• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Қараша, 15:53:06
Алматы
+12°

Германия билігі елдегі атом электр станцияларының жартысын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Аssociated Press ақпарат агенттігі хабарлады.

Басылым мәліметінше, 31 желтоқсанда елдің солтүстігінде орналасқан Брокдорф атом электр станциясын қоса алғанда, үш атом электр стансасы өшірілді. Атом электр стансаларының жұмысын тоқтату туралы шешім 2011 жылы Жапонияның Фукусима атом электр стансасындағы апаттан кейін қабылданған болатын. 

Бундестагта дауыс беру кезінде бұл бастаманы 600 депутаттың 513-і қолдаған. Ең ескі реакторлар бірден тоқтатылды, ал қалған тоғызын кезең-кезеңімен жабу туралы шешім қабылданды. Биыл электр қуатын өндіруді тоқтататын Бавария, Төменгі Саксония және Шлезвиг-Гольштейнде орналасқан үш атом электр стансасынан кейін қалған үш атом электр стансасы келесі жылдың соңына дейін жабылады.

АЭС-ті тоқтатуға байланысты жұмыстар тағы бірнеше жыл жалғасады. Бұл ретте ел жаңартылған энергия көздеріне көбірек көшуді жоспарлап отыр. 2030 жылға қарай электр энергиясының 80%-ы жел турбиналары, күн батареялары немесе биогаз қондырғылары арқылы өндіріледі деп болжануда.

Қазақстанда бірнеше жылдан бері атом электр станциясын салу идеясы көтеріліп келеді. Энергетиктер АЭС қажеттілігін энергетикалық тапшылықпен түсіндіреді. Президент Қ.Тоқаев биылғы жолдауында 2030 жылдарға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болатынын айтқан.

Алайда қоғамда АЭС салуға қарсы көңіл-күй басым. Арыс қаласы, Жамбыл облысындағы әскери қоймаларда болған жарылыстан кейін АЭС салу идеясына деген теріс көзқарас арта түскен. Азаматтар арасында екі жылда екі бірдей жойқын жарылысқа жол беріп қойған үкіметтің әрекетіне күмәнмен қарайтындар басым. "АЭС салып, соңы үлкен қайғылы жағдайға ұрындырып жүрмесіне кім кепіл" деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. 

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жүргізген "Қазақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі" сауалнамасына қатысушылардың 55%-ы атом электр станциясының салынуына қарсы екенін айтқан. 
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: АЭС Германия

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір