Атырауда медициналық қызмет қолжетімді

/uploads/thumbnail/20170708203958124_small.jpg

Аманбек Жұмыров, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
Әуелгі байлық – денсаулық. Ұлт саулығы – болашақ кепілі екенін Елбасы да жиі ауызға алады. Ана мен бала денсаулығы, қатерлі ісіктің, туберкулез ауруының алдын алу, медициналық-санитарлық алғашқы көмек жұмыстарын дамыта түсу – бүгінде күн тәртібінде тұрған жұмыстар. Осы орайда, Атырау өңіріндегі қызметкерлердің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Аманбек Жұмыровпен сұхбаттасқан едік. 
– Қазір медициналық-санитарлық алғаш­қы көмек көрсетуге басымдық берілуде. Аты­рау облысында аурудың алдын алумен айна­лысатын мұндай мекемелер жеткілікті ме?
– Облыстың мемлекеттік денсаулық сақ­тау жүйесінде 121 медициналық-сани­тарлық алғашқы көмек (бұдан әрі МСАК) ұйымы жұмыс істейді. Олардың арасында 55 дәрігерлік амбулатория, 6 ФАП, 46 медпункт, 7 қалалық емхана мен 7 аудандық емханалық бөлімше бар. Осы ұйымдардың барлығы және тағы бір жеке медициналық ұйым облыс бойынша тұрғындарға «тегін медициналық көмектің кепілді көлемі» шеңберінде медициналық қызмет түрлерін көрсетуде. Мысалы, 2014 жылы амбулато­риялық-емханалық көмек ұйымдарында 3 млн 650 мың адам (2013ж. – 3 млн 480 мың) қаралған, 2013 жылмен салыстырғанда, қа­ра­лушылар саны 5 пайызға артқан. 16 дер­бес мемлекеттік МСАК ұйымдарының 14-і (87,5%) шаруашылық жүргізу құқығына ауыстырылған.
2015 жылға жоспарланған МСАК дең­гейінде ана мен бала өлімін болдырмау, өкпе туберкулезін ерте анықтау деңгейін 70,6 пайызға, сыртқы белгілері бар қатерлі ісік түрлерін ерте анықтау деңгейін 90 пайыз­ға дейін арттыру, қан айналымы жүйе­сі ауруларынан асқынулармен госпита­лиза­циялау деңгейін 53 пайызға төмендету, қызмет көрсету сапасына негізді шағым­дарды мүлдем болдырмау түпкілікті нәтиже индикаторларын орындау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
–Алдын алу шараларының бірі – скри­нингтік тексеру. Мұндай профилактикалық тексеруде ауыл тұрғындары қаншалықты бел­сен­ділік танытады?
– 2011 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан Ұлттық скринингтік бағдарлама не­гізінде тұрғындардың жекелеген топ­тарына профилактикалық тексеру жұмыстары жүр­гі­зіліп жатыр. Ұлттық скрининг жүйесі бо­йынша сырқаттың алдын алу мақсатымен бала­ларды тексеру, ересектердің глаукома, қант диабеті, жүрек-қан айналымы ауруын, тікішек, өңеш және асқазан, қуық асты безінің қатерлі ісіктерін, әйелдердің сүт бездері, жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында белгілі бір жас тобындағы адамдарға медициналық тек­се­ру­лер, анықталған ауруларды есепке алу, сауықтыру жұмыстары жүргізілуде. 
2014 жылы облыс бойынша 316 818 адам скринингтік тексерулерден өтті. Нәти­же­сін­де, 19 845 науқас (6,3%) анықталып, оның ішінен 10 704-і (54%) есепке алынды. 
2015 жылдың 9 айы ішінде осы жылға жоспарланған 402 022 адамның 219 395-і (54,6%) тексеруден өтті, анықталған науқас саны 10953 (3,8%) адам, оның ішінде 3814 (34,8%) адам есепке алынды. Биылғы скринингтік тексеру жоспарының ішінде селолық тұрғындардың үлесі – 50 пайыз.
– Облыста медицина саласының маман­дары жеткілікті ме? Қанша медициналық ме­кеме жұмыс істейді? 
– Облыс бойынша мемлекеттік ден­саулық сақтау жүйесінде 166 медициналық ұйым бар, оның ішінде 11 облыстық, 19 қалалық,136 селолық жерде (29 стацио­нарлық ұйым, құрамында 55 дәрігерлік амбулатория, 6 ФАП, 46 медпункті бар, 7 қалалық емхана мен 7 аудандық емханалық бөлімшелер, 12 басқа ұйымдар). 
Өңірдің денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің бірі – дәрігер кадр­лар­дың жетіспеушілігі. Атырау облысы бойын­ша қазіргі уақытта 144 дәрігер жетіспейді. Оның 97-і (67%) қалалық жерде орналасқан медициналық ұйымдарға, 47-і (33%) – ауыл­дық ұйымдарға қажет. Біздің салаға жалпы тәжірибе дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар, неонатологтар, фтизиатрлар және т.б. дәрігерлер аса қажет. 
Соңғы 4 жылда 175 дәрігер келіп жұмыс­қа орналасты, оның ішінде 105-і – жас ма­ман­дар, 60-ы – шақыртумен келгендер. 2015 жылы 20 жас маман келіп, жұмысқа ор­на­ласты. Дәрігер кадрлардың жетіспеуші­лі­гі мәселесін шешудің белсенді шаралары­ның бірі – мамандарды тұрғын үймен қам­та­­ма­сыз ету. Соңғы жылдардағы облыс бюд­жеті­нен ауылдық жерлерде тұратын дәрі­гер маман­дарды тұрғын үймен қамту бағытында жасалып жатқан шаралар ма­ман­дардың тұ­рақ­тап, дәрігер жетіспеу­ші­лігін төмендетуге зор қолдау болуда. Айта ке­тейін, дәрігер же­тіспеушілігі соңғы 3 жылда 30%-ға азайды. Облыстағы бюджет­тік мекемелерде жұмыс істейтін, оның ішін­де денсаулық сақтау ұй­ымдарының маман­да­ры­на жергілікті бюд­жеттен пәтер­лер беріліп жатыр. 2014-2015 жылдары Атырау қала­сындағы меди­цина­лық ұйымдарда жұмыс істейтін 29 маманға қызметтік пәтер беріл­се, аудандардағы ден­саулық сақтау ұйым­дарында жұмыс істеп жүрген 35 дәрі­гер мен 12 орта медицина қыз­меткерлері қызметтік пәтерге ие болды. Соңғы 2 жылда ауыл­дық жердегі денсаулық сақтау ұйым­да­рына жұ­мысқа барған 89 маман «Дипломмен – ауыл­ға» мемлекеттік бағдарламасы бо­йын­­ша кө­терме жәрдем­ақы, 25 маман тө­мен пай­ыз­ды тұрғын үй несиесін алса, 2015 жыл­­­дың 7 айы ішінде 12 маман көтерме жәр­демақы және 5 маман тұрғын үй нес­иесін алды. 
– Бас партияның «Ардагерлерді ардақ­тайық», «Кедергісіз келешек» жобалары бо­йын­ша өңірде қандай жұмыстар атқарылуда? 
– Облыстағы амбулаториялық-емха­налық ұйымдарда Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен 65 жастан асқан азамат­тарды үнемі медициналық қызметпен қамту іс-шаралар жоспарына енгізілген. 
2014 жылы диспансерлік есепте болған 96 Ұлы Отан соғысының мүгедегі мен қатысушылары 100% кешендік медици­на­лық тексерумен және стационарлық емдеу­мен қамтамасыз етілсе, санаторлық-курорт­тық еммен 25 адам қамтамасыз етілді. 
Облыстағы барлық медициналық ұйым­дар мүмкіндігі шектеулі жандардың меке­ме­лерге кедергісіз кіріп-шығуы үшін пан­дус­­тармен жабдықталған.
– Медицина саласындағы жаңа­лық­тар­дың бірі – елімізде жалпы тәжіри­белік дәрігер (отбасылық дәрігер) қызметі енгізілді. Бұған қатысты сан түрлі пікірлер де айтылды. Қазір облыс мұндай жүйеге ауысты ма? Отбасы дәрі­герлері бар ма? 
– Облыстың МСАК ұйымдарында жал­пы саны 622 дәрігер, 1995 орта медицина­лық қызметкер қызмет етсе, оның ішінде учас­­ке­лік қызметте 222 дәрігер, 523 орта ме­ди­циналық қызметкер жұмыс істеп жатыр.
МСАК ұйымдарындағы дәрігер лауа­зымдарының толықтырылу (укомплек­то­ван­ность) көрсеткіші 78,6 пайыз болса, орта медициналық қызметкерлер лауазымдары­ның толықтырылу көрсеткіші – 90,2 пайыз. Учаскелік қызметтегі жалпы тәжірибе дәрігерлерінің үлесі 70 пайыз, сонымен республика бойынша алдыңғы лектеміз.
– 2011-2015 жылдарға арналған «Сала­матты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар атқарылды және алдағы жылдары қандай жұмыстар күтіп тұр? 
– Денсаулық сақтау қызметіндегі басты көрсеткіш – азаматтардың өмір сүру ұзақ­тығының өсуі болса, соңғы 3 жыл ішінде облыс азаматтарының өмір сүру ұзақтығы 2,2 жасқа ұзарып, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2015 жылға бел­гі­леген меже 70 жастан асты. Қазіргі уақыт­та облыс тұрғындарының жасы 71,8 жасқа жетеді (ҚР бойынша 71,62 жас).
Облыстың денсаулық сақтау саласында 2014 жылдың қорытындысын 2013 жылдың қорытындысымен салыстырғанда, келесі­дей оң өзгерістер байқалды: демографиялық көрсеткіштер оң динамика көрсетіп, ана мен сәби өлімі тұрақтады. Негізгі денсаулық сақтау көрсеткіштеріне келсек: алғашқы аурушаңдық, туберкулез, қан айналымы жүйесі ауруларының және осы аурулардан өлім көрсеткіштері төмендеді.
Облыс халқы өлімінің негізгі себептерін зерттесек, 1 орында – қан айналымы жүйесі аурулары (21,3%), 2 орында – қатерлі ісік аурулары (15,0%), 3 орында – жарақаттану мен уланушылық (11,0%) тіркеліп отыр.
Ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған бірнеше тапсырмалар негізінде атқарылар жұмыстардың көлемі ауқымды. Алдағы уақытта да халыққа көрсетілетін медици­на­лық қызметтің сапасын және емдеу меке­мелерінің материалдық-техникалық база­сын одан ары жақсарту бағытындағы іс-шаралар өз жалғасын табады.
 
                                   Облыста күрделі  операциялар да жасалады
 
Атырау облысының медициналық ұйымдарында соңғы 4-5 жылдан бері бұрын тек республикалық клиникаларда жасалатын жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрлеріне жататын операциялар жасалуда. Жыл санап, облыста жоғары мамандандырылған ота түрлерін көрсететін медициналық ұйымдар саны да, жоғары білікті медициналық көмек түрлері де артып келеді. 
Ол үшін қажетті қондырғылар алы­нып, республикалық орталықтардан білікті мамандар шақыртылып, жер­гілікті мамандар білімдерін арттырған. 

Қазіргі уақытта 7 медициналық ұйым, оның ішінде 2 жеке мекеме жоға­ры кәсіби мамандандырылған операция түрлерін жасайды. Жыл басынан бері облыста жасалған жоғары мамандан­ды­рылған операциялардың саны былтыр­ғы жылмен салыстырғанда 1,4 есе өсіп отыр. Оның ішінде: ашық жүректе қан тамырларын ауыстыру, бітелген қан тамырларын ашып, стенттеу, жүрек та­мырларын рентгенмен зерттеу, қатары­нан 3 немесе 4 қан тамырын аортокоро­нарлық шунттеу (ұштастыру), туа біт­кен, кейін пайда болған жүрек кла­пан­дарын ауыстыру (вульвопластика клапанов сердца), тізе-жамбас буында­рын толығымен ауыстыру, дене құрылы­сына зақым келтірмей, шағын тесіктер арқылы ішкі құрылысқа операция жа­сау, күрделі гинекологиялық опера­ция­лар, көз қарашықтарын (хрусталиктерін) ауыстыру, көздің лазерлік операциялары жасалуда. 
Облыстық денсаулық сақтау басқар­масы арқылы жоғары мамандан­дырыл­ған медициналық көмек алуға 1261 сұраныс түскен, оның 1047-сі ауруханаға жатқызылған. 
Мақсат – халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділік деңгейін көтеру. Пациенттерді қолдап, арыз-шағымдардың көлемін азайту үшін медициналық қызметтердің қауіп­сіздігі мен сапасын қадағалайтын ар­найы ішкі аудит жүйесі құрылған. Ішкі аудит жүйесі қызметкерлері тұрғын­дар­дың арасында емхана жұмысын бағалау үшін сұрақнамалар жүргізуді, пациент­тердің сапалы және қауіпсіз медици­налық қызметтермен қамтамасыз еті­луін, пациенттердің құқықтарын қорғау, медициналық этиканың сақталуын бақылау жүргізуді ұйымдастыруда. Сенім телефоны, емхана сайты, арыз-шағым жәшіктеріне түскен хаттардың тез арада шешімін табуды қолға алған. Медициналық қызметтің сапасына ішкі және сыртқы сараптау жүргізу жөніндегі жоспары бекітілген.
 
                    3 жылда 23 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді
 
Соңғы 3 жылда Атырау облысының аумағында 23 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 19 нысан «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емханалар» бағдарламасы бойынша берілген. 

Былтырғы жылы облыстық бала­лар ауруханасы толық қайта жарақ­тандырылудан өтіп, жаңа хирургиялық корпус салынды. Одан басқа, респуб­лика бойынша алғашқы типтік жобаға жататын ЖИТС (СПИД) орталы­ғы­ның жаңа ғимараты және жергілікті бюджет есебінен Махамбет ауданынан ауысымына 25 келушіге арналған  1 амбулатория салынған. 
Биылғы жылы Индер ауданында ауысымына 100 келушіге арналған емхананың құрылысы аяқталып пай­далануға берілсе, жыл соңына дейін осындай емхана Геолог по­сел­кесінен берілмек екен. Сондай-ақ 180 кер­еу­ет­тік облыстық инфек­циялық ауру­ха­наның құрылысы аяқталмақ. 
 
                                                         Статистика сөйлейді:
Атырау облысының денсаулық сақтау саласында 2014 жылдың қорытындысын 2013 жылдың қорытындысымен салыстырғанда, оң өзгерістер байқалды:
– демографиялық көрсеткіштер (1000 адамға шаққанда) тұрақты болды: туу мен табиғи өсім көрсеткіштері былтырғы деңгейде қалып, 28,6 мен 22,4 болған. Жалпы өлім көрсеткіші 5,0 пайызға төмендеген, көрсеткіш – 6,1. 
– ана өлімінің көрсеткіші (100 мың тірі туылғандарға шаққанда) 76 пайызға төмендеді; 
– сәби өлімі 16,8%-ға төмендеді, 
– алғашқы аурушаңдық көрсеткіші 1,4 пайызға төмендеді, 
– туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 6,4 пайызға төмендеді,
– туберкулезден өлім көрсеткіші 30 пайызға төмендеді, 
– қан айналымы жүйесі ауруларының көрсеткіші 6,6%-ға төмендеді, – қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім көрсеткіші 23%-ға төмендеді, 
– қатерлі ісік ауруларының көрсеткіші 5 пайызға өскен,
– қатерлі ісіктен өлім көрсеткіші 3,4 пайызға төмендеді, 
– сәбилер өлім-жітімі 12 пайызға төмендеді.
Демографиялық көрсеткіш тұрақты. Туу мен табиғи өсім көрсеткіштері былтырғы деңгейде қалып, жыл басынан бергі халық санының өсу қарқыны 1,3 пайыз болған.
 
                     Ана мен баланың денсаулығы – қашанда дәрігер назарында
 
Өңірде ана мен сәби өлімі көрсеткішін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сәби өлімі көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. 
Атырау облыстық перзентхана база­сын­да соңғы 6 жылдан бері жылына 2 рет Литва Республикасынан тәжірибелі ма­ман­дар келіп, акушерлік және неона­тология тақырыптарында семинарлар, шеберлік-сыныптарын өткізуде. Ана мен бала ұлт­тық ғылыми орталығынан кура­тор ма­ман­дар методикалық және практи­ка­лық көмек көрсетіп келеді. Республи­ка­­лық және облыстық ұйымдардағы тә­­жі­рибелі мамандардан ауыр жағдай­дағы әйелдер мен балаларға кеңестер алыну жолға қойылған. 

2014 жылы облыстық балалар ау­руха­насы толық қайта жарақтандырылудан өтсе, биылғы жылы облыстық перзент­ха­на­ға күрделі жөндеу жүргізіліп, перзент­хана базасынан перинаталды орталық ашылды. 
Айта кету керек, облыс аумағында 2014-2020 жылдарға арналған тубер­ку­лез­бен күресу жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Жылжымалы флю­оро­қондырғылар арқылы облыстың шал­ғай елді мекендерінде тұратын тұр­ғындар тексеріспен қамтылуда.
Биылғы жылдың 8 айы ішінде әлеу­мет­тік қамсыздандыру бөлімдері арқылы облыс бойынша 63 науқасқа жалпы сомасы 1,5 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Қазір емдеуге жатқызу портал арқылы жүзеге асады. Портал бағдарла­масы – бұл тегін медициналық көмектің кепілді көлемі негізінде бірыңғай элек­трон­ды тіркеу жүйесі, есепке алу, өңдеу және жоспарлы түрде ауруханаға нау­қас­тарды жолдау. Қазіргі таңда өңірлік ем­деу­ге жатқызу бюросы – Портал бағдар­ламасы бойынша 38 медициналық меке­ме, оның ішінде 15 аурухана және 23 емхана жұмыс істейді. Емханалардың медицина қызметкерлері аурухананың бос төсек орны туралы, науқастарды жос­парлы ауруханаға жатқызу үшін күту парағы мен науқастардың ауруханаға жатқызылғаны туралы күнделікті ақпа­рат ала алады. 
2015 жылдың 6 айында «Емге жатқызу бюросы» порталына 13 356 сұраным түс­кен, оның ішінде 7701 селолық жердегі тұрғындардан болған. Барлық болған сұранымның 92,6 пайызы ауруханаларға жатқызылған. 
 
                                     Заманауи құрал-жабдықтар алынды
 
Соңғы 5 жылда облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының көлемі 1,6 есе артып отыр. Аймақтың денсаулық сақтау саласында көптеген емдеу орындары салынып және оған қажетті құрылғылар сатып алынған.

Атап айтқанда, соңғы жылдары көп­теген мемлекеттік емдеу мекемелері бюд­жет және демеушілік көмек арқылы қазір­гі заманғы құрылғылармен жаб­дық­талған. Облыстық онколо­гия­лық дис­пан­сері мен облыстық балалар ауру­ханасы соңғы үлгідегі 64 тілімді (срезный) томографпен жабдықталса, облыстық кардиологиялық орталығына 128 тілімді томограф алынған. Сондай-ақ, кардио­логиялық орталығына экс­перт класты УДЗ (УЗИ) аппараты, арит­мологиялық ауруларды жоғары дең­­гейде анықтауға мүмкіндік беретін ЭФИ лаборатория кондырғылары са­тып алын­са, облыстық аурухана мен онколо­гиялық диспансер­лерге де экс­перт кластағы УДЗ (УЗИ) ап­­параттары мен ас қорыту орган­дары­ның ауруларын ерте анықтайтын қазіргі заманғы фибро-гастро-дуодено коло­носкоп, цинктелген маммограф қон­дырғылары алынды. 2014 жылы облыс­тың медици­налық ұйымдарына барлығы 39 автокөлік, оның ішінде 14-і жедел жәрдем қызметіне алынса, 2015 жылы Атырау қалалық жедел жәрдем станция­сына 20 арнайы автокөлік алынған.
 
                                         Жедел жәрдемдегі жаңа жүйе 
 
Атырау қаласында 2013 жылға дейін тек 13 бригада жұмыс істесе, қазір 25 жедел жәрдем бригадасына қаражат бөлінді. 

Атырау қаласының жедел жәрдем станциясы қызметінің тиімділігі мен жеделділігін арттыру үшін 2014 жылы диспетчерлік пультті басқаруды автоматтандыру жүйесі енгізілген. Былтырғы жылы облыс бойынша жедел жәрдем қызметіне 15 арнайы автокөліктер сатып алынса, биыл Атырау қалалық жедел жәрдем станциясына жергілікті бюджет есебінен 20 автокөлік сатып алынды. Қалада орналасқан жеті емханаға жедел жәрдем көмегін көрсетудің арнайы бағдарламалық кешендері орнатылып, күндізгі жұмыс уақытындағы кейбір шақыртулар емханаға жолдануда. Емханалар арнайы бригадалармен осы шақыртуларды өздері қарайды. Жедел жәрдем бригадаларының барлығы радиобайланыспен, GPS навигациясымен қамтылған. 

Дереккөз: "Айқын-ақпарат"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар