ПРОЛЕТАРИАТ КӨСЕМДЕРІН ЖАЛҒЫЗ ЖАМБЫЛ ҒАНА ЖЫРЛАҒАН ЖОҚ

/uploads/thumbnail/20170708204130000_small.jpg

ПРОЛЕТАРИАТ КӨСЕМДЕРІН ЖАЛҒЫЗ ЖАМБЫЛ ҒАНА ЖЫРЛАҒАН ЖОҚ

 

 

Оқымаған шал болсаң да сен мейлі,
Оқығандар шенеуіңе келмейді.
Айта берсін жамандар мен надандар,
Аштан өліп алтын жиған адамдар,
Өлең жиған шалдың аты өлмейді.

Есенқұл ЖАҚЫПБЕК.


 

 

Әйтеуір әлдебіреулердің ауызекі айт­қаны­нан ба немесе әлдеқалай жа­за басып жазғанынан ба, ұлы жырау Жамбыл жарықтықты Кеңес кезеңі­нің жеңістері мен көсемдерін жеке-дара дәріптеуші етіп жағымсыз жағынан көзге шұқып көрсету қылаң берер жәйттер бар. Сол жаза басуды қағып ала қойып, байыбына бармастан кейінгі жаңа буын жазбагер жастар «Жамбыл жәкем жырлаған күн кө­сем­­дер» деп сөз арасына қыстыра салатын болып жүр. Әрине, қазіргі жас қалам­герлерді бас салып кінәлай қою да қиын. Кеңестік қоғам құрылысын жаппай жамандау тенденциясының әсері әдеби шығар­ма­ларға да шарпуын тигізіп, өткен жылдар туындыларын оқу, оларға қайта оралып соғу үрдісі сая­бырсып қалды. Сондықтан да бү­гінгі заман қалам ұста­ғандары бәрін де тек өздерінен бастағысы келеді. Өткенді жылы жауып қойғылары бар. Әйтпесе, сөз арасында етек алып бара жатқан әлгіндегідей «Жамбыл жәкем жырлаған күн көсемдер» деген қыс­тырмалар жөн-жосықсыз қолданыл­мас еді. Радио-теледидар эфирінде, бас­па­сөз беттерінде «күн көсемдерді» тек Жамбыл ақын ғана жекелеп жырла­ған­дай қып көрсету ғадетке айналып бара жатқандай. Солардың санасына сіңіп қалған одағай ойларды ояту үшін сонау бір жылдарға көз салу артық емес сияқты. Алдағы уақыттары таразы басын тең ұстап, пікір қалыптастыру орайында мына төмендегі топтамаларды алға тартпақпыз. Яғни Октябрь революция­сының жемісін, социализм салтанатын, оның сол шақтағы көсем­дерін Жамбыл жәкелері жалғыз жыр­ла­ған жоқ, Кеңес үкіметі тұсында­ғы барша ақындар, жазушылар мен журналистер өз кезеңінің жарнамашы-жар­шылары болды. Замана дүбіріне үн қатпаған қаламгер жоқтың қасы. Ал оларды байыбына бармай кінә­лай салу тіпті қисынсыз нәрсе. Өздері өмір сүрген ортасын, қоғам құбылысын толғаған Кеңес дәуірі тамыршыларын айыптаудан аулақпыз. Тек қана «Жамбыл жәкем жырлаған күн көсемдерді» өзге де  талант иелері тақырыптарына талғажау еткендігін бүгінгі буын өкіл­де­ріне ұғын­дыру орайында сол бір жылдар тынысын сездіретін бірер үзінді, кесінділерді алға тартпақпыз. Патша көңілдері көтеріңкі леппен толғаған тұстарынан түймедей түйінді шумақтары ғана алынды. Олар былайша өрнектеледі:

Ленин

Адамзаттың бақытына Саты,

Аят, хадис уақытына Аты.

Бұл дүниенің пайғамбары Ленин.

Төмен таптың ой-айбары Ленин.

...Бостандықтың таң азаны Ленин,

Саясаттың мыс қазаны Ленин.

...Зор майданның ұраны да Ленин.

Келешектің құраны да Ленин!

***

Жас қазақ

Жеткіншегім жас батыр,

Маркс, Ленин құраның.

Ұмтылып, алға бас, батыр,

Барлық өнер құралың.

Сәкен Сейфуллин.


Бір жыл өтті

Ленин, Ленин

Қайран ерім –

Деп еңбекшіл сағынар.

Сағынса өзін,

Сақтап сөзін

Тұмар қылар, тағынар.

Сәбит Дөнентаев.


Қазақстан

Бүгін еркін, жері нұр,

Нұрландырған – Октябрь!

Қазақстан елі бұл!

Ілияс Жансүгіров.


Гүлденген заман

Тар заманды кеңітіп,

Кеңіс берген Октябрь.

Бақыт үшін күресте

Жеңіс берген Октябрь.

Сандуғаштай сайратып,

Тіл бітірген Октябрь.

Сансыз миллион халқына

Әл бітірген Октябрь.

Жайылымды толтыра

Мал бітірген Октябрь!

Нұрпейіс Байғанин.


Күн туды...

Күн туды бостандыққа көңіл ашар,

Октябрь шапағатын жұртқа шашар.

Өң түгіл, түсімізде  ойламаушы ек,

Келер деп мұндай заман асып-тасар.

***

Нұр жайнаған жасасын

Октябрьдің шуағы!

Жұмысшы, жалшы жиналып,

Совет болды пырағы.

***

Кім баулып, кім жеткізді бұл табысқа,

Өрлетіп өмір күшін мұнша алысқа.

Данышпан Ұлы Ленин әділ жолы

Жеткізген Совет халқын шат тұрмысқа!

Нартай Бекежанов.

Азалы күнде

Білмеймін неге көзге жасым келді?

Жас келді, ой биледі басымды енді...

Алдында ұлы Ұстаздың тәжім қылып,

Иіліп қара жерге басым келді...

Колхозды ауыл осындай

Ай Туға төне қарап төкті нұрды,

Төккен нұрдан толқынды Ту құлпырды.

Құлпырған Ту қасында бас колхозшы –

Бақыт күні батпайтын Ленин тұрды!

Сәбит Мұқанов.


Елден сәлем

Өткен күнде көрген азап,

Көрінгенге болған мазақ.

Октябрьде алған азат,

Еркін халық болған қазақ.

Сталинге келдік бүгін,

Ел сәлемін бердік бүгін!

Әбділда Тәжібаев.


Сталинге

Сталин досым, бауырым,

Болмаса мұндай дәуірім.

Тұрмыстың түрткі түрінен

Шыға алмас еді ауылым.

...Кемемде ұлы капитан,

Әлемге аты әйгілі.

Қадірлі халық көсемі,

Табжылтып табан баспайтын.

Қайтпайтын қайсар, қаһарман,

Тау бүркіті Сталин!

***

Астанам атам алдында

Данышпан ұлы ұстазым!

Сәлем бере мен тұрмын,

Көсемім, күнім – Сталин!

Асқар Тоқмағамбетов.

Отан дауысы

(Поэмадан үзінді)


Бақыт берген, бақ берген –

Таң жұлдызы Сталин!

Бақыт құсын қондырған –

Шың жұлдызы Сталин!

Бақытты елге заң жазған,

Заң жұлдызы Сталин!

Тайыр Жароков.

Сталин

(Үзінді)


Данышпаным Сталин!

Ұлы ұстазым Сталин!

Сәуле берген өмірге,

Шолпанымсың, күнімсің,

Жан саясы нұрымсың.


Жігерімді тасытқан,

Қуатымсың, жырымсың,

Жүректегі қанымсың,

Қуатымсың, әнімсің.

Көсемім, күнім – Сталин,

Үнім, жырым – Сталин!

Қаным менің – Сталин,

Қуатым, әнім – Сталин!

Көсемім ұлы Сталин

Табым күні Сталин!

Қасым Аманжолов.


Қарындасыма

Бұл Ленин заманы,

Бақыт берген, нұр берген.

Тек біздің ел адамы

Нұрымен күн гүлденген.

Бұндай шаттық өмірді,

Өткендерден кім көрген?

Соңынан ай, оңынан

Нұрын төгіп күн күлген.

Абдолла Жұмағалиев.


Лениншілдер легінде

Ленин – өмір өрінде,

Өмірдей өзі мәңгілік.

Ленин – көңіл төрінде,

Көңілде сөзі мәңгілік.


Жасау бақыт лениншілдер елінде,

Жасау бақыт лениншілдер легінде.

...Арманымыз болмас еді дүниеде,

Аз да болса ұқсай алсақ Ленинге!

Сағынғали Сейітов.

Коммунист

Коммунистер – адалдықтың жолдасы,

Коммунистер – халық досы, қолдасы.

Тек бұйрықпен бекімеген демесең,

Әр коммунист көпті бастар қолбасы!

Мұзафар Әлімбаев.


Менің көшемнің тынысы

Коммунист проспект – менің көшем!

Алаңында, биікте Ленин көсем!

Үй, мекемем, үкіметім – бәрі осында,

Тіпті, жөн-ақ осыны Елім десем!..

Хамит Ерғалиев.

Ленин бабамыз

Үйімізде, төрімізде

Портретте тұрған кім?

Кімнің жүзі таныс бізге,

Бізге жақын, туған кім?

Ол – Ленин бабамыз,

Ол – Ленин данамыз!


Бар баланы бауыр басып,

Сонша жақсы көрген кім?

Барлық жерден мектеп ашып,

Бақша салып берген кім?

Ол – Ленин бабамыз,

Ол – Ленин данамыз!

Бүркіт Ысқақов.


Лениннің өзі сөйлеп тұр

Асылы нұрдан жаралған,

Сипатына жетпес тіл.

Саңқылдап үні таралған

Данышпан Ленин сөйлеп тұр.

Заңғар шыңда!

Шыңдарда,

Тең табылмас тұлға тФұр.

Толқытып нұрын тулар да!

Ленин!

Ленин сөйлеп тұр!

Жақан Сыздықов.


***

Өмірімнің ең онда қымбаты бар,

Мәңгі тірі Ильичтің нұрлы аты бар.

Ал-қырмызы таң болып алаулаған

Жан көсемнің шамшырақ сымбаты бар.

Сол ғана тек пайғамбар, Құдайым да,

Медетім сол қуаныш, уайымда.

Жұдырықтай жүрегім тоқтағанша

Жұлдызым боп жанбақ ол ылайымда.

Қуандық Шаңғытбаев.


Ленин туралы ән

Ленин ата біз – ұлан,

Сенен туған шат көңіл.

Сенің нұрлы шұғылаң –

Бізге әперген жақсы өмір.

Сен дегенде шыңдалар,

Жігер күші, жан күші.

Бір өзіңе арналар

Бар баланың алғысы!

Ғафу Қайырбеков.


Ленин деп мен жырлаймын

Ленин жолы жыр жолы сарқылмайтын,

Биігінен өмірдің жарқылдайтын.

Ленин атын бар әлем ардақтайды,

Дарияның көзіндей тартылмайтын.

Ленин үні өшпейді ғасырлардан

Ленин болып партиям саңқылдайтын.


Замана жыры

(Үзінді)


Лениннің шамы нұр төккен,

Қалаға теңеп даланы.

От алдық бірдей жер-көктен,

Меңгеріп алуан саланы...

Мәриям Хакімжанова.


Асыл бейне

Білімнің кенін іздесем,

Өзіңмен күнде жүздесем.

Томыңда терең жүзбесем –

Маржанын жырдың тізбес ем.

Болсам да қайда күн-көсем!

Өзіңмен дәйім тілдесем.

Ақылың асыл арқырап

Жебейсің алға күнде сен!

Мыңбай Рәшев.


Ленин біздің мәңгілік

Ленин біздің мәңгілік қой, содан ба,

Сөзбен айтып тауыспайсың ешқашан.

Өмір сүрдім демей-ақ қой сен онда,

Өмір сырын Ленинше ұқпасаң.


Күн көсемсіз біткен емес іс мүлде,

Басшылық ап жүрсің одан күнде сен.

Лениннің томын оқу үстінде,

Ұлы адаммен ауызба-ауыз тілдесем.

Әділбек Абайділданов.

***

Әлбетте, осылайша жаппай жыр­лау­­шылардың арасында Жамбыл ақынның да үні ерекше естілді. Ұлы кеу­де қиял қанатына мініп, тау суындай тасынды. Әліпті таяқ деп білмесе де, Сүйінбай сал­ған сүрлеумен жаңа заман болмысын көкеймен танып, табиғи талантымен топ жарды. Оқы­ған-тоқығандардан бір мыс­қал да қалысқан жоқ. Қайта көбінен эпи­ка­лық көркемдік жағынан озық жүрді. Алатау ақиығы қолына қалам ұстаған емес. Домбырасын серік етіп өлең-жыр­ды селдей ағызды. Көсем біткенді эпос­тық сарынмен көмкеріп, қай нәрсені болса да қалай жырлаудың үлгісін көр­сетті. Хат танымайтын даң­ғыл көкірек қарт жырау күндей күркіре­ді, жасындай жарқылдады. Жазу білмейтін жасамыс жыршы абыз өне­ріне «оқудың майын ішкен­дер» таң-тамаша қалды. Қай тақы­рып­ты жырла­са да, кімді жырласа да өлең өртімен жа­нып-күйді. Сом-сом сөздер, керемет кейіптеулер қызыл тілден інжу-маржандай төгілді. Әдеби хатшылар әзер деп қағазға қондырып үлгерді. Ал үлгермегендері қаншама! Солардың бірер парасы ғана мынау еді:

Күнсіздерге күн болған,

Жер жүзіне нұр болған

Ақылдың кені данышпан.

Езілгенге қол берген,

Кемтарларға жол берген

Заманның ері арыстан.

Адасқан халық зарыққан

Азаттық алып бақытқа

Сәулеңде келіп табысқан...

Қазақ әдебиетінің айтулы үш бәй­терегі Сәкен, Ілияс, Бейімбет кім­дер­ден ақыл сұрағандай алыптар еді. Міне, солар да күн көсемдерді сомдаудан тыс қалған жоқ. Жамбыл жырау да Ленин құдіретін аспандатуда олардан  қалыспауға тырыс­ты. Тіпті, эпостық  шалқымалармен өрнек­теп өлең тудыруда өрге  шарықтатты шабытын. Жамбыл жырының самғауын небір білім­паздар жоғары бағалап, таби­ғи туабітті талантына тәнтілік танытты. «Жам­был өзгеге ұқса­май­тын да­ра оқ­шау бет-бей­несімен де аса зор құ­бы­лыс» деп ғұлама жазушы  Мұхтар  Әуезов өз  бағасын  берсе, Ғабит Мү­сіре­пов  ақиық ақынды «Феномен – феникс» деп аспанға көтерді. Сол сияқ­ты, классик қаламгер Әбдіжәміл Нұр­пейісов болса жыршыға деген таң­ғалы­сын жасыра алмай жан-жақты талдауын алға тартты. «Қандай асқан та­лант болса да, кез кел­ген ақынды құлағынан сүйреп баяғы Гомердің қасына апарып қоя алмайсың, – деп ақжарылды сұңғыла қаламгер. – Ол орын тек  Жамбылға ғана жарас­қан». Ал, әдебиет пен тарихты терең без­бендеп жүрген Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин шегелеп айт­қан мынандай тұжырымы тіпті салмақты. «Қазақты, қазақтың  әде­бие­­тін, қазақ­тың рухын бүкіл дүние­жүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл болды, – дейді ақиқаттан танбайтын ақберен жазушы Мағауин нығар­лап. – Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фо­льклорлық мұра­ла­ры­мыз  емес. Жамбыл» («Жамбыл» журналы, №1, 2004 ж.).

Сондықтан «Жамбыл менің жай атым, Халық менің шын атым» деп өлең­детіп өткен ұлы жырау жайлы жаңсақ пікірге жол бермейік, жалын жүрек жас қалам иелері!

 

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ

 

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар