Талшықты желіге бай өңірдің байланысында шектеу болмайды

/uploads/thumbnail/20170708203959874_small.jpg

Аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетов ауыл шаруашылығы саласы бойынша пайдалануға берілген жобалар мен жыл аяғында пайдалауға берілетін нысандарды аралап, ағымдағы жылдың екінші жартысында пайдалануға берілген талшықты-оптикалық кабель шығаратын зауыттың да қызметін көруге барды. 
Қазіргі заманда айшылық жерден жылдам хабар жеткізуге мүмкіндік беріп отырған байланыс саласында кабельдің озық үлгісін шығарудың бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Осы орайда Атырау қаласында пайдалануға берілген оптикалық-талшықты кабель шығаратын жаңа зауытты мамандар бірегей жоба деп бағалап отыр. 
Қазақстанда баламасы жоқ жобаны жүзеге асырушы «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС-ның бас директоры Семен Хванның айтуынша, Қазақстанда кабель өніміне сұраныс өте жоғары. Жаңа зауыт әзірге Қазақстандағы бүкіл сұраныстың 30 пайызын жабуды жоспарлап отыр. 
Кәсіпорын үшін жабдықтар Қытай, Ре­сейден сатып алынған. «Біз ондаған мил­лион доллар тұратын еуропалық жабдық­тарды сатып ала алмаймыз. Өйткені шы­ғын­ның орнын өтеу мен қаржыны қайтару мәселесі бар. 
Оның үстіне біз осы келешегі бар ба­ғытта жұмыс істеуді енді ғана үйреніп жатырмыз. Біздің пайымдауымызша, оптикалық-талшықты кабель бойынша қытайлық жабдық тұрақты түрде 5 жыл бойына жұмыс жасай алады. 
Содан кейін жабдықтың өзі техникалық параметрлерге әсер етпейді. Бұл жердегi маңызды нәрсе – материалдардың сапалы­лығы. Егер материал сапалы болса, онда кабель де соған лайық болады. Ал материал­дарды біз Еуропадан, АҚШ-тан, Жапо­ния­дан ал­дырып қолданамыз – бұлар полиэ­тилен, бояғыштар, талшықтың өзі. Ал өнімнің өзіндік құны бойынша тіпті Ресей өндіру­шілерінен күрт айырмашылықта болмай­мыз деп ойлаймын» деген бас ди­ректор С.Хван өздерінің өнімдері арқылы Қытаймен бәсекелес бола алатын мүмкіндік барын айтып отыр. 
Зауыт басшылығы қазіргі негізгі тұтыну­шы «Қазақтелеком» АҚ екенін айтып отыр. Бұдан басқа «Қазтранском», «Трансте­ле­ком», «Алма ТВ» және құрылыс компания­ларына зауыт өнімін пайдалану туралы келісімге келу жоспары бар. Қазіргі таңда байланыстың жылдамдығы, интернеттің сапалы әрі жылдамдығы талап етілген заманда озық технологияға сұраныс көп. Сондықтан қазір байланыс, белгі беру саласы мысты кабельді талшықты-опти­калық талшықты түріне ауыстыру жұмыс­та­рына көшуде. Зауытта жергілікті маман­дардың жұмыс істеуі басты назарға алынған. Соның нәтижесінде, Атырау мұнай-газ институты, С.Мұқашев атындағы политех-никалық колледжі түлектерін сынақтан өткізу арқылы жұмысқа орналастыру бір жүйеге қойылған.
Жалпы, зауыт өнімін тұтынушы маман­дар өңірде талшықты-оптикалық кабель өндірісін дамыту жобасы бойынша жаңа зауыттың ашылуын зор жетістік және тех­нологиясы жағынан бірегей деген тоқтамға келді.
Ерсайын Дүйсемалиев, «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық телекоммуника­ция­лар дирекциясының басшысы: 
– Атырауда талшықты-оптикалық ка­бель шығаратын зауыттың ашылуы еліміз­дің телекоммуникация саласы үшін маңыз­ды­лығымен ерекшеленеді. Өйткені қазіргі заманғы телекоммуникацияны оптикалық байланыс жүйесінсіз елестету мүмкін емес. Тал­шықты-оптикалық бай­ланыс жүйесі ақпаратты тарату жүйесі бо­йынша қазіргі заманғы қоғамда ең маңыз­ды рөлді ат­қа­ру­да. Телекоммуни­кацияның жаңа жүйесі құры­лысында «Қазақтелеком» АҚ талшық­ты-оптикалық кабельді кеңінен пайда­ла­нады. Біздің өңірлік қызметімізде жылына 2500 шақырымдық оптикалық кабель қа­жет­тілігі бар. Мемлекет басшысы Н.На­зар­баев­тың ел экономикасын қар­қынды да­мыту, отандық өнімді қолдау ар­қылы оның дамуына үлес қосу туралы бәсекеге қабілетті ету тапсырмасына сай, «Қазақтелеком» АҚ-тың Атырау облыстық телекоммуни­кациялар дирекциясы «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС-мен әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Жалпы, талшық дайындау – жоғары технологиялық өндіріс. Оны жүзеге асыруда кез келген компания тәуекелге бармайды. Өйткені оның негізі әйнек шыны, бәрі де оның тазалығына байланысты. Ал өткізу қабілеті берілетін сигналдың сапасы мен жылдам­дығына әсер етеді. Талшықты кабель бо­йын­ша жарық сигналы, лазер сәулесі өтеті­нін айтуымыз керек. Сапалылығына сай жыл­дамдығы өте жоғары. Бұдан басқа, мыс кабельмен са­лыс­тырғанда оптикалық кабель тал­шық­ты жағалай бірнеше канал­дар ұйымдас­тыруға болатыны үшін жоғары өткізу қабі­летін қамтамасыз етеді. Осы се­бептерді жан-жақ­ты талдау арқылы тех­но­ло­гиясы жағы­нан бұл зауыт бірегей деп айтуға негіз бар. Бұған дейін біз кабельдерді Қарағанды зауы­тынан алып келдік. Енді өзіміздегі зауыттың тұрақ­ты тұтынушысы боламыз.
 Мамандардың сараптамалы пікірлеріне сай, елімізде әзірге баламасы жоқ зауыттың Атырауда ашылуы ең алдымен батыс өңір­лерге тиімдірек болатыны сөзсіз. Өңірлік индустрияландыру картасы, қала берді, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарла­масы аясында жүзеге асырылып отырған бұл жоба мемлекет тарапынан 7 пайыздық субсидиялау жолымен, екінші деңгейлі «RBK BANK» мекемесі арқылы қаржылан­дырылуда. 
Кәсіпорынның жобалық құны 715 млн теңге. Бастапқыда бір ауысымдық әдіспен жұмыс істеу кезеңінде мұнда жалпы ұзын­дығы 5000 шақырымдық кабель шығары­лып, 50-ге тарта адам жұмыспен қамтылады. Зауыт толық қуатына қосылғанда, үш ауысымдыққа көшкенде, бұл көрсеткіш 11 мың шақырымға дейін көбейіп, жаңадан жұмыс орындары ашылады. 
2017 жылға жоспарланған жобаның екінші кезеңінде зауытта құрамына мыс қосылған кабель шығару мүмкіндігі бар жаңа желі іске қосылады. Сәйкесінше жұ­мыс қуатының артуына сай жұмысшы мамандардың да қажеттілігі артады. Тал­шық­ты-оптикалық кабель зауыты туралы мамандардың пікірінше, тек қана пайдаға жұмыс істейтінімен ерекшеленеді. Өйткені жоғарыда айтылғандай, қазіргі күні ақпарат алмасу, байланыс жүйесі жылдамдықты қажет етеді. Ал ол жылдамдықты талшық­ты-оптикалық кабель сапалы ұсына алады. Сайып келгенде, елімізде жоғары техноло­гиялы зауыттың болуы – бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосатын ұтымды жоба. Біз мұндай жетістікке елімізде жүзеге асып отырған Үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қол жеткізіп отырмыз.
Өңірде индустрияландыру картасы аясында іске асырылған жаңа жобалардың бір парасы осындай. Әсіресе, ауыл шаруа­шылығы саласына тың серпін берген жоба­лар алдағы уақытта жалғасын табарына мы­­салдар жеткілікті. Ең маңыздысы – Аты­­раудың ауыл шаруашылығы саласын кешенді дамытуға арналған жобалар сәтті жүзеге асуда. 
Атырау облысы әкімі Бақтықожа Із­мұ­хам­бетовтың қатысуымен ұйымдастырыл­ған облыс әкімдігі баспасөз қызметінің бас­пасөз турының қорытындысында аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетов еліміздің өзге өңірлеріндегідей, біздің облысымызда да бірінші бесжылдықтың жоспарына ен­гізілген іс-шара толықтай жүзеге асырыл­ға­нын айтты. 
– Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму мемлекеттік бағдарламасы аясын­да облысымызда сан-салалы жобалар іске қосылып, қай салада да өндірістің өрлеп, істің ілгері басуына тың серпін берілді. Елбасының мемлекеттік бағдарламалар бойынша тапсырмасын орындауда біз өңірде 5 бағытта инновациялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. 
Олар – мұнай өнеркәсібі, өндіріске жұмыс істеу, үй және өндірістік құрылыстар, фармацевтикалық дәрі-дәрмектер шығару және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағыттарында жүзеге асып жатқан жобалар. 
Мұнай өнеркәсібінде істеліп жатқан жұмыстар көп. Жасыратыны жоқ, өңірдің климатына, яғни табиғаты мен жерінің қүнарлылығының төмендігіне байланысты ауыл шаруашылығы саласы дамуы кен­желеп қалды. Міне, төрт жылдай болды, біз қолда барды жұмсап, көптеген жобаларды жүзеге асырдық. 
Оның ішінде елімізді айтпағанда, ТМД елдерінде жоқ жобалар бар. Мәселен, «Сарайшық» асыл тұқымды ешкі шаруашы­лығы» ЖШС-сын көруге, оның ерекшелігін білуге көпшілік қызығушылық танытады. Ақиқатында, оны республикамыздағы аса маңызды, аса керек азық-түлік саласын өңдірудегі ең ерекше жоба деп есептеймін. Ана сүтін алмастыратын тек ешкі сүті ғана екенін ескерсек, бұл жобаны сәтті жүзеге асырғанымыз оң болды. Табиғи таза өнім, – деген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдин­ұлы «Атырауда елуден астам тағам өзімізде өндіріледі. Соның барлығы қосымша құн­сыз әрі делдалсыз желтоқсан айында пай­далануға берілетін коммуналдық базарға сатылымға қойылады» деді. 
Бұл жобалардың барлығы да – облыс­тың ғана емес, еліміздің экономикасы мен әлеуетін жақсартатын жобалар. Ең басты­сы, өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз етуде қыруар жұмыстар тынды­ры­лу­да. Бесжылдықтың нәтижесіндегі жұ­мыс­­тар мен келешектегі ауқымды жоба­лар Атырау облысының мұнай мен шикізат өнімдерінен аграрлық салаға нық қадам басқанын айқындап берді. Ескеретін жайт, өңірде пайдалануға берілген жобалардың барлығы да бүгінгі дағдарыстың алдында Елбасы тарапынан көрегенділікпен жоспарланған жұмыстар және ол аймақ басшысының Елбасы тапсырмасын дер кезінде орындауға күш салуы нәтижесінде жүзеге асып отыр.

Дереккөз: Айқын-ақпарат

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар