Басым бөлігі «Нұр Отандықтардан» тұратын Парламент Мәжілісі күтілгендей «ойламаған жерден» өздерін таратып тынды. Партия жетекшісі мұны қолдап, кезектен тыс сайлау белгіледі. Бүгін бас партиядан сол сайлауға қосылатын үміткерлердің де есімі белгілі бола бастады.
Ішінде кімдер жоқ дейсіз, шіркін! Әнші де, спортшы да, кәсіпкер де, әкім де, бәрі бар. Болсын. Парламентте тек заңгерлер немесе шенеуніктер отырсын деген заң жоқ. Ондай талап елдегі басты лауазым президенттіке де қойылмайды. Мәселе, осы ұсынылып жатқан азаматтарды партия тізіміне, партия болғанда да құбылу ерекшелігі ешбір теоремамен өлшенбейтін, басым дауыс иелену ықтималдығы өте жоғары саяси ұйымның тізіміне қосудағы мақсатта болса керек. Өйткені, жоғары жақтағыларға, қазақ билігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын ықпалды топтарға ойлағанын іске асыруға кедергі жасайтын, шырылдаған шындықты айтатын, былайша айтсақ, қырық адам бір жақ болып отырғанда бұра тартатын «қыңыр» депутат еш керек емес. Ал, Үкімет алпауыттардың аранына ыңғайлап жасап әкелген заң жобасын үнсіз мақұлдап, алдындағы қажетті түймені басып қана отыра беретін депутатты қайдан табасыз? Әрине, атақ-дәрежесін айтпағанда, пайым-парасаты, өмірлік тәжірибесі, қызмет жолы «халық қалаулысы» деген бұл абыройлы орынға лайық емес жандардың ішінен табасыз! Кез-келген жерде біліктілігі төмен маманды тұқыртып отыру оңай. Ол басшының да, басқаның да айтқанынан шықпайтын болады. Өйткені, себебі белгілі - айтатын сөзі, сөз түгілі, қалыптасқан белгілі-бір ойы жоқ. Мына мәжілісті де әлдекімдер сондай депутаттардан жасақтауды жөн көрген сияқты. Әйтпесе, сан салалы саясатты айтпағанда, музыкалық білімінің өзі толық емес әнші мен спортты жарты жолдан тастап кетіп, шенеунік атанған «жұлдыздарды» мәжіліске сүйреудің қажеті не еді?
Кешегі Сайлаубектей диуана кейіпті пенделерді саясат сахнасына жақындату туралы әңгіме де осындай ойдан туған. Сайлаубек – құрал. Көрнекілік құралы. Халық Сайлаубектен гөрі Қайрат Нұртасты, рең-басы әдемі Сәпиев пен Дұғалованы жылы қабылдасын деген құйтырқы амал. Сондай мақсатпен бас партияның съезінен бірер апта бұрын қоғамға Сайлаубек тақырыбы талқыға ұсынылды. Бәріміз шуладық келіп. «Сүйікті» билігіміз, «әділет сүйгіш» партиямыз қашанғы әдетіне сай «әділдік» көрсетті, «тереңдік» танытты. «Дауға» нүкте қойды. Қоғам қабылдамаған Сайлаубек бас партияның тізімінде болмай шықты. «Нұр Отан» «Осыған риза болыңдар!» демесе де, ол пиғылын ұқтық. Парламентті қойып, президент сайлауының өзін шапан киген клоун Амантай қажы, кіші дәретін құйған ыдыстан ас ішетін Айгүл Өтеповаларды қосып сайқымазаққа айналдырған қазақстандық саяси технологтардың бұл лас ойындары бізге таңсық емес. Тек, осы сайлаулардан сайқымазақ жасаудан кім не ұтады деген сұрақтың мазалайтыны болмаса.

Жалпы, осы жерде айта кететін тағы бір мәселе бар. Елдегі саяси ұйымдар өнер адамдарын, сол төңіректегі билікке оңтайлы басқа да тұлғаларды саяси ойындарға жиі пайдаланып тұрады. Кезінде халықтың сүйікті әншісі Нұрлан Өнербаевты, жыршы Бекболат Тілеухановты да мәжіліс партасынан көргенбіз. Алдыңғы шақырылымдардың бірінде актер Құдайберген Сұлтанбаев марқұм да депутат болды. Сол кісінің айтқан: «Парламенттегілердің бәрі – әртіс. Солардың ішінде менің ғана әртіс деген дипломым бар» деген сөз әлі күнге ұмытыла қойған жоқ. Бұл жолы да заң шығарушы органға біраз «әртістер» жиналмақ.
«Нұр Отан» мәжіліс сайлауына ұсынатын тізіміне 127 адамды қосыпты. Мәжілісте партиялық тізім бойынша сайланатын барлығы 98-ақ орын барын білеміз. Ендігі мәселе, әлгі әртістер мен спортшылар қауымының сол тізімде 99-шы болып тұрмауында. Партия жетекшілері жұлдыздарға осы қасиетті «тоқсан тоғызыншы» орынды белгілеп беруі де мүмкін. Мұндай да болады. «Ақжол» партиясының қайбір жылғы сайлауалды насихат кезінде ел танитын, халық құрметтейтін Амангелді Айталы, Қазыбек Иса сынды тұлғалардың атын пайдаланып, жеме-жемге келгенде парламентке Перуашевтің кәсіпкер серіктері ғана өткенін білеміз, өйткені.
Сонымен, саяси доданың алғашқы қадамын билік партиясы бастап берді. Ендігісін көре жатармыз.
Жомарт Абдоллаұлы