Қызылорда облысы диқандары күріш жинау науқанын сәтті аяқтады. Осымен үшінші жыл қатарынан рекордтық деңгейде өнім жинап, шаруаның көңілі жайланып отырған жайы бар.
Сыр өңірінің негізгі ауыл шаруашылығы дақылы болып саналатын күріштен биыл әр гектарынан алынған өнім 50,5 центнерден асып жығылды. Ел қамбасына 423 мың тоннадан астам астық құйылды.
Кейінгі жылдары Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы диқандары табысты еңбек етіп келеді. Облыстағы ең басты дақыл болып саналатын күріш өндірісінің көлемі 11,6 пайызға өсіп отыр. Бұл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына үнемі қаржылай қолдау білдіріп келе жатқанының, сосын агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестицияның арқасы.
Қазақстан әлемдегі күріш өсіретін 112 мемлекеттің қатарына кіреді. Осы дақылдан өнім жинаудан дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы 15 елдің қатарында. Ең бастысы, күнделікті тағам ретінде қолданылатын және ағзаға пайдалы бұл өніммен Қызылорда облысы еліміздегі жалпы сұраныстың 95 пайызын өтеп отыр. Әлемді азық-түлік тапшылығы алаңдатып отырған қазіргі таңда бұл құлаққа өте жағымды хабар.
Ала жаздай бел жазбай еңбек еткенді қалайтын бұл дақылды өсіріп, күтіп-баптау да оңай шаруа емес. Дегенмен, Сыр өңіріне алғашқы күріш дәні себілген 1896 жылдан бері отандық диқан қауым мол тәжірибе жинады деуге негіз бар. 1897 жылы бұл өңір 300 гектар алқапқа күріш дәнін сепсе, Кеңес одағы тараған 90-жылдардың басында күріш егісінің жалпы көлемі 105 мың гектарды құрады. Міне, сол жылдары ақ күрішті алқаптан қамбаға 426,6 мың тонна күріш дәні құйылған. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, биыл шамамен 84 мың гектар алқапқа күріш егіліпті. Қамбаға құйылған астық – 423 мың тонна. Заманауи техника мен технологиялардың пайдалану өнім түсімділігіне оң әсер етіп отыр. Әне бір жылдары күріш алқабы біршама қысқарғанмен, қазір қайтадан осы дақылды өсіруге деген талаптылар қатары көбейіп, күріш алқабы да артып келеді.
Күріш өсіру шаруашылығында біршама жетістіктер болғанмен, кейінгі жылдары елде рекордтық деңгейде өнім алып жатқанмен, бұл саланың да өзіндік мәселелері жеткілікті. Біріншіден, кейінгі жылдары диқандарды жердің тұздануы алаңдатады. Екіншіден, ұсақ шаруашылықтардың жұмыс жасауы кейінгі кезде қиындау болып тұр. Ең бастысы, оларда көбінде техниканың болмауы мен тыңайтқыштар мен жаңа технологияларды енгізуге шамаларының жетпеуі өнімділікті төмендеткенімен қоймай, өздерінде комбайнның жоқтығынан пісіп тұрған астықты дер кезінде орып алуға да мүмкіндік болмай қалады.
Қызылорда облысында күріш өсірумен 371-ден астам шаруашылық құрылымдары айналысады. Жыл сайын күріш егісі 74-75 мың гектарды құраса оның 34,3 мың гектары немесе 46 пайызы 1000 гектардан астам егетін 19 ірі шаруашылықтың үлесінде, 17,4 мың гектары немесе 23 пайызы 500 бен 1000 гектар аралығында егетін 24 шаруашылық үлесінде болса, 22,4 мың гектары немесе 30,2 пайызы 500 гектардан кем егетін 328 майда шаруашылықтарға тиесілі. Кейінгі кезде диқандар да шаруашылықтарды ірілендірмесе болмайтынын ұғына бастады. Бүгінде ұсақ шаруа қожалықтары иелеріне бұл мәселені жете түсіндіру қажеттігі жиі айтылады.
Бір қуанарлығы – қазіргі таңда бұл салада жаңа сорттарды енгізу мәселесіне жіті көңіл бөліне бастады. Ыбырай Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты жаңа сұрыптарды өндіріске енгізу мақсатында көңіл толарлықтай жұмыстар атқарып келеді. «ҚазЕР» сұрыбы биыл бірқатар алқапқа сіңірілді. Өткен жылы «Светлый», «Южный» деп аталған жаңа сұрыптар сынақтан өткізілген. Қазір елімізде аса танымал «Ақ маржан» сұрыбы 1983 жылы өндіріске енгізілген. Міне, соншама уақыттан бері осы кейінгі жылдары ғана жаңа сұрыптар өндіріске енгізіліп отыр. Бұл Күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ғалымдарының көп жылдық зор еңбегі.
Бір қуанарлығы – элеваторлар, астық сақтау қоймалары, күріш өңдеу зауыттарының жұмыстары жандана түскен. Оның үстіне тұтынушы сұрынсына сай күріш дақылы 1 келіден бастап 2,5,10 және 25 келілік қапшықтарға салынып саудаға шығарылуда. Қазір күріш өңдеу зауыттары өнімді халықаралық стандартқа сай етіп шығаруға барынша атсалысып бағуда. Бұл еңбек те нәтижесіз емес, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдер тұтынушылары қазақстандық күрішті экспорт жасауға аса құлшыныс білдіруде. Демек, Сыр елі диқандарының еңбегі жанды деген сөз.
Дереккөз: Айқын-ақпарат
Пікір қалдыру