Қазақстанның Қарулы Күштерінде әскери-медициналық мекемелер, түрлер, әскер тектері және өңірлік қолбасшылықтардың медицина қызметтерінің өкілдерімен жиын өтті.
Бұл туралы Қамшы ақпарат агенттігі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Медициналық мамандар алдағы 5 жылға Қазақстан Қарулы Күштері әскери-медициналық қызметінің перспективасы мен дамыту жолдарын талқылап, сондай-ақ, қол жеткізілген жетістіктер мен оң нәтижелерді, сонымен қатар, шешуді қажет ететін мәселелерді белгілеп, 2016 жыл және 2017 жылдың бірінші тоқсаны бойынша жұмысты қорытындылады. Жиынға қатысу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық ұлан, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті, ҚР ҰҚК Шекара қызметі медициналық қызметтерінің өкілдері шақырылды. Бүгінде ҚР ҚК әскерлерін медициналық қамтамасыз ету жүйесі әскери бөлімдердің медициналық бөлімшелері, әскери емдеу мекемелерінің желісі, ҚР ҚМ Орталық әскери-дәрігерлік комиссияны, медициналық мүлік пен техниканы сақтау қоймалары, санитарлық-эпидемиологиялық мекемелерді, сондай-ақ, медициналық персоналды, оның ішінде, тактикалық буынды оқыту және біліктілікті арттырумен айналысатын мекемелерді қамтиды.
Қарулы Күштердегі әскери медицина саласы жылдан жылға сапалы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Әскери дәрігерлер заманауи әлемдік медицинамен ілгері қадам басып келеді. Олар емдеудің жаңа технологиялары мен әдістемелерін зерделейді, оны жоғары әлемдік стандарттарға сай келетін медициналық жабдықты қолдана отырып, іс жүзінде қолданады. Барлық емдеу мекемелерінде әртүрлі ауру-сырқаулар кезіндегі тексеру алгоритмдері әзірленді. Бұл нақты диагноз қоюды жеделдетеді және бастапқы кезеңдерде күрделі ауру-сырқауларды диагностикадан өткізуге, барабар ем жүргізуге және дұрыс сараптамалық шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Оставить комментарий