4 қыркүйек күні өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Қазақстан Корей Халықтық Демократиялық Республикасының ядролық сынақтарына қарсы пікір білдірді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР СІМ-інің бапасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Халықаралық қоғамдастық ХХІ ғасырда алтыншы мәрте жасалған ядролық сынақтың куәсі болуының өзі - адам сенгісіз жағдай. Мұндай әрекеттер халықаралық қоғамдастықтың ядролық қарудан азат әлем құру үшін жұмсаған ұжымдық күшін айтарлықтай төмендетеді», - деді БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ ҚК-інің отырысында.
Қазақстан делегациясы солтүстіккорейлік билікті ядролық сынақтан бас тартып, келіссөздер үстеліне оралуға шақырды. «Ядролық қару ұлттық қауіпсіздіктің нағыз кепілі бола алмайды», делінген мәлімдемеде.
Қазақстан мәселені батыл саяси-дипломатиялық қадамдар арқылы жан-жақты әрі ұжымдық түрде шешу жолдарын іздестіруді қолдайды.
Қазақстан тарапының пікірінше, әскери тәсіл ешқашан мәселенің тұрақты әрі ұзақ мерзімді шешіміне әкеліп көрмеген. Тұрақты өкіл сондай-ақ, БҰҰ-ға мүше басқа елдер қатарында КХДР-дың да Бас ассамблеяның Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін қолдау жөніндегі қарарына дауыс бергендігін еске сала кетті.