Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы қызметіне Аян Дүйсембаев тағайындалды. Бұл туралы polisia.kz сайты хабарлады.
Бұған дейін аталған қызметте Жанарбек Бақтыбаев болған.
Полиция департаментінің жаңа басшысын Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев таныстырды.
Аян Сәбитұлы Дүйсембаев 1966 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. 2012 жылдан бастап Атырау облысы Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, 2016-2019 жылдары облыстың ішкі істер департаменттің бастығы қызметтерін атқарған. 2019-2021 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. Жаңа лауазымына дейін ТЖМ өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Полиция генерал-майоры.
Аян Дүйсембаев 2019 жылғы мамырда Атырау облысының полиция департаментін басқарып тұрғанда даулы оқиғаға тап болып, қызметінен босатылған. Оған кезекті шен берілгеннен кейін туған жері – Атырау облысы Қызылқоға ауданда жерлестері оған ат мінгізген. Ұзамай әлеуметтік желіде қызметтік киімдегі Аян Дүйсембаевтың жылқымен ойқастап тұрған видеосы тарап, қызу талқыланды. Артынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа бейне жазбадағы кейіпкердің "ерсі қылығына" қатысты қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырған. Тексеріс нәтижелері бойынша ішкі істер министрі Дүйсембаевты "Қызметтік этиканы бұзғаны үшін" қызметінен босатқан.
Пікір қалдыру