрағымыз, білімге қатысты болсын. Аудандағы білім саласының жетістіктерін айтып берсеңіз? Байқоңырдың балалары толықтай өзіміздің білім стандартына көшті ме?
– Қазіргі таңда білім мекемелерінде 1836 мұғалім жұмыс жасайды. Оның ішінде 99-ы – жоғары, 714-і – бірінші санатты, 440-ы – екінші санатты, 584-і санатсыз мұғалімдер. Олардың 1671-і – жоғары білімді, 165-і арнаулы орта білімді мұғалімдер. Ал жалпы алғанда, ауданда 13 465 оқушы білім алуда.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы келісімге сәйкес Байқоңыр қаласының қазақ тіліндегі білім беру ұйымдары Қазақстанның құзырына берілген болатын. Осыған сәйкес, Байқоңыр қаласының 5 орта, 1 бастауыш және 1 балабақшасы биылғы 2015-2016 оқу жылынан бастап өз еліміздің Білім стандартымен білім алуда. 6 мектепте 214 сынып, 4755 оқушы, 463 мұғалім, 152 әкімшілік қызметшілер мен 175 техникалық қызметшілер жұмыс жасауда. Байқоңыр қаласындағы білім ұйымдарына ағымдағы оқу жылына 982 млн 151 мың теңге бөлінді. Оның ішінде ұстау шығындарына 759 млн 886 мың теңге, кабинеттерді жабдықтауға 162 млн 170 мың теңге, 75 597 дана кітап сатып алуға 60 млн 95 мың теңге берілді.
«Балапан» бағдарламасы аясында да біршама жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда аудандағы 27 балабақша және 26 шағын орталықта – 3330, Байқоңыр қаласындағы 280 орындық балабақшада 250 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бөлінген қаржы көлемі – 79 млн 426 мың теңге. Оның ішінде ойыншықтар сатып алуға 2,5 млн теңге бөлінді. Өткен жылы Төретам кентінен 280 орынға арналған балабақша ғимараты пайдалануға берілсе, биылғы жылы Ақай ауылында 280 орындық балабақша  құрылысы пайдалануға берілді.Төретам кентінен 60 орындық 1 жекеменшік, Жосалы кентінен 340 орындық жекеменшік балабақша салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 3-6 жас аралығындағы бабалардың 97,4 пайызы балабақшамен қамтылып отыр. Биылғы жылдың аяғында балабақшамен толықтай қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар.

Сұхбаттасқан Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы
Қармақшы ауданы

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар