Қайраткер ме, қанішер ме?!

/uploads/thumbnail/20170708210024601_small.jpg

«Уикипедияда» отыз алтыншы жылы тамыз-қараша айларында Қазақ АССР Орталық атқару комитеті Президиумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы қызметін атқарған, 1936—1937 жылдары Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы болған, Бақытжан Байдақов  (1898—1938) деген кісіні совет, партия және мемлекет қайраткері деп атап көрсетіпті. Сол сұрапыл жылдары халыққа емес, қаныпезер үкіметке қызмет еткен адамдарды қайраткер деп танимыз ба, әлде қылмыскер деп жариялаймыз ба?!

2014 жылдың 15 тамызында «Түркістан» газетінде жарық көрген «Жасындай ағып өткен» деген мақалада Тараздық  медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков 1938 жылдың 28 ақпаны күні   40 адамға «халық жауы» деген жала жабылып, мәскеулік көшпелі соттың үкімімен (НКВД-нің үштігімен) атылған қазақ интеллегенциясының сол кездегі қаймақтары қатарында Б.Байдақовты да атайды.

Кедей отбасында тәрбиеленген, шешесінен үш жасында жетім қалған кісінің тағдыры оны солақай саясаттың теріс жолына салып жібергені рас. 1926 жылдан ВКП(б) мүшесі болған Б.Байдақов 1918 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітіріп шыққаннан кейін ауыл мұғалімі болады.Содан кейін аудандық дайындау кеңсесі саяси ұйымының меңгерушісі,Темір уездік еңбек, сақтық кассасының меңгерушісі, «Казкрайсоюздың» саяси бөлімі меңгерушілігінен Батыс Қазақстан облысының Орал аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің үшінші хатщысы дәрежесіне дейін көтеріледі. Басқа да партия-совет қызметін атқарады. 1928 жылдары байларды кәмпескелеу науқанына белсене араласады, одан кейін Темір және Ырғыз аудандарында  коллективтендіруге қарсы шыққан көтерілісшілерді басып-жаншуға қатысады.

Халықты ату жазасына кесу туралы НКВД-ның аса құпия № 00447 жарлығына орай ҚСРО ішкі істер халық комисариаты 1937 жылдың 13 шілдесінде шығарған № 00447 жарлығында: «Жүргізілген тексеріске сәйкес Кеңес одағына қарсы адамдар, бұрынғы биліктегі азаматтар, ертеректе репрессияға ұшырағандар және лагерьлер мен итжеккенге айдалғандардың көбі ауылдарда (деревня) тұрып жатыр. Сондай-ақ, ауылдарда діндарлар мен Кеңес үкіметіне қарсы саяси ұйымдардың өкілдері де шоғырланған. Осы аталғандардың біразы қалаға келіп өндіріс ұйымдарына, көлік пен құрылыс саласына кіріп кетті. Олардың барлығы да халық жаулары. Үкіметімізге қарсы іс-шаралар ұйымдастырып жатуы әбден мүмкін. Мемлекеттік қауіпсіздік ұйымдары алдында бұлардың көзін жойып, жұмысшы тапты қорғау туралы мәселе тұр. Кеңес мемлекетінің саясатына қарсы келетіндерді біржолата құрту керек. Сондықтан 1937 жылдың 5 тамызынан бастап барлық республикаларда, облыстар мен аймақтарда кеңес үкіметіне қарсы баскесерлерді ұстап, көздерін жоюға бұйырамын» деген бұйрық дайындалған. 1937 жылғы репрессиялау туралы бұйрықты «ruskline» сайтынан алып  «Намыс порталы (аударған Рүстем Нүркен. namys.kz)репрессия 19372015-12-18жариялады.

Бұйрықта халық жаулары екі топқа бөлініп, бірінші топтағылдар  дереу тұтқындалып, үштіктің ұйғарымы бойынша атылуға тиісті аса қауіптілер қатарына жатқызылған. Ал екінші топтағылар аса қауіпті емес, бірақ қарсылық көзқарасы бар элементтер ретінде сотталып, 8-10 жыл арасында түрмеге қамалсын деген нұсқау берілген. НКВД-ның аудандық және облыстық бөлімшелерінің есебі бойынша репрессиялануы тиіс адамдар саны Қостанай облысы бойынша бірінші топта 150, екінші топта 450 деп көрсетілген.

КСРО ішкі істер халық комисариаты мемлекеттік қауіпсіздігінің бас комисары – Н. Ежов қол қойған құжаттың негізінде Қостанай облысындағы үштіктің құрамы төраға — Павлов,
мүшелері Кузнецов, Байдақов болып бекітілген.Халық жауларын әшкерелеу операциясы 1937 жылдың 5 тамызында басталып, төрт айдың ішінде аяқталуына қарағанда, жазаланған 600 адамның тағдырына Байдақов тікелей араласқан.

1937 жылдың 10 қарашасында облыстық партия комитетінің  ІІІ пленумы облыстық атқару комитетнің бұрынғы төрағасын контрреволюционер-ұлтшылдардың облыстық ұйымының филиалына басшылық жасады деген айыппен пленум мүшесі құрамынан шығару туралы шешім қабылдайды.

Отыз жетінші жылғы зобаланда көптеген қазақтар қанды қырғынға ұшырады. ҰҚК мұрағатында сақталған № 02754 істегі құжаттарға назар аударсақ, Қостанай облыстык УНКВД үштігінің 1938 жылдың 13 акпанындағы қаулысы бойынша Жітіқара ауданының Забеловка селосының тұрғыны Нұрхан Мұстафин ату жазасына кесілген. Үкім 1938 жылдың 16 ақпанында орындалған. Дәл осы күні белгілі ақын, Жітіқара каласының тұрғыны Сейітжан Бекшентайұлына да «Жітіқара-алтын» прийскісінде үкіметке қарсы үгіт жүргізген бай-молдалар тобының мүшесі деген айып тағылып, оған да осындай үкім кесілген. Сүйтіп, алғашқысы өз елінде Дархан әулие деген атқа ие болған, кейінгісі арқалы ақын болған қос азамат бір уақытта ұсталып, бір  мезгілде каза тапқан. Аталған екі арыс 1990 жылы 22 тамызда ақталды. Нұрхан Мұстафинның сол кездегі өмірбаяндық деректерінде оның 55 жастағы Мұдиха және 45 жастағы Айнакүл деген екі әйелі болғаны, қыздары Кәмаш бес жаста, Кәлима бір жаста екені көрсетіліпті.

Бақытжан Байдақов осы екі кісімен бірге бір уақытта атылуы да мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. НКВД деректеріне сүйенсек, ол 1937 жылдың 10 қыркүйегінде өзіне өзі қол салаған болып шығады. Сол кезде НКВД тергеушісі: «обнаружен во дворе собственного дома, в каменном сарае, крытом жестью, на земляном полу приваленным к стенке деревянного курятника лежал на правом боку председатель Облисполкома тов. Байдаков с тяжелой раной из огнестрельного оружия в правой височной стороне головы. Около него вблизи лежало двуствольное 20-го калибра ружье с одним заряженным и другим выстреленным патроном… Серая простреленная кепка, осеннее окровавленное кожаное коричневого цвета пальто … изъяты... Мы застали тов. Байдакова лежавшим на боку в курятнике при дворе при сильном кровотечении из головы после саморанения. Никаких предсмертных записок или же писем не обнаружено», - деп болған жайды «толық баяндап» жазады.

Қанша «халық жауының» көзін жоюға ат салысса да, өзі де ажал құрығынан құтыла алмаған басшы 1937 жылдың қазан айында ұсталып, 1938 жылдың ақпан айында атылған. Оның келіншегі Фатима Хакімқызының ұлты башқұрт, жас кезінде жетімдер үйінде тәрбиеленген екен.Оны да отыз сегізінші жылы соттап, түрмеден  қырық бесінші жылдың аяғында ғана босатылады.

Бұйрықты орындаушылардың бірі болған Бақытжан Байдақов та құрбан болғандар қатарында аталып, елу сегізінші жылы көппен бірге ақталды. Бірақ, жазықсыз жапа шеккендердің үрім-бұтағы оны кешіре қояр ма екен? Күні кеше Алматыда Желтоқсан көтерілісі кезінде өз бауырларына қорлық көрсеткендер, Жаңаөзендегі қанды қырғында қарусыз халыққа оқ атқандар да бұйрықты орындадық деп ақталуы мүмкін. Алайда, сол бұйрықты орындай алмаймын десе ғана олар халықтың қарғысына қалмас еді, алғысын алар еді.

Менің бір таң қалатыным, осы күні де не лауазымды қызмет атқарған, не Парламент депутаты болған шенеуніктерді зейнетке шыққаннан кейін де мемлекет және қоғам қайраткері деп жатады. Қызмет істесе, еңбекақысын алған, депутат болса, халық сөзін сөйлеудің орнына қалғып-мүлгіп отырған «сен тимесең, мен тимен» қасқалардың қайраткерлігіне күмәнім бар. Олай болса жауырды жаба тоқымай, әр нәрсені неге өз атымен атамаймыз?!

Ақылбек Шаяхмет

 

Қатысты Мақалалар