Баламасы жоқ тоқыма фабрикасы

/uploads/thumbnail/20170708203959014_small.jpg

Ел ішінде жеңіл өнеркәсіптің таптырмас шикізатына пайдаланатын төрт түлік мал жүні өңделмейтіні ақиқат.
Сан жылдар бойы мал шаруашылығын шығынға батырып, өңделмей қоқысқа тасталатын мал жүнін халықтың игілігіне пайдалану үшін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов аймаққа басшы болып тағайындалған сәтте-ақ ауқымды жобаны жоспарлады. Нәтижесінде, «Caspiy Lana Atyrau» түйе және қой жүнін өңдеу және тоқыма фабрикасы ағымдағы жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілетін болады. Елімізде толық қуатына қосылатын баламасы жоқ жаңа жобаны жеке кәсіпкер Әлімжан Балжігітов «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік қорпорациясының қолдауымен жүзеге асыруда. 
Өзге аймақтарда жоқ жобаны жүзеге асыруға тәуекел еткен кәсіпкер Әлімжан Қапанұлының айтуынша, желтоқсан айын­да пайдалануға берілуі жоспарланған фабрикада алғашқы кезеңде 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүні өңдеуден өткізіледі. Тарқатып айтқанда, малдың жүнін алғашқы өңдеу кешені 2 цехтан тұрады. Біріншісі – малдың жүнін жуып-тазалау, бояу, екіншісі – тазаланған жүнді тарап, түбітін алу. Түйе мен қой жүнін өңдеу және тоқыма фабрикасы туралы сөз қозғалғаннан-ақ, облыс орталығы мен жеті аудан халқы түйе мен қой жүнін жинап, фабрикаға өткізуге дайындық жұмыстары басталып кетті. Алғашында бастапқы өңдеу сатыларынан өткен шикізат тоқыма цехына жөнелтіледі. 
«Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен текстиль саласында жылына 400 мың жұмсақ жамылғы көрпе шығарамыз. Келесі кезеңде бұл жұмыстар күрделеніп, нарыққа бейім өнім түрлерін көбейту мақ­сатымыз бар. Осы жобаны сараптау кезінде біз, трикотаж бұйымдарын шы­ғаратын цехымызға лайық маман­дардың облыста жоқ екенін білдік. Трикотаждан өнім шығару өте күрделі жұмыс екен. Де­генмен біз трикотаждан костюмнен бас­тап шұлыққа дейін сапалы өнім шығаруға бел буып отырмыз. Биылғы оқу жылына Мәскеудегі университетке 8 адамды оқуға жібердік. Олар оқудан тыс кезде фабри­камызға келіп, Мәскеуден өткен практи­калық тәжірибелерімен бөліседі әрі оқуды аяқтаған соң кәсіби маман болып ысылып келер деген үмітіміз бар. Фабрика пайдалануға берілген соң, жергілікті жер­ден 150 адам жұмысқа қамтылады деп бол­жап отырмыз» деген Әлімжан Қапан­ұлы ағымдағы жылдың желтоқсан айында фабриканы іске қосуға қауырт жұмыс жүруде деді. Нақтысында, қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы аяқталған. 
Жүн жуу цехына құрал-жабдықтар алуға «QingdaoYuanQuanMachineryCO» компаниясымен, тоқыма цехы үшін жаңа технологияны жеткізуге итальялық VICOTEXSRL компаниясымен келісімшарт жасалған. Жеңіл өнеркәсібі қарқынды дамыған шетелдердің білікті мамандары кеңесші ретінде тартылады. Қазірдің өзін­де Атырауда бастапқы өңдеуден өткізілетін жүнге Ресей, Қытай және Моңғолия елдерінің қызығушылығы байқалып отыр. Сонымен бірге Еуропа елдері техноло­гиясымен киім тігуді қолға алу жолдары қарастырылады. Осыған байланысты Франция, Италия және Бельгия секілді елдердің жетекші мамандарынан кеңес алу аталған жобаның сәтті жұмыс істеп кетуіне үлесін қосары сөзсіз. 
 Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхам­бетов баламасы әзірге жоқ фабрика өнім­дері­нің бәсекеге қабілетті болатындығына сенімді. Алғашқы тапсырысты тоқыма фабрикасын құрал-жабдықтармен қамты­ған итальялықтардың өздері жасап, то­қыма фабрикасының алғашқы өнімдерін жеткізіп беруге өтініш білдірген. 
– Аудандарды аралағанымда мәслихат депутаттары ауылшаруашылық тауар­ларын өндіру мен жүн өңдеу мәселесін жиі көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жолдаған еді. Бұл жоба Үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму бағдарламасы бойынша қолға алынды. Облыста түйе басы көбею­де. Қазір 60 мыңдай түйе бар. Бұдан басқа, Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыста­ры мал жүнін жеткізуге уәде беріп отыр. Маңғыстау облысында 70 мыңдай түйе бар. Бірақ қос өркешті түйелердің жүні ақ және түбітті боларын ескеріп, бола­шақта ақ түсті әрі қос өркешті түйелер санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – деген облыс әкімі Бақтықожа Салахат­динұлы фабрика келер жылы толық қуатына шығады деп сеніммен айтты.

Дереккөз: Айқын-ақпарат

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар