Бірлігі жарасқан аймақтың тірлігі тындырымды

/uploads/thumbnail/20170708203956046_small.jpg

Елде ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы сала өнімдерімен өзімізді неғұрлым молырақ қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы да көпке ортақ мәселеден шет қалған емес. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов аудан халқымен кездесіп, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. 
Әңгімеміздің басында айтып өткеніміздей, бұл аудан тұрғындары да ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, әлеуметтік  ахуалын көтеріп қана қоймай, ел экономикасына өз үлестерін қосуда. Мәселен, аудандағы «Амангелдi» ЖШС бүгiнде аяғынан нық тұрған кәсіпорын деп айтуға лайық. Белгілі кәсіпкер Нұрлан Құралов басқаратын кәсіпорын жұмысы  бірден дөңгеленіп сала берген жоқ, осы күнге дейін талай қиындықты бастан өткізді. Дегенмен, алға қойған мақсатқа жету үшін аянбай еткен еңбектің жемісі енді көріне бастады. Бүгінде кәсіпорын тек өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге де танымал. Олар өз өнімдерін Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжiкстан республикаларына да экспорттап келеді. Еңбекқор ұжым 2011–2015 жылдары алма, алхоры, шаб­далы, жүзiм және шие сияқты жемiс-жидектердi интенсивтi технология бойын­ша егудi қолға алып, жер көлемiн 500 гектарға жеткiзген. Қолда бар ресурстарды үнемдеу мақсатында 700 гектарға тамшылатып суару жүйесi енгiзiлген. Жеміс-жидек өсіру жұмыстарын жолға қойған  ұйымшыл ұжым қазір бидай, мақсары және өзге де дәндi дақылдарды өсiрумен айналысуға бет бұрды. Таяуда «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қолдауымен 2 мың тонналық жемiс-жидек және көкөнiс қоймасы салынған. Алып тоңазытқышта жемiс-жидектер ұзақмерзiмде сапасын жоғалт­пай сақталады. Бұл жиналған өнімнің ысырап болмай, тұтынушыға табиғи таза қалпында жетуіне үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Ең таңдаулы көшет сұрыптарын отырғызып, өнiм алып жүрген кәсiпорында шаруашылыққа қажеттi техникалар жеткiлiктi. 
Қазығұрт ауданының әкімі Болатбек Қыстауовтың айтуына қарағанда, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы еңбеккерлері тамшылатып суару әдісін  қолға алған. Қазірдің өзінде 1543 гектар ауыл шаруашылығы алқабына осы әдіс енгізілген. Жаңа әдістің тиімділігін  шаруалар да байқап, бірінен екіншісі –  үйреніп  келеді. Бау-бақша өсіруді қолға алып отырған тек қана «Амангелді» ЖШС емес, «Алтынтөбе» ЖШС те 500 гектар алқапты  жайқалтып отыр. Олар тамшылатып суару  әдісімен 20 гектар бау-бақшаны күтіп, баптап келеді. 
Аудан ауыл шаруашылығы ең­беккерлерінің алдында тұрған үлкен міндеттің бірі – суармалы  жерді ұлғайту мәселесі. Әсіресе, соңғы екі  жыл көлемін­де осы мәселеге баса назар аударылып отыр. Еткен еңбек нәтижесіз емес,  бүгінде 3790 гектар суармалы жер айналымға қосылды. 
Шаруалардың жұмысының өнімділігі үшін заманауи техникалар қажет-ақ. Техникаларды жаңарту жайы да көптен ойда жүрген мәселе болатын.  Ескі техникаларды жаңарту жайлы біраз жұмыстар жүргізілді. Бұрынғы 65 техниканың орнына осы жылдың алғашқы 9 айында соншама техника алынып, көзделген мақсат 100 пайызға орындалды. Біраз уақытқа дейін жөндеу жұмыстары мен қосалқы бөлшекті қажет етпейтін  су жаңа техникалар шаруалардың еңбек өнімділігіне оң әсер етері сөзсіз. 
Оңтүстік өңірдің ауа райы көкөніс өсіруге қолайлы-ақ. Еліміздің  өзге өңір­лері табиғи таза өнім болып саналатын оңтүстіктің  көкөнісін тұтынғанды жөн көреді. Осы күнге дейін ала жаздай  кө­көніске қарқ болып,  қыстай осы өнімді аңсап жүретіндер енді қуана берсе болады. Соңғы жылдары Қазығұрт ауданында жылыжайлар саны артып келедi. Солардың бiрi – Шарапхана ауыл округi, Жiңiшке елдi мекенiнде орналасқан Ләззат Жұбатованың жылыжайы. Жеке кәсiпкер 1 гектар аумақты құрайтын бұл нысанның құрылысына, жұмысын жандандыруға өз қаражаты есебiнен 45 миллион теңге жұмсаған. Қазiр көкөнiстердiң түсiмi 200-250 центнерге жетiп, екi айналымда өнiм алынуда. Табиғи дәрумендерге бай қияры мен қызанағы жайнаған жылыжайдың жұмысымен танысқан өңiр басшысы  Бейбіт Атамқұлов iскер кәсiпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлетiнiн жеткiздi. Ал аудан әкiмi Болатбек Қыстауов ауыл шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жалғасын табатынын атап өттi. 
Аудан халқын қыс айларында көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында жылыжай көлемі ұлғайып, 82,8 га жеткізілді. Ағымдағы жылға берілген 8 га жылыжай салу тапсырмасы 9 айда 8,18 га болып орындалып, олардан өндірілген өнімде артып, 102,3 пайызды құрады. Жылыжайларда өндірілген өнімнің 32800 тоннасы Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы сауда нүктелеріне жол тартты.
 Қазіргі таңда  ауыл тұрғындары 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасының шарапатын көре бастады. Дегенмен, ауызсу мәселесі осы  күні толығымен шешімін тапқан дей алмаймыз. Аудан аумағындағы 64 елді мекеннің 42-сі ауызсу жүйесімен қамтылған. Оның ішінде 16 елді мекенде 24 сағат бойы ауызсу берілуде. Ауданның 5 мыңнан астам тұрғыны бар Шарапхана ауыл округінде осы мәселенің біраз олқы тұстары болған. Елді мекендегі 18 көшенің 13-і ғана су жүйелерімен қамтылған. Қалған көшедегі 145 отбасы піспе құдықтардың суын пайдалануға мәжбүр. Шарапхана ауыл округінің  ауызсу жүйесінің жұмысымен танысқан облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлы бұл мәселенің үнемі басты назарда екендігін тілге тиек етті. Қазіргі күнде аудан аумағында 19 елді мекенде жерасты су қорларына іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша 107164,0 мың теңге бөлініп, 4 нысанда жұмыстар жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының  ауызсу  мәселесі алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз.
Соңғы жылдары  ауданда  мал басы  көбейіп келеді.  Бұған «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сынды мемлекеттік бағдарламалардың да игі   ықпалы тиюде. Мәселен, «Сыбаға»  бағдарламасы шеңберінде 800  бас аналық  мал алу тапсырмасы берілген болса, қазір 1100 бас аналық  мал сатып алынған. Тапсырма 137,5 пайызға орындалған. «Құлан» бағдарламасы бойынша биыл 280  бас аналық мал  сатып алу көзделген еді. Ал осы жылдың алғашқы 9 айының өзінде 351 бас аналық мал сатып алынды. Мұн­дай жақсы көрсеткішке «Алтын асық» бағдарламасы бойынша да қол жеткізіліп отыр. Осы бағдарлама бойынша 1500 мал сатып алу жоспарланған болса, қазір оның саны 1800-ге жетіп үлгерді. Бір кездері жайылым босап, көңіл құлазып қалғандай еді. Ал қазір қорамыз малға толып, елдің де еңсесі тіктеле түскендей. Мал көбейсе, ет, сүт өндіру де арта түсері сөзсіз. Малды бордақылау, оны сату жұмыстары да жүйелене бастады. Жыл басында ауданда 6 мың басқа жуық ірі қара мал 210 алаңда бордақыланса, есепті кезенде 530 алаңға жетіп, 8000 басқа жуық мал бордақылау жұмыстары жүргізуде.Демек, ет өндіру жұмыстары күннен-күнге қарқын алып келеді.  Бұл шаруаның дөңгеленіп сала беруіне мемлекеттің ет экспортын арттыру жайына жіті көңіл бөлініп отырғаны да оң әсерін тигізіп отыр. Егер жергілікті жерлерде ет өнімдері артар болса,  бұл ауқымды бағдарламаның оңтайлы шешімін табуына да себін тигізетіні сөзсіз. 
Ауданда мал шаруашылығы саласында  жұмыстарын жүйелеп,  өзгелерге үлгі болып жүрген шаруашылықтар баршылық.Соның бірі – «Қайып ата» ЖШС. Бұл шаруашылық мал бордақылау алаңын кеңейту мақсатында «ҚазАгроҚаржы»  АҚ қаржылай қолдау қорынан «RBK» банкке өтіп, 463 миллион  теңге несие алды. Осы қаражаттың арқасында бүгінде шаруашылықтағы мал басы 800-ге жетті. Жоспарды іске асыру мақсатында Шарбұлақ ауыл округі Ақбастау елді ме­кеніндегі бұрынғы ірі қара мал фермасы орнынан жер алып, 2013 – 2014 жылдары «RBK» банктен 470 млн теңге және 51 млн теңге өз қаржысынан қосып жалпы құны 521 млн теңге тұратын «Мал бордақылау» кешенін іске қосты. Аталған кешенде Ақбастау елді мекенінің 36 тұрғыны жұмыспен қамтылды. Оның 21-і тұрақты жұмыс істейді.  Олардың айлық жалақысы бүгінгі таңда орта есеппен 60000 теңгеге жетті. Алдағы уақытта тағыда 10 жұмысшы алу жоспарлануда. Өткен жылдан «Мал бордақылау» кешенінде ірі қара басы 3000 бастан, жылына 2 айналымда 6000 басқа жеткізілді. Былтыр ЖШС 1302 тонна ет өндіріп, өнімді Қазақстан аумақтарында және көршілес Өзбекстан Республикасына экспортқа шығарылды. Өндірілген өнімге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, әр келісіне 170 теңгеден жалпы 130 млн теңге субсидия төленді.  Бұл шаруаларды ынталандырып отыр. 
Ауданның даму бағдарламасына сай 2015 жылдың 10 айында тұрақты жұмысқа орналастыру, ақылы қоғамдық жұмысқа тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлары артығымен орындалды. Аудан көлемінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде, осы жылдың 10 айында 1800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. 1978 жаңа жұмыс орындары ашылып, жоспар 110 пайызға орындалды. Тұрақты және уақытша жұмысқа ор­наластыру жоспары 1080 адам болса, ол 1361 адамға жетіп, жоспар 126 пайызға орындалды. Ал ақылы қоғамдық жұмысқа 431 адам жіберу қаралса, оған 444 адам тартылды. Жұмыспен қамтуға бөлінген 19958,0 мың теңге қаржы толығымен игерілді. 
Қазығұрт ауданының әкімі Болатбек Қыстауов іскер азамат. Аудандағы атқарылып жатқан істер әркез оның бақылауында. Сондықтан қашанда нәтиже бар. Аймақ басшысы өңірде атқарылып жатқан істерге көңілі толды. Демек, бұл Қазығұрт ауданында қарқын­ды істердің барын көрсетеді.
Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға қанық болған облыс әкімі Бейбiт Атамқұлов іссапар соңында Жаңабазар елдi мекенiндегi Ардагерлер үйiне барып, ауданның аузы дуалы ақсақалдарымен кездестi. Республикаға танымал «Ардагерлер қымызханасында» қазыналы қариялармен жүздескен өңiр басшысы бiрлiгi жарасқан өңiр­дiң тындырымды тiрлiктерi мен алда атқа­рылар жұмыстары туралы ой қозғады.  

Дереккөз: "Айқын-ақпарат"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар