Елордадағы жекеменшік компаниялардың бірінде жұмыс істейтін Берен Жүсіпова ғаламторды шарлап отырып, қызықты көрініске тап болыпты.
Жеміс-жидекті шоколадпен орап, дайындайтын өндірісті көрген ол «бізде неге осыны жасамасқа?» деген сұраққа байланды да қалды. Күндіз-түні тынымсыз ойланған ол жолдастарымен ақылдаса келе, идеясын қағазға түсіріп, айналасынан көмек сұрайды. Сол кезде Берен ата-анасынан Қазақстанда өз ісін бастаймын деушілерге көмек көрсететін бағдарламалары бар «Даму» қорын естіп біліпті. Мемлекеттік қордың Астана қаласы бойынша аймақтық филиалына барған ол кәсіптің көзін ашуға біртабан жақындай түсіпті.
– Ол бізге келген соң, кеңесшілермен ақылдаса отырып, жеміс-жидекті шоколадқа орап жасайтын цехты ашу үшін бизнес жоспар дайындады, – дейді кеше мемлекеттің демеу қаржысымен ашылған кәсіпорындарды журналистерге аралап көрсеткен «Даму» қоры Астана қалалық филиалының менеджері Дана Тәуіпбаева. – Қазір Береннің идеясы толықтай жүзеге асты. Білікті де тәжірибелі кондитерлер жеміс-жидек пен шоколадтан өздерінің айрықша бұйымдарын жасауда, «Astana Mall» сауда ойын-сауық орталығында дайын өнімді сату да жолға қойылды. Шоколад қосылған жаңа немесе құрғатылған жеміс-жидектер өте дәмді болып шықты. Берен алған несие қаражатына өндірістік цехқа қажетті шикізат пен құрал-жабдықтар сатып алды.
Иә, «CHOCO FRUITS» ЖК-ның цехы бүгінде Астананың орталығында тоқтаусыз жұмыс істеп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал оның жетекшісі Береннің жасы – небәрі 29-да. «Даму» қорының сарапшылары мақсатты несиенің бір бөлігі тап осы отызға толмаған жастарға арналғанын айтады. Олардың түсіндіруінше, бүгінгі таңда қоғамның әлеуметтік-демографиялық құрылымында Қазақстан жастары ең үлкен әлеуметтік топ болып табылады. Жасы 18 бен 29 жас аралығындағы жас азаматтар категориясы мемлекеттің барлық халық санының 20 %-на тең. Әрі бұл топ жаңа технологияларды қолдануда өте белсенді. Елімізде кәсіпкерлердің қалыптасуының жаңа толқыны жақсы қарқынмен жүріп жатқанына осындай мысалдарды көлденең тартуға болады.
– Мемлекетке рақмет айтамын, «Даму» қорының қолдауымен қиялымда ғана жүрген идеямды шын мәнінде іске асырдым, – дейді жас кәсіпкер Берен Жүсіпова. – Өз замандастарыма да қорықпастан өз кәсібін бастауға кеңес берер едім. Менің жаңа жобам қазір аяққа тұра бастады. Қаладағы бірнеше нүктеден сату орындарын аштым. Ендігі Астанадағы ірі сауда орталықтармен келісімге келіп, сату көлемін ұлғайтуды көздеймін. Сол сияқты жоғары оқу орындары мен кинотеатрлар, тамақтандыру желісінің жетекшілерімен келісімшарт жасауды қарастырып жатырмын.
Кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде қолдау алған келесі нысан – «Алтын ұя» балабақшасы. Бір ерекшелігі, мұның жетекшісі Даниса Оразия да отызға толмаған. Данисаның жаңа жобаны бастауына өмірлік қажеттілік итермелеген екен. Кішкентай қызын балабақшаға орналастыра алмай, есіктерді тоздырған ол ақырында осындай орынды өзі ашуға бел байлапты. Қазіргі кезде «Алтын ұя» балабақшасында 17 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Олармен білікті мамандар айналысып, балаларды қызықты ойын түрінде қазақ, ағылшын тілдеріне, ән, математика, логика, шапшаң оқуға үйретуде.
Мемлекеттік бағдарламаның арзан несие қаражатын пайдалана отырып, Даниса ғимаратты бала-бақшаға бейімдеп, жөндеу жұмыстарын жүргізді, сонымен бірге қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаз сатып алған. Астанада мектепке дейінге білім беру мекемелеріне деген қажеттілік күн артқан сайын өсіп келетіндігін ескерсеңіз, балабақша қызметінің әрқашан да сұранысқа ие екендігін аңғаруға болады.
«Даму» қоры Астана қалалық филиалының менеджері Дана Тәуіпбаеваның түсіндіруінше, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бірнеше бағыттар бойынша жүзеге асырылып келеді. Оның «Кәсіпкерлерді салалық қолдау» бағытына сай Аймақтық үйлестіру кеңесімен Астана қаласында 2015 жылы 12,6 млрл теңгені құрайтын 65 өтініш оң шешімге ие болыпты. Ал биылғы жылдың өзінде ісін жүргізуші кәсіпкерлерге 1,96 млрд теңге көлемінде субсидия төленген. Жалпы, қаржылық дағдарыс қос өкпеден қысқан сайын тығырыққа тірелген кәсіпкерлер мемлекеттік қордың көмегіне жиі жүгінуде екен. Олардың, шамамен, 60 пайыздайы қажет етілген қаржылай қолдауды алып жатыр.
Дереккөз: Айқын-ақпарат
Пікір қалдыру