Елімізде қабылданған Жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында аймақтарда агроөнеркәсіп саласында отандық өнімдерді өндіру жұмыстары өз нәтижесін беруде.
Айталық, Атырау облысында екі жаңа құс фабрикасы іске қосылып, бүгінде облыс тұрғындарын жұмыртқамен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Облыс кәсіпкерлері жергілікті халықтың сұранысынан артылған жұмыртқаны көршілес облыстардың нарығына шығаруда.
Атырау облысы бойынша алғашқы болып агроөнеркәсіп саласын дамытуға, Жаңа индустрияландыру бағдарламасы жобасын жүзеге асыруға тәуекел етіп отырған аудандардың кәсіпкерлері. Бүгінде аудандардағы екі құс фабрикасы облыс тұрғындарының жұмыртқаға деген сұранысын қамтып қана қоймай, көршілес облыстарға отандық сапалы өнімді ұсынып отыр.
Атырау халқының жұмыртқа мен құс етіне деген сұранысын қамтамасыз етуді алғашқы болып қолға алған облысқа белгілі кәсіпкер Әлімжан Балжігітов болды. Өзі басшылық етіп отырған «Атырау Сауда» ЖШС арқылы Жылыой ауданында 2012 жылдың екінші жартысында индус-трияландыру картасы аясында аймақтағы ірі құс фабрикасын ашты. Жаңа жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер Әлімжан Қапанұлы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан қосымша қаржы ретінде 250 миллион теңге алып, өз қаражатынан 392,5 млн теңге салған. Мұнайлы өңірде алғаш ашылған ірі құс фермасы бүгінде толық қуатына жетті. Жүз мың бас тауық өсіріп, жылдық межесінде 32 млн дана жұмыртқа өндіріп отырған құс фермасы өткен жылы «Селолық бизнес» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. «Атырау Сауда» ЖШС-ның басшысы Әлімжан Балжігітовтің айтуынша, жұмыртқа өндірудегі алғашқы өнім көлемі 9 млн дана жұмыртқа болған. Өткен жылы 21 млн дана жұмыртқа алынса, биыл өнім еселеніп отыр. «Атырау Сауда» ЖШС-ның құс фабрикасынан шыққан жұмыртқа категориясына сай арнайы қорапқа салынып, облыс орталығындағы жәрмеңкелерге, аудан орталығындағы дүкендерге тасымалданады. Бағалары да қолжетімді. Бүгінде 2142,4 келі тауық еті жергілікті халыққа сатылған. Бұдан өзге аймақтағы ірі құс фермасы өткен жылы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-пен келісімшартқа отырып, жылына осы мекемеге 1 400 000 дана жұмыртқа жеткізуге уағдаласқан.
Ал өңірдегі екінші құс еті мен жұмыртқасы жобасы бойынша «Алмалы құс» ЖШС-ның биылғы жыл басынан бері құстан алған өнімі арқылы облысты жұмыртқамен толықтай қамтамасыз етуде. Мемлекеттік «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 680 миллион теңгеге бағаланған жоба «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ пен «Жігер» шаруа қожалығы бастамасымен жүзеге асуда. Алғашқыда құс фабрикасына Ресейден әкелінген 58 мың балапан арнайы күтімге алынып, жетілді. Ағымдағы жылы сәуір айында «Алмалы құс» фабрикасының алғашқы өнімдері облыс орталығы мен Махамбет ауданының сауда сөрелеріне қойылды. Бүгінде облыстағы екі құс фабрикасы жылына 100 миллион жұмыртқа өндіреді. Атырау облысындағы сұраныс 80 миллион жұмыртқаны құраса, халықтың сұранысынан артылған жұмыртқа көршілес аймақтардың нарығына шығарылды.
Құс фабрикасының атқарушы директоры Виктор Пацтың айтуынша, қазіргі күні құс фабрикасында тәулігіне 52 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Фабрика өнімі бүгінде облыс орталығындағы базарлар мен апта сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде және ауданның сауда орындарында сатылымда. Жұмыртқаның әр данасы 15 теңгеден. Бұл – сырттан келетін жұмыртқадан екі теңгеге арзандау және сапалы әрі отандық өнім. Халық пен құс фабрикасы арасында делдал қызметін болдырмау мақсатында «Жігер» шаруа қожалығы өз дүкенін ашуды жоспарлауда. Кешенді шаруашылық алдағы уақытта жылына 10 мың тонна тауық етін сауда орындарына жеткізуді жоспарлап отыр. Жалпы, құс фабрикалары толық өнім қуатына жетуі үшін үш немесе төрт кезеңді жобалауды жүзеге асырады. Соның нәтижесінде, фабрика өнімі молая түседі.
Атырау аймағы ауыл шаруашылығына тың серпін беретін құс шаруашылығы жобаларының сәтті бастауы жергілікті кәсіпкерлердің денсаулыққа пайдалы бөдене өсіруге ниет етуімен жалғасын табуда. Қазіргі таңда Махамбет ауданында «Жұмыртқа және ет өндіру бағытындағы 10 мыңдай бөдене фермасы» жобасының құрылысы жүріп жатыр.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ осы жобаға 40 млн теңге қаржы бөлсе, өзге қаражат есебін «Атырау-Бөдене» ЖШС өзі қаржыландырады. Жобаның жалпы құны – 90 млн теңге. Ағымдағы жылы пайдалануға берілуі жоспарланған бөдене фермасы жылына 700 мың дана бөдене жұмыртқасы мен 2 тонна бөдене етін өңдейтін болады. Жобаны ағымдағы жыл аяғына дейін іске қосу жоспарлануда. Сайып келгенде, аймақта жаңа жобалардың ашылуы жергілікті жердегі жұмыссыздықты болдырмауға септігін тигізуде.
Аймақта атқарылып жатқан іргелі істер мемлекеттік бағдарламалардың еліміздің экономикасына ғана емес, әлеуметтік әлеуетіне қосар үлесімен ерекшеленуде. Мұнайлы өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы тың жобалардың жергілікті кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылуы, отандық өнім өндіріп қана қоймай, оны экспортқа шығаруға жасалып отырған нық қадам. Әлемдік нарықтағы ауыртпашылықтарға қарамастан, тауар өндіруші жергілікті кәсіпкерлер бірігіп, отандық өндірісті дамыту арқылы, экспортқа шығаруды көздеп отырғаны еліміздің ДСҰ-ның мүшесі болып, бәсекеге қабілетті болуымен тұспа-тұс келді. Бұл елімізді әлем елдеріне отандық өндіруші ретінде кеңінен танытуға орасан мүмкіндік беріп отыр.
Дереккөз: Айқын-ақпарат
Пікір қалдыру